Желтоқсанның 27-сі күні аудан әкімі Таңат Айдарбеков, аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Айнагүл
Үшкемпірова Талғар қалалық №25 мектеп-лицейінде өткен балаларға арналған дәстүрлі шырша кешіне қатысты. Көңілді кешке ауданымызға қарасты ауылдық округтердегі көпбалалы отбасыннан шыққан, толық және жартылай жетім, әлеуметтік жағдайы төмен және оқуда озат 150 бала қатысты.
Мерекелік шарада аудан әкімі Т. Айдарбеков балаларды жаңа жылмен құттықтап: «Еліміздің жарқын болашағы, ата-аналарыңның бақыты мен қуанышы да өздерің. Сондықтан да әрқашан ата-аналарыңызды қуанта беріңдер. Бүгінде барлық игілікті істер сіздердің жарқын болашақтарыңыз үшін жасалуда. Келер жылда ұшқыр арман-қиялдарыңыз бен ақ тілек-ниеттеріңіз орындалсын. Еліміздің ертеңі, өміріміздің шуағы болған, балалар, жаңа жылдарыңыз құтты болсын! «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады», – деп Абай атамыз айтқандай, озық ойлы білімді адамдар заманның, қоғамның дамуына үлесін қоса алады. Сендер де жақсы оқып болашақта еліне, жеріне қызмет ететін адал азамат боласыңдар деп сенемін. Жылдан жылға өсіп, үлкен азамат болыңдар!» – деп ақ жарма тілегін арнады. Сондай-ақ оқуда озат, мектебінің мақтанышы болған оқушыларға өзі ала келген сыйлығын табыстап, білім биігін бағындырған, ел мақтанышы болыңдар деген сенімін білдірді.
Мерекелік кештің көрігін келтірген кішкентай бишілер сүйкімді қылықтарымен барша жанды баурады. Қоян жылын қуана шығарып салған балапандар ұлу жылын әндете қарсы алды. Барлық бала асыға күткен Аяз ата мен Ақша қар мерекелік кештің шырайын кіргізді. Жеткіншектердің қуанышын бөліскен аудан басшысы шырша шамдарын жағып, балалармен бірге әуезді әннің ырғағымен биледі. Ертегі әлемінен келген балапандардың сүйікті кейіпкерлері ғажайыпқа толы қойылымдар көрсетті.
Мерекелік кеш мәз-мейрам болған балалардың «Жаңа жыл жақсылығымен келсін, берекелі-мерекелі жыл болсын!» деген тәтті тілектерімен аяқталды. Балапандардың күміс күлкісі мен тәтті даусы тербеген әсерлі кеш осындай қызықтарымен әрбір жанның есінде қалары сөзсіз.
Зорагүл Әбдіқадір