Ұлттық киім – ұрпаққа мұра

Ұлттық киім  – ұрпаққа мұра

2024 жылғы 15 наурызда Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы туралы айтты. Наурызнама бойынша 18 наурыз «Ұлттық киім» күні деп аталады.

Ұлттық киім – ұлтымыздың айнасы. Халқымыз атам заманнан бері мың бір сырлы әсем киім үлгілерін жасап киініп келген. Киім жай ғана бір жапырақ мата емес. Ол белгілі бір ұлттың, мәдениеттің бет бейнесін көрсетіп тұратын ғажайып дүние. Оның эстетикалық, этно-мәдени, қоғамдық мәні де орасан.
«Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Мен былтыр ауызашар берген кезде осы мәселеге арнайы тоқталдым. Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн. Әсіресе, қазіргі таңда мұндай қадамдардың мән-маңызы айрықша. Себебі соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар – бөтен емес, өз азаматтарымыз », – деп мәлімдеді мемлекет басшысы. Оның айтуынша, бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарынан ауытқымау керек.
«Түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет. Себебі дүниеге ақыл-парасатпен қарау және еркін ойлау секілді ханафизмге тән қасиеттер ислам өркениетінің қайта өрлеуіне жол ашты. Ұлттық киімді де ұмытпау қажет»,– деді Қ. Тоқаев. Президент халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмағанын ерекше атап өтті.
Халқымызда ата-бабаларымыздан қалған, кәдемізге жаратарлық мұра жетерлік. Солардың бірі, қазақты өзге халықтардан ерекшелендіріп тұратын – ұлттық киіміміз.
Азаматқа – айбат, қызға – көрік беретін ұлттық киімдерді барша халық кисе, жарасып кетері анық. Сондықтан өз ұлттық киімімізді өзіміз дәріптеу арқылы салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, рухани құндылықтарымызды ұлықтап жүргеніміз абзал.
Халқымыздың өткен тарихына, өмір тіршілігіне үңіле қарасақ, оның салт-дәстүрінде, әдет-ғұрпында үйренер, ұрпақтан — ұрпаққа мұра етіп жалғастырар талай тағылымды ұлағат бар. Киім – адамның мінез-құлқын, таным-түсінігін, қоршаған ортамен қарым-қатынасын, беделін, жан-дүниесін айқындап көрсетіп тұрады.Біздің халық киім үлгісінің адамның жасына, жыл маусымына, тұрмыс қажеттілігіне, сымбатына, үстіне қонымына, жүріп-тұруына ыңғайлы болуына асқан жауапкершілікпен қараған .
Ұлттық киім – тарихи және қазіргі киімдердің бастамасы. Қазақтың ұлттық киімі сән-салтанат жағынан әлемде мойындалған бренд. Оған қоса адамға ерекше сұлулық пен ұлттық рух сыйлайды. Киімге байланысты түсінік қазақ қоғамының даму кезеңдерінде « береке», «дәулет», «байлық» деген ұғымдармен «құт» сөзіне қатысты тұтас идеологияның бір бөлігі болып келген. Қазақтардың қазіргі киімінің көбісі сақ дәуірінен бастау алады. Ежелден келе жатқан киім үлгісін жас ұрпаққа өнеге етіп көрсету әр қазақтың міндеті. Қазақ халқының ұлттық киімдері этникалық, экономиялық және климаттық жағдайлар ескеріліп, ежелгі дәстүрлер бойынша тігіледі: бір киер, сәндік және салтанат-ғұрып киімдері болады. Бір киер киім деп қымбат маталардан әшекейлеп тігілген,той-думандарға, жиындарға барғанда,жат елге сапарға шыққанда киетін сәнді киімдерді атаған. Қазақ салтында ержігіт егеске түсерде, соғысқа барарда киімдердің ең жақсы таңдаулысын киген. Қазақтар құлан, ақбөкен, жолбарыс, бұлғын, сусар, ақ тышқанның терілерін ерекше қымбат бағалаған. Бұл аңдардың терілерінен тондар тігілген. Дәстүрлі ұлттық киімдер: іштік, сырттық, сулық, бір киер, жыл мезгіліне, жас ерекшелігіне қарай ер, әйел ,бала киімі болып бөлінеді. Қазақ даласына Ұлы Жібек жолындағы керуендер арқылы әкелінген пүліш, атлас, барша маталардан тігілген сәнді киімдер қыз-келіншектердің келбетіне көрік қосса керек.
Қазақтың ұлттық киімдері -халықтың тамырын тереңге жайған қолданбалы өнерінің сарқылмас қазынасы.Атап айтатын болсақ:
Тымақ – ерлердің қысқы бас киімі;
Бөрік – ұлтымызға жарасатын бас киімнің бірі;
Сәукеле – ұзатылған қыз киетін қымбат, бағалы,кәделі әрі әсем бас киімі;
Тақия – ер де, әйел де киетін жеңіл бас киімі;
Қалпақ – ақ киізден немесе қалың матадан тігілген,биік төбелі ерлердің бас киімі;
Жаулық – қазақ әйелдерінің ары,ажары,беделі мен көркі;
Тон – қойдың терісінен тігілетін қыстық жылы киім;
Шапан – қазақтың ежелгі әрі кәделі киімі;
Шекпен – тек қана түйе жүнінен тоқылатын жаздық сырт киім;
Ішік – сәнді әрі жылы киім;
Күпі – қазақтың ертеден киіп келе жатқан киімдерінің бірі;
Қамзол – әйелдердің жасына қарай түрлі-түсті матадан тігілетін киім үлгісі;
Қазақша көйлек, бүрмелі көйлек – әйелдер киімі, келіншек киімі, қыз бала киімі;
Аяқ киім түрлері – саптама етік, шоңқайма етік, мәсі, бұйық.


Халқымыздың төл мәдениеті салт-дәстүрден, әдет- ғұрыптан бастау алады.Ұлттық киімнің өзі ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Сондықтан ұлттық киімдерімізді мерекелерде ғана емес, жиі киіп жүрсе нұр үстіне нұр болар еді. Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Бүгінгі таңда қазақы нақыштағы киімді кию сәнге айналып келеді.
Эстетикалық тәрбие-адамның өмірінде зор роль атқарады.Әсемдікті көре сезіне, түсіне білу адамның рухани өмірін байытады. Болашақ ұрпақ ұлттық киімнің қадір-қасиетін біліп, заман талабына сәйкес лайықтап киіп жүрсе, ата- дәстүрі жалғасын тапса, ұлттық сәнге айналып, күнделікті өмірімізге енсе деген үміттеміз. Қазіргі таңда күнделікті кимесек те, өз маңызын сақтап отырған ұлттық киімдерімізді құрметтеу керек деп білеміз.
Ұлттық киімді ұлықтайық!

Сәуле Құрмантаева