Елімізде тәуелсіздік жылдарынан кейінгі руханиятымыздың қайта түлеуі қоғамдық-саяси ахуалға да өзіндік үлес қосты. Сан ғасырлық тарихи, мәдени құндылықтарымыздың ажырамас бөлшегіне айналып, өзіндік ықпалын тигізді. Халқымыз діни ұстанымын шешендік өнерінде, нақыл сөзінде, жыр-дастандарындары мен тұрмыс-салтында етене байланыстырып ажырамас құндылығына айналдырған. Отарлық кезеңде дінсіздендіру саясаты белең алған тұста да тұтас халықтың руханияттан қол үзіп қалмауының негізгі себебі осында.
Зайырлы мемлекет ұстанымында дін мемлекеттен бөлек қарастырылғанымен, дін – адамзаттың санасындағы берік сенімі екендігін ескергеніміз жөн. Қандай да бір ұлттың наным-сенімі, тарихи дүниетанымы мен ұлттық болмысының қалыптасуында үлкен мәнге ие. Ата Заңымызда көрсетілгендей: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары». Демек егемен еліміз ұлтына, нәсілі мен сеніміне қарамай ортақ шаңырақ астында тең құқылы өмір сүру – толеранттылықтың негізгі қағидаларының бірі екендігін әлемге паш етті. Бас қалада өтетін әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі әлемдегі дінаралық қатынасқа орасан үлес қосуда.
Дамушы мемлекеттің даму жолында жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптайтын, керегеңді сөгуді көздейтін түрлі топтардың әрекетсіз қалмауы бесенеден белгілі. Ал әлемдік саясатта жаугершілік соғысқа қарағанда адамдардың наным-сеніміне алауыздық ұшқынын тұтату әлдеқайда тиімді саналады. Мәселен, діни сипаттағы идеологиялық келіспеушілік салдарынан Таяу Шығыс, Солтүстік Африка, Шам елі мен Ауғанстандағы саяси тұрақтылықты шайқап, бейбіт тұрғындардың шеккен залалын әлемдік БАҚ жарыса жазды. Алысқа ұзамай еліміздегі Ақтөбе, Астана, Атырау, Тараз және Алматы қалаларындағы құқық қорғау қызметкерлеріне қарсы ұйымдастырылған терактілер салдарынан қаншама қан төгілгені ел есінде. Әлемдік діндердің қайсыбірі болмасын бейбітшілік пен татулыққа үндейтіні мәлім. Ал діни сипаттағы лаңкестер қайдан шықты? Бұл сұрақтың жауабы тым тереңде жатыр.
Жақында Есік қаласында облыстық дін істері басқармасы және «Дін және қоғам» қоғамдық бірілестігінің ұйымдастыруымен өткен ақпарататтық түсіндіру жұмыстарын тиімді ұйымдастыру мен дінтанулық сауаттылықты арттыру бойынша оқыту курсында осы мәселе кеңінен сөз етілді. – Радикалды бағыттармен күресу үшін оның түпкі шығу тарихын жақсы білуіміз керек. Бұл бағыттардың негізгі мақсаты – еліміздің көркеюіне бөгет жасау, тарихымызды жою, ұлттық құндылықтарды мойындамау, салт-дәстүрімізге қарсы шығып, мәдениетімізден айыру. Мәдениет жоғалған кезде экстремизм және терроризм пайда болады. Экстремизм заңды бұзу, қоғамда қалыптасқан мәдени-рухани құндылықтарды жою ниетінде қалыптасады. Ал осы ниет іс-әрекетке көшкенде бұл терроризмге ұласады. Жас буын осыны біле бермейді. Осы бір құбылысты жою үшін сіз бен біз болып атсалысуымыз қажет. Мәселені тек бір жақты қарастыруға болмайды. Осындай жағдайлардың болуына басқа мемлекетті, жастарды кінәлай беру дұрыс емес. Бұл кезекте әр адамның өз тәрбиесіне және санасына байланысты, – деді дінтанушы Болат Шоманов. Саналы ұрпақ ұлттық болмысымызға бояуы келіспейтін, өзгенің қаңсығы таңсық болудың соңы нендей зардаппен тәмамдалатынынан сабақ алса игі. Дана ата-бабамыз: «Бетеге кетсе бел қалады, бектер кетсе ел қалады, берекең кетсе нең қалады?!» – деген. Ал діни тұрақтылық – ел бірлігінің қазығы іспетті.
Ерзат АСЫЛ