Бүгінгі күні Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойылған міндет көп. Соның бірі – ауыл шаруашылық өндірісін тұрақты дамыту, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және осы саладағы еңбек өнімділігін арттыру.
Талғар ауданында агроөнеркәсіп саласының қарқынды дамуына бірнеше кәсіпорындармен қатар «Алматы» асыл тұқымды зауыты» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі, «Алель агро» акционерлік қоғамы, «Қазақ тағамтану академиясының зауыты – «Амиран» ЖШС сияқты ірі өндіріс орындары сүбелі үлесін қосып келеді.
Жуырда Талғар ауданындағы «Алматы» асыл тұқымды зауыты» ауылшаруашылығы кооперативі «Асыл тұқымды мал шаруашылығын 2023-2027 жылдарды дамыту аясында Голландия мен Эстониядан 1300 бас (Голштин фриз) құнажындарын сатып әкелді. Жалпы инвестиция көлемі 1млд. 814 млн.теңгені құрайтын жоба жылдық мөлшері 3,5% жеңілдетілген несиемен «Қонаев Әлеуметтік Кәсіпкерлік Корпорация Акционерлік қоғамы» тарапынан қаржыландырылды.
«Ұрықтандырылып келген құнажындардың бүгінгі күні 759-ы бұзаулаған. Қазір сол сиырлардан күнделікті 18-20 тонна сүт сауылуда, орташа өнімділік тәулігіне 24-25 литрден келеді. Құнажындардың бұзаулауына қарай алдағы айларда күнделікті өткізілетін сүт көлемін 40 тоннаға жеткізу жоспарлануда», – дейді «Алматы» асыл тұқымды зауыты» АШӨК басшысы Рүстем Ахметжанов. Өндіріс орнында мал шаруашалығы саласының білікті мамандары жеткілікті. Жалпы ұжымда 210 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал жазғы, күзгі маусымдық жұмыстар кезінде тағы қосымша жұмысшылар тартылады.
– Бір қарағанда асыл тұқымды сүтті сиырдан тәулігіне 24-25 литр сүт сауып алу аз көрінуі мүмкін, бірақ біз сүтті қанша көп саусақ – кальций мөлшері азаятындықтан, сиырлар тез қартайып, оларды пайдалану мерзімі қысқаратынын да ұмытпауымыз керек. Тіпті 45-50 литрге дейін сүт беретін сиырлар да бар. Сондықтан тек көрсеткіш қуып, бұл мерзімді қысқартып алмай, әр сиырдан кем дегенде төрт бұзау алып, осылай бірте-бірте мал басын көбейтіп, мегаферма құру, келешекте сүт нарығына 100 тоннаға дейін өнім шығарамыз деген мақсат қойып отырмыз, – дейді Р. Ахметжанов.
«Алматы» асыл тұқымды зауыты» АШӨК аудандағы 95 жылдық тарихы бар ең ірі шаруашылықтардың бірі. Ол 1929 жылы Сталин және К. Маркс атындағы ұжымшарларды қосып, ірілендірудің нәтижесінде құрылған. Кезінде дәнді, майлы және жем-шөптік дақылдар өсірумен айналысқан бұл шаруашылық өнімділіктің жоғары дәрежесіне жеткен. Егіншілікпен қатар мұнда сүтті бағыттағы ірі қара, асыл тұқымды жылқы мен қой өсірілген.Қазіргі кезде өндірістік кооперативтің 8128 гектар ауылшаруашылық жері бар. Оның 1420 гектары егістік болса, 6705 гектары – жайылым, тағы 3 гектары – өзге санаттағы жерлер. Бүгінгі күні бұл АШӨК «Dinara group Kazahstan» агрохолдингінің Талғар ауданындағы үлкен құрамдас кәсіпорны. Сондықтан өз меншігіндегі жерлерде жүгері өсіріп, жем-шөптің біраз бөлігін кооператив өздері даярлайды. Ал өндірілген өнімді шаруашылық «ФудМастер» компаниясына өткізеді.
– Біз бұл кәсіпорынға 2016 жылы инвестор ретінде келіп, жұмыс істеп жатырмыз. Бұрын бұл жерде 750 бас асыл тұқымды Алатау сиырлары болған. 2020 жылдан бастап біз оларды өнімділігі жоғары, сүтті бағыттағы голштин-фриз асыл тұқымды ірі қарамен ауыстырдық. Олар жергілікті жағдайға әбден бейімделді. Қазір малдың жалпы саны 3260 басты құрайды, соның 1004-і сауын сиырлар, – дейді кооператив басшысы.
Кеңдала ауылдық округіне қарасты Еңбекші ауылында орналасқан тауарлы-сүт фермасының жұмысымен танысқан аудан әкімі Таңат Айдарбеков жаңадан салынып жатқан асыл тұқымды ірі қара тек мал басын көбейтіп қана қоймай, аудан бойынша өндірілетін сүт көлемінің еселеп артуына да ықпал ететінін айтты. Аудан бойынша асыл тұқымды сауымды сиырлардың саны 7 мыңға жуық.
Әкімнің айтуынша, қазір мемлекеттік қолдаудың арқасында ауданда «Молочная долина» сияқты мал шаруашылығы мен құс өсіруде ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Оның бір дәлелі – жуырда ғана Жалғамыс ауылында орналасқан «Алель Агро» АҚ құс фабрикасы Венгрия мен Нидерландыдан «ArborAcres» асыл тұқымды 281 мың тәуліктік шөже сатып алды.Бұл құс фабрикасы – етті құс өсіру үшін жоғары технологиялы инкубациялық жұмыртқа өндіруге бағытталған заманауи ауылшаруашылық кешен. 2013 жылы құрылған фабриканың жобалық құны 6 млрд теңге. Бұған дейінгі құс саны 162 251 басты құрайды, жыл басынан бері 2,279 млн дана жұмыртқа өндірілген. Фабрикада ең сапалы жүгері және бидай дәні, сондай-ақ басқа өсімдіктерден алынған жем қолданылады. Мұнда өндірілетін өнімнің сапасы бірнеше, соның ішінде ЭКО, ISO сертификаттарымен айқындалған. Компания экологиялық таза өнім өндіріп, саудаға шығаратын өндірістер реестріне енгізілген.2016 жылы «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында «Даму» қорынан 1,9 млрд теңге несие алып, 4,1 млрд теңге қарыз қаражаттарын жұмсаған бұл кешенде 210 жұмыс орны құрылып, жылына 32 млн дана жұмыртқа өндіру жоспарланып отыр. Ауданымыздың экономикасына серпін беріп отырған агроөнеркәсіп кешендерінің жұмысы болашақта да жандана беретіні сөзсіз!
Сәуле Құрмантаева