Жуырда Алматы облысының әкімі М. Сұлтанғазиев арнайы іссапармен Талғар ауданында болып, Бесағаш ауылының мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті. Аудан, округ, ауыл әкімдері,қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысқан басқосуда ауданның инфрақұрылым және әлеуметтік сала мәселелері талқыланды.Алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Т.Айдарбеков ауданның экономикалық даму қарқынына тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстарға есеп берді. Игеріліп жатқан бюджетке тоқталып, халықты толғандырып отырған су, газ, жер, жол мәселелерін атап өтті. Сондай-ақ кездесуде білім, мәдениет және денсаулық сақтау салаларына қатысты мәселелер де қозғалды.Өткен жылдан бері ауданда 89 түйткілді мәселе анықталғаны айтылды. Бүгінгі күні оның 19-ы жойылды.
Атап айтқанда, Талғар қаласында 7,7 шақырым, Белбұлақ ауылында 7,6 шақырым, сондай-ақ Береке, Өстемір ауылдарында тиісінше 1,2 шақырым және 1,8 шақырым көше жолдарын жөндеу жұмыстары жүргізілді.Сондай-ақ, Жаңалық ауылында электр желілері жөнделіп, 150 көшеге жарықтандыру қондырғылары орнатылды.Арқабай ауылында жаңа балалар алаңы пайда болды. Қалған 70 түйткілді мәселені шешу үшін арнайы жол картасы әзірленеді. Барлық мәселелер 2026 жылға дейін кезең-кезеңімен толығымен шешіледі деп жоспарланып отыр. Сөз кезегін алған облыс басшысы М.Сұлтанғазиев ауданның жалпы даму динамикасы жаман емес екенін айтты.
«Алматы қаласына жақын аудандардың проблемасы жетерлік. Саяжай саны көбейген сайын суға , электр қуатына, жолға деген тапшылық артып отыр. Биылға 35 пайызға аудан бюджетін көбейттік.Келесі жылы да қаражат қарастыруға тырысамыз. Ол бір күнде шешіле салатын мәселе емес.Проблеманың бәрі кезең-кезеңімен, біртіндеп шешілетін мәселе. Ауылдың көркейгені бізге де жақсы», – деді облыс басшысы.
Мәдениет үйіне қаптап жиналған халық облыс басшысына сұрақтарын қойып, жауап алуға тырысты. Көпшіліктің көкейіндегі сұрақтар қараусыз ағып жатқан кәріз сулары, көшедегі жарықтың жоқтығы, Жаңалық ауылындағы белден келетін батпақ жолдар, газ тапшылығы,үй алу кезегінде тұрғандардың шағымы, судың жетіспеушілігі төңірегінде болды. Жиналыстан кейін облыс әкімі «eOtinish» электронды порталы арқылы тіркелген азаматтарды жеке қабылдады.
М.Сұлтанғазиев ауданға сапары барысында қаладағы бірнеше нысандарды аралап, шаруа қожалықтары мен агрокәсіпорындардың басшыларымен кездесті. Ол алма өсірумен айналысатын «Баймене» ЖШС жұмысымен танысты.Қарқынды алма бақтың аумағы тамшылатып суару және торларды қолдану арқылы 70 га құрайды.Тамшылатып суару құралдары Израильден, көшеттер Италия мен Голландиядан әкелінген. Сондай-ақ, әкім «Keruen Plus» ЖШС пластикалық құрылыс бұйымдарын шығаратын зауытқа барды. Бұл компания Қазақстандағы терезе,есік профильдерінің жүйелері мен инженерлік сантехниканың жетекші өндірушілері мен жеткізушілердің бірі болып саналады.Кәсіпорын басшысы М.Эроглының айтуынша, 2015 жылдан бастап зауыт іске қосылып, пластик өнімдерін шығара бастады. 200 адамды жұмыспен қамтып отырған зауыт жылына 18 мың тоннаға жуық өнім шығарады. Құрал-жабдықтар технологиясы Германиядан әкелінген.Шикізат өнімдері Корея, Түркия, Қытай елдерінен келеді.Компания өз өнімдерін Қазақстанға ғана емес, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия, Молдова , Тәжікстан және Монғолия елдеріне экспорттайды. Келесі жылы кәсіпорынға 1 млд. теңге инвестиция тарту жоспарланған.
Зауытттан шыққан делегация Талғардағы «Intellservice» ЖШС полиграфиялық өнімдер шығаратын зауытқа ат басын бұрды. Кәсіпорын директоры Александр Костин әкімді өзі басқаратын мекеменің жұмысымен таныстырып, зауыттың ішін аралатты. Бұл республикадағы полиграфия өнеркәсібіндегі ең ірі кәсіпорын.
«2017 жылы заманауи баспа машиналары, атап айтқанда 6 түсті цифрлы баспа машинасы орнатылды. Қаптама өндірісін дамытудың перспективалы бағыттарының бірі сұйық өнімдер– шырындар, сүт, алкогольсіз сусындар үшін жұмсақ қаптама шығару болып табылады. 1991 жылы ашылған зауыт бүгінде 400-ден аса адамды жұмыспен қамтып отыр. Этикеткалар, қораптар, жарнамалық заттар, кітаптар, шоколад, печенье, торт салатын қаптама материалдарын шығаратын зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 4800 тонна, яғни 5 млрд.500 млн. теңгенің өнімі. 300 млн. теңгеге полиграфиялық өнімдер шығарудың соңғы технологиялары мен жабдықтары енгізілді», – деді зауыт басшысы.2010 жылдан бастап «Intellservice» ЖШС өнімдері Ресей Федерациясына экспортталады.
Зауыттан шыққан бетте М.Сұлтанғазиев Талғар ауданында күрделі жөндеуден өтіп жатқан Қонаев көшесімен жүріп өтті. Қаламыздың шыға берісінде облыс делегациясын Талғар қаласының әкімі А.Күрішбеков күтіп алып, арнайы стендқа қойылған жоспармен таныстырды. «Жоба бойынша, Алматыға дейін баратын басты жол 4 жолаққа кеңейтіліп, екі жағынан жаяу жүргіншілер жолы, арық жүйесі және жаңа үлгідегі жарық бағаналары, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылып, толық абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады.Сонымен қатар Талғар қаласының аркасы жаңа үлгіде жасалынып, дайын тұр, жақын арада тұрғындар мен қала қонақтары жарқырап тұратын арканың куәсі болады. Жол жобасының жалпы құны 560 млн теңге, оның 487 млн теңгесін тендерді ұтып алған «Нұрлы жол» компаниясына беріп, қалған үнемделген қаржыға абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жуырда жол белгілерін қойып, сызықтарын жүргізіп, брусчаткаларды төсеп, жүргіншілер жолын бітіреміз. Ескі ағаштарды кесіп, көгалдандыру жұмыстары қараша айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Қаламызда биыл 27 аялдама салынды, 233 млн. теңгеге 10 шақырым жол тартылып, асфальтталды. Жаңа салынған үйлерге 4,6 шақырым жол жүргізілді. 45 шақырымға 1300 дана жарық шамдары қойылып жатыр.Халықтық бюджет,жергілікті кәсіпкерлердің бюджетінен 4 балалар алаңы, 233 мың тенгеге үлкен стадион салынды.11 көшедегі 10 шақырым жолға асфальт төселініп, арық жүйелері тартылуда»,– деді А.Күрішбеков. Әкімнің есебінен кейін облыс басшысы ағаш отырғызу рәсіміне қатысты. Жас шыршаны өз қолымен отырғызып, су құйды. Қаламыздың өсіп- көктеп, гүлдей беруіне тілектестігін білдірді.
Сәуле Құрмантаева