Ауылдықтардың айтары бар

Ауылдықтардың айтары бар

Жуырда Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков Нұра ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Есепті кездесу әдеттегідей Нұра ауылдық округінің әкімі Данияр Күнгейұлының ел алдындағы есеп беруімен бастады. Биылғы жылы атқарылған істерді жіпке тізген ол алда орындалатын жұмыс жоспарымен де бөлісті. Әкімнің есебінше, Нұра ауылдық округі бойынша 184 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жұмыс істейді.

Оның ішіндегі ең ірі кәсіп орындары. «Амиран» ЖШС, «Будан» ЖШС, «Тау Асаров» ЖШС, «Сегун» ӨК ірі шаруашылықтары бар. Олар мал азығына жататын дақылдарды, оның ішінде бидай, жүгері, көп жылдық өсімдіктерді егумен айналысады. Биылғы жылға округ бойынша егіс алқабы – 9775 гектарды құрады. Нұра ауылдық округінің ауыл тұрғындарының мал басының саны: Ірі қара малы – 13035 бас, ұсақ малы – 34882 бас, жылқы – 3477 бас, түйе – 30 басты құрайды. Ауыл тұрғындарының жеке ауладағы ауыл шаруашылық малын жаю үшін, жайылыммен қамтамасыз ету мақсатында жер иелері және жер пайдаланушыларымен ауыл халқының малын жаю үшін 400 га жерге меморандумдар жасалынды.
Аудан әкіміне айтар базынасын арқалай келген тұрғындар ең алдымен жылдан-жылға ауылда оң өзгерістердің орын алып, тіршілігінің күре тамырына қан жүгіріп келе жатқанын айтып, атқа мінер азаматтардың ерен еңбегіне алғысын білдірді. Ала жаздай табан ет, маңдай терін сарып етіп өсірген жүгерілерін сата алмаған шаруақожалық иелері әкімдік тарапынан бір көмек боларынан үмітті. Жаз бойы шыжыған күннің астында еңбек еткен диқандар сатылмай жатқан жүгерілерілері мүлдем жарамсыз болып қала ма деп алаңдаулы. Егіс дақылдарын өткізе алмаған шаруақожалық иелері түрлі бағдарламалар арқылы бөліп төлеуге алған тракторларымыздың несиесін жаба алмай отыр.
Аудан әкімінің орынбасары Ануар Аскербеков бұл мәселені жүгеріге деген сұраныстың азайып, бағаның тым төмендеуімен түсіндірді. Оның айтуынша, өткен жылы зауыттар өнімнің әр келісін 120-125 теңгеден қабылдаса, биыл небәрі 60 теңгеден аспаған. Бұл олардың ала жаздай еңбегі мен шығынын мүлдем өтемейді деген әкімнің орынбасары
«Мұндай жағдай тек Талғар ауданы ғана емес, облыс көлемінде де орын алған. Қазір аудан көлемінде сатылмай тұрған 11 мың тонна жүгері бар», – деді . Аталған түйінді шешу үшін Алматы облысы әкімінің орынбасары Алмас Батановқа осы қиындық қыспағында қалған кәсіпкерлердің тізімін берген. Ол жақын күндері жақсы жаңалық боларына сенімді. Аталған мәселе төңірегінде тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқан аудан әкімі Таңат Есенгелдіұлы созбалаңға салуға болмайтын мәселе турасында төтелей облыс әкіміне хат жолдау керектігін ескертті. Банк алдында берешегін өтей алмай отырған кәсіпкерлерді құрдымға жібермеудің жолын қарастыру керек екенін қадап айтты.
Ауылдың шет жағындағы ескі жолды жасап берсе деген тілегін білдірген тұрғынның сұрағына аудан әкімінің орынбасары Оразхан Қасбақбаев Нұра ауылында бас жоспарға енбеген 15 көше бар екенін атап өтті. Сондай-ақ бас жоспарда жоқ жолды жасау үшін сұраныс берілгенімен көңіл қуантар жауап болмағанын айтты. Десе де осы жылы бұл ауылға өзге ауылмен салыстырғанда қаржы көптеп бөлініп, негізгі жолдар жасалып, жарықтандырылғанын ашып айтты. Ауыл халқының табыс көзі егін егіп, мал өсіруден келетінін еске салған тұрғындар ауласындағы еккен көкөністерін суғару үшін арық жүйесін жаңғыртуды сұрады. Өзге ауылдар арық суы түгілі ауыз суына жарымай отырғанда бұл талаптың бірден орындалмайтынын айтқан аудан басшысы өңірдегі ауыз су мәселесі толық шешімін тапқан соң ғана бұл шаруаны қолға алатынын жеткізді. Таңат Айдарбековтың сөзінше, Арық жүйелерінің ретсіздігінен күз, көктем айларында еріген қар суы мен жаңбыр суы тұрғындардың ауласына кіріп, көшелерді шайып жататын жағдайлар аз емес. Жаз айыда егіс дақылдарын суғару үшін сарпалдаңға түсетін диқандардың жайы тіпті ауыр. Аталған мәселе бойынша облыста арнайы басқарма құрылып, су шаруашылығы саласындағы мәселелердің күрмеуін шешпек.
Туғанбай ауылының тұрғыны Оңғарбек Бексұлтан ауылдарындағы ауыз суға техникалық қызмет көрсетілмейді дейді. «Талғар судың» баланысында болғанымен ауданнан шалғай жатқан елді мекеннің ауыз суына техникалық қызмет көрсету үшін жеке кәсіпкермен келісім-шарқа отырған. Осыған дейін ауыз суының ақауын реттеп келген кәсіпкердің қызметіне көңілі толмаған тұрғындар ауылдан «Талғар судың» бөлімшесі ашылса деген ойларын да ортаға салды. Бөлімше ашылғанмен экономикалық тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз ете алмайды деген Талғар аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің маманы Айбек Ақылжанов Туғанбай ауылы тұрғындарының арасынан бұл істі қолға алғысы келетін кәсіпкердің табылғанын хабарлады. Сондай-ақ жауапкершілігі мол азаматтың арқасында ауылдың ауыз суынан ешқандай ақау шықпайды деп сендірді.


Айдар есімді азамат ауыл іргесінде сүт өнімдерін шығаратын өндіріс орнын салу мақсатында қоршалған екі жарым гектар жер бар екенін айтып: «Жерді қоршап қана қоймай, айналасын 3 метр терең етіп қазып тастады. Ешқандай құрылыс салынбай бостан босқа тұрған жерді уақытша мал жаюға пайдалана тұруға келіскен. Алайда қоршалып, айналаға терең шұңқырлар қазылған жерге мал түсіп кетсе, мерт болары анық. Ауылда жайылым жетіспейді. Олар 7-8 мың бас мал ұстап, сүт өнімдерін шығаратынын айтқан. Алайда жұмыс әлі басталған жоқ. Мал өрісі тарылған сайын табысы кемитін ауыл халқының жағдайымен санасар адам бар ма?» – деп ашынған ол тағы бір мәселенің шетін шығарып: «Ауылда өрт сөндіру пункті жоқ. Аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекенде өрт апаты орын алса, өрт сөндіру көлігі жеткенше өртенген үйдің түгі қалмай жанып кетеді. Осыған дейін мұндай жағдай орын алғанда қол қусырып қарап тұрған кезіміз болды. Болашақта мұндай жағдай орын алмайды деп ешкім кесіп айта алмайды. Сондықтан ауылымызда міндетті түрде өрт сөндіру пункті болуы керек», – деп ашып айтты. Бұл сұрақтың жауабын аудан әкімі Т. Айдарбеков өзі берді. Осы мақсатта қаржы бөлуге облыс әкімі уәде берді деген ол Дәулет ауылының бергі жағындағы Қайрат индустралды аймақта үлкен өрт сөндіру мекемесі келесі жылдың ақпан айына дейін қолданысқа берілетінін қуана хабарлады. Бұл нысан қолданысқа берілсе, Нұра ауылыгың да игілігіне жарайтын болады деп атап өтті. Ауылдың іргесінен өтіп жатқан Жетіген-Қорғас темір жолының қоршаусыз жатқаны да ауыл үшін өзекті мәселеге айналған. Темір жолды жай ғана сым темірмен қоршай салған жауаптылар өз ісіне салғырттық танытты дейді тұрғындар. Салдарынан ауыл малы поезға соғылып, оқыс оқиғалар жиілеп кеткен. Бұл жағдайға тосқауыл болу үшін темір жолдың бойын толықтай қоршасын деген тілектерін жеткізді. Азаматтар айтқан әр ұсыныс, пікірдің аса орынды екенін білдірген Т. Айдарбеков аталған мәселелерді шешу жолында нақты істер атқарылатынын тілге тиек етті.
Атқа мінер азаматтардың алдында ағынан жарылып, ауылдың жайын жайып салған тұрғындар жақсылықтан үмітті.

Зорагүл Әбдіқадір