«Судың да сұрауы бар» дейтін дана қазақ ауыз су мәселесінің әлемдік масштабтағы мәңгілік мәселеге айналарын дөп басып айтқанына күн санап көз жетіп келеді. «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» дегендей, әлемнің қай түкпіріне барсаң да ауыз су үшін сарсаңға түскендерді көруге болады. Ал бұл еліміз бойынша да өте өзекті мәселеге айналғалы қашан?!
Ашық дереккөздердегі мәліметтерге көз жүгірсек жаның түршігеді. Мәселен, қазіргі таңда жер шарында 2,5 миллиардқа жуық адам ауызсу тапшылығын тартып отырғанын білесіз бе? Біріккен Ұлттар Ұйымының олардың 800 миллионға жуығы ешқашан таза су ішіп көрмеген деген дерегі төбе шашыңды тік тұрғызады. Күн сайын 1000-нан астам бала су тапшылығынан болған аурулардан көз жұматыны ше?… Бұл ретте «Гидрогеология саласындағы зерттеу нәтижелері адамзат үшін аса маңызды. Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, жер шарының 74 пайызын су алып жатыр. Осыған қарамастан бүкіл әлемде су тапшылығы бар. Соның ішінде, әсіресе таза ауыз су мәселесі өзекті» деген Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ қауымдастырылған профессоры Ерғали Әуелхан: «Әлемде жыл сайын таза судың жоқтығынан, соның салдарынан болатын антисанитариядан мыңдаған адам көз жұмады. Оның көбі – балалар» екені туралы дәйекті дерек жан шошытады…
Жер бетінде халық саны көбейген сайын таза су тапшылығы анық байқалып келеді. Бұл ретте су тапшылығының негізгі себебі адамдардың көбеюі емес, оны үнемсіз, орынсыз, ұқыпсыз пайдаланудың салдары басым екенін ешкім ойлап жатқан жоқ. Ал ғалымдар мен сала мамандарының ауыз тапшылығының салдары күн өткен сайын білініп, мәселеге қатысты ахуалдың жылдан-жылға қиындап бара жатқаны туралы қаққан дабылдары далаға кетіп жатқаны да жасырын емес. Өйткені айтудан кенде қалып жатпаған мәселенің тыңдаудан кенже қалып отырғанын ашық айтқан абзал. Ел президентінің де мінберден дабыл қағып: «Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақавтоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек», – деп айрықша назарға алып, тапсырма беруі санасы бар адамға ой салары анық.
Талғар ауданындағы ауыз мәселенінің ушығып тұрғанын осыған дейін де талай жазғанбыз. Қай ауылда тұрғындармен жиын өтсе ең алдымен тілге тиек болатыны да осы – ауыз су мәселесі. Еламанда ауыз суға жарымай отырған ел барын, Бесағашта тіршілік нәрінен тарыққандардың жылда шу көтеріп, мәселесінің мінберге жеткенін де білесіздер. Жаз болса ішер суға қолы жетпей қалатын ауылдардың тұщы суды армандап отырмай-ақ, ащы суды тұндырып ішетіні қаншама?! «Басы ауырмағанның құдайменен ісі жоқ» қой қашанда, ауыз судың азабын тартқандар ғана білетін ерекше қадірін үйінде суы бардың көбі білмек тұрмақ, оны қажет деп қаперіне де алмайтыны өтірік емес. Жаз болса көршісінің аңқасы кепкенінде шаруасы шамалы пенденің ауыз судың шүмегін ағытып тастап далаға жіберетіні, таңертеңнен кешке дейін бау-бақшасын суаратыны, болмаса шелегін көтеріп келген шешесіндей адамға «ақшасын кім төлейді?» деп су бермейтін пенделердің надандығына не деуге болады? Солардың «Адам күні адаммен» екенін ойлауға миы жетпейді дегенге кім сенеді?!…
Ауыз судың сапасы жайлы мәселе – өз алдына өзекті тақырып. Қазір кез келген ауылдағы үйдің құбырынан ағататын суды зертханалық тексеруден өткізсеңіз талапқа сай болатыны некенсаяқ. Неге? Өйткені бұрынғы ауыл ішіне тартылған су құбырлары әбден ескіріп, тозығы жеткен. Ал жаңа құрылыстарға қолдарынан келгенше әупірімдеп су тартып алғандардың көбі кез келген жерден құдық қаздырып, ауыз суға байланысты мәселесін амалсыздан өздері шешіп отыр. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», ертең қандай да бір эпидемия басталса кімнің қолынан не келеді? Жарамсыз су ішкендіктен балаларының жиі ауыратынын айтатын ауыл тұрғындары қазірдің өзінде аз емес… Өкініштісі сол, оны ешкім тексеріп, ертең не болар екен деп отырған жоқ.
Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақавтоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек.
ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
«Болашақта соғыс ауыз су үшін болады» дейтіндерге «Айтқанның аузы, жалағанның көзі жаман» дейтіндер де табылар. Бірақ түптеп келгенде астарында ащы шындық жатқан осы бір ауыз сөздің ақиқатына үңіліп көріңізші. Бір ғана мысал, Paranoia.kz сайты «ЮНИСЕФ зерттеуі: 2040 жылы әр төртінші адам су тапшылығын сезетін болады» деген мәлімет келтірді. Қорқынышты болса да, шындықтан қаша алмайсың. Тіпті бүгінде дүкендерде сатылып жатқан 1 литрлік құтыдағы ауыз судың құны 200-400 теңге аралығында. Қара судың осынша қымбаттауына не себеп деп ойланып көрдіңіз бе? Жыл сайын көрші елдермен су үшін келісімшарттар жасап жататын өз елімізді-ақ мысалға алып, ойлансаңыз, санаңызды тілгілеген сан сұрақтың жауабын таба бастайтыныңыз анық.
Қазіргі уақытта ауыз су әлем үшін әлеуметтік, саяси мәселеге ұласып, күн тәртібінен түспейтін өте өзекті мәселеге айналды. Кейбір елдердегідей аса қат болмағанымен, қара судың қымбатшылығы мен тапшылығы күн санап өзімізде де сезіліп келеді. Оған өзге емес, өз ғалымдарымыз бен ел президенті қағып жатқан дабыл куә.
«Жерасты су қорының толығуы жауын-шашын қорымен, мұздықтармен қатар, тұщы су көзі бар үлкен өзендердің әсерінен болады. Біздің елімізге ондай үлкен өзендер, яғни Іле, Ертіс, Жайық, Талас, Сырдария өзендері көршілес елдерден, атап айтқанда, Қытайдан, Ресейден, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келеді. Демографиялық өсімге байланысты және су тұтыну көздерінің көбеюінен бұл сулардың қоры жылдан-жылға азаюда. Мұны рационалды пайдалану мемлекетаралық келісімдермен реттеледі.
Тұщы су тапшылығы – ХХІ ғасырдың он жаһандық қатерінің қатарына жатады. 2025 жылға қарай бұл мәселе алдыңғы қатардан орын алуы мүмкін деп болжануда.
Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын 3 миллиардтан астам адам сапасыз судың кесiрiнен пайда болатын дерттерден зардап шегедi. Бүгiнде су тапшылығы – тек орталық азиялық елдердiң ғана емес, бүкiл әлемнiң бас ауруына айналған мәселе. Ауыз су – кез келген тірі жан үшін ең қымбат және қалпына келтіре алмайтын табиғи қор. Бүгінде ауыз су тапшылығы Үндістан мен Африка көп елдеріндегі басты мәселелердің бірі», – дейді massaget.kz сайты.
Ал dinislam.kz сайты келтірген мына бір маңызды мәлімет те назар аударарлық: «Көптеген елдердің ең басты проблемасына айналған су мәселесі — кермиық даласы шөлейттеніп бара жатқан Қазақстан үшін де өзекті тақырып. Өйткені 1950 жылдары Қазақстанда 120 млрд. текшеметр шамасында су қоры болса, қазір оның көлемі 100 млрд текшеметрге дейін кеміді деген де болжамдар бар.
Мамандар мұндай су қорының азаюын біздің өзендеріміздің трансшекаралық екендігімен, су бастау алатын елдердің де суды пайдалану көлемін көбейтіп келе жатқанымен байланыстырады. Себебі, Памир мен Тянь-Шань шыңдарындағы мәңгілік мұздықтар 1957 жылмен салыстырғанда 30 пайызға кеміген, ал ол 2025 жылға қарай 50 пайызға дейін азаймақ. Мұндай ғаламдық жылыну түбінде Орталық Азиядағы, оның ішінде Қазақстандағы су арналарының суалып-тартылып, жаппай құрғақшылық жағдайына әкелуі мүмкін. Бұл өзекті мәселеге осы тұрғыдан талдау жасасақ, шындығында да еліміздің ауыз суы Ресей, Қытай, Орталық Азия елдеріндегі су жолдарына тікелей тәуелді екеніне көз жеткіземіз».
Ендеше сусыз тіршіліктің болуы мүмкін емес екенін ескерсек, суды орынсыз ысырап етпеуді бала санасына ес біле бастағаннан-ақ сіңіру керек екенін өзіңіз де пайымдап отырған боларсыз. Көз алдымызда кеуіп жатқан өзен-көлдер өз елімізде де аз емес. Арықсыз қалған ауылдардың ауыз су үшін аңқасы кеуіп отырғаны да жетерлік. Африка мен Үндістанды бүгін мысалға келтіріп айтып отырғанымыз бекер емес, ертең «Өгізге туған күн бұзауға да туады» дегенді меңзеп отырғанымызды жасырмаймыз. Қолда бардың қадірін білмей отырып, қордаланған мәселеге айналғанда жан ұшырмас үшін ертеңнің қамын бүгін жасау керек дегенді айтқымыз келеді. Өйткені қамшының сабындай қысқа ғұмыры бар адамзат мәңгілік жасайтын ұрпағына шешілмейтін мәселе тудырып кетпесе екен деген игі тілек бар. Сондықтан кез келген жерде жалбырап-жұлбырып, жалтырап-жұлтырап тұратын арақ-шарап, темекі, киім-кешек мен әшекей т.б. дүниелердің сансыз және сапасыз жарнамаларының орнына суды үнемдеу туралы ақпараттар ілініп, насихаттар жасалса құба-құп.
Осы мәселенің барлығына үнемі кінәлі біреуді іздейміз ғой, дұрыс-ақ. Солай да шығар… Бірақ өзіңіз бір сәт ойланып көріңізші, сіз суды қалай пайдаланып жүрсіз, ардақты әлеумет?
Жанбота Сұлтанмұратқызы