Ынтымақ бар жерде ырыс бар

Ынтымақ бар жерде ырыс бар

Қорам ауылына 19-ғасырдың 80 жылдары Қытайдан ұйғырлар келіп қоныстана бастайды. Аңламас-қажы Нурумбетұлы бастаған ауылдың ауқатты азаматтары Қайып, Жорып, Байтықай, Шаңшар, Сүгір, Көбөк сияқты азаматтар қоныстануға келгендерге демеуші болып үй, қора-жай, мешіт, медресе салуға Бақай тауынан құрылысқа керекті ағаштарды өз қаражаттарымен дайындаған.

Бұқарада оқып келген Саутахун Исламогылы медреседе жастардың діни сауатын ашуға қызмет еткен. 1930 жылдары жаппай ұжымшар(колхоз) кезінде көптеген азаматтар шетел асты. Ауыл маңында қалған ұсақ ауыл шаруашылық артельдері бірігіп 1940 жылдары «Машина», Э.Тельман, Өсімдік колхоздары құрылады.1944жылдары ауылға жер аударылған түріктер, шешендер, гректер, еврейлер, кәрістер, орыстар, татарлар ауыл экономикасын көтеруге өз үлестерін қосты. Оларға ауыл халқы үй, қора-жай, мал беріп, тұрмысын жақсартуға қол ұшын созды. 1951 жылы үш колхоз бірігіп, Э.Тельман атындағы колхоз болып құрылады. 1961-1994 жылда құрылған Қорам темекі совхозы ауыл экономикасының дамуына зор үлес қосты.
Ауылда 1176 орындық орта мектеп, 140 бүлдіршінге арналған балабақша, 50 орындық дәрігерлік мекеме, пошта торабы, клуб, кинотеатр, стандарт үйлер салынып, көшелер асфальтталып, жөнделе бастады.
Қазақстан Республикасы егемендік алған 30 жылдың ішінде ауыл тұрғындарының саны 7000 мцыңнан асты. «Ынтымақ бар жердеырыс бар» дегендей, 10 этнос өкілдері мекендеген ауылдың азаматтары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауылда құрылған 630 шаруа қожалықтарында бір кісідей еңбек етіп, еліміздің әл-ауқатының жақсаруына үлестерін қосып келеді. Ауыл тұрғындарының достығы мен ауызбіршілігі, бір мақсатқа арналған тіршілігі еліміздің бейбіт өмірінде жалғасуда. Осыған байланысты бір мысал келтіре кетейік, ауылдағы көп ұлттың өкілдері үйі аралас, қойы қоралас дегендей, бір бірімен құда-жекжат болып, бір құдықтан су ішіп, бір арықтан бақшасын суарып, балалары бір сыныпта отырып, жастары бір командада футбол ойнап, ауыл намысын қорғауда. Ұйғыр азаматы Сетахуынның шұбар тауықтары көршісі Итбайдың қорасында жем жеп, қорасында жұмыртқалайды екен. Бір күні Итбайдың ақ бас сиыры Сетахунның бау-бақшасына кіріп кетеді,оны көрген Сетахунның әйелі Шымахан Итбайдың әйелі Қанымжанға:
– Әй, көрші, сиырыңа неге ие болмайсың? Біздің бау-бақшамызға зиян келтірді. Сонда Қанымжан:
– Сенің тауықтарың қыстай біздің жемді жеп, қорада жұмыртқалайды. Енді сен ашуланбай біздің сиырдың сүтін іше бер – деді.
Біраздан кейін бір шелек сүтті алып, көршісіне кіріп, Қанымжан қуырған жұмыртқаны жеп екеуі шәй ішеді. Осы әңгімеден кейін көршілер әрқайсысы өз тауығы мен малына ие болып, жақсы өмір сүріп жатыр. «Ашу – дұшпан, ақыл – дос». Ауыл халқы бір-бірімен ынтымақта өмір сүруде. Қиыншылықта, жақсылықта бір-біріне қол ұшын берген ауыл азаматтары қиын індет кезінде де сүйеу бола білді.Ырыс қайда барам дегенде, достығы жарасқан ауылға барады екен.Қорам мектебінің түлегі Шамсия Өтегенова «Ауылым – алтын бесігім» деген өлеңінде: Қорамым, дария-дархан ел,
Ежелгі атамекенім.
Әрдайым сені қастерлеп,
Мақтаныш етіп өтемін – дегендей, ауыл халқы өз атамекенін қастерлеп, өмір сүруде.

Тоқтасын ТҰЯҚОВ