Ауыз суға қатысты 62 жобаға 27,8 миллиард теңге бөлінген

Ауыз суға қатысты 62 жобаға 27,8 миллиард теңге бөлінген

Маусымның 15-і күні ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа облыстар құру туралы Жарлығына сәйкес Д. Қонаев қаласындағы орталық коммуникация алаңында «Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» көшпелі мәслихат өтті. Көшпелі мәслихатта көшелі мәселелер көтеріліп, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев аталаған тақырыпқа қатысты баяндама жасап, бірқатар маңызды сұрақтарға жауап берді. Олардың ішінде әсіресе облыс аумағындағы аса күрделі және күн тәртібінен түспей келе жатқан халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуге байналысты маңызды мәселе де бар.

Өңір басшысының сөзінше, Алматы облысын ауыз сумен қамтамасыз еті мақсатындағы 62 жобаға 27,8 миллиард теңге көлемінде қомақты қаржы бөлінген. Әрине бұл реттегі әуелгі міндеттердің бірі – халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету болғандықтан, көтерілген мәселе төңірегіндегі сұрақтар да аз болған жоқ. Аталған саладан басқа, газдандыру мен жолды жасау секілді инфрақұрылымдық салаларда атқарылып жатқан істер туралы да тілге тиек етті.
«Бүгінгі таңда газдандыруға жататын 294 елді мекеннің 147-сі газдандырылды. Көгілдір отынға облыстың 1 млн 114 мың тұрғыны қосылған. Биыл тағы 9 елді мекенді қосқанда көрсеткіш 69,4%-ға жетеді», – деген облыс басшысының сөзіне сүйенсек, жылдан жылға жолдардың сапасы артып, 2022 жылы облыс бойынша барлығы 731 шақырым жол жөнделген. Осы жылы жол инфрақұрылымының сапасын арттырып, жөндеу жұмыстарын істеуге 48,5 млрд. теңге бөлінген көрінеді. Жыл соңына қарай сапалы және қанағаттанарлық деңгейдегі жол көлемі 91%-ға жетеді деп жоспар бар екен. Мақұл, мықты көрсеткіш. Бірақ осы орайда бүгінге дейін облыс аумағының 92,7 пайызы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болған, жыл соңына дейін ол 93,5 пайызға жететіні рас болса, неге облысқа қарас­ты барлық ауданның тұрғындары ауыз су азабын арқалап отыр деген заңды сұрақ туады. Өйткені қай ауданға, қай ауылға барсаң да «Қайда барсаң да Қорқыттың көрінің» кебін киген елдің ауыз суға қатысты мәселесі шашетектен. Ойлап қарасаңыз 92,7-93,5 деген пайыздық көрсеткіш әне-міне 100 дегенді меңзейді. Сонда облыс әкімінің ақпары жалған ба, әлде халықтың мүшкіл хәлдеміз дегені өтірік пе? Ақ пен қараны саралауды көзқарақты отырман, сізге қалдырып, ары қарай жылжиық. Бұл ретте аталған ақпаратты облысқа қарасты аудандардың әлеуметтік желідегі парақшасынан оқыған жұрттың да айтары да, жеткізер жанайқайы да аз емес. Мәселен, Жамбыл ауданының Instagram парақшасында Қайназар ауылын­дағы жөнделуге тиісті орталық көшенің жайын айтқан salta191179mail.kz атты оқырман:

Жақында ірі қалаларымызда су тапшылығы пайда болды, тұрғындар наразылығын білдіріп жатыр. Бұл да – орынды. Осы түйткіл – әкімдердің жұмысындағы нағыз олқылық. Оны тез арада түзету керек. Әкімдердің қолынан келмесе, тиісті шешімдерді қабылдаймын.

ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
(Түркістандағы Ұлы құрылтайда сөйлеген сөзінен)

«Қайназар ауылы орталық көшесін жөндеу мамыр айның бірінен басталады деп еді. Міне, маусым айы аяқталуда, әлі басталмады. Тағы он жылдап беріп келе жатқан жай уәде болып қалмай ма?… Осы Қайназарда кейінгі айларда су жиі тоқтап, бассейінде су бітуде. Соны толтырып жатырмыз дейді. Енді суға хлор қосады 5-6 күн ішуге, малға беруге,бақша суаруға болмайды дейді. Сонда қаншалықты хлор қосады? Мал іше алмаса, оның зиян­сыз мөлшеріде (норма) болуы керек қой.100 метр тереңдіктен шығардық. Өз бетінше толған су емес. Бассейнде тұрған суды ішіп жатқан болып тұрмыз ба? Қарасу әкімдігіне жазайық десек, парақшалары комментариға жабық. Егер халықтың пікірін, мұң-мұқтажын, мәселесін тыңдай алмаса парақшалары не үшін, өтірік есеп салу үшін бе? Қайназардың жота ішіндегі көшелерін асфальттап, тас төсеп қойған. Ал орталық көшесі мектеп, мешіт барлығына жақын. Бірақ жауын шашында батпаққа батып жатамыз. Сонда жөндеу жұмыстары қандай критерилерге сүйеніп жүргізіледі? Әлде жота, тау арасында бір дөкейдің қашары бар сол үшін бе?» деп ашынса, kozaev.erbol2 деген оқырман: «Ұзынағаш ауылының Жеңіс көшесіне биыл су түсе ме?» – деп сұрау салуда.
Ал Сұлухан Қадірова: «Алматы облысы 92.7% ауыз сумен камтылды деген өтірік! Біз 4-5 жылдан бері су тасып ішеміз. Келесі жылы су тартылады деп жыл сайын уәде береді. Не жарық жоқ, көшеде жүру қауіпті. Жұма, сенбі, жексенбі күні тіпті тыным жоқ. Жұрттың бәрі мал тасиды. Жай күндері де ауыр жүк көліктері мен қаптаған машина. Жолдағы арнайы кедергілерді жүргізушілерге кедергі келтіреді деп алып тастады. Күнде жол апаты болып, балаларды да соғып кетеді. Жолдың бойында тіпті сау жол белгісі де жоқ. Газ құбырларының бәрін машина соғып тастаған. Ал біздің әкімдік жүргізушілер жылдамдықты арттыра алмады деп жолды ойып, кедергіні түгел алып тастады. Қайта жасап береміз дегендеріне 1 жылдан асты. Не жұмыс жасап жатсыздар?» – дей келе, жол қауіпсіздігін сақтамайтындар көбейгенін айтып, ауыз сусыз отырғандарына қапалы.
Жанна Жанатжанқызы болса Қарасай ауданындағы Сұлусай көшесінің облыстық маңызға ие екенін атап өтіп: «Жолға жөндеу жұмыстары жүргізілмеді. Жазудан шаршадық. Қашан жасайды?» – деп өзекті мәселенің әлі күнде дейін шешімін таппағанына өкпелі.


Іле ауданының мәселесін ортаға салған tagabaj44: «Ассалаумалейкум! Осы неге есепті өтірік береді? Іле ауданына қарайтын Нұрғиса Тілендиев аулының жай-күйі адам шошырлық. Себебі жаңа құрылыс пайда болғалы ауыз су тапшылығы туындады. Суды халықтың өзі тартып алған. Осыған қосылу 35000-50000 мың арасында. Жол мәселесі әлі күнге дейін шешілмей келеді. Бір жылдан бері қоғамдық көлік мәселесін шеше алмаған адамдардан нені күтеміз?» – деп ашулы.
Ал осыдан бір күн бұрын ғана Бесағаш тұрғындарымен ауыз су мәселесіне қатысты кездесу өткізген Талғар ауданының әкімі Таңат
Есенкелдіұлы ауылды ауыз сумен толық қамтамасыз ету мәселесінде орын алған олқылықтардың орнын толтыру мақсатында арнайы жобаның бар екенін алға тартқан. Осыған байланысты: «Қазіргі уақытта өкінішке қарай сумен жабдықтауда проблемалар бар, дәлірек айтсақ, оның болмауымен. Ауыл тұрғындары суды «Тас-құм» жеке мекемеден алады. Бұл жағдайды шешу үшін осы компанияның құбырларын «Талғар Су» мекемесінің балансына алуға болатын еді. Бірақ қазіргі уақытта бұл компанияның біршама қарызы бар. Бірақ ауылды сумен жабдықтау бойынша жоба дайын. Қазір жоба сараптамаға жіберіледі. Қаражат бөлінгеннен кейін жұмыстар басталады. Кездесу қорытындысы бойынша ауыл тұрғындары арасында осы мәселені шешуге көмектесетін білімі бар мамандар қатарынан арнайы топ құру туралы шешім қабылданды. Мәселе Талғар ауданы әкімінің бақылауында», – деді аудандық әкімшіліктің баспасөз қызметі. Ал Бесағаш ауылының әкіміне телефон соғып, wathsaap желісіне жазып мәселеге қатысты жауабын білмек болғанымызбен, еш мүмкіндік болмады. Өйткені аудан әкімімен бірге Бесағаштағы «Тас-құм» мекемесінің жай-күйімен танысудан қолы босамаған болу керек деп топшыладық. Талғар ауданы баспасөз қызметінің мәліметіне зер салсақ, «17 маусым күні Талғар ауданының әкімі Таңат Есенкелдіұлы «Талғар Су» мекемесінің өкілдерімен бірлесіп «Тас-құм» ЖШС су сорғы станцияларының сумен жабдықтау жүйесінің техникалық жағдайын тексерді. Тексеруде бірінші көтергіш сорғыға орнатылған су сорғының қуаты жеткіліксіз екендігі анықталды. Ауа райы жағдайына байланысты суды пайдалану көлемі артқан. Сондықтан ауылға дейін су жетіспейді.


Талғар ауданы әкімі Т. Айдарбеков тапсырмасымен Бесағаш ауылдық округінің әкімдігі және полиция бірлесіп сумен жабдықтауды қамтамасыз ететін құбырларға заңсыз қосылған жеке сорғыларды анықтау бойынша рейдтер ұйымдастырады. Мәселені шешу үшін біз «Бесағаш ауылын сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы (Оңтүстік бөлігі)» ЖСҚ әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жобалаушы – «Инженерлік жобалау институты» ЖШС. Су тарату желілерін ұзындығы 42 шақырым. 2021 жылы жоба 2-ші көтергіш сорғы станциясы үшін жер учаскесінің болмауына байланысты теріс қорытынды алды. 2022 жылы құрылысқа арналған барлық жер учаскелері рәсімделді. 2022 жылдың 18 қазан күні экологиялық сараптамадан өтті. 12.06.2023 жылы магистралдық су құбырына сервитут салу бойынша жұмыс аяқталды. Жоба қайта сараптамадан өтуге дайындалады.
Сараптама қорытындысын алудың жоспарланған мерзімі – 2023 жылдың тамыз айының соңы. Қолайсыз жағдай үшін тұрғындардан кешірім сұраймыз! Мәселені шешу мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр», – делінген хабарламада.

Қазір халықты ауыз сумен қамтудағы көрсеткіш 92,7%-ды құрап отыр. Биыл 62 жобаны іске асыруға 27,8 млрд. теңге қарастырылған. Жыл соңына қарай сумен қамтамасыз ету деңгейі 93,5% жетеді.

Марат Сұлтанғазиев,
Алматы облысының әкімі

Алайда Бесағаш тұрғыны Жұлдыз Ыбырайдың айтуынша, Бесағаштағы ауыз су мәселесінің туындағанына 10 жылдан асқан. Өкінішке қарай әлі күнге дейін шешімін таппаған басты мәселенің кесірінен жаңадан салынған тұрғын үй кешенінің тұрғындары зардап шегіп отыр. Шамалауымызша бұл тұрғынның осы ауылға келгеніне 10 жыл ғана болса керек, ал осыдан 20 жыл бұрын сол ауылды мекендеген тұрғын ретінде ауыз судың түйткілді мәселесінің түйіні тарқамай жүргеніне кемі 25-30 жыл болғанын айтқымыз келеді. Сол баяғы «Тас-құм» мекемесінің бітпейтін жырының салдарыннан ауыл халқы ауыз судың азабын тартып келеді. Бұл ретте пікір білдірген ауыл тұрғыны Базаргүл Әбдібайқызы: «Бесағаш ауылының әкімшілік қызметкерлерімен қоса әкімін де ауыстыру керек. Білікті, білімді мамандар жұмыс істеуі қажет», – деп ой бөлісті.
Аудандық әкімшілікке қарасты Instagram парақшадағы халықтың жанайқайынан құлақ тұнады. Мәселе бір күнде емес, біртіндеп шешіледі десек те, осыған дейін атқамінерлердің уәдесінен зәрезап боған жұрттың да талабын орынсыз дей алмайсыз. Мысалы, Асылжан Ереке: Талғардың ішін қамтамасыз ете бергенше, неге Талғар ауданына жататын Нұра ауылына карамайды? Ол жерде жарық жоқ. Бәрі өзі баған қойып, электр желісін тартып жатыр. Жол жоқ. Ең болмаса тас төсесе болатын еді. Жазда шаң, көктемде жердің миы шығады. Қолдан қойылған бағандар құлайды. Балалар сабаққа Жетігеннің мектебіне жаяу барады. Мектеп жоқ, аурухана жоқ. Медпункт болса да ашып қойса, не деген сұмдық? Нешінші ғасыр­да өмір сүріп жатырмыз? Жоғарыдағылар қайта қарап отыр? Жылда өтірік айтып жүр. Әкімшіліктегілер биыл тас төсейміз деп ед. Ол да жоқ. Қараңғыда қалған ауыл болды. Не келіп көрмейді. Ондай болса жерді неге сатты? Төле би шағы ауданына жатады. Бұл жақта 180-ге жуық баспана бар. Әлі не жол, не су, не жарық жоқ», – деп нанотехнологиялар заманында ғасыр өркениетінен қол үзіп, жай ғана жарық пен жолдан, күнделікті тіршілік нәрінен ада болып, заман жетістігінен шетқақпай қалған халықтың базынасын жеткізген.
Айта кетейік, газетіміздің 26 мамырда жарық көрген №21 (4568) санында ғана Нұра ауылдық округінің әкімі Данияр Күнгейұлымен болған сұқбатта «15 000 000 теңгеге Нұра ауылының Дәулетқұл, Анаров, ­Бейсентай көшелеріне, Өстемір ауылындағы Школьная көшесіне және Каратоған ауылындағы Школьная көшесіне жаңадан бағандар қойдырып, жарықтандыру жұмыстары жасалатын болады. Қазіргі таңда арнайы жоба жасалып, мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған» – деген мәлімет берген. Алайда алда кезек күттірмейтін және шешімін тезарада табуға тиісті қыруар істің бар екенін тұрғындар жанайқайынан білуге болады.
Айтып-айтпай не керек, талай мәселе мінберде көтерілгенмен, жауапсыз атқамінерлер мен жемқорлардың қолжаулығына айналған мемлекеттік бюджет пен жобаларға бөлінген қаражаттардың қыр асып, қалталарға түсіп кететіні өтірік емес. Ал зардабын жаңадан келген әкім-қаралар тартып, қарапайым халық зар илеп қалады. Әзірге жалғасып келе жатқан бұл үрдістің де бір үзілер күні болатын шығар деген ниеттеміз… Өйткені кеткендердің орнына келген шенеуніктер өз жоспарларын іске асырып, халыққа қызмет қыламын дегенше де талай уақыттың зымырап өтіп кететіні тағы бар емес пе!?…

Жанбота Сұлтанмұратқызы