Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды

Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды

Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының осы бір аталы сөзінің астарына үңілмейтін, «Әліпті таяқ деп білмейтін» буынның қаулап қалыптасып келе жатқаны жасырын емес. Заман ағымын сылтау етіп смартфон, гаджет, компьютерлерге жіпсіз байланып, әулекіленіп бара жатқан кейбір әлеуметтік топтардың тобырға айналған тұсы да осы кез. Ұлттық рух пен білімнің ұштасар тұсына сына қағып, мемлекеттік заңды да белден басып, білгенін қылғысы келетін діни экстрмистік ұйымдар мен жат ағымдардың да жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптауы бұл жағдайдың ушығуына себеп болып отырғаны да шындық. «Жығылған үстіне жұдырық» болған бұл мәселені барынша тарқатып айтайық.

Осы орайда арқалы ақын Мұхтар Шахановтың «Компьютербасты жарты адамдар» атты өлеңі еріксіз ойға оралады. Ақын ұлттық рухтан жұрдай, қажыр-қайраттан, халқым деп соғар жүректен жұрдай адамды толық адам деп есептемейді. Күн өткен сайын сананы жайлаған роботтық қалыптың қарыштап бара жатқанына налиды. Сол күйіктің кесірін бүгінгі қоғам аз тартып отырған жоқ. Әлеуметтік желілер арқылы түрлі жанкештіліке барып, жан түршігерлік оқиғаларға тап болып, әлімжеттіктің құрбанына айналып жатқан адамдардың әсіресе жастардың қатары (олардың қатарында оқушылар бар…) діни экстремистік көзқарастағы санасы соқыр жасөспірімдермен толығып бара жатқаны өкінішті. Мұның айқын бір көрінісі – соңғы он жылға жуық уақытта оқу жылы басталар алдында-ақ мектепте хиджаб киюге рұқсат ету керек деген айқай-шудың басталатыны.
ҚР білім заңнамасында көрсетілген тәртіп бойынша мектеп формасының біркелкілігі сақталатыны белгілі. Алайда дінді желеу етіп өрімдей қыздардың қаптап хиджаб киюін қалайтындар бастайтын шудың бас-аяғы да бұл емес. Өткен аптада ғана оқу-ағарту министрі Ғани ­Бейсембаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің мәселеге қатысты сұрағына: «Бәріміз білеміз, Конституцияда жазылғандай, біз зайырлы мемлекетпіз. Сондықтан мемлекет те, мектептер де Конституцияға сәйкес өмір сүруі керек деп ойлаймын. Зайырлы мемлекеттің заңын орындауға тиіспіз. Мектепте балалардың білім дағдыларын қалыптастыр­ған кезде ол заң талаптарына сәйкес жүргізілуі керек», – деген жауап берген.


Қоғамдық резонас тудырып, халықтың пікірін екіге жарған бұл мәселе содан бері қызу талқыланып, әлеуметтік желіде жиі айтала бастады. Осыған байланысты Alashainasy.kz тілшісі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап, оқу ағарту министрінің мынадай уәжін келтірген: «Осы ахуалға байланысты журналистер Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа жүгінді. Алайда қарапайым ғана «Оқушы қыздардың хиджаб киюі мүмкін бе?» деген сұраққа министр нақты жауап бермеді.
«Министрден нақты жауап ала алмаған соң, бұл туралы ислам жөніндегі сарапшы Олжас Біләловтің пікірін білуді жөн көрдік. Оның айтуынша, Қазақстан Рес­публикасының заңнамасында оқу орындарындағы хиджабқа қатысты ештеңе айтылмаған және бұл тыйымның жоқтығы деп бағалауға болады. «Конституция дін бостандығына, тегін білім алу құқығына және дінге байланысты кемсітпеуге кепілдік береді. Бала құқықтары туралы конвенцияда және білім берудегі кемсітушілікке қарсы конвенцияда діни белгілер бойынша кемсітушілікке тыйым салу туралы өте анық жазылған. Білім туралы заңда хиджаб туралы ештеңе айтылмайды», – деген сарапшы мысал ретінде министрдің мектеп формасына қойылатын талаптар туралы бұйрығын келтірді. Онда: «Бұл бұйрық, 13-тармақ, мектеп директорының мектеп формасына діни киімдерді енгізуіне тыйым салады, яғни мектеп барлығын хиджаб, крест, жарты ай немесе бас қалпақ киюге жол бере алмайды, ал мектеп директорлары бұл бұйрықты мүлде дұрыс емес және орамалға тыйым сала отырып түсіндіреді», – делінген. О. Біләлов нормативтік құқықтық актілер бір-біріне қайшы келмеуі керектігін атап өтті.


«Орамалға тыйым салынбағандықтан, бірде-бір министр немесе білім бөлімі орамалға тыйым салынғанына ресми жауап бере алмайды. Мұның барлығы ата-ана мен мемлекет арасында тұрған мектеп директорлары арқылы сахнаның ар жағында жүзеге асады. Қазір кейбір балаларды мектепке қабылдамайды, ата-аналардан балаларының орамал тақпайтыны туралы қолхат жазып беруін сұрайды. Қазірдің өзінде кейбір ата-аналар әкімдікке шақырылып, теологтар мазалайды», – деген пікір білдірген сарапшы.
Аталған мәселенің мәмілемен шешілер түрі көрінбейтіні де анық. Өйткені білдей білім министрлігі тарапынан айтылып жатқан екіұшты жауаптардың салдары онсыз да қырық бөлек көзқарастағы қоғамның қырықпышақ болып айтысуына себеп болуда. Осы аралықта салаға жауапты министрлердің барлығы хиджаб кию за­йырлы мемлекеттің заңына томпақ, білім стандарттарына сай емес екенін ескертті. Алайда айтыстың толастар түрі көрінбейді. Тіпті жат ағымның жетегіне ергендер әлеуметтік желіге «егер қыздарды мектепке хиджабпен кіргізбесе бәрін төңкереміз» деген сарындағы экстремистік көзқарастарын ашық білдіріп, былайғы жұртың ішкі қауіпін қалыңдатып жіберді. Сондықтан тоқтаусыз талқыланып жатқан тақырып туралы бірер пікірді мысалға келтіре кеткен жөн болар.
Мәселен, білім саласының сарапшысы Өмір Шыныбекұлы: «Сырт көзге ұсақ-тү­йек секілді көрінгенімен, «мектепте хиджаб кию мәселесіне тосқауыл болу» еліміздің болашақ даму жолын айқындайтын шешім. Азаматтар, соның ішінде педагогтар сондай сәтте үнсіз қалса, артынан бармақ шайнап жүруіміз мүмкін. Бүгін қыз балалардың мектепке хид-жабпен келуіне рұқсат берсек, ертең ұл балалар сабақтан босатып, мешітке намазға жіберуге сұранады. Ары қарай кейбір ата-аналар «балалардың қауіпсіздігі» деген сылтаумен мектепте намаз оқитын зал ашуды талап етпесіне кім кепіл? Құқықтануда «прецедент» деген ұғым бар. ­Қазақстанда мұсылмандардан өзге христиан-православтар да жетерлік. Оларға да икона іліп, шоқынатын бұрыш ашып береміз бе? Сосын елімізде тыйым салынбаған өзге діни сенім өкілдері – католиктер, иудейлер, буддашылар да бар. Ертең олар да өз наным-сенімдерін орта білім саласына тықпалайды», – деген жаны бар пікірді ашық айтты.
Ал aiqyn.kz сайтына сұқбат берген Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова: «Менің ойымша, хиджаб – саяси исламның белгісі. Ал саяси исламның мақсаты – діни өмірді радикалды негізде күн тәртібіне қою. Бұл тұрғыдан Ақпараттық және қоғамдық даму министрлігі, Дін істері жөніндегі комитет өз ойларын айтуы керек. Сәйкесінше хиджабты да білім саласына енгізе алмаймыз. Мектепте хиджаб кию конституциямызға да, зайырлық принциптеріне де қайшы. Үшінші, біз бір Жаратушының бар екенін мойындаған халықпыз. Елімізге ислам діні соғыспен емес, бей-бітшілікпен келген. Себебі осы территорияны мекендеген халқымызға діннің кейбір нанымдары сәйкес келген. Жеке азамат ретінде менің иманым, Жаратушыға деген сенімім жүрегімде. Тіпті Абай Құнанбаев Мәшһүр Жүсіптен «Құдай қайда?» деп сұрағанда, ол «Құнанбайдың ұлы Абайдың құдайы қайда екенін білмеймін, менің құдайым – жүрегімде» депті. Сәйкесінше орамал – исламның атрибуты ғана. Ал иман мен сенім – біздің жүрегімізде. Сондықтан бұл мәселе бүгін ғана туындаған жоқ, бұған дейін де көтеріліп келді. Білім басқармалары мен білім беру ұйым­дарының басшылары, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі саясат департаменті осы тақырыпқа қатысты ата-аналарға белгілі бір түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келді. Геосаяси жағдайда, ішкі діни ахуал тұрғысынан қарасақ, біз өз еліміздің заңнамаларына бағынуымыз керек, – деген көкейге қонымды пікір білдірген.
Өткен жылы экс-министр Асхат Аймағамбетов: «Министрліктің тиісті бұйрығы бар. Біз – зайырлы мемлекетпіз. Мектептер де зайырлы мекеме. 2016 жылдан бері қабылданған бұйрық бар. Ол өзгермеді және өз күшін жойған жоқ. Әрине мектеп формасын сақтау керек. Алайда шын-дыққа тіке қарап, проблеманы жасыр­мауымыз қажет. Осы мәселеге қа-тысты балалардың мектепке бармай жүрген фактілері де бар. Білімнің инклюзивті болуы өте маңызды, яғни осы балаларға білім беруіміз керек. Ол онлайн форматта да болуы мүмкін. Қазір мектепке бармайтын балалар не істеп жатыр? Мысалға ол балалар «шетелде оқимыз» деп мектептен құжаттарын алып кетеді. Бірақ шындығында олар Қазақстанның шекарасынан сыртқа шығып, ешқайда бармайды. Елімізде онлайн білім беру болмағандықтан көрші мемлекеттердің онлайн-мектептерінен білім алып жатыр. Ал кейбірі тіпті мектепке баруды мүлде қойған. Ал мұндайға жол беруге болмайды. Балаларымыз міндетті түрде білім алуы керек», – деп қауіптің қайдан екенін меңзеген жауап берген еді Асхат Аймағамбетов.

Біздің мемлекетіміз Конституция бойынша зайырлы ел деп есептеледі. Мектеп те зайырлы. Оның үстіне 2016 жылы мектеп формасына қатысты бекітілген бұйрық бар. Онда ешқандай өзгеріс болмады. Сондықтан мектеп формасына қатысты талап бойынша оқушылардың барлығы мектепке тек мектеп формасымен келу керек. Барлығы заң аясында және белгіленген тәртіп бойынша болуы керек.

Ғани Бейсенбаев,
Оқу-ағарту министрі

Рас, «мектепте хиджаб киюге рұқсат беру керек» деген сыпсың сөздің желдей есуі кейбір діни топтардың жымысқы көзқарасына «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дегендей күш бергендіктен, олар да әр жерден аттандай бастады. Онсыз да аяғынан ақсап тұрған қоғамның қордаланған мәселесі аз емес, оған хиджабты сылтау етіп жат ағымның адамдары араласса «Кемпір араласқан ертегі оңбайдының» кебін киерімізді айтып жатудың өзі артық. Бүгін хиджабты мектепке киюге рұқсат берілсе ертең олардың қыздар мен ұлдар медресседегідей бөлек оқуы керек, қыздарға ер адамдар сабақ бермеуі керек, мұғалімдер де хиджаб кисін деген секілді т. б. сан сылтаулы талаптары алға шығатыны да белгілі. Сондықтан мектеп формасына тиесілі талапты оңды-солды өзгерте беруге мүлде жол беруге болмайды. Бұл – тек біздің көзқарасымыз емес, қазіргі алмағайып уақытта көзі ашық, көкірегі ояу, ақ пен қараны ажырата алатын білімді, білікті адамдардың айтып отырған пікірі.
Барлық орта білім беретін мектептерге міндеттелген мектеп формасына қойылатын талаптар туралы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрығы бар. Осыған байланысты еліміздегі орта мектептерде білі алатын оқушылар бірыңғай мектеп формасын киюге міндетті. Ал хиджаб киюге тыйым салынған. Мектептен тыс жерде хиджаб киюде қиындық туындап отырған жоқ. Білім министрлігі бекіткен мектеп формасының талаптары да хиджаб­ты желеу етіп отырғандардың талабына қайшы емес. Сондықтан орынсыз талап қойып, ҚР білім заңнамасындағы талаптарға қарсылық тудырудың еш реті жоқ деп есептейміз. Өйткені орта мектептерге тек хиджаб киюге болмайды деген сөз жоқ және талапқа сай мектеп формасынан бөлек кез келген атрибуттағы киімдерді киюге рұқсат етілмейді.
«Қызына хиджап кигізіп қоятын ата-аналар жеке мектептерді жағалайды. 2-3 жыл бұрын жеке мектептердің бірінде жұмыс істедім. Менің сыныбымда 10 қыз болса соның бесеуі оранып келетіндер, біреуі сабаққа мүлде келмейтін. Мектеп әкімшілігімен құжатын әкелерде келісіп кеткен. Ол кезде оқушыларға үйінде отырып, онлайн білім алуға рұқсат берілген. Ажар деген қыз болды. Басқалардан бір жас үлкен еді. Өзі өте ақылды. Тек ата- анасы дін ұстанушылар. Сыныпта Ажар сынып басшысы еді. Қыздың ақындығы бар, өлеңдері ой саларлық. Тек әкесі ол өнерін жұртқа көрсетуіне қарсы. Дене шынықтыруға қатыстырмайды, фотоға түсуге рұқсат етпейді. Оқушылар арасында болатын сайыс, мерекелік кеш, іс-шараларға қатыстырмайды. Балалығы ұрланып жатты. Сыныптастарымен араласатын уақыты ғой. Кейін оқушылар ештеңеге қатыспаса сынып басшысы басқа бала болсын деп наразылық білдірді де, Жанеркені сайлады. Ажардың сол кезде ұнжырғасы қатты түсті. 9-сыныпта оқушылар кәдімгідей есейіп қалады ғой. Сол хиджабты мектеп жасындағы қыздар аса құлшыныспен кимейтіні анық», – дейді ұстаз Нұржамал Тоқтағұлова.
«Айтайын дегенім, біз:
1. Ата Заңда жазылғандай, зайырлы мемлекетпіз;
2. Зайырлы мемлекетте дін мен мемлекет ісі бөлек жүргізіледі;
3. Мемлекеттік мектепте мемлекеттік заң толық сақталуы тиіс.
4. Бүгін хиджап киюге рұқсат берілсе, ертең өзге дін өкілдері де өз киімін киюді талап ете алады.
5. Оқушы – бала. Оның санасына қандай ақпар бірінші берілсе, сырттан қандай ой енгізілсе, сол шындық болып ұғынылады.
6. Оқушының дүниетанымы дінмен емес, иманмен бекуі тиіс.
7. Қазақ Елінің ұлттық құндылығы барлық мектептерде мемлекеттік құндылық ретінде басымдыққа ие болуы тиіс.
8. Мектепте Абайдың толық Адам ілімі негізгі пән ретінде енгізу — мемлекеттік ұлттық идеологияның басты негізі болмақ.
9. Сонда Жаңа Қазақстан идеясына Халықты сендіре аламыз.
10. Білім жүйесіне енгізілген әр жаңалық жемісін 10 жылдан кейін көре бастаймыз. Ал болашақтың дұрыс тәрбиелеуіне терең мән беру – бүгінгі зиялыға сын», – деген анық және нақты критерийлер көрсетілген пікірін әлеуметтік желі арқылы білдірген филиология ғылымдарының докторы Анар Бектің пікірін қос қолдап қолдаймыз.
«Адырна» сайтының бас редакторы Арман Әубәкір: «Зайырлы мемлекеттің білдей Оқу-ағарту министрі муфтиятпен ақылдасып, хиджаб мәселесін шешетіндей не басымызға күн туды?» деген сауал жолдап: «Оқу жылы қарсаңында хиджаб дауы өршиді. Заң бар. Бірақ солқылдақтау Оқу-ағарту министріміз сол заңды айналып өтетін жол іздеп жатқанға ұқсайды.
Министр онлайн жиналыс өткізіп жатыр. Оған бір діни азамат қатысып отыр. Ол атаулы онлайн шараны қайдан естіп қатысып отыр? Өйткені ол жиынды қарапайым азаматтар түгілі, журналистер де білген жоқ және әдетте бәрін жіті қадағалайтын билік органы әлгі адамға өктем-өктем сауал қоюға қалай мүмкіндік беріп қойды? Әлгі кісі хиджаб мәселесін ғана көтермейді, мектептерде ұлдарға намаз оқитын орындар дайындауды да министрге “қатал тапсырады”. Бірақ министріміз бұл сөзді естімеген сыңай танытады. Мен министрдің орнында болсам, «айналайын, мектепте қайдағы намаз оқитын орын?» деп қарсы дауыс көтерер едім. Жоқ, министр тіпті олай етпейді. Бәлкім, үнсіз құптайды да. «Үнсіздік – келісу белгісі» деп бекер айтпаса керек.
Сонымен министр не дейді? «Барынша мәселені шешуге күш салып жатырмыз, ортақ бір келісімге келеміз деп үміттенеміз. Муфтиятпен осы мәселе туралы жиі-жиі кездесіп, ақылдасудамыз. Маған хиджаб киетін балалардың тізімі керек. Соны ұсыныңыздар», – деген көрінеді. Муфтият статусы шындап келгенде заң тұрғысынан еліміздегі көп ұйымдармен бірдей. Екіншіден, министр діни мекемемен ақылдасып, бағыт-бағдарын анықтайтын болса, біз қайдағы зайырлы елміз?
Осы дау қарсаңында тағы бір нәрсеге назар аудартқым келеді, жаңа жасақталған парламент қабырғасында хиджабты жақтайтын депутаттар да бар көрінеді. Оны әлеуметтік желідегі парашасынан да оп-оңай анықтауға болады. Сондай депутаттардың бірі – Айгүл Құспан. Ол Мысырдағы Бейбарыс сұлтан мешітінің ашылуында уаһабиттік-салафиттік сарындағы қап-қара хиджабқа оранып алғанын көруге болады. Ертең «Жаңа Қазақстанның» осындай депутаттары Ата заңды діни сарында жазып шықпасына кім кепіл? Онда нақ
Ауғанстан, Сирияның кебін киеміз. Ал осы діни-радикалдық ойындарға мүдделі алпауыт елдер «тыныштандырамыз» деп әскер кіргізіп, жерімізді, жер байлығымызды тегін алатын болады. «Оқу-ағарту министрі әсіре діншілдерге, радикалдарға үміт сыйлап, құлағын көтеріп отыр. Тіпті мұны арандатушылық деуге де келетін тәрізді. «Мектепте бірыңғай форма бар, басқа киім үлгісіне жол жоқ» деп кесіп айтса, ешқандай да дау тумас еді… Жоқ, ол кісі мәселені шешетін жол іздеп, Бас муфти Наурызбай қажымен, муфтиятпен ақылдасып жүр…», – деп көптің көкейіндегі мәселені төтесінен қояды.
Танымал адвокат Ләззат Ахатова: «Хиджаб дауы тағы басталған ба? Титтей баланы тұмшалап қою — оның балалығын ұрлау, құқығын таптау. Баланың мектептегі мақсаты — тек оқу, білім алу. Өйткені оң-солын танымаған баланың діни ұстанымы, өз көзқарасы қалыптаспайды. Тек ересектердің өз түсінігін тықпалауынан бала боп ойнаудың орнына титтейінен тиым, шектеулерді көріп өскеннен ой-өрісі мен түсінігі де шектеулі, инфантильный, өз пікірі жоқ адам боп өседі. Ал бұл деген болашақта білімсіз, сауаты шамалы діни фанаттардың, түрлі сектанттардың жаңа буыны өсіп шығады деген сөз. Сондықтан барлық бала мектеп қабырғасында қалыптасқан ортақ тәртіпке бағынып, ортақ қабылданған мектеп формасын кию керек. Ал кәмелетке толған соң, қандай ұстанымды, қай бағытты таңдайтынын өзі шешу керек. Бірақ әсіре діншілдікті насихаттайтын вахабит, салафит сияқты сектанттармен күресті қолға алмасақ, болашақ бұлыңғыр..Жан айқайларыңыз орынды. Бұл мәселеде қоғам боп қарсылық танытпасақ, болмайды. Кеш қаламыз.. Дабыл қаға беру керек», – деп «Жыламаған балаға емшек жоқ» екенін ескертті.
Сонымен «бәрін айт та, бірін айт, замананың жырын айт» дегендей, қоғамдық көзқарасты сан-саққа жүгіртіп, ел ішін алатайдай бүлдіруге дайын отырған топтардың арам ойын іске асыруға жол бермеу туралы пікірлерді қолдай отырып, бүгінгі жұрт жасынан жасамысына дейін «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды!» деген баба сөзінің мәнін ұқса дейміз…

Жанбота Сұлтанмұратқызы