Еңбекшіқазақ ауданында 3500 гектар жайылымдық жер мемлекетке қайтарылғаны туралы Ulysmedia.kz хабарлады. Бас прокуратура мәліметінше, аталған жерлер 2017 жылы Форбс тізіміндегі белгілі кәсіпкерге шалғайдағы мал шаруашылығына арналған жерлер құрамынан шығару жолымен заңсыз берілген. «Қазіргі уақытта үшінші тұлғаларға жерді қайта беру фактілерін болдырмау мақсатында аталған жерлерді жергілікті тұрғындар үшін қоғамдық жайылымдарға беру бойынша жұмыстар жүргізілуде» , – деп мәлімдеді ведомство өкілі.
Сонымен қатар жыл басынан бері жоғары лауазымды тұлғалар мен ірі бизнесмендерге тиесілі 26,8 мың га жер, кадастрлық құны 714 млн теңге мемлекет пайдасына қайтарылды. Бұл жерлер жылдар бойы мақсатына сай пайдаланылмаған, жем-шөп дақылдарын өсіру жүзеге асырылмаған, осы шаруашылықтардың балансында ауылшаруашылық жануарлары да болмаған. Бұл уақытта басқа адал фермерлер егістік және жайылымдық жерлерге өте мұқтаж болған. Айта кетейік, бұдан бұрын СҚО-да 172 млн теңгенің жер телімі мемлекетке қайтарылатын болған. Ал өткен жылы Еңбекшіқазақ ауданында 6 айда 1617 га жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Ал соңғы үш жылда өз мақсатында пайдаланылмаған жалпы көлемі 122,706 га жер телімі шаруалар қажетіне қайта ұсынылыпты.
Қонаев қаласында облыс бойынша пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге қатысты атқарылған жұмыстар жөніндегі брифингте Алматы облысындағы пайдаланылмай жатқан жерлер жайы сөз болды. Бас қосуда облыстық жер қатынастары басқармасының жерге орналастыру және жер учаскелерін мемлекет мұқтажына алу бөлімінің басшысы Қайрат Қыдырбаев пен жер қатынастарын басқару департаменті басшысының орынбасары міндетін атқарушы Арман Сәрсенбай қатысты.
Мемлекет басшысының пайдаланылмайтын ауыл шаруашылық жерлерді қайтару туралы тапсырмасын орындау мақсатында облыстық жер ресурстарын басқару департаменті мен Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің тапсырмасы бойынша биыл жыл соңына дейін облыс көлемінде Қазақстан заңнамасын бұза отырып берілген және пайдаланылмаған, ауыл шаруашылығы мақсатындағы, жалпы көлемі 220 мың гектар жерді қайтару жоспарланған.
Аталған тапсырма бойынша биыл облыстық жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан пайдаланылмай жатқан жерлерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде 601 тұлғаның жалпы көлемі 285,5 мың гектар пайдаға аспай жатқан жері анықталды. Соның ішінде жалға берілген, 349 заңды тұлға иемденіп отырған жер көлемі 235,8 мың гектарды құраса, жеке меншіктегі 252 тұлғаның иелігіндегі жер көлемі – 49,7 мың гектар.
Қазіргі таңда аталған жеке меншіктегі 252 субъектінің 247-сіне жер телімдері бойынша жүргізілген жұмыс нәтижесіне сәйкес тиісті нұсқамалар берілсе, Талғар ауданына қарасты қалған 5 тұлғаның жерді қайта пайдалануға кіріскені анықталған. Сондай-ақ облыс көлемінде жалға берілген жер телімдері жөніндегі барлығы 19 талап-арыз қанағаттандырылып, нәтижесінде, 19 тұлғаның жалпы көлемі 10 877 гектар жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылған.
Облыс көлемінде бүгінгі таңда пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 63 субъектінің жалпы көлемі 45 264 гектар жері бары анықталған. Оның ішінде, егістіктік жер – 2611 гектар, шабындықтық жер – 14 гектар, жайылымдық жер – 42619 гектар, басқа мақсаттағы – 20 гектарды құрайды. Бұл жерлер толығымен мемлекет меншігіне қайтарылды (мұның ішінде – 34 субъектінің көлемі 24491 гектар жері өз еріктерімен қайтарылса, 1 субъектінің көлемі 1800 гектар жері жалдау шартының мерзімі өтіп кеткендіктен қайтарылды және 28 тұлғаның көлемі 18973 гектар жері сот шешімі бойынша мәжбүрлеп алынса, осы 28-дің ішіндегі 19 тұлғаның көлемі 10877 гектар жері жалға алу келісімін біржақты бұзу арқылы қайтарылған). Мұнан бөлек 2022 жылы департамент тарапынан жүргізілген тексерулердің нәтижесінде 45 субъектіге жалпы аумағы 149,5 гектар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша тіркелген заң бұзушылықтарды жоюға бір жыл мерзімге орындалуы міндетті нұсқамалар берілген. Осыған байланысты биыл нұсқамалардың орындалуы жөніндегі бақылау жұмыстары маусым-шілде айлары аралығында жүргізілмек. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 145-1 бабына сәйкес, профилактикалық бақылау жүргізіліп, нәтижесінде пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты заңбұзушылықтарды жою үшін 729 тұлғаның жалпы көлемі 219,1 мың гектар жеріне бір жыл ішінде орындалуға міндетті нұсқаулар жолданды. Бұл тұлғаларға да нұсқаудың орындалуы жөніндегі бақылау жұмыстары жүргізіліп, тиісті шаралар қолданылады.
Еске салайық, 2022 жылы мемлекет меншігіне 113,6 мың гектар (жайылымдық) пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылса, бұл қайтару жұмыстарының жоспары 113 процентті (ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің жоспары бойынша 100,0 мың гектар) құрайды, оның ішінде, өз еркімен қайтарылғаны – 58,8 мың гектар, мемлекет мұқтажы үшін – 41,5 мың гектар, соттың шешімімен – 13,3 мың гектар болып отыр.
Облыстық мәслихаттың «AMANAT» партиясы фракциясының отырысында Алматы облысында биыл 68 мың гектар жер мемлекетке қайтарылғаны туралы хабарланды. Жыл басынан бері Алматы облысында пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген 68 мың гектар жер аманаттықтардың тікелей араласуымен мемлекет меншігіне қайтарылған. Бүгінде жайылымдарды ауыл тұрғындарына беру мақсатында жер-кадастрлық құжаттаманы ресімдеу жұмысы жүргізіліп жатыр.
«AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаевтың айтуынша, заңсыз бөлінген немесе пайдаланылмай жатқан жер мен жайылымды мемлекет меншігіне қайтару – партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттың бірі. «Біздің облыста аталған комиссияның күшімен өткен жылы 113 мыңнан аса гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, биыл жыл басынан бері 68 мың гектар жер қайтарылды. Ал алдағы бес жылда партияның сайлауалды бағдарламада белгіленген игерусіз жатқан тағы 190 мың гектар жер қайтарылатын болады», – деді Қуат Байғоджаев. Оның айтуынша, Алматы облысы негізінен ауыл шаруашылығы аймағы саналады. «Өңірде аграрлық секторды дамытудың әлеуеті зор. Халықтың басым көпшілігі ауылдық жерде тұрады. Партиялықтардың міндеті – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған шаруаларға жағдай жасау. Бұған қол жеткізу үшін жайылым тапшылығы мәселесін шешуіміз керек», – деді ол. Айта кету керек, 2022 жылдың басынан бастап пайдаланусыз жатқан 8 млн гектар ауыл шаруашылық жерлері қайтарылды.
Зорагүл Әбдіқадір