Жуырда Еңбекшіқазақ ауданында республикалық тамыз кеңесі өтті. Жаңа оқу маусымы басталар алдында өткен оқу жылын қорытындылап, жаңа оқу маусымына тың жоба-жоспар құратын келелі кеңесте білім саласының жетістігі мен кемшілігі қатар талқыланды. Мемлекет басшысының өткен жылғы қыркүйек айындағы «Әділетті мемлекет. Бір тұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауымен үндес өрбіген кеңес «ӘділеттіҚазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбын арқау етті.
Жиынға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, онлайын режимде Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білім беру департаменті директорының орынбасары Ақзира Қасымова, елімізге белгілі педагог ғалымдармен қатар өзге өңірлерден 155, ал облысқа қарасты аудандардан 700-ге жуық педагог, ал онлайн режимде 20 мыңнан астам оқытушы қатысты.
Шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстаздарға арналған құттықтауын Премьер- министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жеткізді. Ұстаздардың ұлы еңбегін биік бағалаған мемлекет басшысы алдағы жаңа оқу жылының табысқа толы болуын тілеп: «Сіздерді білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінің басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа оқу жылы қарсаңында педагог мамандардың басын қосып, өскелең ұрпаққа білім, тәрбие беру мәселесіне қатысты алқалы жиын өткізу игі дәстүрге айналды. Бұл – еліміздің болашағына ықпал ететін маңызды басқосу. Сапалы білім беру бәсекеге қабілетті, өркениетті ел болудың кепілі. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы ілім, ғылымның жемісі екендігі сөзсіз. Сауатты ұрпақ өсіру арқылы ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастыра аламыз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Мектептің жаны – мұғалім, мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы», – демекші, Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың білімді, еңбекқор әрі отаншыл болуына байланысты», – деп жазған құттықтауында.
Конференцияда сөз алған Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білім беру департаменті директорының орынбасары Ақзира Қасымова өңірлік білім беру саласының түйткілдеріне тоқталды. Педагог кадрлардың тапшылығы, инклюзивті білім беру мәселелері, мұғалімдердің білім деңгейін көтеру, оқулықтардың сапасын арттыру, қала мен ауыл арасындағы білім алшақтығын жою туралы өзекті мәселелерге алаңдаушылық білдірді. Қатысушылар мектептер мен балабақшаларға, олардың басшылары мен қызметкерлеріне қатысты өткір мәселелерді көтерді.
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының докторы, академик Жауынбай Қараев, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Аратабанов, Астана қаласындағы «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы зертханасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Нұрша Оразақынова сынды білім саласындағы білікті мамандардың әдістемелік тәжірибелері таныстырылды. Тамыз конференциясының бір ерекшелігі, Мемлекет басшысының құттықтауы болды. Президент лебізі облыс мәртебесін көтеріп, ұстаздар қауымын қуанышқа кенелтті. Облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева өткен оқу жылына қорытынды жасап, атқарылған жұмыстарға талдау жүргізді. Құндылықтарға негізделген білімді балабақшадан бастап, мектеп пен колледждерде жалғастырып, жас ұрпақтың бойына сіңірудің маңыздылығы туралы айтты.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Алматы облысы білім саласының биылғы бюджеті 394 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 78 млрд теңгеге артқанын жеткізді. Облыс әкімінің сөзінше, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға 3 млрд. оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуға 3,6 млрд, ал жаңа модификациялық кабинеттер сатып алуға 2 млрд теңге қаражат бөлінген. Өз кезегінде М. Елеусізұлы Мемлекет басшысының орта білім сапасын арттыру бойынша берген тапсырмаларын орындау барысында облыста ауқымды істер атқарылып жатқанын айтып өтті. Облыста 51 мектеп үш ауысымда оқиды. Үш ауысымды оқыту мен орын тапшылығын жою мақсатында 15 750 орынды 16 мектептің құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күнде 9 мектеп құрылысы аяқталып, 1 қыркүйекте қолданысқа беріледі.
Бұл мектептер Қарасай, Еңбекшіқазақ, Іле, Жамбыл аудандары мен Қонаев қаласында. Тағы 5 мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. 2 мектептің құрылысы 2024 жылға өтпеді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында балаларды оқыту үшін қолайлы жағдай мен орта құру бағытында 5 ауданда және Қонаев қаласында 53 жалпы білім беретін мектеп салу жоспарланған. Сондай-ақ облысымызда «Верный капитал» жеке инвесторы арқылы 1800 орынды 2 мектептің құрылысы жүргізілуде. Бастауыш сыныптарда білім алатын барлық 113 240 оқушыны тегін ыстық тамақпен қамту үшін 4 айға қажетті 4 млрд 529 млн теңге қаражат бөлінді. Тағы бір өзектілік – оқушыларды тасымалдап оқыту проблемасы. Өкінішке қарай жергілікті жердегі автопарк автобустарының техникалық жағдайы төмен болатын. Аталған мәселе де шешімін тауып, лизингтік қаржыландыру бағдарламасы аясында облыс мектептеріне 2 млрд 272 млн теңгеге жаңа үлгідегі 36 автобус сатып алынды.
– Ұлттық педагогиканың негізін қалаушы ғалым Мағжан Жұмабаев «Қазақтың дамуы, келешекте ел болуы мектебіне байланысты» десе, қазақ даласында алғаш мектеп ашқан ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп бүкіл бір елдің дамуын мектеп пен мұғаліммен байланыстырады. Бүгінде педагогика – еліміздегі мәртебелі мамандықтардың бірі. Мәртебесі заңмен қорғалады. Денсаулықтарын нығайтуға әлеуметтік жәрдемақы, бір жолғы коммуналдық төлем қарастырылған. Жас мамандар үшін «Дипломмен ауылға», «Өңірге үздік педагогтарды тарту» сынды мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істейді. 2020-2023 жылдар аралығында облыстағы 35 333 педагогтың еңбекақысы 100 пайызға көтерілді. Бұл мақсатқа республикалық бюджет есебінен 2023-2025 жылдарға барлығы 253,3 млрд теңге қаржы бөлінді, – деген М. Сұлтанғазиев ұстаздар қауымын жаңа оқу жылында аянбай еңбек етіп, облысымыздың мерейін өсіріп, білім саласында биік асуларды бағындыруға шақырып, білім беру саласындағы қызметкерлерге сәттілік тіледі.
Шара соңында облыс әкімінің Алғыс хатымен және Құрмет грамотасымен 34 педагог, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатымен 16 педагог, министрліктиің Құрмет грамотасымен 5 педагог, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрінің «Орта білім беру ісінің үздігі» атағымен 1 педагог, «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқу ісінің үздігі» дипломымен 1 балабақша меңгерушісі, «Еңбек ардагері» медалімен 11 педагог марапатталды.
«Келісіп пішкен тон келте болмайды» демекші, ұрпақ тәрбиесі жолында жанын салып жүрген аяулы жандардың бұл кеңесі олқылықтың орнын толтырып, жаңалыққа жол бастары анық.
Зорагүл Әбдіқадір