Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығында қоғамды одан әрі демократияландыру, елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы халықты хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын, жауапкершілігін, есептілігін арттыруды міндеттегені белгілі. Осыған байланысты аудан және ауылдық округ әкімдері жергілікті халықпен ауық-ауық кездесіп, жиі-жиі есеп беру үрдіске айналды. Онда атқарылып жатқан істерден басқа, халықтың мұң-мұқтажы тыңдалып, түйіні тарқамаған мәселелердің жай-жапсары талқыланатыны көңілге жылу ұялатады. Өйткені ары-бері шапқылап жанайқайын жеткізе алмай жүрген жұрттың бір ақтарылып алар сәті де осы.
Кендала ауылдық округіне қарасты Еңбекші ауылында елмен кездескен аудан әкімі Т. Е. Айдарбеков пен округ әкімі Алмас Нұрдәулетұлының халықпен кездесуіне арналған жиынды аудандық мәслихаттың төрағасы Мұхит Әлібеков жүргізді. Таңат Айдарбековтің баяндамасымен басталған жиында округке қатысты мәселелерді алға тартып, көкейдегі сұрағын жолдағандар аз болған жоқ. «Ауылдық округке жыл басында бюджеттен бөлінген қаражат көлемі 158,5 млн теңге, ІІ тоқсанда игерілгені 45,8 млн теңге. Оның ішінде:
— аппаратты ұстап тұруға 30,6 млн теңге;
— абаттандыру мен көгалдандыруға 3,9 млн теңге;
— санитарияны қамтамасыз етуге 1,5 млн теңге;
— көшелерді жарықтандыруға
6,2 млн.теңге;
— ауылдық округтерде жолдардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуге 3,6 млн теңге игерілді» деген ақпар айтылған баяндамада 14 954 га жері мен 77 саяжай, Кеңдала, Ақдала, Ақтас және Еңбекші секілді 4 ауылда , 2023 жылдың 1 қаңтардағы статистикалық мәліметтерге сәйкес 16 363 адам мекендейді.
2022-2023 оқу жылында Кеңдала ауылындағы №42 орта мектепте — 1303, №38 орта мектепте – 397, Ақдала ауылындағы №44 орта мектепте – 771, Еңбекші ауылындағы №39 орта мектепте – 701, Ақтас ауылындағы №36 орта мектепте – 2 150 оқ білім алуда. 5 мектептегі оқушылардың жалпы саны – 5 322.
Кеңдала ауылында 180 орындық «Жан Ана», 65 орындық «Эрудит», 50 орындық «Айбөпе плюс» пен «Асель», 25 орындық «Айжұлдыз» балабақшалары және Ақтас ауылында 100 орындық «Славный» балабақшасы, Еңбекші ауылында 40 орындық «Еңлік плюс» және 75 орындық «Гүл-Жан бөбекжай» балабақшалары жұмыс істеуде. Округ аумағында орналасқан 8 жекеменшік балабақшадағы орын саны – 585, тәрбиеленуші бүлдіршіндердің жалпы саны – 520.
Округ аумағында «Алақай», «Айсұлтан» шығармашылық мектептері, «Альтаир» шығармашылығын дамыту орталығы жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Кеңдала ауылында «Болашақ» жеке меншік мектебінің ашылуы жоспарлануда.
Талғар ауданының әкімдігі
Сондай-ақ жалпы ұзындығы 40,4 шақырымды құрайтын ауыз су құбырынан тіршілік нәрін алатын 4 елдімекеннің барлығы ауыз сумен қамтамасыз етілгеніне қарамастан, әдеттегідей мұнда да ауыз су азабын тартып отырғандар аз емес. Ресми мәліметке жүгінсек, «Кеңдала мен Ақдала ауылдарына «Талғар су құбыры» мекемесі қызмет көрсетеді. Ақтас ауылының тұрғындары ауыз суды Ақтас ауылындағы психиатриялық ауруханасының су құбыры арқылы тұтынады.
Ағымдағы жылы Талғар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімімен «Ақдала ауылының сумен жабдықтау жүйесін қайта құру және салу» ЖСҚ әзірленуде. Жобалаушы ұйым – «Стройинвентаризация» ЖШС. Жобалау сомасы – 15,8 млн теңге. Қазіргі таңда жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар «Еңбекші ауылының сумен жабдықтау жүйесін қайта құру және салу» ЖСҚ әзірленді. Жобалаушы ұйым – «Водоканал-консалтинг, инжиниринг». Жобалау сомасы – 11,9 млн теңге. Алайда «Алматы су» ШЖҚ МКК су желілеріне қосылуға техникалық шарт бермеуіне байланысты, қазіргі таңда жобаны іске асыру мүмкін емес» болып тұр.
Айта кетер тағы бір жайт – зират аумағына тиселі жердің жеткіліксіздігі. Өзекті жанға қашанда бір өлім бар екенін ескерсек, бұл естен шығарытын жағдай емес. Қайтқан адамын қан жылап отырып жақын маңдағы көрші аудандардың жеріне жерлеуге мәжбүр болған халықтың осы мәселеге қатысты жанайқайын аудан әкімі де құптай отырып, мәселені мәмілемен шешуге болатын жолдарды қарастыруға уәде берді.
Біздің көшеде кешке қарай жарық сығарып зорға жанатындықтан тұрмыстық техникаларымызды қолдана алмай отырмыз деген Еңбекші ауылының Шалқар көшесінің тұрғыны Жанымгүл Жомартқызы қымбатшылық қысқан мына уақытта бағасы аспандап тұрған тұрмыстық техниканы ауыстыра берудің мүмкін емес екені айтып, трансформаторлардың саны мен қуатын арттырсаңыздар деген өтінінішін жеткізді. Бұл өтінішті құптаған Жаңа құрылыс көшесінің тұрғыны Фархат Сағынтаев сабақ басталса балалардың батпаққа батып, мектепке жеткенше ақ шаң болатынын, сонымен бірге орталық газ құбырын аталған көшеге дейін жеткізіп берсе қалғанын өз ақшаларына жасап алар едік деген ұсыныс білдірді.
«2013 жылы белгілі аумақты қамтуға есептеліп қойылған №205 тарасформатор аудандық ЖКХ-ның балансында. Аяққы көшелерге жарық жетіспейтінін және жарығы да жоқ көшенің барын білеміз. Ол бойынша келесі жылға өтінім беріледі. Биыл ол мәселе қарастырылмаған. 2024 жылы қаражат бөлінсе осы жылдың ішінде жасап береміз. Егер тұрғындар бұл ауылды газбен қамтамасыз ететін «Тәуекел-Н-Алғабас» мекемесіне өтініш берсе аталған көшелерге газ құбырыының магистарлін тарту мәселесі де қарастырылады», – Талғар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айбек Ақылжанов газ құбыры тартылған ауылдарға мемлекеттік бюджет есебінен құбыр тартылмайтынын және оны жекеменшік компаниялардың күшімен жүзеге асыруға болатынын атап өтті.
Ал көшеміздегі өзіміз қойған электр жарығының бағаналары шіріп, құлауға шақ тұр деген тұрғынға: «Егер оларды өздерінің қойып алған болсаңыздар, жекеменшік болып есептеледі. Ал оған мемлекет бюджетінен қаражат бөлінбейді», – деп ашығын айтқан Т. Айдарбековке электр желілерінің салбырап-салақтап зорға тұрғанын жеткізген тұрғындар 4 жылдан бері өмірлеріне қауіп тудырып тұрған 6 бағананы мемлекет қарамағына алып, мәселені шешіп беруді сұрады. Осы ауылдың жарығына жауапты электрик Медет Шолпанбаев та аталаған мәселенің барын растады. Бұл ретте Асыл Болатханұлы аталған көшедегі апатты желілердің мәселесінен хабардар екенін және ондағы №425 трансформатордың келесі жылы ауыстырылатынын жеткізді.
Биылғы оқу жылын Алматы облысының ұстаздары ерекше шығармашылық шабытпен, зор ізденіспен бастағалы отыр. Бұл туралы облыс әкімі Марат Елеусізов те өз баяндамасында атап өтті. Жалпы биыл Алматы облысы мектептерінің саны өсіп жатыр. Қазір 16 мектептің құрылысы салынып жатса, осының 9-ы қолданысқа беріледі. Бірінші қыркүйек күні облыс әкімі Жамбыл және Іле ауданындағы 1500 орындық жаңа мектептерді қолданысқа беретін болады.
Салтанат Беспаева,
Алматы облысы
білім басқармасының басшысы
Ел назарын елең еткізер мәселені көтерген Зинагүл Жаменкенова алақандай жерді қоршап алу үшін арықтарды жауып тастаған тұрғындардың әрекетіне наразы. «Біз отпен ойнап отырмыз. Ертең қандай да бір нөсер болса, су тасқыны орын алса сол кезде санымызды сабалап қаламыз. Ауылдың амандығын елді сырттан басқарып отырған атқамінерлерден бұрын біз – өзіміз ойлауымыз керек еді. Осы ауылдың тұрғылықты тұрғынымын. Талай мәселесін де білемін. Ауласын 1 см жерге кеңітіп алу үшін жанталасқан ел ертеңін ойламайды. Жерді бергендер де оны ойлаған жоқ. Ертең оқыс оқиға бола қалса «мына баланы кім тапты?» деп шулап отыратынымыз анық. Сондықтан ауылдың арықтарын қайта жасау қажет», – деп табиғаттың тосын мінезіне дайын болуымыз керек екенін еске салып, ауылды алар қашқан судан қауіп бар екенін айтып дабыл қақты.
Шындығында, бұл мәселе тек Еңбекшіде ғана емес, аудандағы барлық ауылға тиесілі. Айналып келгенде тұрғылықты халықтың өзі туындатып отырған аса маңызды мәселе екенін де айта кету керек. Ал сол арық жоқ деп аттандайтындарды ел болып бар арықты аршуға, көше тазалауға шақырса аяқ баспайтыны да өтірік емес. Ал ауыл ішіндегі арықтардың мүлдем жабылып қалуына кезінде сол жерлерге үй салуға рұқсат еткен құзырлы мекемелердің де кінәсі шаш етектен. Сондықтан бұл да өзара мәмілемен шешілетін мәселенің қатарында күн тәртібінен түспей келеді.
Алып қала Алматының іргесінде ғана отырған Еңбекші ауылында 3000-ға жуық тұрғын бар. Алайда басқасын былай қойып, балалардың ең болмаса аяқ жазып ойнайтын бір де бір ойын алаңы жоқ дегенге сенесіз бе? Әншейінде өзімізді өркениетті елдермен салыстырып керемет статистикаларды айтқанда алдымызға жан салмаймыз. Ал шындығында жай ғана балалар ойын алаңдарының мәселесін толық шеше алмай отырғанымызды немен түсіндіруге болады?
Бұл ретте айтулы мәселені көтерген тұрғын К. Мухомша «Тар жерді тамаша қылып» аядай көшеде доп ойнаған балалардың өміріне төнер қауіпті айтып, олардың барар жер, басар тауы болмағандықтан олар ойнаған футболдың кесірінен сол маңайдағы тұрғын үйлердің терезесі де жиі сынады деп ашынды. «Егер баяндаманы тыңдаған болсаңыз ойын алаңына тиісті жер телімін анықтап, оны сатып алып, келесі жылы тиесілі қаражатты бөлеміз», – деген аудан әкімінің сөзіне жер телімін іздеудің, сатып алудың қажеті жоқ, мемлекет қарамағындағы ескі мектептің жері бос тұр, сол жерге салып беріңдер деп өре түрегелген халық дайын жер тұрғанда, жер сатып алудың қажеті жоқ дегенді ашық айтты. Бюджеттен ақша бөлінбейінше бұл ауылға ешқандай ойын алаңы салынбайтынын айтқан аудан басшысы жиын соңын: «Запомните одну фразу, все будет, но не сразу» деп әзіл-шыны аралас астарлы сөзбен түйіндеді.
Жақсы делік, бірақ осындай өзекті мәселені өздері шешіп жүрген кейбір ауыл жастарының ісіне тәнті боласың. Мысалы, әр жылы мектеп бітірген ауыл түлектері туған ауылының бір жыртығын жамап, тұрғындардың бір тілегін орындайтын жарасымды үрдісті неге қолға алмасқа деген ой келеді. Ал ауылдан шыққан қалталы азаматтарының көмегімен аяғына тұрған ауыл қаншама?! Өйткені атқамінерлерге айта бергенмен мемлекеттен бөлінентін қаражатты күту «тумайтын сиырдың уызынан дәметкенмен» бірдей екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан ауыл азаматарының құлағына алтын сырға ретінде «Қарашада қара үй тұр, қарайлай жүр артыңа…» дегіміз келеді.
Қалай десек те әр кәлләда бір шындықтың бары рас. Атқарылып жатқан істерді де оң бағалап, атқарылар іске мұрындық болар ауыл азаматтары ел еңсесін тіктеуге атсалысар болса шешілмейтін түйін қайсы? Тек істелер істің тетігін тауып, кемтігін толтырса ауылдан шыққан қалталы азаматтардың да қолдауымен талай істі тік көтеріп тастауға болар еді… Ендеше «Айтылған сөз – атылған оқ» екенін білетін әлеуметтің әлеуеті ұмыт болмаса, жұрт көтерген мәселелер жерде қалмаса тілектеміз.
Жанбота Сұлтанмұратқызы