Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласында 900 орындық мектеп іргетасының қалануына байланысты ауқымды шара өтті. Аталған шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, аудан әкімі Алтай Досумбаев, мектеп құрылысын қаржыландырған «Верный капитал» компаниясы мен Болат Өтемұратов қоры басшылары және ForteBank-тің жауаптылары қатысты.
Аудан жұртшылығын құттықтаған облыс басшысы мектеп құрылысының сапалы әрі заман талабына сай салынып, ел игілігіне уақытында берілуі керек екенін ашып айтып: «Облысымызда үш ауысымда білім беретін мектептердің мәселесін шешу мақсатында 16 білім ордасының құрылысы жүргізілуде. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 53 мектеп салу жоспарлануда. Бүгін «Верный капитал» компаниясы мен Болат Өтемұратов қоры ForteBank тарапынан қаржыландырылып, 900 орындық жаңа мектептің іргетасы қаланып жатыр. Жобаның құны – 8,11 млрд теңге. 33 мыңнан астам тұрғыны бар Есік қаласы ғана емес, облысымыз үшін бұл – керемет жаңалық, зор қуаныш. Жаңа мектепте балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндіктер қарастырылады. Демалыс орындары, оқу-өндірістік шеберханалар, спорт және гимнастика залдары, ақпараттық орталық, зертханалар, шығармашылық студиялары мен коворкинг кеңістігі соңғы заманауи үлгіде жабдықталады. Мектеп құрылысы 2024 жылдың қыркүйегінде аяқталып, қолданысқа беріледі. Ауданымыз тағы бір заманауи мектеппен толығатын болады. Жаңа мектептің бой көтеруіне қольұшын созып, демеуші болып отырған қайырымды азаматтарға аудан халқының атынан алғыс білдіремін. Болашақ ұрпақтың, кемеел келешектің игілігі үшін жасалып жатқан жұмыс сәтті басталып, межелі мезгілде аяқталсын демекпін. Берекелі істеріңіз өсер ұрпақтың жақсылығымен қайтсын!» – деді шын жүректен.
ForteBank басқарма төрағасы Бекжан Пірматов мектептер құрылысы мемлекет бюджетіне ауыртпалық түсіретіндігін, ForteBank Алматы облысына көмектесіп, жаңа, заманауи мектеп салуға қаржы бөлгенніп атап өтті. Сонымен қатар бұл қадам еліміздің зияткерлік әлеуетін дамытуға үлес қосатынын да жеткізді. Жобаны қаржыландырған «Верный капитал» компаниясы мен Болат Өтемұратов қорының өкілдері де жас ұрпақтың озық әлемдік тәжірибеге сай дамуына барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында орта және жоғары білім беру саласында инфрақұрылымдық жобаларды дәйекті түрде жүзеге асыруға күш салып жатқанын жеткізді.
Іргетасы қаланған мектеп ғимаратының аумағы 12,5 мың шаршы метр. Жаңа білім ордасы оқу сыныптарымен қоса рекреациялық аймақтар, заманауи оқу-өндірістік шеберханалар, спорттық және гимнастикалық зал, ақпарат орталығы, зертхана, шығармашылық студия және коворкинг кеңістігімен жабдықталады. Жобаға сай мектеп құрылысы 2024 жылдың тамызында аяқталып, пайдалануға беріледі.
Осы жылы мамыр айында журналистермен брифинг өткізген аудан әкімі Алтай Досымбаев Есікте 1500 орындық, Төле би ауылында 450 орындық мектептің құрылысыаяқталып, биыл қолданысқа берілетінін жеткізген. Жаңа оқу маусымында 6000-ға жуық оқушы 1-сыныпқа баратынын айтып, тағы 8 мектептің үш ауысымға көшу қаупі бар екенін де ашып айтқан. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Еңбекшіқазақ ауданында жалпы 13 мектеп салынады деген болатын. Осыған байланысты 1 қыркүйек – Білім күнінде Еңбекшіқазақ ауданының орталығы – Есік қаласында 1500 орындық мектеп пайдалануға берілгені белгілі. №6 қазақ орта мектеп-лицейі өңірдегі мектеп жетіспеушілік мәселесін жеңілдетіп, бүлдіршіндердің заман талабынас ай, су жаңа мектепте білім алуына мүмкіндік берді. «Жайлы мекиеп» ұлттық жобасының жемісін көрген тұрғындар мұндай жақсылықтар жалғасатынына қуанышты. 84 оқу кабинеті, 5 зертханалық (физика, биология, химия), 2-информатика, 2 мультимедиялық, 7 ағылшын 1 тігін, 4 шеберхана, 2 АӘД кабинеттері, 2 спортзал, 1 стадион, 2 жаттығу алаңы бар. 270 орындық асхана, 1 кітапхана білім алушыларға қызмет көрсететін болады. Жаңа оқу орнында балаларды оқыту үшін барлық жағдай жасалған. Осылай Есік қаласындағы 3 ауысымда білім беретін мектептердің мәселесі толығымен шешіледі. «BI Global» компаниясы мердігерлік еткен мектеп құрылысына 5 млрд 700 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл білім ордасы инновациялық технологияларды, компьютерлік мүмкіндіктерді пайдалану, интерактивті білім беру бағытына басымдылық береді. Сол үшін онда еңбек ететін ұстаздардың кәсіби біліктілігіне де айырықша көңіл бөлінеді. Аталған №6 қазақ орта мектеп-лицейі толық мемлекеттік тілде сабақ береді. Бұған дейін Есік қаласындағы Р. Тоқатаев атындағы орта мектеп қана тек қазақ тілінде болатын. Енді, міне, Есікте ана тілімізде білім беретін оқу орнының қатары жаңа мектеппен толықты.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Есік қаласында өткен «Тамыз кеңесінде» тың ақпараттармен бөлісті. Алматы облысы білім саласының бюджеті 394 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 78 млрд теңгеге артқанын жеткізді. Облыс әкімінің сөзінше, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға 3 млрд оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуға 3,6 млрд, ал жаңа модификациялық кабинеттер сатып алуға 2 млрд теңге қаражат бөлінген. Облыста 51 мектеп үш ауысымда оқиды. Үш ауысымды оқыту мен орын тапшылығын жою мақсатында 15 750 орынды 16 мектептің құрылысы жүргізілуде.
Аталған мектептер Қарасай, Еңбекшіқазақ, Іле, Жамбыл аудандары мен Қонаев қаласында орналасқан. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында балаларды оқыту үшін қолайлы жағдай мен орта құру бағытында 5 ауданда және Қонаев қаласында 53 жалпы білім беретін мектеп салу жоспарланған. Аймақта жаңадан салынатын мектептер қатары молаяры сөзсіз. Іргетасы қаланып джатқан жаңа білім ордасынан отанына, еліне қызмет ететін адал ұрпақ өсеріне сенеміз!
Зорагүл Әбдіқадір