Талғар аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшілігімен су тасқыны болып жатқан аймақтарға гуманитарлық көмек көрсету науқаны жүріп жатыр. Табиғи апат аймағындағы тұрғындарға көмек қолын созамын деген волонтерлер мен аудан тұрғындары үшін (Рысқұлов көшесі, 98) Талғар аудандық мәдениет үйінде арнайы пункт ашылды.
Күн сайын сағат 09.00-ден 18:30-ға дейін көмек алу пункті жұмыс істейді. Гуманитарлық көмек ретінде қабылданатын заттар: киім-кешек, азық-түлік, гигиеналық заттар, жөргек-жайалық, аяқ киім. Ерекше ескеретін жайт, әрбір зат сұрыпталып, арнайы жәшікке салынуы тиіс. Қолданылған, ескі заттарды беруге тыйым салынған. Аталған шара басталысымен қол ұшын созуға тырысқан жандар аз болмады. Талғар аудандық КММ Қоғамдық келісім және даму орталығы жанындағы аналар кеңесінің мүшелері, көрпе-жастық, ыдыс-аяқ, балалар жөргегі, киім-кешек сынды заттар табыстады. Қарапайым қала тұрғындары арасынан қолдарынан келгенше көмек көрсетіп жатқандар да аз емес. Халқымызда «Оң қолыңмен бергенді сол қолың көрмесін» деген сөз бар. Әрине, жасаған құлшылығымыз бен сауапты істің жасырын болғаны абзал. Десе де «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, қыйындық қыспағында қалған жандарға жанашырлық танытқан жандарды айта кетуді жөн көрдік. Қаламызда орналасқан «Baron» компаниясы бір тонна ұн берсе, «Ковчек» балалар үйі ұн, күріш, тәтті өнімдері, балалар киімі, аяқ киім сынды аса қажетті заттар табыс етті.
Қаламыздағы ең ірі компаниялардың бірі «ЗЕТТА» ЖШС директоры, Талғар аудандық мәслихат депутаты Махсут Омарбаев тұрмысқа қажетті пластик заттар жіберді. Аманаттықтар да алғашқылардың бірі болып, зардап шеккен аймақтарға бір мыңнан аса аяқ киім жолдады.
Көмек көрсете келген тұрғындарды сұқбатқа тарттық. Жасаған жақсылығын жария еткісі келмей есімін жасырған қала тұрғыны: «Кемедегінің жаны бір демекші, айтып келмейтін апаттың салдарынан қаншама отандасымыз зардап шегіп отыр. Баспанасынан айырылған ағайынның қайғысына ортақпыз. Қасиетті рамазан айында жасаған сауапты ісіміз еселеніп қайтары сөзсіз. Бастысы бауырларымыз жыламасын. Жұдырықтай жұмылсақ, біз еңсермейтін қыйындық болмайды. Алда бәрі жақсы болады деген ойдамын. Еліміз аман, жеріміз тыныш болса болды!» – деген ізгі ниетін білдірді.
Айта кетейік, көктем басталысымен Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Атырау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Алматы, Павлодар, Ұлытау, Абай облыстарында су тасқыны болып, жұртты әбігерге салды. Аталған өңірлерде 12 701 адам, оның ішінде 4 728 бала құтқарылып, эвакуацияланды. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстарында уақытша орналастыру пункттерінде 6 461 адам болса, оның ішінде 2 570 бала бар.
55 автожол учаскесі мен төрт көпірді су шайды. Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, табиғи апаттың алдын алу шараларын жүргізу 11 өңірде 45 мыңнан астам адам тұратын 46 елді мекенді су тасқынынан қорғауға мүмкіндік берді. «Десе де бес өңірде 1 405 жеке үй, 372 аула аумағы, 99 саяжай және 10 ғимарат су астында қалды. 55 шайылған автожол учаскесі мен Абай, Қостанай, Атырау сынды облыстағы төрт көпірді қалпына келтіру жұмыстары бақылауда. 50 елді мекен көлік қатынасынсыз қалған. Олармен үнемі байланыстамыз, әкімдіктер азық-түлік және дәрі-дәрмек резервтерін дайындады, оларды уақытымен жеткіздік»,– деді Сыздықов үкімет отырысында. Оның айтуынша, қазір су қоймалары мен өзендердің толымдылығына мониторинг жалғасуда.
Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы өзендерде су деңгейінің жоғарылауы байқалған. Шығыс Қазақстан облысының таулы жерлерінде де үлкен қар көлемі жатқаны мәлім. Алайда ауыл жұртшылығының уайымын сейілткен вице-министр «Бұл өңірлерге қажет болған жағдайда, министрліктің күштері мен құралдары қосымша тартылады», – деп ашып айтты.
Табиғи апаттан зардап шеккен ағайынға біз де күш-қуат, сабыр тілейміз. Бүкіл Қазақстан халқы сіздермен бірге!
Зорагүл Әбдіқадір