Алматы облыстық және Талғар аудандық әкімшіліктің қолдауымен Бесағаш ауылдық мәдениет үйінде мемлекеттік қызметшілер күніне орай Жолан Омаров атындағы облыстық «Халқымның бағы – өз бағым» атты ауықымды іс-шара өтті. Кәсіби мереке қарсаңында аудандық кітапхана тарапынан ұйымдастырылған кітап көрмесімен таныстырған кітапханашы Сәуле Карбозов Жолан өмірі мен мемлекеттік қызметшілер жайлы мол мағалұматтарды ортаға салды.
Аталған шараға облысқа қарасты әр ауданнан әрқайсысы 3 адамнан тұратын 10 команда қатысып, «Амандасу салтымыз», «Ой дода», «Мемлекеттік қызмет абыройлы міндет» деп аталатын 3 кезең бойынша өзара бақ сынасқан командалар арасындағы бәсекенің шымылдығын түрген аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаев байқаудың маңыздылығына тоқталып, мемлекеттік қызметшілерді мерекесімен құттықтай келе: «Халық айтса қалт айтпайды» дегендей ел алғысына бөлеген арда ұлдың бітім-болмысына берген бағасы биік еді. Мемлекеттік қызметшінің болмысы қандай керек десе ауданымызды басқарған қысқа ғана уақытта халыққа қамқоршы, қызметкерлерге үлгі болған Жолан Ыбырайақынұлының кесек тұлғасын айтуға болады. Жолан атындағы алғашқы байқау осыдан екі жыл бұрын ауданаралық деңгейде өтсе, бүгін араға екі жыл салып облыстық дейгейде өтіп отыр. Алда республикалық деңгейге көтеріледі деген үміт бар. Жас буынға үлгі-өнеге бола алған ағаның құрметіне арналған бұл шараның берері мол. Осы орайда ұсынсымызды қабыл алып, қолдау көрсетіп, байқаудың басы-қасынан табылған Алматы облыстық мемлкеттік қызметшілер департаментіне алғыс білдіреміз. Шараның өтуіне мұрындық болған аудандық ішкі саясат бөлінінің жетекшісіне, демеушілік көрсеткен бауыры мен әріптесіне, кәсіпкерлерге алғысымызды айтамыз.
Сонымен білім мен білік сынға түскен бұл сайысқа Талғар ауданынан «Алаш», Панфилов ауылдық округі әкімшілігінің «Қағанат» командасы, Райымбек ауданының «Хантәңірі» Балқаш ауданының «Болашақ», Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің Қонаев қаласы филиалының «Қонаев қырандары» командасы, Қарасай ауданының «Жеті жарғы» командасы Жамбыл ауданының «Қыран», Алматы облысы әділет департаментінің құқықтық түсіндіру жұмысы және халыққа заңгерлік қызмет көрсету бөлімі «Фемида», Кегеннің «Талант», Іле ауданның «Жеті қазына» командалары өзара бақ сынасып, ауданның айтулы азаматарынан құралған әділқазылар алқасы кіл мықтының ішінде кім мықты екенін анықтады.
Сайыс болған соң біреу жеңіп, біреу жеңетіні ақиқат. 5 балдық жүйемен бағаланған бәсекенің қорытындысы бойынша барлық кезеңдерден мүдірмей өткен «Жеті қазына» жеңіске жетіп, «Қағанат» тобы 2 орынды, «Фемида» тобы 3 орынды қанжығасына байлады. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен арнайы дипломдар табысталды. Ал қалған командалар да атаусыз қалмай аудандық әкімшіліктің алғыс хаты мен шағын көлемдегі қаржылай сыйлығына ие болды.
«Жұртың үшін аянба, азаматтығыңа сын» дейтін қазақ азаматарының абройы мен бет-беделін оның халыққа қылған қалтқысыз қызметі мен ел игілігі үшінтөккен терімен өлшейтіні белгілі. Бұл ретте Тәуелсіз Отанымыздың тұғырын нықтап, туын тіктейтін мемлекеттік қызметшілердің еңбегі орсан екенін де айта кеткен жөн. Кеше бітпестей көрінген әлемдік пандемия кезінде эпидемиологиялық ахуалдың ауырлығына қарамастан елмен бірге болып, пандемиямен күресте аудан тұрғындарың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін алғы шепте жанкештілік танытқан Жолан Ыбырайақынұлының игі істері халық жадында жаңғырып тұрғаны анық.
Байқау қорытындысы шыққанша арда азамат жайлы әсерлі естеліктер айтылып, өлең оқылып, мәдениет үйінің басшысы Айдар Серкебаев марқұмның сұрап тыңдайтын әні еді деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Жарығым-айды» орындағанда көзіне жас алмаған көрермен болған жоқ. Әттең… деген көкейге кептелген өкініштің өзіндей болған көз жастарының куәсі болдық. Ыбырайақын ата мен Гүлданадай абзал ананың, әпкесі мен жан жары Тоғжанның көзіне іркіліп, толассыз сорғалаған жас тамшылары орны толмас қазаның қасіретінің қаншалықты ауыр екенін еске салғандай. Жолан Омаровтай арда азаматын жоқтаған ел, баласын сағынған ата-ана, аға-бауыр, сүйікті жарды жұбатарға сөз таппадық… «Аталатсаң да, боталатпашы, Құдайым» деп тілейтін қазақтың:
Жігітте де жігіт бар,
Азаматы бір бөлек,
Жылқыда да жылқы бар,
Қазан аты бір бөлек… – деген мағынасы терең тәмсілінің мәнін тағы бір мәрте ұғына түстік.
«Асыл ағамыздың қайғысы менің ғана емес, бүкіл елдің қабырғасын қайыстырды. Артында қалған ел-жұрты, ата-анасы, ағайыны мен ет жақыны бар азаматтың аты ешқашанда өшпейді. Артында қалған ұрпағы мен отбасына амандық тілеймін. Талай жігіттің бағын ашып, жол көрсетіп, ағалық кеңесін аямайтын ақ жарқын адам еді. Осы мәдениет үйінің ашылуына, бүгінгідей деңгейде қызмет етугіне де Жолан марқұм мұрындық болды.
Жолан Омаровтан бұрын ол кісінің ағасы Ұлан ағаны танитынмын. Інісі 30-ға толғанда мені шақырып ән айтқызды. Содан бастап ағалы-інілі бауырдай болып араласып кеттік. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын адам еді. Басында мені Райымбек ауданына шақырды. Мен де ата-анамның жалғыз ұлымын. Бәрін тастап ол жаққа бара алмайтынымды айттым. Талғар ауданына келгенде қасына шақырды. Ол кезде бұл мәдениет үйі қараусыз қалған, қирап жатқан ғимарат еді. Мәдениет үйінің мәселесін республикалық деңгейге дейін көтеріп, құрылыстың жеке тұлғаға өтірп кеткен жерінен қайтарып алды. Сөйтіп күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне берілді. Басшылық қызметін маған табыстады. Қазіргі аяқ алысымыз жаман емес. Аудандағы айтулы шараларды өткізетін ордаға айналып келеді. Міне, облыстық шараны атқарып жатырмыз», – деген А. Серкебаевтың да ағасына айтар алғысы шексіз.
Азаматы өмірден өткенде аза тұтқан тұтас талғарлықтар әлі күнге дейін Жоланын аңсайды. Орны толмайтын өкініш болғанымен, игі ісін, атын жалғайтын ұрпағы, арыстай ағаны, бауырмал бауырды, іскер азаматты үлгі тұтар інілер мен қарындастар аман болсын!!!
Жанбота Сұлтанмұратқызы