Бұл күні ел өмірінде жаңа кезеңнің басталуын білдіретін «Жаңару күні» тойланды. Талғар қаласындағы үлкен саябаққа қала тұрғындары, волонтерлар, қала мен аудан басшылары, мектеп оқушылары жиналып, 650 түп ағаш отырғызды. Жаңару күнінде ұлттық киім киген қариялармен қоса жастар да саябаққа қара ағаш, қылқан жапырақты арша, шырша екті.
«Жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнама онкүндігінің аясында бүгін қаламызда сенбілік өткізіп жатырмыз. Барлық мекемелердің өкілдері жиналып, саябақтың айналасына ағаш отырғызуда. Жыл сайын 19 наурызда жаппай ағаш отырғызу дәстүрі еліміздің жаңару кезеңін, дамуы мен гүлденуін бейнелейді. Қаламыздың барынша дамып, көркейе түсуіне талғарлықтар да барынша атсалысып жатыр. Әрбір отырғызылған ағаш болашақ ұрпаққа мұра, өнеге. Қаламызды таза ұстап, көгалдандыра беру елім, жерім деген әр азаматтың парызы.Бұл жаңа саябаққа қазір инвесторлар тартып жатырмыз, болашақта үлкен ойын-сауық орталығына айналады. Осы саябақта алдағы күндері Наурыз мерекесі тойланбақ. Бүгін міне, 30 қазақ үй тігіліп, дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мейрам күндері бұл жерде түрлі мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады», – деді Талғар қаласының әкімі Б.Күрішбеков.
Талғар қаласы жастар ресурстар орталығының жетекшісі Мөлдір Абатайқызының айтуынша, бүгінгі сенбілікке жүзден аса студент жастар қатысуда. «Олар ағаш
отырғызып, қоқыстарды жинастырып, қаламыздың таза болып, көркейе түсуіне өз үлестерін қосуда. Жаз айында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды қоқыстардан тазалап, ретке келтірді. Жыл санап ауданымызда бағдарламаға қатысушы жастар саны артып келеді. Осы ағаштарымыз жастармен бірге өседі деген сенімдеміз».
Бұл күн барша адамды ортақ мақсаттарға жету жолында бірігуге және ынтымақта болуға үндейді.
Сәуле Құрмантаева