1999 жылы Еңбекшіқазақ ауданы экономика бөліміне экономист болып жұмысқа орналасқан Жанаргүл Әбдіғұлова бүгінде өз кәсібінің жілігін шағып, майын ішкен білікті маман, тәжірибелі басшы. Бұлай деуіміздің себебі 2006-2009 жылдар аралығында аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы қызметін атқарып жүріп денсаулығына байланысты жұмысынан бастарқан Ж. Әбдіғұлова 2011 жылы Экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің бас маманы болып жұмысқа қайта оралады. Бір бөлімнің басшысы болып қызмет істеген адамның қарапайым маман ретінде қайтадан аяғынан тұруы оның табандылығы мен қайсарлығының дәлелі деспек артық болмас. Қатардағы маманнан сектор жетекшілігіне көтеріліп, сүйген кәсібін жалғастыра білген
Жанар Әбдіғұлова – бүгінгі таңда Еңбекшіқазақ ауданы экономика және қаржы бөлімінің басшысы.
Еңбекшіқазақ ауданының стратегиялық және экономикалық дауын жоспарлаумен қатар оған талдау жасап, мониторинг жүргізу арқылы бюджетін жоспарлап, бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалау Ж. Қапарқызы басқарып отырған мекеменің құзырында. 2006 жылы басталған жылжымайтын мүлікті заңдастыру кезінде аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы жүктелген міндетті орындау үшін демалыссыз жұмыс істеуге тура келгенін айтады. Осы кезде бала кезінен келе жатқан жүрегіндегі ақау сыр берген. Қанаты қатпаған балаларын қатарға қосу үшін денсаулық керек екенін түсінген ол басшылық қызметінен бастартартып, жұмысынан кетеді. Араға үш жыл салып экономика және қаржыны жоспарлау бөліміне бас маман болып қайта жұмысқа оралады.
Мемлекет мүддесі үшін қызмет ететін азаматтардың кейде өз басын екінші орынға қоятын кездері болатынын айтқан ол: «Адамдар үнемі айтып жүретін кәсіп таңдау мен жар таңдауда жолым болған адаммын. Жолдасым бұрын мемлекеттік қызметте болған. Демалыс дегенді ұмытатын кезіміз де болады. Жұмыстан кейде ерте, кейде кеш қайтамыз. Мұндай жағдайға ол түсіністікпен қарағандықтан алаңсыз жұмыс істей аламын. Арқа сүйер азаматымның қолдауы мен қамқорлығы маған күш береді. Жалпы отбасында да, жұмыста да қатаң талап қоятын адаммын. Жауапкершілігі мол жастарды жоғары бағалаймын, олар – мемлекетті дамытатын қозғаушы күш. «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп Алаш арысы Әлихан Бөкейхан айтқандай халықпен жұмыс істеу үшін жағымды мінез-құлық керек. Халыққа қызмет ететін адамдардың адал және әділ болуы, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сеніміне ие болу – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті. Демек адамдар арасында осы қызмет туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, сенімділік қалыптастыруымыз қажет. Жоғары этика мен кәсібилік әрбір мемлекеттік қызметкердің бойынан табылуы тиіс. Мемлекеттік қызметші – қоғам мен билік арасындағы дәнекер. Бұқарамен байланыс орнатып, түрлі оқиғалармен бетпе-бет келетін жандардың жұмысы жеңіл емес. Алайда басындағы мәселесін айтып не болмаса дұрыс ақпар сұраған адамға жеңіл-желпі жауап беріп, дөрекі сөйлейтін қызметкерлерді көз көріп, құлақ естиді.
Бұл мәселе төңірегінде арызданған тұрғындар да баршылық. Өзім басшы ретінде қызметерлерімнің кәсіби біліктілігіне, моралдық бет-бейнесі мен этикасына айрықша назар аударамын. Себебі оның іскерлігі ғана емес, айналасындағыларға құрметі мен ізеті де мемлеттік қызметкерлердің имиджін көрсетеді», – деп атап өтті. 1962 жылы Талғар ауданы Бірлік аылында дүниеге келген Жанаргүл Қапарқызы сол кезде «Қызыл Ту-3» деп аталатын қазіргі Талдыбұлақ ауылына қарасты Қапиз Әбдіғұлов атындағы №34 орта мектетпе білім алған. Ж. Қапарқызының ғылым-білімге деген құштарлығын оятып, болашаққа бағыт-бағдар берген үлкен әкесі
Қ. Әбдіғұлов оның үлгі тұтып, бой түзейтін тұлғасы. 1979 жылы мектеп бітіріп институтқа түсе алмаған Жанаргүлге техникумға баруға кеңес берген де сол кісі екен. Мектеп бтіріп, институтқа түсе алмады деп жабырқап жүргенімде жол нұсқап, бағыт-бағдар берген сол жан елге адал еңбек етуді де үйретті дейді. Талғар ауылшаруашылық техникумды үздік бітірген Ж. Әбдіғұлова 1981 жылы Мәскеудің Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясына оқуға түсіп, экономист-кибернетик маманы атанады. Студент шағын есіне алған кейіпкеріміз өзі оқыған жоғары оқу орнының экономика факультетінде 5, академияда 100-ден аса қазақ баласы білім алғанын айтып: «Мәскеудегі қазақ жастары өте ұйымшыл болдық. Әлі есімде, алғаш рет шетелге шыққан мен үшін Мәскеу таңғажайып ертегі әлемі сияқты елестеді. Жат елге жаңа келіп жатырқай қараған бізді жоғары курс студенттері құшақ жая қарсы алып, үлкен қолдау көрсетті. Кез келген мәселені шешуге көмектесетіндерін айтып алаңсыз білім алыңдар деп жігерлендірді. Қатарға жаңа қосылған студенттерді мерекелік кеш ұйымдастырып қарсы алатын олар біз барғанда да дәстүрінен айнымады. Содан бастап қолдаушымыз, қорғаушымыздың бар екенін түсініп алаңсыз жүрдік. Артымыздан келген іні-сіңілілерімізге біз де сондай ілтипат көрсеттік. Академиядағы ат төбеліндей аз қазақ бір үйдің баласындай бір үзім нанды бөлісіп жеп, береке-бірліктен ажырамадық. Мереке кездері қыз-жігіттер жиналып, «О, гитара» деп әнге салып, Мәскеу көшелерін әдемі әнмен тербететінбіз. Сол жастар бүгінде еліміздің әр саласында еселі еңбек етіп жатыр», – деп өткен шақтан үзік сыр шертті.
Табандылық пен біліктілікті ту еткен кейіпкеріміз бұл асыл қасиетті ата-анасынан алғанын айтады. Қарапайым еңбек адамы болса да отбасындағы жеті баланы жетілдіріп, әрқайсысын маман иесі атандырған әкесінің балаларына айтып отыратын өсиеті «Білімдінің беті жарық, білімсіздің беті көншарық» деген қазақ даналығы екен. Бар бақытын балаларынан іздейтін анасы отбасы, ошақ қасының адамы болса да, балаларының жоғары білімді болуын армандапты. Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарында сабақ беретін аға-бауыр, әпке-сіңілілерімен мақтанатын Жанаргүл мұндай жетістіктерге жетуімізді сыры әкеміздің ақылы мен анамыздың ақ тілігі дейді.
Жалпы егемен елімізге қызмет етемін деген әрбір азамат, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, «мен бұл жерден не аламын?» деп емес, «мен мемлекет болашағы үшін не істей аламын, қоғамға не бере аламын?» деген ойда болуы керек. Себебі мемлекеттік қызметке орналасу ең алдымен жүрек қалауы. Мемлекеттік қызметші жай қызметкер емес, ол – қоғам мен билік арасындағы алтын көпір, оның басты ұстанымы – өз қамы емес, елдің қамы, мемлекет мүддесі, өзі қызмет атқаратын мекемесінің абыройы болуы қажет. Ал біз тілге тиек етіп отырған кейіпкеріміз бойынан осындай асыл қасиет табылатын өз елінің нағыз патриоты деп айта аламыз. Осы орайда мемлекеттік қызметте жүрген барлық азаматтарды атаулы мерекесімен құттықтап, мемлекет мүддесі мен ел игілігіне қызмет ете беріңіздер деп тілек білдіреміз!
Зорагүл Әбдіқадір