Кешегіні бүгінгімен қайта жаңғыртсақ ұтылмаймыз

Кешегіні бүгінгімен қайта жаңғыртсақ ұтылмаймыз

ЖОЛДАУҒА ҚОЛДАУ

Мен алдымен өз елімнің патриотты азаматы ретінде Елбасы Жолдауын тыңдап, пікір білдіруді азаматтық парызым деп есептеймін. Не десек те, қалай десек те бəріміздің де туған жеріміз біреу – ол қасиетті қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз – Тəуелсіз Қазақстан бар. Біз болашаққа көз тігіп, тəуелсіз елімізді «Мəңгілік Ел» етуді мақсат етіп жатырмыз. Сондықтан Елбасы идеясын, ұстанымын əрқайсысымыз сезініп, өмірлік сабақ ретінде түйсек, осы жолда бар əлеуетімізді салсақ, 2050 жылы мұрат еткен «Мəңгілік Елге» жететінімізге кəміл сенемін.

Биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі жаңа əлемге, яғни Төртінші өнеркəсіптік революция əлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындау, сонымен қатар халықтың əл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр. Елбасы Қазақстан халқының алдына түсінікті əрі айқын 10 міндет қойып отыр. Елбасы Н.Ə.Назарбаев жолдауда индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиістігін, ресурстық əлеуетті, агроөнеркəсіп кешенін дамыту, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, құрылысқа жəне коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу, банктік портфельдерді «нашар» несиеден арылту ісін аяқтау қажеттігін негізге алып отыр. Білім беру, денсаулық саласы мен зейнетақы жүйесін оңтайландыру мəселесіне Елбасы əр Жолдауында ерекше мəн береді.

Қазір біз бабалардан бойға сіңген дəстүрдің, əдет пен ғұрыптың, салт пен сананың, ырым мен тыйымның, ұлттық болмыс пен ұлттық құндылықтардың қайта өрлеу кезеңіне аяқ басып жатырмыз. Осыған сай мəдениеттің жаңаша бағытта қалыптасуы да жүріп жатыр. Жаһандық өзгерістермен бірге өзгеріп, өз ұлтыңның мəдениетін сақтап қалу – қиын іс. Осы саланың басы-қасында жүргендіктен кейде алаңдаушылық сезімі туады. Əн салып, домбыра тарта беру немесе өткен мəдениеттің ескі дəстүрін сол қалпында қазіргі қоғамға жеткізе беру ешқандай жеңіс əкелмейді. Қоғам алдында беделді əрі биік болу үшін бəріне дайын болу керек. Қазақта «заманың түлкі болса, тазы боп шал» дейді. Бағыты басқа, болмысы мүлде бөлек кетіп бара жатқан жаһандық өзгеріске біз қалай қосыламыз? Əрине, мəдениетімізбен! Кешегіні бүгінгімен қайта жаңғыртып жұмыс жасасақ, ұтылмаймыз.

26 жыл тарих үшін қас-қағым сəт. Соның өзінде осынау қысқа мерзім ішінде тəуелсіз Қазақстан айтарлықтай табыстарға жетіп, əлем таныған мемлекетке айналды. «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамның» 60 қадамы қазірдің өзінде ойдағыдай жүзеге асырылып, игі нəтижелерін беруде. Тұңғыш Президентіміз Н.Ə.Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауы əлем жұрты Төртінші өнеркəсіптік революция, дəуіріне, экономикалық жəне əлеуметтік салалардағы тегеурінді əрі қарқынды өзгерістер жасауға қадам басқан тағдыркешті кезеңге тұспа-тұс келіп отыр. Иə, Жолдауда аталған келелі міндеттерді мүлтіксіз орындау үшін бүкіл қоғамның тас-түйін бірлігі мен ынтымағы қажет. Еңбектеген баладан бастап, еңкейген кəріге дейін баршамыз іске жұмылуымыз керек.

Ерлан Стамғазиев

ҚР Мəдениет қайраткері

«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері