«ТАМЫРСЫЗДАНУ ҚАУПІНІҢ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ» АЛШАҚТАП БАРА МА?

«ТАМЫРСЫЗДАНУ ҚАУПІНІҢ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ» АЛШАҚТАП БАРА МА?

Ұлтқа деген жанашыр жүрегі бар адамнан ғана үлкен өнер туатындығын тарих беттері дәлелдеп келеді. Ол жанашыр жүректен шыққан туындылар адамдық пен надандық, парасат пен кесапат жайлы жырлап, бір жүректен шыққан отты сөз кем дегенде он жүректе бұғынып жатқан ұлттық сезімнің, рухани күштің оянуына сеп болса, нұр үстіне нұр емес пе. Ал осы тақылеттес әңгіме өрбігенде Шаханов шығармашылығындағы шымыр ойлар санамызда жылт етіп, тіл ұшына орала кетеді. Ақиқаттың мәнін айғайға бармай-ақ, шындықтың шырайын шыңғырмайақ қара өлеңге сыйдырып жүрген Мұхтар Шахановтың шығармашылығы жас ұрпақты тәрбиелеуде көш бастаушы «кейіпкер» екендігін біз де, сіз де растайсыз. Мақұлдайсыз. Келісесіз. Сонымен…

Сонымен жуырда Талғар төрінде екінші мəрте түндігін түрген республикалық Шаханов оқулары жайлы айтпақпыз бұл жолы. Өткен жылы «көштің жүре түзелетініне» сеніп қайтқан едік, сеніміміз алдамапты. Биыл біршама жүйеленіп, бірізділікке түскен шара рухани жаңғырудың дəп өзімен үндесе кетті. Еліміздің төрт облысынан, атап айтсақ, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Алматы облысынан ағылған өрендер өрелі сөздің төркінін танытып, төресін көрсетеміз деп бекініп келгендей. Күн райының суықтығы да олардың жалын атқан жас жүректеріне қаяу түсірмепті. Шараны бастап, алғысөзін айтқан кеш қонағы, республикалық «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық ұйымының төрағасы Бейсенғазы Сəдуұлы ақынның өз өмірінде алатын орнына аз-кем тоқталып, алдын-ала іріктеуден өткен 100-ге жуық қатысушыға сəттілік тіледі. М.Шахановтың шығармалары арқылы балалардың қазақтың тілі мен əдебиетіне, мəдениетіне деген ықыласын арттыру жəне көркем сөз оқу шеберлігін, тіл мəдениетін жетілдіру, ұлтқа деген сүйіспеншілігін оятуды мақсат еткен ұйымдастырушылар бұл жолы байқауға өзгерістер енгізген екен. Алдымен ақынның екі өлеңі мəнерлеп оқылған соң, келесіде ақынның өмірі мен шығармашылығына орайластырылған сұрақтарға жауап беру талабын қосыпты. 2-5, 6-8, 9-11 сынып оқушылары мен колледж студенттері деп топқа бөлінген талапкерлер ақынның тіл, ұлт, рух жайлы өлеңдерін шамырқана оқып, тыңдарманның тағы бір мəрте өлең өлкесіне саяхат жасауларына сеп болды. Ақынның өзі қатысып отыруы балаларға жігер берсе керек, тіпті ұзын-сонар «Отырар», «Танакөз» сынды поэмаларына дейін бастан-аяқ мүдірмей оқып шықты. Тəуелсіз сарапшылардан құралған қазылар алқасы болса əр қатысушының өлең таңдау өресіне, дауыс мəнері мен сахналық мəдениетіне сын-көзбен қарауға тырысты. «Дəстүрге айналып келе жатқан додаға қатысушылардың саны жыл санап артуда» деп ұйымдастырушылар риза.

– Былтыр 187 оқушы қатысып, бақ сынаған еді, биыл 410 оқушы өтініш білдірді. Сондықтан алдын-ала іріктеу турын өткізуіміз керек болды. Ұлт басындағы тұрған ұлы тұлғаның өлеңдерін оқуда өремен қатар өнеге де керек деп түйсінемін өзім. Ұлт тағдыры, ел болашағы деген тілек пен ниеттің жетегінде жүрген қаһарманның ақындығын ғана емес азаматтығын да бағалайтын, кеудесінде намыс оты оянған, ақын шығармашылығын сүйіп оқитын жігерлі деген 95 баланы конкурсқа жібердік, – дейді қасиетті жанның өнерін қасиеті жоқ адамдардың түсінбейтініне қапаланатын Халықаралық жəне отандық Шаханов поэзия клубының Алматы облысы бойынша төрайымы Зəмзəгүл ƏУБƏКІР.


«Мұндай шаралар əр жастың жүрегінің бүтінделіп, санасының түзуленуіне «теңізге қосылған тамшыдай болса да үлес қосады» дейді, ұлты тəжік болса да тілі де, жүрегі де қазақ деп соғып кеткен Талғар ауданындағы №5 орта мектептің 6-сынып оқушысы Ситора КОСИМОВА.


– Қазақ тіліне қызығушылығымды қазақ поэзиясы оятты. Абай, Ыбырайдың өлеңдерін оқудан бастап бүгінгі көзі тірі ақындардың да шығармаларын жаттай бердім. Солардың ішінде Шаханов атамыздың өлеңдері қатты ұнайды. Сиясы əлі кеуіп үлгермеген екі өлеңін алып келдім. Ұстазым Нұршат Айдарханова апайдың берген тəлім-тəрбиесі мен өнегесі болашағым үшін қажет деп ойлаймын. Өйткені мен Қазақстанда тұрамын, – деп жаттандылығы жоқ балалық көңілмен ойын жеткізген Ситораның ұстанымының келешекте де өзгермеуін тілеп қалдық. Алматы қаласындағы №42 ЖББ мектептің 8-сынып оқушысы Галина Гебель де қазақ тілін тəп-тəуір меңгергенін байқатып, өлең арқылы өзімен тілектес дос тапқанына риза. Қара домалақтардың ішінен ерекшеленіп тұрған орыс қызының ұстазы Сайлаухан Бейсенғалиқызы шəкіртінің мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігінің арта беруі үшін осындай шараларға жиі апарып тұратынын айтты. Мемлекеттік тілде сөйлейтін жас тардың көбеюіне ықпал етіп жүрген ұстаздарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Өз деңгейінде өткен шараның жеңімпаздарына ақынның қолтаңбасы қойылған кітабы мен портреті сыйға берілді. А.Айтбай, А.Дүйсен 2-5 сыныптар арасында топ жарса, Ə.Оңалбай мен М.Темірғалиева 6-8 сыныптар ішінен үздік деп танылды. 9-11 сыныптар ішінен А.Нүбиев бас жүлдені иеленсе, колледж студенттерінен ТАжМК студенті Н.Бақберген озық шықты. Жетекшілері де марапатсыз қайтпады. Ақынмен естелік суретке түсіп, мəресəре болған көпшілік бір күн бойы Талғар аспанын рухты жырға бөледі. Қорытынды сөз алған аудандық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, ұлт болашағы үшін қасық қаны қалғанша күресуге дайын жанашыр жан Фарида Мамырбекқызы «Тамырсыздану қаупінің тұжырымдамасы» (М.Ш.) болмас үшін осы тақылеттес шараларды жиілете беру керектігін алға тартты.

Адамның ар-намысына шоқ тастап, отты жырларымен қоғамдық ой салып жүрген ақынның əр жырынан ел рухының биіктігін көксегенін аңғармау əсте мүмкін бе?! Қай өлеңін оқысақ та, ҚАЗАҚ деген асқақ ұлттың ұланы екеніне мақтанып қаласың. Республикалық деңгейде өткен Шаханов оқуларына қатысқан балаң жүректер де осы сезімнің жетегінде кетті деуге кəміл сенеміз.

Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА

«Талғар-ақпарат»