Қазіргі нарықтық экономикада негізгі мақсат – халықты сапалы өніммен қамтамасыз ету. Кәсіпкерлікті қолдау – ел экономикасын арттыруға бағытталған батыл қадамның бірі. Кәсіпкерлікті дамыту арқылы салалық және өңірлік монополизмді жоюға, нарықта тауарлар мен қызметтерді көбейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін пайдалануға үлкен мүмкіндіктер бар. Бүгінде Талғар ауданында жұмыс істеп жатқан отандық өнім шығаратын көптеген ірі компаниялар аудан экономикасының қарқынды дамуына өз үлесін қосуда.
Солардың бірі – «Glasman» компаниясы ауданымыздағы 20 қомақты салық төлеушінің ортасынан орын алып отырған ең мықты кәсіпорынның бірі. «Glasman» фабрикасының құрылтайшысы Анвар Хилажевтің айтуынша, кәсіпорынның тарихы сонау 1998 жылдан бастау алады.
«Ол кезде үйде отырған екі адам ғана классикалық костюмдер тігетін. Бара — бара кәсібіміз кеңейе бастады. Арзан қытай тауарлары қаптап кеткен заманда бәсекелестікке төтеп беру оңайға соққан жоқ. Түркиядан киімдер, әсіресе костюм шалбарлар қаптап сатыла бастаған кез. Импорттың көбеюіне қарамастан біз өз өндірісімізді одан әрі дамытуды жалғастырдық. Бүгінде Талғар қаласында «Glasman» компаниясының 10 мың шаршы метр аумақта орналасқан өз тігін фабрикасы бар. Ұжымда 250 адам еңбек етуде. Алда кәсіпорынды кеңейтіп, тағы да 500 жұмыс орнын ашу жоспарымызда бар. Біздің өнімдерімізді тек ауданымыздың ғана емес, бүкіл Қазақстанның халқы тұтынып, бүгінде компания Орталық Азияда теңдесі жоқ отандық брендке айналып отыр». «Glasman» еліміздегі классикалық киім тігетін алғашқы компания. Бір айда фабрика 9-12 мың костюм тігеді. Жылына 150 мыңнан аса өнім шығарылады. Жеке брендтегі киімнен басқа компания корпоративтік тапсырыстар бойынша да өнімдер шығарады.Өндіріс орнында киімді тігуден бастап оны сату жолдары кеңінен жолға қойылған. Костюм тігу біз ойлағандай оңай емес, оның өзі 10 сатыдан тұрады. Бірінші мата декатациялаудан өтеді, яғни матаны пайдаланудан бұрын отырып қалмас үшін оны өңдеп алады. Мата 160 градус температуралық арнайы машинкаға салынады. Біраз уақыттан кейін суыту үшін 48 сағатқа жайылып қойылады. Кепкен матаны мамандар арнайы станокқа салып, ақаулардың бар-жоғын тексереді.Үшінші сатыда маталарға штрихкод басылады. Осыдан кейін барып маталар костюм тігуге дайын болады. Кәсіпорында түрлі маталар пайдаланылады: полиэстер, поливискон, жүн, зығыр т.б. Киімді тігу конструкторлық бөлімде пішуден басталады, материалға электронды түрде үлгілер салынады. Бесінші сатыда дайын болған үлгілер кесіле бастайды. Баяғыдай киімдерді қолмен пішпейді, қазір бәрі автоматты түрде жасалынады. Сонда да бақылаушы маман кескінделген үлгілерді жақсылап тексеріп шығады. Алтыншы сатыда шатасып кетпес үшін әр киімнің өлшемі, түсі бойынша нөмірлеу жүргізіледі.Содан кейін барып барлық бөлшектер тігу цехына өтеді. Фабрикада үш цех бар. Біріншісі юбка, сарафан, жилет тігумен айналысса, екіншісі тек қана шалбарлар тігеді.Бұл жерде 70 тігінші жұмыс істейді, олар күніне 700 модель шығарады. Сегізінші саты – өте маңызды. Сән үлгісін мінсіз етіп тігу керек. Әр үлгінің бөлшектері жеке –жеке алынып, шеттері қайырылады, фурнитуралар салынып, белдіктер мен белдік ілмектері тігіледі. Костюм, шалбарлардың түймелері автоматтандырылған тігін машинкасы арқылы қадалады. Тоғызыншы саты – үтіктеу. Дайын киімдер арнайы үтіктермен бастырылып, костюмдердің жағалары мен шалбарлардың қырлары салынады. Соңғы сатыда дайын киімдер қоймаға өткізіліп, этикеткалар жапсырылады. Содан соң әр киім өлшемдері бойынша реттеліп, сатылымға жіберіледі. Фабрика жаңа технологиямен жұмыс істейді, бұл жерде неміс пен жапон құралдары пайдаланылады.Өндірістік үрдіспен бірге құрал-жабдықтар да әрдайым жаңарып отырады. Компанияның басты мамандары Германияда білімдерін жетілдіріп отырады. Неміс сарапшылары да жиі Қазақстанға келіп, тәжірибелермен бөлісіп тұрады.
«2008 жылдың басында мектеп оқушылары мен ерлер киімінің үлгісін жасау үшін Түркиядан танымал дизайнерлер шақыртылған болатын.Олар әлі күнге дейін бізбен жұмыс істеп жатыр, жылда жаңа үлгілерді ойлап табуда. Қазіргі кезде өндіріс орны Еуропаның A-S-S, PFAFF, DUERKOPP, AMF-REECE, INDUPRESS сынды алдыңғы қатарлы фирмаларының жаңа жоғары технологиялық тігін құралдарымен жабдықталған. Фабрикада тек қана импортты сапалы материалдар қолданылады, сондай-ақ немістің KUFFNER және GUTERMANN фирмаларының қосымша материалдары пайдаланылады. Әрбір өнім бессатылық бақылаудан өтеді. Өндірістің автоматтандырылған жүйесі классикалық сәннің әлемдік деңгейдегі сұраныстарына жауап беретін шетелдік киімдерден кем түспейтін өнімдер шығаруға мүмкіндік береді», – дейді компания басшысы.
«Glasman» компаниясының ұраны – қазақстандықтарды сапалы киіммен қамтамасыз ету. Бүгінде байқағанымыз, еліміздің әрбір қаласында «Glasman» дүкендері бар. Костюмдер шындығында шетелдік брендтерден кем емес, түстері де әртүрлі, сапалы әрі сәнді. Ата-аналар мектепке барар кезде балаларына «Glasman» дүкендерінен киім-кешек алып жатқанын жиі байқаймыз. Компанияның бір бөлімі «GLASMAN UNIFORM» сауда маркасы бағытында қызмет атқарады. Олар «Эйр Астана», «Флай Арыстан», «Форте банк» компанияларынан арнайы униформаларға тапсырыс алып, сапалы да сәнді киімдерді тігеді.
Бизнестің қай түрі болмасын қиыншылықтарсыз жетістіктерге жету мүмкін емес. «Glasman» компаниясында да ондай қиындықтар аз емес. Костюмдерге арналған материалдар шетелдерден әкелінеді. Ал жіптер Германия мен Англиядан алынады.Тіпті киім тігетін машинкалардың инелері Германиядан келеді.Компания жеткен жетістіктеріне тоқталмай, әлі де жаңа технологиялар мен мамандарды іздестіруде. Бүгінде «Glasman» өкілдіктері Алматы, Астана, Қарағанды қалаларында ғана емес, Ресейдің Мәскеу қаласындағы «Золотой Вавилон» сауда үйінде де ашылған. «Біздің жоспарда отандық өнімнің көлемін ұлғайтып, жақын шетелдерге шығару бар. Біздің басты мақсатымыз – тұтынушыларға сәнді де сапалы киім ұсыну», – дейді Анвар Хилажев.
Бүкіл елге танымал, Талғар ауданының экономикасын көтеруге едәуір үлесін қосып жатқан отандық тауар өндіруші «Glasman» компаниясының бұдан әрі дамып, өсе беруіне біз де тілектеспіз.
Сәуле Құрмантаева