Еңбекшіққазақ ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтің бағдарламалар бөлімінің қолдауымен ашылған «Жанұя» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ашылу салтанаты өтті. Мемлекет басшысының отбасы институтын қолдау мақсатында 2022 жылы 22 желтоқсандағы №1044 қаулысы бойынша, жыл басында
Еңбекшіқазақ ауданында әлеуметтік, құқықтық, психологиялық көмекке мұқтаж отбасыларға арналған мекеме өз жұмысын бастаған.
Әлеуметтің әлеуетін арттыруға қолдау көрсететін орталықтың жұмысы мемлекеттік қызметтерді біріктіреді және оларды бір «терезе» қағидасы бойынша жүзеге асырады. «Жанұя» орталығының мамандары жағдайы төмен отбасыларды әлеуметтік бағдарламалармен ақпараттандырып, заңгерлік, психологиялық кеңес беріп, оңалту және басқа да қызмет түрлерін ұсынуда. Көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға кеңес беріп, мәселелерін шешуге қол ұшын созады. Мұндай орталықтар басқа аудандардан да ашу жоспарланып отыр. Бұл орталықты құрудағы басты мақсат – әлеуметтік әлсіз отбасылардың өмір сүру сапасын арттыру, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін азайту және ана мен бала құқықтарының қорғалуын қадағалаумен қатар өмірлік қиын жағдайда қалған отбасыларға қолдау көрсету. Бүгінгі таңда мекемеде 4 ересек адам мен 8 балаға арналған жатын орын бар. Олардың өмір сүруіне қолайлы барлық жағдай жасалған. Ас үй, тазалық бөлмесі толығымен жабдықталған.
Осыған дейін орталықтан 200-ден астам адам көмек сұраған. Құқық қорғау орындарының көмегіне жүгінген азаматтарды, әсіресе әйел адамдарды бірден осында әкеліп, бір-екі күнде құжаттары дайындалып, Қонаев қаласындағы дағдарыс орталығына жеткізіледі. Орталық мамандарының айтуынша, мұнда отбасында жақындарынан зорлық-зомбылық көрген әйелдер көп келеді. Нашақор, ішімдікке салынған жұбайынан жәбір көрген нәзік жандылардың қатары аз емес. Ажырасқан соң балаларымен далада қалған, күйеуі құжаттарын өртеп тастаған аналар да осы орталықтан қолдау тапқан. Дәл осындай барар жері, басар тауы қалмаған жандардың құжаттарын қайта рәсімдеп, өз аяғынан тұра алғанша осы мекеменің қамқорлығында. Тіпті әкесінен қорлық көрген жасөспірім қыздардың да жанайқайын тыңдап психологиялық көмек көрсеттік.
Сонымен қатар орталыққа шет елден келіп қиындыққа ұшыраған қандастарымыз да жиі келеді. Яғни Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Түркіменстан сынды елдерден көшіп келіп азаматтық ала алмай жүргендерге де қол ұшын создық. Тіпті отбасы мүшелерінің ешқайсысында құжат болмаған жағдайлар да кездесті. Нақтырақ айтсақ, Қырғызстаннан келген 22 жастағы Г. есімді қыздың 20 жылдан астам уақыт бойы шешілмеген мәселесі осы орталықтың білікті мамандарының араласуымен шешімін тапты. Құжаты болмағандықтан мектеп табалдырығын аттамаған Гүлім қыркүйек айынан бастап кешкі оқуға барып сауатын ашатын болады. Кәмелетке толмай тұрмысқа шыққан ол баласына да құжат жасата алмаған. Екінші баласын өмірге әкелер алдында тұрған жас ана балапандарының өзі сияқты білімсіз болып қалама деп уайымдапты. Бұл шаруа әлі жалғасуда. Қырғыз елімен хабарласып, Гүлімнің туу туралы куәлігін алдырдық. Құжаттары толығымен дайын болса балалары балабақша, мектепке бара алады.
Орталықта 56 адамға жұмысқа орналасу мәселесі бойынша бағыт-бағдар берілген, оның 11-і осы орталыққа орналасқан. Ал 1 адам жұмыспен қамту орталығына жұмысқа тұрыпты. 1 адам «Эксклюзив» құрылыс компаниясына жұмысқа орналасса, тағы 1 адам облыстық көру қабіліеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатында өз нәпақасын тауып жүр. 42 адамға жұмыспен қамту орталығына жолдама берілді. Мұнда келіп көмек сұрағандар атаулы әлеуметтік алу, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2.5% несиеге өтінім беру, «Күміс жас» бағдарламасы бойынша мамандар кеңесіне жүгінген. Материялдық көмек сұрағандар да бар. Азаматтық алу мәселесі бойынша 9 адамға көмек көрсетілген. Мүгедектік құжатын ала алмағандар мен қайтарымсыз кредит, тұрғын үй алуға кезекке тұру үшін ақыл-кеңес алатындар аз емес. Алимент ала алмай жүрген жалғыз басты аналардың да құқығын қоғауға бұл мекеменің басты міндеттерінің бірі.
Азаматтрға жан-жақты қолдау көрсетуге арнаған мекеме қоғамның шынайы қажеттілігінен құрылған дейді мекеме басшысы Нүсіп Құдайбердиев. Тұрғындардың қыйыншылығын шешумен шектелмейтін орталық аудандағы «Есік гуманитарлық» колледжі, «Есік медицина» колледждеріне барып, «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» атты тақырыптарда кездесу өткізіп тұрады. Болшақ ата-аналардың үлкен өмірге дайын болуының маңызына тоқталған орталықтың психолог маманы Баян Сугурбекова: «Отанды сүю отбасынан басталады» деген бар. Отбасын сақтай алмаған адам кімге көмектесе алады? Жастармен кездесуіміздің басты мақсаты отбасын құру мен ата-ана болудың жауапкершілігін түсіндіру. «Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды». Елімізде жылына орта есеппен 150 000-ға жуық жұп шаңырақ көтерсе, олардың үштен бірі ажырасуға арыз береді екен. Бұл – алаңдатарлық статистика. Мұның басты себебі – жастардың отбасылық өмірге дайын болмауы, жауапкершілікті сезінбеуі немесе отбасынан зорлық-зомбылық көруі, психологиялық сауатсыздығы. Отағасы бола тұра жауапкершілік арқалағысы келмейтін әкелердің қатары артқан. Салдарынан отбасында кикілжің туып, балалар мен әйелдер жапа шегеді. Қоғамда мұндай көмекке зәру жандардың аз емес екеніне көзіміз жетті. Орталығымыз кез келген жанұямен жұмыс істеуге міндеті. Отбасылық қарым-қатынасты, жауапкершілікті жете түсіндірмей зардап шегушілер азаймайды. Бастысы ұлттың санасын ояту үшін жұмыстар істелуі керек. Бар жауапкершілікті әйелге арта салып, балалары үшін қиындыққа шыдау керек деп, бар ауыртпалықты мойындарына арта саламыз. Қоғамда көмекке мұқтаж адамдар өте көп. Сол себепті орталығымыздың мұндай жұмыстар атқаруы құптарлық жағдай», – деп орталықтың атқарып отырған қызметтері туралы баяндап берді.
Аудан халқына тығырықтан жол табуға қолұшын беретін мекеме Еңбекшіқазақ ауданындағы көші-қон полициясы, білім басқармасы, аудандық орталық аурухана, мешіт сынды 12 мекемемен келісім шартқа отырып, аудан тұрғындарының мәселесін шешуге барлық сала өкілдерін жұмылдыруда. Әр өңірде шет елден көшіп келіп, азаматтық ала алмай жүрген қандастарымыз көп. Әсіресе Алматы облысы бойынша Еңбекшіқазақ ауданында жиі қоныстанған. Ал құжат ала алмау – олардың ел қатарлы күн көруіне кедергі болып отырған басты мәселе. Жастар санасына отбасы құндылықтарын құйып, отбасыны бірлігін отанның тұтастығын сақтауда «ЖАНҰЯ» орталығының берері мол.
Отбасы – мемлекеттің іргетасы. Отбасы – адам баласының өсіп-өнер, қанат жайып түлеп ұшатын алтын ұясы. Ендеше отбасыңыз аман, шаңырағыңыз биік болсын!
Зорагүл Әбдіқадір