Су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе қаласында төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Осындай қыйын-қыстау кезінде бір-біріне қол үшін созған ағайын татулық пен бірліктің үлгісін көрсетуде. 10 сәуір Талғардағы «Тау Тұран» сауықтыру кешеніне Ақтөбе қаласынан 10 жас пен 14 жас аралығында 99 бала келген болатын. Сонымен қатар осы балаларға көмек көрсету үшін арнайы 4 жетекші, бір психолог, 2 мұғалім бірге келген. Алыстан жеткен жеткіншектердің жағдайын білу мақсатында газет тілшісі «Тау Тұран» сауықтыру кешеніне арнайы барып қайтты.
Балаларға алғашқы медициналық көмек көрсететін Ақтолқын Жиенбаева: «Ақтөбе қаласында «Тұлпар» балабақшасының медбикесі болып жұмыс атқарамын. Өз мамандығыма сай балаларға алғашқы көмек көрсетемін. Жөтелген, суық тиген балалар болса оларды анықтап, дәрігерлерге жақсылап тексертіп аламын. Егер балалардың жағдайы нашарласа, Талғар қаласындағы орталық ауруханаға өзім бірге апарып емдетіп қайтамын. Күні-түні демей балалардың денсаулығын қадағалаймыз. Ақтөбе қаласы жылы. Бұл жер суықтау екен. Алғаш келе салғанда киімдеріміз жұқа болды. Жөтеліп, салқын тигізіп алғандар да болды.
Ақтөбеден келген күні екі бала ауырып, ауруханаға жатқызылды. Аудан әкімі бас дәрігермен бірге ауруханаға келіп, балалардың жағдайымен танысып қайтты. Қазір ол балалар қатарымызға қосылып, айығып кетті. Балалар – ата-анасының аманаты. Сондықтан оларды күні бойы назардан тыс қалдырмаймыз. Күніне төрт рет тамақтандырылады. Тамақтары өте дәмді әрі сапалы. Балалар ас ішерден 20 минут бұрын дайындалған астан арнайы сынама алып, бәрі дұрыс болған жағдайда ғана балалардың ішуіне рұқсат етемін. Кешкі астан кейін көңілді дискотека болады. Еріктілер түрлі ойыншықтар, теледидар әкеліп берді. Балалардың іші пыспайды. Алматы облысының жомарт жандары балаларға киім-кешек те үлестірді», – деп атап өтті медбике. Оның айтуынша Талғар қаласының орталық ауруханасы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп отыр.
Балаларды бастап келген психолог Нұржайна Кенжетайқызы Ақтөбе қаласындағы М. Арын атындағы «Қарғалы» қазақ мектебінің психолог маманы болып жұмыс атқарады. Жас ұстаздың айтуынша, тек Ақтөбе қаласынан емес, Ойыл, Қобда сынды аудандарынан келгендер де бар. Басында балалар үрке қарап, жерсінбей, ата-аналарын сағынып, үйлеріне қайтқысы келген. «Алайда осындағы мейірімді қызметкерлердің арқасында көңілдері жайланып, өздерін қауіпсіз әрі жайлы сезіне бастады. Олар бір қаладан келгенмен бір-бірін танымайды. Қазір өзара танысып, достасып кеткен. Басында әр үйдің еркелері бір-бірімен қалай тіл табысады екен деп алаңдадық. Алайда мұндай қиындық туындамады. Олар бұл жер қатты ұнап қалғанын да айтады, десе де жақындарына деген сағыныш сезімі бар. Ондай балалармен жеке жұмыс жасаудамыз», – дейді психолог.
Көзімізбен көргендей мұнда балалардың жағдайы өте жақсы. Таңертең сағат 7-де оянған жеткіншектер таңғы астан кейін сабақтарына дайындалады. Аудандық білім бөлімі жағынан жіберілген мұғалімдер күнделікті сабақ өткізеді. 9 сыныптың 7 баласы Бесқайнар ауылдық округіне қарасты №20 мектепке барып оқиды. Уақытша болса да мектепте жаңа достар тауып үлгерген Дильназ Кеңесова сыныптастарының жылы сезіммен қарсы алғанын айтады. Өздері келіп танысып, қатарына қосқан құрбыларына дән риза. Балалардың демалыс күндері де тиімді өтуде. Өткен сенбіде Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына, Алматы қаласындағы Қазақстан республикасының орталық мұражайына барып қайтқан. Балалардан Алматы несімен ұнады деп сұрағанымызда биік тауларымен, қарағай, шыршаларымен ұнады деген олар туған жерлерінің жазық дала екенін жеткізді. Алыстан келген кішкентай қонақтарымыз қамқорлық пен мейірімнен кенде емес. Жағдайы жақсы болса да жанарларынан аналарына деген сағыныштың ізі байқалатын балақайлардың көңілін көтеру үшін Талғар аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары көңілді концерт қойып қайтты. Оларға көмек көрсеткісі келетін қарапайым халықтың да қарасы көп дейді психолог Нұржайна Кенжетайқызы. Сәрсенбі күні Талғар аудандық «Аманат» партиясы филиалының төрағасы С. Думчибаев қаламыздағы «Амиран» компаниясының сүт өнімдерін табыстады. Кішкентай қонақтардың жақсы демалып, аман-есен еліне оралуын тілейміз.
Зорагүл Әбдіқадір