Зухра Серікқызы – ерекше баланың анасы. Ерекше бала деген осы тіркесті айт салу оңай болғанымен, сол ерекше баласы бар аналардың жан дүниесін түсіну мұндай жағдайды басынан өткізбеген адамға қиын болар.
Зухра өмірге келген баласының жүре де сөйлей де алмауы мүмкін екенін білсе де бас тартқан жоқ. Оны арқалап брмаған жер, баспаған тауы қалмады. Түрлі оңалту орталықтарына апарып, үйде де күнделікті түрлі жаттығулар жасап, аналық махаббатын, жігер-қайратын салғандықтан, ұлы аяғын басатын халге жетті. Ол тіпті әріп танып, сан санай алады. Қажырлы ана мұндай жетістікке американдық дәрігер-физиотерапевт (жүйке жүйесі бұзылған балаларды зерттеп, олардың да дамып, жетілуіне күш салатын әдістер ойлап тапқан ғалым) әдістемесі себеп болғанын ашып айтты. Зухраның бұл жетістігін көрген өзі сынды ерекше балалардың аналары одан үнемі ақыл-кеңес алып жүрді. Мұндай аналарға айырықша қолдау мен көмек керек екенін түсінген ол өзі сияқты жарымжан бала асырап отырған аналарға көмек қолын созу мақсатында өткен жылы тамыз айында Талғар ауданы Бірлік ауылында «Ұлттық құндылық» қорын құрды. Олардың жеке кәсіп бастауы үшін мемлекет тарапынан қандай қаржылық көмек берілетінін, қайда құжат тапсыру, ерекше балаларға көрсетілетін көмекті қалай толық пайдалану туралы ақысыз көмек көрсетіп келеді. Зухраның жеткен жетістігі мен жүріп өткен жолын үлгі еткен аналар «Ұлттық құндылық» қорының жұмысын жоғары бағалауда. Үнемі кеңес алып, қиындықтарын ортақ шешуге тырысады.
– Алдымен YouTube-тан осы әдістеме бойынша түсірілген бейнероликтерді қарап жүрдік. Баламның бұл бейне жазбаларды ұнатып, аса ықыласпен көретінін байқадым. Бір күні Доманның карточкаларына тапсырыс берсем деген ойға келдім. Тапсырып беріп алдырдық. Баламның психо-сөйлеу дамуы біртіндеп дами бастады. Қуанышымда шек болмады. Балапанымның әр жетістігі мені қатты қуантты. Бірақ бұл бейне роликтер мен карталар тек орыс тілінде ғана болды. Кейін мен секілді ата-анаға көмек бола алатын ғылыми әдістемені ана тілімде, яғни қазақ тілінде жасап шығу ниетіне келдім, – деп ағынан жарылды.
З. Серікқызының айтуынша, оның әдістемелік құралдары мемлекеттік тілдің дамуына, баланың тілінің дұрыс жетілуіне және мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетуге, сондайақ ана мен бала арасындағы қарымқатынастың нығая түсуіне ықпал етеді. Біртіндеп «Smart balaqai» деп аталатын жеке кәсібін ашып, қазақ тіліндегі бақандай 20 тақырып бойынша карталар мен бейнероликтер жасап шығарды. Қайсар ана армандарын іске асыру жолында мемлекеттен қолдау тапты. Осыдан екі жыл бұрын қазақ тіліндегі әдістемелік құралдарды жасау және басып шығару үшін 2020 жылы Алматы қаласы бойынша «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша мемлекеттен 2,7 млн теңге мөлшеріндегі қайтарымсыз грант ұтып алған болатын.
Ақыл ойды дамытатын, түрлі түстермен, қызықты суреттермен өрнектелген бұл карталар мүмкіндігі шектеулі балаларға ғана емес, мектеп жасына дейінгі дені сау балдырғандарға да қолдануға болады. Кейіпкеріміздің қазақша сөйлеткен әдістемелері баланы ассоциативті ойлай білуге, ауызекі дұрыс сөйлеуге, қиялды дамытуға үйретеді. Бір сабаққа орта есеппен 10–15 минут қана кететін көрінеді және оны ана мен балаға қолайлы кез келген жерде өткізе беруге болады.
Бала үшін ең үздік ұстаз анасы деп санайтын Зухра кез келген сынаққа сына бермей, жақсылықтан, жарқын болашақтан күдер үзбеуге шақырады. Сондай ерекше баланың ең мейірбан анасы, әлеуметтік кәсіпкер, Г.Доманның әлемдік әдісі негізінде әзірленген қазақша «Smart balaqai» интеллектуалды дамыту карталарының авторы Зухра Касаинова әр түйіннің шешілу жолы бар екеніне сенімді. Сонымен қатар өзі секілді ананы тағдырға мойынсұнбай, тек алға жүруге, баламен бірге дамуға, өмірдің кез келген тартуын сабырмен, төзіммен қабылдап, қуана өмір сүруге шақырады.
Зорагүл Әбдіқадір