Өрт сөндірушілер Абай облысынан оралды

Өрт сөндірушілер Абай облысынан оралды

Маусымның 8-і күні басталып, арты алапат өртке айналған Абай облысындағы орманның салдарынан болған экологиялық апаттарды былай қойғанда, өрт сөндіру барысында 15 адам қаза тауып, 60 гектардан астам орман алқабы күлге айналды. Осыған байланысты 12 маусым республика бойынша жалпы ұлттық аза тұту күні болып жарияланғаны белгілі. Экологтардың айтуынша, ол жерді қалпына келтіру үшін кем дегенде 70 жыл уақыт керек көрінеді.

Бұл ретте Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова: «Алдағы уақытта, менің ойымша, бұл өртті одан әрі сөндіру жұмыстары бір-екі аптаға созылады. Сөзсіз көп жұмыс істеледі. Бірақ жалпы алғанда өртті толық жою, қалпына келтіру үшін бірінші кезектегі шаралардың өзі үш-төрт жылды қамтиды. Орманды күйіктен тазарту және т.б. Ол жердің рельефі өте күрделі, құмды. Қарағайлы орманның өзі шамамен 100-120 жыл. Ол өте көне. Сондықтан оны қалпына келтіруге, әрине өте ұзақ уақыт қажет. Біз бір-екі жыл туралы емес, ондаған жылдарды айтып отырмыз», – деп мәлімдеді үкімет отырысында. Оның сөзінше, 60 гектар орман өртеніп кеткен. Бірақ өрт локализацияланғанымен, әлі толық өшкен жоқ. Ол орманды қалпына келтіру жұмыстарының да тым ұзаққа созылатынын атап өтті.
Республика бойынша резонанс тудыр­ған мәселеге атсалыспаған облыс, аудан жоқ шығар. Ағайынның басына іс түскенде алдымен көмек қолын созғандар қатарында Талғар ауданының №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері де бар. Өрт сөндіру бөлімінің басшысы Дәурен Әкімов берген мәлімет бойынша, Абай облысындағы қызыл жалынмен арпаласқан әріптестерімен қатар жүріп, тең жұмыстар атқарған аға сержант Бауыржан Мейірманов, бөлім командирлері Азамат Жомартұлы мен Нұрсұлтан Батжанұлы, кіші сержант Дәулетхан Бақтелұлы барып қайтқан. «Ел басына күн туса ер етікпен су кешер» дегендей ауыр жүкті арқалаған азаматтарды бейбіт күннің батырлары деуге әбден болады. Айтулы мамандарға ел атынан алғыс айтқан аудан әкімі Таңат Айдарбеков оларды алғыс хаттармен марапаттады. Артынша «Талғар ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің техникалық жағдайы мен жабдықталуын тексеріп, басшылық құраммен бірге осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі дамыту жоспарларын талқылады», – деп хабарлады аудандық баспасөз қызметі. Өрт сөндірушілердің ісін ерлікке балаған жұрт олардың айлығын көтеріп, сыйақы беріп, құрметтеу керек деп қызу қолдау білдіруде.


Осы орайда өрт сөндіру бөлімінің командирі Нұрсұлтан Бақытжанұлын сөзге тарттық. Азаматтардың ар-намысы мен адамдық қасиеті сынға түсетін мұндай шақтарда қарап отыра алмайтындарын жеткізген аптал азамат: «Алматы облысының әр ауданынан 1 өрт сөндіру автокөлігі мен жалпы саны 6 автоцистерна, басшылық құрамнан 1 көлік және 1 байланыс көлігі барды. Жол бойында тоқтаусыз жүріп, тез баруға тырыстық. Жалпы жолымызбен қосқанда 8 күн өрт сөндіру жұмысына қатысып қайттық. Қазіргі ахуалды қалыпты деп айтуға болады. Жағдай біршама тұрақталды. Алматы облысы және Алматы каласынан барған жеке құраммен бірге Талица, Половинка және Каштак деген 3 ауылды өрттен қорғайға тапсырма берілді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, ісімізді абыроймен атқарғанның арқасында ауыл аумақтары түгел аман-есен сақталып қалды. Бұл ретте Абай облысының халқына ризашылығымызды бірдіргім келеді. Өздері қиын жағдайда отырғанына қарамастан бізді тамақ, ауыз сумен қамтамасыз етіп, барынша қамқорлық танытты. Ол жақтың табиғаты ерекше, сондай керемет еді. Тамаша табиғаттың өртке оранғаны өкінішті», – деп көрген-білгенімен бөлісті.
Өз кезегімізде біз де «Аlatau zhylduzu» газетінің ұмжымы атынан қиын-қыстау кезеңде ағайынға көмек қолын созып, жан аямай еңбек еткен батырларға алғысымызды білдіріп, ел игілігі жолында атқарып жатқан ауыр да, жауапты жұмыстарына табыс тілейміз! Айта кетейік, ҚазАқпарат агенттінің хабарлауынша, «еліміздің аумағы өте үлкен болғанымен, орманды алқаптың үлесі 10%-дан сәл асады. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарас­ты «Семей орманы» Абай облысының Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар және Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай аудандарының аумағын алып жатыр. Резерваттың 10 филиалы және олардың құрамына кіретін 35 орман шаруашылығы бар».
Ресми ақпаратқа зер салсақ, «Семей орманы» резерватының жалпы аумағы 650 мың гектардан асады. Оның оннан бірін өрт шарпыған. Өртті алғашында аймақтағы төтенше жағдай қызметкерлері мен сол жақтағы орманшылар өз күшімен сөндіруге әрекеттенген. Бірақ күн күрт ысығалы тамшы жаңбыр тамбағандықтан, қурап, құрғап тұрған орманда шыққан өрт дес бермей, оның өршуіне ұйтқыған жел де себеп болған. Салдарынан орны толмас қайғылы оқиғалар орын алып, жасыл желектің 60 гектары өртке оранып, әр облыстан барған өрт сөндірушілердің көмегімен әрең ауыздықталған қызыл жалынның зардабы да ауыр болмақ. Төтенше жағдайға байланысты Мемлекет басшысы алдын ала белгіленген Вьетнамға сапарын кейінге шегеріп, Абай облысына ат басын бұрған. Өртенген аумақты тікұшақпен аралаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев тілсіз жаумен арпалыста қаза болған азаматтардың отбасына көңіл айтты. Төтесінен келген апатты жағдайда шарасыздық танытқан төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинді сол сәтте-ақ қызметінен босатылды. Өрт шалған аумақтың себеп-салдарын анықтау мақсатында арнайы қылмыстық іс қозғалды. Ал Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа сөгіс жариялады. Осыған байланысты: «Қауіп-қатердің бағаланбағаны қазірдің өзінде түсінікті болып отыр. Болжам дұрыс жасалмады. Нәтижесінде табиғат апаты тиісті дәрежеде әрі дер кезінде ауыздықталмады. Демек тиісті алгоритмдер жұмыс істемейді», – деп баға берді Мемлекет басшысы.

ТЖМ және «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватын (МОТР) тұрақты қарауылдау жұмысы жүргізіліп жатыр.
Жергілікті жерде ұшқышсыз ұшу аппараты көмегімен мониторинг жүргізілудежасалуда. Өртті сөндіруге 500-ден астам адам, 167 техника, 6 әуе кемесі жұмылдырылуда.
3 елді мекенде (Талица, Успенка, Бородулиха) орнатылған командалық-штабтық автомобильдер есебінен өрттің периметрі бойымен жағдайға мониторинг қамтамасыз етіледі.
Өрт басталғалы бері барлығы өрт ошақтарына 2 707 рет көлемі 7 951 астам тонна су төгілді.

BAQ.KZ

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр да: «Біз өртті бірден сөндіруге блолатын сәтті жіберіп алдық. 22 мамырда осы орманда 5 мың гектарда өрт болды. Оны жедел түрде өшірді. Ал бұл жолы жағдайды дұрыс бағаламаған. Техника бойынша соңғы жылдары жағдай күрделі болып отыр. Біз техниканың орнын толтыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Экология министрлігінің дайындығы 59 пайыз­ға бағаланды», – деп мәлімдеді. ҚР Парламенті Мәжілісі қоғамдық палатасының сарапшысы Айжан Сқақованың Абай облысындағы өртке қатысты пікіріне жүгінсек, ел аумағының шығыс бөлігінде мемлекеттік орман қорының 60%-ы бар. «Климаттық өзгерістер қазіргі уақытта табиғи өрттің көбеюіне әсер етеді. Әсіресе жазда ауа температурасы жоғарылап, құрғақ болуы, қатты жел өрт қаупін еселей түседі. Мұнда гидрометқызметтер бірыңғай болжам жасау жүйесін назарда ұстау қажет. Сондай-ақ робототехникалық өрт сөндіру құралдарын пайдалануға ерекше назар аудару керек. Өрт ошағына, шынжыр табанды арнайы техника баруы тиіс. Ал орманшылар өрттің шетінде қалуы керек. Ең өкініштісі, соңғы уақытта біз көптеген орман алқабын жоғалтып жатырмыз. Бұл жағдай экожүйеге залал келтірді, қарағайлы ормандар жоғалды. Олардың ерекшелігі – олар құмды топырақта және сортаң топырақта өседі. Сондықтан оларды қалпына келтіру бұл көп инвестицияны және кем дегенде 70 жыл уақытты қажет етеді».
Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Абай облысындағы өртке қатыс­ты лауазымды тұлғалардың немқұрайлылығы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеп, өз міндеттеріне, қызметіне жауапсыз қараған, арты қайғылы оқиғалар мен азаматтардың қаза болуына әкеп соқтырған оқиғаға қатысы ьар барлық лауазымды адамдардың жауапқа тартылатынан жеткізді. Олардың қатарындағы бас­ты жауапкерлер ретінде Юрий Ильин, Зүлфия Сүлейменова, Нұрлан Ұранхаев және Даниял Ахметовтің аты аталды.
«Апат айтып келмейді» десек те, төтенше жағдайлардың алдын ала болжануы мен алдын алу жұмыстарындағы кемшіліктер мен арнайы техниканың қажетті құрал жабдықтардың талапқа сай және дер кезінде дайын болмауы салдарының неге әкеліп соқтырғанын көріп отырмыз. Тіпті өртті қолмен өшіруге әрекеттенген шарасыз орманшылардың қандай күйге тап болғанын да біліп отырсыздар. Аталған өңір де ғана емес, апатты жағдай кез келген уақытта түрлі аумақта болуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайларға аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің дайындығы мен мүмкіндігі толық жете ме деген сұрақтың туындағаны анық. Ендеше құзырлы орындар мұндай жайттардың алдын алып, ел амандығы үшін қызмет етеді деп сенеміз.

Жанбота Сұлтанмұратқызы