Елбасы Н.Назарбаевтың «Жергілікті атқару органдар басшыларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Талғар ауданының әкімі Райхан Садықова барлық ауылдық округтерде тұрғындар алдында есеп беру кездесулерін аяқтап, қорытынды жиналыста аудан халқымен әкімдіктің жиын залында бас қосты. Аудан әкімінің есебіне Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысты. Әкімдіктің кең фойесінде ұйымдастырылған көрмемен танысқан облыс басшысы мен жиынға қатысушылар әкім есебінде орындалған және атқарылатын міндеттерді тыңдады. Есепті кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы төрағалық етті. Жиынға облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме басшылары, ардагерлер кеңесі, қоғамдық емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері және аудан тұрғындары қатысып отырды.
Елбасы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары, жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын басшылыққа ала отырып ауданның әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеруге бағытталған келелі істер жүзеге асырылып келеді. Халық алдында есеп берудің мақсаты – тұрғындарды елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси шаралар туралы хабардар ету, алдағы міндеттер мен негізгі бағыттарды айқындау. Жыл бойы атқарылған жұмыстар мен жетістіктерді, сонымен қатар орын алған кемшіліктерді саралай жеткізген аудан әкімі Райхан Садықова алға қойған міндеттерді қамтыған тұшымды баяндама жасады. Жиынға қатысушылар тарапынан айтылған ұсыныстар мен қойылған сұрақтарға жауап берді.
Әкім есебін мұқият тыңдаған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Талғар ауданында бүгінгі күні халық саны артып отырғандығын, статистика бойынша 180 мың адам болғанымен, негізінде тұрғындар саны 200 мыңнан асып кеткендігін, сондықтан да өңірде көп пәтерлі тұрғын үйлер салуды қолға алу керектігін тілге тиек етті.
Облыс басшысы ел экономикасын дамыту бағытында атқарылып жатқан біраз шаруаға тоқталды. Өңір жетістігімен қатар атқарылуға тиісті мәселелерді де қозғай отырып, жұмысты әрі қарай жандандыру қажеттігін айтты. Амандық Баталов Талғарда орталық жылу жүйесі жоқтығынан пәтерлерін электр тоғымен, көмірмен жылытатын 252 көп қабатты үйлерді орталық газ жүйесіне қосу мәселесін жедел түрде шешуді қолға алу керектігін айтты. Осыған орай облыстық бюджеттен жедел түрде қаржы бөлінетінін жеткізді. Сонымен қатар ауа-райының күрт суытуына байланысты су жүйелерінің қатып, халықты біраз әбігерге түсіріп жатқанынан хабардар болған ол түйінді мәселені шешуге байланысты жасалып жатқан жұмыстарды өз көзімен аралап көргенін және бұл бағытта қолға алынған шараларды одан әрі жалғастыруды тапсырды. Осыдан соң, жиналған көпшілік өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Белбұлақ ауылдық округінің тұрғыны, Талғар ауданының Құрметті азаматы Сапархан Исаев ауылдық жерлердегі дәрігерлік амбулаторияларда науқас түрлеріне байланысты есепте тұрған жандар Үкімет тарапынан қарастырылған міндетті медициналық көмек аясында бөлінетін тегін дәрі-дәрмектерді алу мәселесін ретке келтіруді сұрады. Сонымен қатар ол мектептерде алынатын тесттердің төлемақысы туралы да сөз қозғады. 18 мың халқы бар Белбұлақ ауылдық округінде мәдениет үйі мен учаскелік полиция қызметкерлеріне арналған тірек пунктісіне жер телімдері бөлінгенін, енді осы нысандардың құрылысын жүргізуге қаражат қарастырылса деген тілегін айтты. Өз сөзінде С.Исаев жүргізушілердің жол-көлік қауіпсіздігіне көп қиындық туғызып отырған Құлжа күре жолындағы айналма жолдың орнына уақыт талабына сай жолайырық салынса деген пікірін жеткізді.
Кездесуде сөз алған аудандық мәслихат депутаты Әбдіғани Бәзілхан аудан орталығы Талғар қаласында тарихи-этнографикалық мұражай ашу мәселесін алға тартса, ауданның Құрметті азаматы Бари Темірәлиев Құлжа күре жолы бойына жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір салу керектігін жеткізді. Қойылған сауалдардың бірқатарына аудан басшысы Райхан Садықова бірден жауап беріп отырды. Мәселен, мұражай салуды қолға алатындығын және биылғы жылы Құлжа күре жолы бойына жаяу жүргіншілерге арналған бес аспалы көпір салынатынын айтты. Есеп беру жиынында Т.Саудабаев, М.Қожабеков, Ж.Ботабаева сынды аудан тұрғындары да өз пікірлерін ортаға салды. Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қалимолда Байболов аудан көлемінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен алдағы мақсаттарға тоқтала келе, аудан әкімінің есебіне оң баға берді.«Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Бірлігі бар елдің тірлігі бар» — деп, жиналған қауымды ел болып бірлесе еңбек етуге шақырды.
Үш сағаттан аса уақыт халық пен әкім арасында шынайы үнқатысу орнады. Әкімді халқына жақындастыратын саяси науқандардың бірі аудан әкімінің халық алдында есеп беру шарасы өз мәресіне жетті. Ауылдық жерлерде өткен аудан әкімінің есепті кездесулері барысында халық тарапынан көптеген сұрақтар қойылды. Бәрі өз жауаптарын алды. Кейбір мәселелер сол мезетінде шешіліп жатты. Енді бірін шешу үшін нақты тапсырмалар берілді.
Гауһар Тұрсынқожа
«Талғар-ақпарат»