Қызылқайрат ауылында «АК ЖОЛ-М» деп аталатын мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығы туралы бірі білсе, бірі білмейді. Еліміздегі тұңғыш қайырымдылық қоры арқылы ашылған оңалту орталығының тыныс-тіршілігі мен ондағы балалардың жай-күйі қашанда басты назарда. Еліміздегі ерекше балалардың өзге балалар сияқты барлық мүмкіндіктерді пайдалану құқы шектелмеуі керек. 2014 жылы жұмысын бастаған орталықта 240 бала тіркелген. Ал күн сайын 70-80 бала тегін ем қабылдап, үш уақыт тамақтанады.
Мұнда екі жаттықтыру орталығы болса, бірі мүлде жүре алмайтын балаларға, екіншісі мүлде қозғала алмайтын бүлдіршіндерге арналған. Жаттықтырушы Рима Сиятайқызы өзі жаттықтырып отырған 14 жастағы Ясминаның осында келгелі бері ептеп қадам басып, жіптен секіріп, тіпті жүгіре алатын дәрежеге жеткенін атап өтті. Бұрын тізесі бүгіліп тұратын жеткіншек енді түзу жүре бастаған, аяқтарын көтере алуының өзі өте жақсы жаңалық деп отыр. Сал ауруымен туған қыз бес жыл бойы осында ем қабылдап келеді екен. Жіппен секіруден бастап түрлі құрылғылармен жаттығу да ерекше балалар үшін таптырмас мүмкіндік дейді жаттықтырушы. Ал 32 градустан жоғары температурада, тазартылған, түрлі пайдалы қоспалары бар бассейнде балалар 20 минут бойы жаттыға алады. Жүзуден сабақ беретін Ұлан Қасымовтың айтуынша, жылы су жаттығудан келген балалардың буындарын босатып, қимыл-қозғалысын жылдамдатады. Өкпелерінің де жақсы жұмыс істеуіне көмегі зор. Әртүрлі диагнозбен ауыратын балалардың мүмкіндігіне қарай қозғалуына септігін тигізеді. Талғар тұрғыны Үміт Қарлыбаева мерзімінен бұрын сал болып туған үш жарым жастағы қызы Асылымның осында келгелі біртіндеп қозғалып, сөйлей бастағанын көріп үміт оты оянған. Бір жарым жыл бұрын, яғни екі жарым жасында 6 кг салмақпен келген бүлдіршіннің бойы өсіп, салмағы 10 кг-нан асыпты. Бәрінен бұрын логапет мамандарының арқасында «папа, мама» деп тілі шығып келе жатқаны қуантады дейді ана. Таңертең осында асығатынын, қызы мұнда уақытты тым көңілді өткізетінін айтқан ол ерекше балалар үшін қажетті жағдай жасалып, бар мүмкіндік қарастырылғанына дән риза. Мұндағы мамандардың біліктілігіне көңілі толған ана Асылымның суда жүзгенді ұнататынын айтып, мүлдем қозғала алмаған бауыретінің еңбектеуге ұмытылып жүргенін жоғары көрсеткіш екенін айтып: «Бала деген – бауыр ет. Мейлі олар қандай аурумен туса да, біз үшін бәрінен қымбат. Олардың әр жаңалығын толқумен қабылдаймын. Сау балалар сияқты жүгіріп жүрсе, асыр салып ойнаса арманым болмас еді. Десе де «Әрекет түбі – берекет» демекші, осында келгелі жақсылықтан үміттімін. Балапаным сауығып кетеді деп сенемін. Жаратушымыз еш пендесін баламен сынамасын!» – деп ағынан жарылды.
Екі жарым жастағы Көркемай Мұсаханның әжесі бұрын қаладағы жекеменшік оңалту орталығында болғанын, онда ем-шаралардың тым қымбат екенін, қажетті ем алуға мүмкіндігінің жоқтығын айтып, мұнда бәрі тегін және сапалы қызмет көрсетіп, нәтижесінде немересінің аяғына тұра бастағанына қуанышты. Дәрігерлер аптасына екі рет толық тексерістен өткізсе, Түркиядан келген білікті мамандар мұндағы балаларды бақылап, ақыл-ақыл кеңестерін беріп отырады.
19 жастағы Баршен Увалиева орталық ашылғаннан бері осында ем қабылдап келе жатқанын жеткізді. Бұрын тік тұра алмайтын ару бүгінгі таңда ешкімнің көмегінсіз жүре алады. Таңнан кешке дейінгі уақытын осында өткізетін ол мұнда ағылшын және қазақ тілдерінен сабақ алады екен. Талғар қалалық балалар музыка мектебінде бес жыл бойы домбыра және вокалдан сабақ алған арманшыл қыз болашақта әнші болсам деп армандайды. «Мәскеу» университетінің 3 курсында аудармашы-лингвист мамандығы бойынша білім алып жатқан Баршеннің мұғалім болғысы да келеді. Музыка мектебінде жүргенде республикалық «Айжұлдыз», «Артпоколения», «Жасқанат» сынды байқауларда жұлдызы жанған Баршен «X FACTOR» жобасында да өнер көрсеткісі келеді. Оның шексіз арманға қанат сермеуі мені де бей-жай қалдырмады. Төрт мүшесі түгел болса да, өмірден өз орнын таба алмай, торығып жүрген жандарға үлкен өнеге болатын ару қолынан бәрі келетініне сенімді. Балалық шағы аурухана жағалаумен өтсе де, келешегінің жарқын болатынына еш күмәнданбайтын ол осы уақытқа дейін бар бейнетін арқалап келе жатқан анасына бар алғысын арнады.
Орталықтың массаж жасаушы маманы Жансая Болатова массаждың балалар денсаулығына оң әсері көп екенін айтады. Жаттығу жасар алдында денелерін қыздырып, бұлшық еттерін қозғалысқа келтіретін бұл ем түрі осындағы бар бала үшін аса маңызды. Өйткені сірескен буындарын босатып, тырысқан қол-аяғын жазуға мүмкіндік береді. Ақдала ауылындағы №44 жалпы білім беретін орта метепте енді төртінші сыныпты бітірген Зейнеп Өтегелді түзу жүру үшін массаждың көмегі көп болғанын айтады. Сабағын 4-5-ке оқитын алғыр қыз болашақта дәрігер боламын деп армандайды. Түзу жүруді үйренген соң сәнді киінгісі келетін сәнқой қыз сұлулыққа құштарлығын байқатты. Сабақтан соң осында ем қабылдаған ол келгелі бері денсаулығының да жақсара бастағанына қуанышты. Кішкентай болса да таудай арман арқалап жүрген балапандардың өмірге деген құштарлығы мен өздеріне деген сеніміне тәнті болдым. Логопед-дефектолог Руфина Турганованың айтуынша, аутизм және сал ауруымен ауырған балалардың тілі, тісі, еріні қисайып кететіндіктен, дұрыс сөйлей алмайды, бет пішіні де қалыпты емес. Ал үздіксіз логомассаж алғаннан кейін сөйлей бастаған балалар баршылық. Бастысы ата-анасы жалықпай, үмітін үзбей үздіксіз ізденсе, бар қиындықты бағындыруға болады. Алайда көп адамда осы табандылық пен шыдамдылық жетіспей жататыны өкінішті. Нейропсихолог Аружан Қасымова 9 жасар Расулмен доп ойнай отырып түстерді қалай ажырату керек екенін үйретеді. Құрысқан алақандарды ашу үшін үшін ойыншық сынды құрылғымен жаттығу жасатады. Ал еңбек сабағы балалар үшін бәрінен қызықты. Түрлі-түсті моншақтармен көздің жауын алатын бұйымдар жасап үлкен-кіші жармеңкелерде сатуға қойып, табыс та табады. Балалар жасаған қол сөмке, гүл, хайуанаттардың бейнесіндегі ойыншықтар сұранысқа ие.
Аптасына екі рет болатын ас дайындау сабағы бар. Тәрбиеші апайларымен бірге Талғардағы «Альпина» сауда үйіне барған балалар қажетті азық-түлік сатып алып, өз қолдарымен тамақ жасап үйренеді. Бұл ретте балапандардың жарақаттанып қалмауы басты назарда. Көкөністерді тазалаудан тартып, лағман, манты жасап үйренеді. Жеткіншектерді сауда үйіне ертіп барудың да пайдасы мол екенін айтқан директордың көмекшісі Құралай Мұратқызы: «Балаларды зат сатып алуға ертіп барудағы басты мақсатымыз – сауда жасауды үйрету. Өнімнің пайдалану мерзімі өтіп кеткен жоқ па, қалай ақша үнемдеуге болады, дүкен сөрелерінде самсап тұрған заттардың нақты қайсысы өзіне керек деген сұраққа жауап табамыз. Оларға бұл шаруа қатты ұнайды. Өздерін еркін сезініп, қандай ас әзірлейтінін жоспарлап, қиялдарына ерік береді. Мұның өзі балалардың дамуына оң өзгеріс әкеледі. Бізде арнайы аспаз маманы жоқ, бұл шаруаға орталықоағы 33 маман жауапты. Өзіміз отбасында қандай тағам түрлерін жасасақ оларға да соны үйретеміз. Үйлерінда тамақ жасаған балалардың ата-аналары бұл ісіміздің өнімді болып жатқанын айтып, алғыстарын жаудырады. Апта сайын өтетін қызықты ашық сабақта жеткіншектердің көрсеткен өнері 5, 10, 20 балл бойынша бағаланады. Балл беру арқылы балаларды ынталандыру амалын осындағы мамандар өздері ойлап тапқан. Табандылығы мен талпынысының арқасында берілген тапсырмаларды толық орындап, өзін көрсете алған балалар жоғары баллдың иесі атанады. Ал оны көп жинаған бала ай сайынғы жәрмеңкеде өзі қалаған затын алады. Онда оқу құралдарынан бастап, велосепедке дейін бар.
«АК ЖОЛ-М» қайырымдылық қоры ұсынған заттарды балаларға бірден бере салмай, құлшынысы арқылы қол жеткізетіндей жағдай жасау – өмірде тек талпынған адамның табысқа жете алатынын түсіндіру дейді ұстаздар. «Оларда бізге бәрі тегін келуі керек деген ой болмауы керек. Мұндай ой оларды жалқаулыққа ұрындырып, басқаларға арқа сүйеуге тәуелді етеді. Бұл шара оларды өзіне сенуге баулып, сау адамдар сияқты еңбектенуге жетелейді», – деп балалардың мұндағы тыныс-тіршілігінен сыр шертті.
Жаны жабырқау ата-аналар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға үлкен үміт сыйлап отырған қайырымды жандардың бар болғаны қандай жақсы! Орталық басшысы Раушана Тохтахунованың бастамасымен бой көтерген орталықтың ел игілігі үшін қызмет ете береріне сенімдіміз.
Зорагүл Әбдіқадір