Қанша жылдан бері біріншімайлық тұрғындардың өзекті мәселесіне арналған жекеменшіктің қолындағы Мәдениет үйі мемлекетке қайтарылды. Алдағы уақытта ғимаратқа толықтай жөндеу жүргізіліп, халық игілігіне берілмек. Бұл елдімекенде дәрігерлік амбулатория салынатын да күн алыс емес. Осы және өзге де өзгерістер жайлы аудан басшысының ұйытқы болуымен тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында Бірінші Май ауылдық округінде қолға алынған бірқатар оңды істер жайлы төменде атап көрсететін боламыз.
Ауыл болған соң, оның мұң-мұқтажы болады. Жыл өткен сайын ауылда көп мәселе өз шешімін тауып келеді. Бірінші Май ауылдық округінде де өткен жылы ел игілігіне қызмет етер толымды жұмыстар атқарылды. Мәселен, округ бойынша электр өрісінің жоғары кернеулігін түсіру (разгрузка) мақсатында Бекболат ауылындағы Майбұлақ көшесіне трансформатор орнатылды. Әлсін-әлсін өшіп қалып, тұрғындарды әбігерге түсірген электр қуаты желісінің мәселесі оңтайлы шешімін тапқан.
Біріншімайлықтарды алаңдатқан жарық жүйесіндегі жұмыстар да іске асуда. Олай деп айтуға Бекболат ауылындағы Таусамалы көшесінің 1,5 шақырымына жарықтандыру бағаналарының көше бойларына қойылуы негіз болып отыр. Енді ауыл халқы кешкі уақыттарда серуендеуге шыққанда, жұмыстан қайтар уақыттарында жарық көшелерде емін-еркін еш алаңсіз жүреді.
Сонымен қатар, Қайнар ауылындағы Амангелді көшесінің 1,4 шақырымына, Алатау көшесінің 900 метріне жарық бағаналарын орнататын мердігер мекемені анықтауға конкурс жарияланды. Бұдан бөлек, Бекболат ауылында жалпы ұзындығы 10,2 шақырымды құрайтын 11 көшеге жарықтандыруға жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс жұмыстарына қажетті қаржы бөлу туралы Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына бюджеттік өтінім берілген.
Мұндағы автокөлік жолдарын асфальттау жұмыстары да кезең-кезеңімен жүйелі атқарылып келеді. Атап айтқанда, Бекболат ауылындағы мектепке кіреберіс жолына және Қайнардағы Бейбітшілік көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Бекболаттағы Қасқасу көшесіне және Қайнардағы Көкжиек көшесіне шағал тас төселген. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 7 көше ретке келтірілуде. Мәселен, Бобров, Амангелді, Алатау көшелерінде жөндеу жұмыстары аяқталғанымен, Наурыз, Береке, Абай, Бірлік, Алатау көшелерінде мердігер мекеменің сапасыз жұмысына байланысты кемшіліктерді жою жұмыстары жүргізілуде. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша
Сауыншыдағы Бірлік көшесі жөнделді.
Жоғары трассаның бойында орналасқан аталған округке қарасты ауылдардың халық саны да жыл өткен сайын артып келеді. Мұндағы су жүйесі сол кездегі алғашқы қоныстанған тұрғындардың санына лайықталып жасалған. Сондықтан бұл жердегі ауыз су мәселесінің туындауындағы басты себеп осы. Соған байланысты ағымдағы жылы Бекболат ауылынын сумен жабдықтау жүйесінің қысым реттегішін ысырмаларын орнату (задвижки) және Жетісу көшесіндегі ескірген құбырларды ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, 2021 жылы Қайнар ауылындағы ауыз су мен кәріз жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары атқарылып, ағымдағы жылы осы ауылдағы көппәтерлі 13 үйді кәріз жүйесіне қайта қосу жұмыстары жүргізіліп, іске қосылды. Нәтижесінде Қайнар ауылының халқы үздіксіз сумен қамтамасыз етілуде. Сондай-ақ, Бекболат ауылында «Street workout» спорттық алаңы салынып, №5 «Қаскелең-Жандосов» бағытындағы жаңа маршрут іске қосылды. Қоғамдық көлік аудан орталығынан бастап, Жандосов, Қайрат, Бекболат, Қайнар ауылындарына дейін қатынайды. Тұрғындар тарапынан бірнеше жыл қатарынан көтеріп келе жатқан сонау тоқырау жылдарына жекеменшік қолына өтіп кеткен Бекболат ауылындағы мәдениет үйі мемлекет меншігіне қайтарылып, ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің теңгеріміне берілген. Қазіргі уақытта аталған ғимаратты
жобалау-сметалық құжаттамасына әзірлеуге қаражат бөлінді. Алдағы уақытта өнер ордасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер мекеме анықталатын болады. Сонымен қатар, Бекболат және Қайнар ауылдарында 50 адамды қабылдайтын екі жаңа амбулаторияның құрылысына жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Денсаулық мекемелерін салу үшін арнайы орын да белгіленген, қаражат бөлінген соң қарқынды жұмысқа кіріспек.
Жыл өткен сайын бюджеті еселеніп артып отырған ауданымыздың бір ғана елді мекеніндегі халық игілігі үшін атқарылып жатқан істер легі осындай. Ал болашақтың еншісіне қойылғаны қаншама. Өркенді істер өзекті мәселелерді шешіп, халықтың тілегі қашанда атқарушы биліктің назарында екенін ұмытпайық.
Бұрым Орынбасар