30 тамыз «Конституция күні» мерекесіне орай Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік қаласында 120 отбасы баспаналы болды. Халық көптен күткен көпқабатты үй «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында бой көтеріп, сатып алу құқығынсыз жалға берілуде. Жиналған қауымды ата Заң күнімен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов баспаналы болғандарға салтанатты түрде пәтерлерінің кілтін табыс етіп, шаңырақтарының шаттыққа, бақ-берекеге толуын тіледі. Бұдан кейін «Бармақ басты, көз қысты» әрекеттің болмайтынын айтқан әкім баспана кезегінде ешқандай заңға қайшы әрекет болмайтынын және халық өз кезегімен қоныс тойын тойлайтынын атап өтті.
Н. Құдайбергеновтың сөзіне сүйенсек, Еңбекшіқазақ ауданы бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан үйге кезекке тұрғандардың саны – 4717 адам болып, мереке қарсаңында 26 көпбалалы отбасы, 35 әлеуметтiк әлсіз топтағы азамат, 20 жетiм бала, 24 мемлекеттік қызметкер қоныс тойын тойлады. Мердігер мекеме – «Капстройгруп-Т» ЖШС. Тұрғын үй кешенінің құны келісім-шартта көрсетілгендей – 782 952, 236 мың теңге. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін алдағы жылы облыс бойынша әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтарға арнап 675 жалға берілетін тұрғын үй сатып алу және 105, 1 мың шаршы метр несиелік тұрғын үй құрылысы жоспарлануда. Аудан бойынша 50 тұрғын үй салынады деген жоспар бар. Оның ішінде Есік қаласында үш 30 пәтерлі, бір 40 пәтерлі, Шелек ауылында екі 60 пәтерлі тұрғын үй бой көтеріп, 2024 жылы қолданысқа берілмек.
Баспаналы болғандар қуаныштарымен бөлісіп, көптен күтке армандарының орындалғанына риза екендерін жеткізді. Солардың бірі Руслан Мұсаұлы: «Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. 2012 жылдан бері үй кезегінде тұрдық. Баспанамыз болса екен деп армандаушы едік. Міне, бүгін сол арманымыз орындалып жатыр. Ата Заң күні құтты болсын! Еліміз ама, жеріміз тыныш, бар қазақ баспаналы болсын!» – деп ағынан жарылды. Сонымен қатар «Үйі бардың күйі бар» деген тәмсілді алға тартқан ол қараша халық үшін осындай тиімді бағдарламалар дайындап, үй алуына мүмкіндік берген атқамінер азаматтарға алғысын білдірді.
«Өз үйің – өлең төсегің» демекші, әр бала өз шаңырағында ешкімнің қас қабағына қарамай алаңсыз ержеткенге не жетсін Аудан бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтар есебінде – 4717 адам кезекте тұрса, оның ішінде көп балалы отбасылар – 1074, жетiм немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 972, әлеуметтiк әлсiз топтағы азаматтардың саны – 1624 адам. Болашақта бұл азаматтардың да баспаналы болатынына сенімдіміз.
Айта кетейік, Алматы облысы бойынша ағымдағы жылы 118 мың шаршы метр баспана құрылысын салу жоспарланған. Қазіргі таңда 584,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл жаңалық жоспардың 105,4 пайызына тең. Оның ішінде Еңбекшіқазақ ауданы бойынша халық есебінен 34,581 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін бюджет есебінен 120 пәтерлі 3 тұрғын ұй пайдалануға берілетін болады.
Азаматтардың үйлі болуы – ел ішіндегі ең өзекті тақырып. Мұны Мемлекет басшысы да ескеріп, халықты қолжетімді баспанамен қамтуға қарекет ету керек екенін қадап тарсырған. Осы орайда Еңбекшіқазақ ауданы күннен-күнге көркейіп, көз қуантар зәулім үйлердің көбейіп келе жатқаны қуантады. Осының арқасында пәтер кезегін күткен жандардың мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып жатқаны белгілі. Тапсырылып отырған тұрғын үй жайлы, сапалы екені сөзсіз. Сіздердің шаңырақтарыңыздағы қуаныш – біздің де қуанышымыз!
Зорагүл Әбдіқадір