«Талғарым – ынтымақтың ұясы»

«Талғарым – ынтымақтың ұясы»

Алматы облысына қарасты қала мен аудандарда өткен «Ауылым – алтын бесігім» атты мәдениет күндері байқауы Талғарда жалғасын тапты. «Талғарым – ынтымақтың ұясы» деген тақырыпта өткен Мәдениет пен өнер мерекесіне қолөнершілер, ардагерлер хоры, әжелер ансамблі, «Айгүл» ән-би ансамблі, Беларус, түрікгрек, ұйғыр этномәдени орталықтары қатысып, өнерлерін паш етті. Мерекелік іс-шараға Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Д. Алиев және мәдениет, өнер қызметкерлерінен тұратын қазылар алқасы арнайы қонақ болып қатысты.

Оларды талғарлықтар ән-жырдан шашу шашып , аса құрметпен қарсы алды. Бесағаш ауылындағы мәдениет үйі алдында ақ жаулықты әжелеріміз жүн сабап, кілем тоқып отырып әндетсе, арнайы тігілген қазақ үйде салт -дәстүрлер көрсетіліп, ұлттық тағамдарға толы дастархан жайылды. Қонақтар тарихқа толы Талғар туралы сыр шертетін кітапханашылардың ұйымдастырған көрмесін тамашалап, қолөнершілер мен суретшілердің ұлттық нақыштағы туындыларына жоғары баға берді. Аталған мерекеде Талғар ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаев жиналған қауымды құттықтап, сөз сөйледі.
«Дана халқымыз өнер – ұлттың жаны деп бекер айтпаса керек. Бүгінгі мәдениет мерекесі соның айқын бейнесі. Табиғаты тамылжыған, тарихы терең Талғар жеріндегі өнер мерекесіне қош келдіңіздер! Кез келген мемлекет мәдениетімен, өнерімен танылып, бағаланатыны анық. Мәдениет – елдің асыл мұрасы, халықтың рухани келбеті. Қай елдің мәдениеті мықты болып дамыса , сол елдің еңсесі де биік болады. Қазақ қазақ болғалы ата-бабалармыздан қалған асыл мұралар , жиналған жаухар дүниелер әлем алдында абыройымызды асқақтатып келеді. Елдігіміздің басты нышаны – өнеріміз бен мәдениетімізді, ғасырлар бойы атадан балаға мұра болған асыл қазынамызды өскелең ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек етіп, көкке көтеріп жүрген мәдениет саласы қызметкерлерінің, мұражайлар мен кітапханалардың, халық шығармашылығы және мәдениет үйлерінің , театрлар мен концерттік ұжымдардың, қалалық және ауылдық клубтардың қызметкерелерінің, сондай-ақ ақындар мен жазушылардың еңбегі орасан. Олар қоғамдағы руханиятты дамытуға, адамгершілікті, қайырымдылық пен өзара түсіністікті өрістеуге жол ашып, үздік мәдени дәстүрлерді сақтауға әрі молайтуға ерекше мән беріп келеді. Бүгінде мемлекет барынша мәдениет саласына көңіл бөліп, ауыл-аймақтардың мәдени жандануына күш салып келеді.


Халқымыздың бай мәдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтардың еңбегі бағаланатын елеулі күні, ел өңірінің ең айшықты сәтіндегі өнер мерекесі құтты болсын! Баршаңызға сәттілік тілеймін! » – деді А. Бидаев .
Салтанатты шарада ауданымыздағы барлық қоғамдық жұмыстарға белсена атсалысып жүрген грек, ұйғыр, беларус этномәдени орталықтар да қатысып, өз өнерлерін көрсетті.
Қызыл Қайрат ауылының ұйғыр әйелдер қоғамының төрайымы Гүлбану Бакиева: – Талғар ауданында 1989 жылы ұйғыр этномәдени орталығы құрылған. Ауданда 30 645 ұйғыр бар. Біз барлық іс-шараларға белсенді қатысып, өз ұлтымыздың мәдениетін көрсетудеміз. Бүгінде осы мерекеде музыкалық аспаптарымыздан көрме ұйымдастырып, ұлттық тағамдарымызды алып келдік. Ғасырлар бойы қазақ елімен тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Біз өзімізді Қазақстанда тұрып жатқан бақытты елдің біріміз деп санаймыз. Елімізде ұйғыр тілінде 63 мектеп бар . Ана тілімізді, мәдениетімізді ұмытпау үшін Қазақстанда барлық жағдай жасалған. Біз де өз тарапымыздан тату-тәтті өмір сүру үшін, болашақ ұрпақты тәрбиелеуде қоғамға үлкен үлесімізді қосып келеміз, – деді.
Мерекеде «Ауылдың көне дәмі» атты көрмедегі ұлттық тағамдар шебері Роза Оразбайқызы дайындаған дастарханнан ешбір жан таңқалмай өтпеді. «Кішкентайымнан әжемнен үйренген кәсібім. Бұл ұлттық тағамдар ұмыт қалмауы тиіс. Әсіп, күйеу балаларға тартатын сүбесі өрілген төс, құдаларға берілетін қос табақ, қозы қары, тай қуырдақ баяғыда хандарға дайындалған жал-жая, ысталған қазыларды жылқының қарнына салып пісіретін хан қазы деп аталатын тағамдар. Бүгінде бұл ұлттық тағамдарымыз ұмытылып барады, біреу білсе біреу білмейді.
Сондықтан менің кәсібімнің мақсаты – ұмытылып бара жатқан тағамдарымызды қайта жаңғырту, ата-бабамыздан қалған дәстүрді жалғастыру. Бірнеше халықаралық көремелерге қатысып, Түркістанда, Тәжікстанда гран при жеңіп алдым»,– деп қуанышымен бөлісті. Сондай-ақ мерекеге жиналған қауым ұлттық және спорттық ойындар жүріп жатқан боз кілемге барып, жас балуандардың күресін, ұмыт қалып бара жатқан бес тас, асық ойындарын тамашалады. Ұлттық салт- дәстүрді насихаттау, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, болашақ ұрпақтың бойына сіңіруді мақсат етіп отырған мәдени іс -шара облыстың әр ауданында өткізілді. Аталған мәдени мереке алда да жалғасын таба бермек.

Сәуле Құрмантаева