1986 жылдың 26 сәуір күні Украинадағы Чернобыль атом электр станциясында үлкен апат болды. Чернобыль апатының нәтижесінде Украинаның елеулі аумағы мен Ресейдің Брянск және Калуга облыстарының аумағы радиоактивтік ластануға ұшырап, адамдар өміріне қауіп төнді. АЭС-тен радиусы 30 шақырым жерде тұратын халық басқа жерлерге көшірілді. 1986 жылдың қараша айына дейін апатқа ұшыраған блок залалсыздандырылды. Апаттың салдарын жоюға Қазақстан азаматтары да тартылды.
КСРО Қорғаныс министрі Д.Язов қол қойған №045 құпия бұйрықта «…залалсыздандыру жұмыстарына жасы 30-ға жеткен, әрі үйленген, екі немесе одан да көп баласы бар азаматтар ғана тартылсын. Бұл жұмысқа тартылу мерзімі үш айдан аспасын» деп жазылған.
Алайда, апатты залалсыздандыруға жастары жиырмаға толмаған әскерге шақырылғандар да тартылған. Тіптен, екі жыл қатарынан сонда әскери қызметін өтегендер де болыпты. Олардың құрамында запастағы әскерилердің, азаматтық саладағы мамандар мен бірге әйелдер мен студенттердің де болғаны туралы дерек бар.
Ресей ақпарат құралдарында жазылғандай, апатты залалсыздандыруға 1986-1992 жылдарда қатысқан адамдардың саны 600 мыңнан асқан екен. Олардың ішінде ресми тізімде 31 743 қазақстандық тіркелген.
«Апаттың салдарын жоюға Талғар ауданынан 60-қа жуық адам барды. Бүгінде солардың 42-ің көзі тірі болса, 25 адам аудандық Чернобыль ардагерлерінің ұйымының мүшесі»,– дейді ұйымның төрағасы Бексұлтан Аяпов.Чернобыльге аттанған шағында ол небәрі 25 жаста болған.
«Мен инженерлі-саперлік бөлімде әскери борышымды атқарғанмын. Жасым 25-ке енді толған кез. Талғардағы катализатор зауытында токарь болып істейтінмін. 1987 жылы ақпан айында әскери комитетке шақырылдым.
Чернобыльге 30 шақырым жақын маңда алты ай болып, слесарь, токарь болып жұмыс істедім. Бұзылған көліктерді жөндеп, деревняларды тазарту жұмыстарына қатыстым. Менен жанымдағылар жасымды сұрап, таңқалады: сен мұнда қалай келдің, жасың 30-ға де жетпеген, үйленбегенсің деп. Мен басымды шайқаймын, шақырды, келдім деп. Ол кезде мен де ойламаппын, радиация аламын деп. Құдайға шүкір, әлі де халқыма қызмет етіп, жақсы өмір сүріп жатырмын. Ардагерлерімізбен жиі басқосып, өткен кеткенді еске алып отырамыз. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қолымыздан келгенше атсалысып жатырмыз. Әсіресе болашақ ұрпаққа қауіп-қатерден сақтану шараларын үйрету мақсатында үлкен бір жобаны бастап жатырмыз. Балаларға өмірде, жолда, табиғат апаттарында қалай сақтанып жүру керектігін түсіндіріп, үйрету мақсатында мектептермен жұмыс жасауды жоспарлап отырмыз».
Ал Джанқуатов Амангелді ағамыз Чернобыльге аттанған кезінде 31 жаста болған. «Мен Өзбекстанның Хорезм облысынан бардым. Ақтөбедегі целинадан келген кезім еді, мамыр айында, әскери комитетке шақырды. Дереу жиналып, Украинаға жеттік. Келген бетте көлік жүргізуші куәлігі барларға көлік беріп, апат аймағынан 30 шақырым жерге орналастырды. Жұмысымыз бетон зауытынан бетон басып алып, АЭС аумағына апарып төгу. Ойымызда ештеңе жоқ, көлікке отырып кетіп барамыз. Бірінші бекетте бәрімізді түсіріп, арнайы киім кигізді. Бетіміздің бәрі жабық, противогаз киіп, терлеп-тепшіп оқиға орнына жеттік. Кейбіреулері ыстықтап, шешіп тастап жатты. Апат аумағына жеткенде шошып кеттік. Дәл бір соғыс болғандай темірлер балқып, қисайып кеткен, төбеде екі тікұшақ жүр айналып. Бізге көліктен түспей, бетонды төгіп тастап, дереу кері қайтуға тапсырма берілген. Екі тікұшақ біз төккен бетонды арнайы құралдармен АЭСтың төбесіне көтеріп құяды. Қайтар жолда кимімізді шешіп тастап кетеміз. Екінші рейсте жаңа киім киесің. Чернобыль АЭС-ында істейтіндер мен ішкі зона аймағындағы қызметкерлер ішкі зонаға кіргенше үш рет көлік пен киімдерін алмастырып отырды. Олар АЭС-тен кемі 50 шақырым алыста тұрған. Таңертең 30 шақырымдық зона ішіне кіретін жерде бір рет киім алмастырады және басқа көлікке ауысады. Зона ішінде тағы бір рет арнайы киім алмастырып, қорғаныс шараларымен қамтылады. Көлікті тағы алмастырады.
Әрбір кіріп-шыққан сайын біз «облучение» алып отырдық. Бір жарым айдан кейін үйге қайттық. Қолымызға қанша мөлшерде радиация алғанымыз туралы анықтама берді. Чернобыль апаты өмірімде үлкен ізін қалдырып кетті. Сәулененудің салдары жыл өте сыр бере бастады. Денсаулығым нашарлап, 2-ші топтағы мүгедектікке шықтым. 1998 жылдан бастап Талғарда тұрып жатырмын. Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқаным үшін бірнеше медальдармен марапатталдым.Үкімет жәрдемақысын беріп тұрады, демалыс орнына жылына бір рет барып қайтамыз. Тек қоғамдық көлікте жүріп-тұру тегін емес, мүмкін алда ол мәселе де оң шешімін тауып қалар деген ойдамыз. Біздің ендігі тілегіміз елімізде тыныштық , бейбіт өмір болып, келешек жастар соғыстың не екенін білмесе екен. Халқымыз табиғат апатынан аман болса деп тілейміз», – дейді Амангелді ағамыз.
Тарихқа үңілсек, ядролық реактордың от жалыны 300 метрге дейін көтерілген. Жарылыс кезінде салмағы бір тоннаға жететін темір жабулар мен бетондар аспанға ұшып, атом отынына жалғанған 1661 арна ашық қалған. Одан шыққан атом отыны ауамен араласып, желмен бірге айналаға тараған. Жарылыс кезінде жұмыста 4500 адам болған. Аталған 4 блоктағы өртті өшіруге сегіз күн кеткен. Апаттың алғашқы күні 80 адам қаза болып, зардабынан 2 мыңнан астам адам ауруханада көз жұмған.
30 шақырымдық апат аймағында 125 мыңға жуық адам болды. Апаттан кейін жарылған 4 блоктың реакторынан небәрі 8 минутта шыққан 140 тонна радиоактивті отын ауаға тарап, оның зияны АҚШ-тың Хиросима мен Нагасаки қалаларына тастаған екі атом бомбасының қуатына тең болды. Улы сауле шабуылы Украинаның Киев, Житомир, Белоруссияның Гомель, Могилев, Ресейдің Брянск облыстарына толығымен тараған. Жалпы, радиоактивті отынның тозаңы 160 мың шақырым аумаққа жайылып, 17 миллион халықты улаған. Апатты аймаққа КСРО-ның 11 облысы кірген.
1995 жылғы Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы есебі бойынша 9 миллион адам зардап шеккен. Оның 4 миллионы –14 жасқа толмаған балалар. Бүгінгі таңда апат зардабынан қаза тапқандардың саны 320 мыңнан асты. 2000 жылы 5 маусымда Украина президенті Леонид Кучма Чернобыль Атом Электр Стансасының ресми жабылғанын жариялады.
Аз қалған чернобыльдіктерді Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестірген. Аталған 32 мыңнан астам қазақстандықтан қазіргі таңда Алматыда үш жүзге жуық, ал жалпы есептегенде небәрі 4,5 мың адам тірі екен. Жер басып жүргендердің де басым бөлігі – түрлі дәрежедегі мүгедектер. Қазақстанның әр облысында Чернобыль апаты құрбандарына ескерткіш қойылды.
Сәуле Құрмантаева