Биыл қыс жылы болып тұр, қардан бұрын жаңбыр жиі жауып жатыр. Көктем келе тау етегінде орналасқан елдімекендерді су басып қалу қаупі жоғары болуда дейді мамандар. Жуырда Алматы облысының әкімі М.Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Талғар ауданында болып, су тасқыны қаупі бар аймақтарды аралады. Облыс әкімімен бірге аудан басшысы Т.Айдарбеков , Бесағаш округінің әкімі Е.Жүнісов, төтенше жағдайлар, «Қазселденқорғау» мекемелерінің өкілдері Бесағаш ауылдық округінде орналасқан Алатау тас жолының бойындағы аумаққа барды.
«Д.Қонаев» атындағы үлкен Алматы каналынан және еріген қар мен жаңбыр сулары Бесағаш ауылы, Алатау тас жолының бойында жиналады. Жиналған су ағыны көлік жолы арқылы асып, жолдың төменгі жағында орналасқан 300 тұрғыны бар 60-қа жуық үйдің аулаларына құйылады. Бұл өз кезегінде тұрғындарға аса қауіп туғызады. Еріген судың жиналуын болдырмау үшін автожол арқылы су өткізу (құбырлы өткел, арық) жүргізу қажет деп шешті тиісті мамандар. Мәселені шешу жолдың ретінде Талғар ауданы әкімінің атынан «СЭС ПИТ Алатау» республикалық маңызы бар жолының теңгерім иесі АОФ «Қазавтожол» ММ-ің басшылығына Алатау автожолының 1,2 шақырымына құбыр өткелін салу бойынша ұсыныс берілді.
Су тасқыны қаупі бар екінші аймақ Бесағаш ауылындағы « Бурабай» коттедж қалашығы. Апат айтып келмейді демекші, өткен жылдың 27 ақпанында Талғар ауданында ауа-райының тұрақсыздығына байланысты жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын болып, топырақ батпақтанған. Салдарынан «Бурабай» қалашығының Баянауыл көшесіндегі №10 және №12 тұрғын үй аумағындағы таудың баурайынан топырақтың өздігінен құлауы орын алды.Топырақ тұрғын үй артындағы бетон тіреуден жасалған қорғаныс қоршаудан өтіп, терезені бұзып, ішкі бөлмелерге кірген. Соққыдан тұрғын үй қабырғаларында жарықтар пайда болды. Түскен топырақтың көлемі 360 текше метрді құрайды. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер болған жоқ. Бесағаш ауылдық округі әкімдігі осы факті бойынша тау баурайын топырақтан тазартып, топырақ түскен аумаққа каскадтық әдіспен нығайту жұмыстарын жүргізді. Оған жергілікті бюджеттен 19 577 000 теңге бөлінді. Бүгінгі күнге нығайту жұмыстары жүргізілгенімен топырақ көшкіні қаупі әлі де сақталуда. 2020 жылы Талғар ауданының әкімдігі жоғарыда аталған көшкін қаупі бар учаскеде биіктігі 4 метр, ұзындығы 144 метр бетоннан тірегіш қабырғаларын тұрғызған. Осы учаскенің шығыс жағында тау баурайының жотасынан еріген қар, жаңбыр сулары тау жотасы арқылы Баянауыл көшесін басады, өйткені Баянауыл көшесі сулардың ағып өтетін жолдарында орналасқан. Көшенің жоғарғы бөлігінде арық желісінің болмауына байланысты таудың баурайынан аққан қар-жаңбыр сулары тұрғын аймақты басып қалу қаупі бар. Жоғарыда аталған 130 тұрғыны бар учаскелерде 24 үй бар . Бұдан әрі су ағыны Республикалық маңызы бар Алматы-Талғар автотасжолына түседі. Сондықтан тау баурайынан арық-дренаж жүйелерін орнату қажет. Жалпы бұл аумақтың қауіпті екенін біле тұра үй салуға кім рұқсат бергені баршамызды таңқалдырды. Тау басында орналасқан қалашыққа әзер шықтық десек болады. Биіктікте орналасқан үйлерге жолдар қыс кезінде тайғанақ, егер аяқасты өрт шығып , төтенше жағдай орын алып жатса бұл аймаққа жетудің өзі қиынға соғатыны айтпаса да түсінікті. Табиғат апатынан қорқып, көшіп кетейін деп отырған тұрғындар да жоқ. Кезінде шаруа қожалығына берілген учаскелерді қожайындары жеке тұрғын үй мақсатына ауыстырып алған. Бұл заң бұзушылықтарды тексеру туралы облыс әкімі құқық қорғау органдарына тапсырма берді.
М.Сұлтанғазиев аралаған үшінші нысан Талғар бөгеті болды. Онда Талғар өзені арнасында жоспарланған тұрақтандыру құрылысының орнымен танысты. Сел ұстайтын Талғар бөгеті 2005 жылы салынып, қолданысқа берілген. Талғар өзенінің бассейні су тасқынын қаупі бойынша бірінші санатқа жатады. Ол 444 шаршы шақырым су жинай алады. Өзеннің ұзындығы 36 шақырым.
Алаптың жоғары жағында жалпы аумағы 117,9 шаршы шақырымыды құрайтын 92 мұздық бар. Биік таулы аймақта 20 мұзды көл орналасқан, олардың жетеуі сел тұрғысынан аса қауіпті. Бұл өзендер су шығындарының күрт өзгеруімен ерекшеленеді. Нөсер түрінде жиі болатын жауын-шашын ақыр-аяғында селді ағын тудыратын судың жиналуына алып келу ықтималдығы жоғары. Мұндай жағдай әр жылы байқалады. Ең қатты су тасқындары 1921, 1940, 1947, 1950, 1967, 1970-1979, 1984 жылдары, ең соңғысы 2015 жылы тіркелген. Су тасқынымен үлкен ірі тастар төмен қарай ағып, су өткізетін тонельдерді бітеп қалып жатады.
Халық пен шаруашылық нысандарды селден қорғау үшін Талғар қаласының Мұратбаев көшесі аумағынан бастап «Д.Қонаев» атындағы үлкен Алматы каналы арқылы өтетін облыстық көлік жолы өткеліне дейін ұзындығы 6,45 шақырым Талғар өзені арнасының жағалауы мен түбін нығайту мақсатында тұрақтандырылған өзен арнасының құрылысын жүргізу қажет деп шешті «Қазселденқорғау» мекемесінің өкілдері Облыс басшысының айтуынша, Талғар ауданы жалпы сейсмикалық, табиғаттық қауіпті аймақта орналасқан. «Бүгін бірнеше қауіпті су басу аймақтарды араладық. Барлық қауіпті учаскелер «Қазселденқорғау» мекемесіне беріледі. Бұл мекеме жөндеу және жағалауларды нығайту жұмыстары бойынша жобалау-сметалық құжаттарын дайындайды. Жерлер әлдеқашан берілген, енді мемлекеттік акт дайындалып жатыр. Жыл соңына қарай жөндеу жұмыстары басталады. Қазірше барлық жұмыстар жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі», – деді әкім. Сондай-ақ облыс басшысы төтенше жағдайлардың алдын алу, қауіпті аймақтардағы құрылыстардың заңдылығы, қорғаныс бекеттерінің жобалау және салу мәселелері бойынша «Қазселденқорғау» филиалына, Алматы облысы бойынша күзет қызметіне, құқық қорғау органдарына, әкімдіктерге тиісті тапсырмалар берді. Алдағы уақытта облыста төтенше жағдайлардың алдын алу және инженерлік-қорғау құрылыстарын салу мәселелері бойынша жұмыс кеңесін құру жоспарланған.
Сәуле Құрмантаева