Жас кәсіпкер қолдау тапты

Жас кәсіпкер қолдау тапты

Еңбекшіқазақ ауданы ­Көктөбе-1 ауылының тұрғыны Әділбек Ілияс өткен жылы қыркүйек айында мемлекеттен 1 миллион 200 мың теңге қайтарымсыз грант алып, дәнекерлеу кәсібін қолға алады. Жетісу Заң колледжін қаржыгер мамандығы бойынша тәмамдаған азамат Есік қаласындағы Халық банкте жұмыс істеп жүргенде-ақ осы жұмысы арқылы қосымша табыс тауып отырған. Жастайынан ата-анасына қолғанат болған отбасының тұңғышы әкесіне қолғабыс тигізе жүріп, дәнекерлеу ісіне ден қойғанын айтады.

«Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» демекші, еңбегінің жемісін жеп отырған азамат кәсібін қалай қолға алғаны туралы былай деп баяндады: «Бала кезімнен ағаштан немесе темірден түрлі заттар жасауға бейім болдым. Алайда отбасымда ағаштан ою ойып, темірден түйін түйетін ешкім жоқ. Отбасында жалғыз ұлмын. Артымнан ерген үш қарындасым бар. Үйдің үлкені болғандықтан көп жауапкершілік арқалауыма тура келді. Алғашқы жұмысым отбасымызға керекті тапшан жасаудан басталды. Дәнекерлеуге қажетті аспаптарды сатып алып, өз бетімше жасай бастадым. Маған жол сілтеп, істің ебін үйрететін адам болған жоқ. УouТube-тағы сабақ арқылы алғашқы жұмысым сәтті шықты. Мұны көрген туыс ағам балаларына әткеншек жасап беруімді өтінді. Міне, бұл маған түскен алғашқы тапсырыс болатын. Жасаған әткеншегім де өте әдемі шыққан соң, инстаграмдағы парақшама жүктеп қойдым. Әлем желінің артықшылығы осы ғой, жұмысымды көрген оқырмандарымнан біртіндеп ұсыныс түсе бастады. Бұл кезде Халық банкте жұмыс істеп жүрген болатынмын. Біртіндеп жұмысым алға басып, табысым арта бастаған сон, екі жұмысты қатар алып жүру қиынға соқты. «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» дегендей, банктегі жұмысымнан бас тарттым. Осы кәсіпті қалай дамыту, не істеу керек екенін біртіндеп түсіне бастаған соң, Ресейден 300 мың теңгеге жұмысыма қажетті станок алдырып, өз ісіме бел шеше кірістім. Көптеген құрдас-замандастарым әлем желіде отырып алтындай уақыттарын босқа өткізсе, мен осы желі арқылы табыс табамын. Бір ұстазым: «Сендер әлеуметтік желінің тұтқыны болмаңдар, керсінше сол желіні өздерің үшін табыс табу мақсатында пайдаланыңдар!» – деуші еді. Осы сөздің қаншалықты құнды екенін енді ғана түсінген деймін», – деп ағынан жарылды.


Жұмысы жандана түскен жас кәсіпкер «Бизнес бастау» жобасы арқылы кәсібін көркейту үшін «Атамекен кәсіпкерлікті дамыту» палатасына барып өтініш беріп, керекті құжаттарын жинайды. Бизнес жоспарын жасап, оны сәтті қорғап шыққан талапты жасқа қайтарымсыз грант берілген. Мемлекеттен қолдау тапқан азамат жұмысына қажетті кем-кетікті түгендеп, өрісін кеңейте түсті. Бүгінгі таңда қақпа, әлеуметтік орындарға қажетті орындықтар, қоқыс жәшігі, әткеншек, тапшан сынды көптеген тұрмысқа аса қажетті заттар жасап, айлық табысын 3 миллионға жеткізіп отыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс қабылдайтын ол 4 адамды жұмыспен қамтып, өзі ғана емес, өзгелерге де шарапатын тигізіп келеді. Тәуекелге бел буған жігіт басында өзіне тым сенімді болмағаннын да жасырмады. «Тұтынушылардың көңілінен шыға алмасам қалай болады? Шынымен, бұл жұмысты жалғастырып кете аламын ба? Қолымнан келе ме?» деген күдігін жеңіп шыққан батыл жігіт жасаған бұйымдарын жақтырмаған адам болмағанын айтты. Осыған қарап оның болашаққа деген бағыт-бағдарының айқын екеніне көз жеткіздік.
Мәселен, өткен жылы Түркістан қаласынан тапшанға тапсырыс түссе, Астана қаласынан қатарластыра қоятын ұзын орындықтарға сұраныс келген. Талдықорғанда жаңадан салынып жатқан мектепке қажетті есіктерді де кейіпкеріміз өз қолымен жасапты. Мектеп, балабақша, демалыс орындарнан түскен тапсырыс қомақты табыс әкелетінін жеткізген ол шағын тапсырыс берушілерді де ренжітпейтінін айтады. «Себебі алдына келген әр жұмыс – бала-шағамыздың несібесі», – деген кәсіпкер түрлі мемлекеттік және жекеменшік ұйым­дармен жұмыс істеп, қарапайым халықтың да қажетін ескерусіз қалдырмайды.
Қараша келіп қар жауа бастағанда жұмысының баяулайтынын айт­қан азамат наурыз, сәуір айлары туысымен мұрнына су жептей кететінін жеткізіп, жаз айларында қолындағы 4 жұмысшының өзі аздық ететіндіктен қосымша жұмысшы жалдап, тапсырысты уәделі уақытымен табыстайды. Бір рет тапсырыс бергендер қайта айналып келіп жататын көрінеді.
Жас болса да бас болып, кәсібінен нәсібін таба білген кәсіпкердің болашақта еліміздің әр қаласынан қосымша жұмыс көзін ашсам деген арманы бар. Енді ғана аяққа тұрып келе жатқанда жүрексінген жігіт алда еш күмәнсіз, нық қадаммен табысқа жетеріне бек сенімді.
Кейіпкеріміздің табандылығы мен табысы көп жастарға үлгі болары анық. Біз де өмірден өз орнын таба білген Әділбектің ісіне ілгерілік тілеп, замандастарыңа үлгі болып жүре бер деген тілегімізді білдірдік.
Айта кетейік, «Бастау Бизнес» бағдарламасында азаматтарға кәсіпкерлік негіздерін оқу мүмкіндігі ұсынылады. Бағдарлама аясында жастарға өз ісін ашуға қайтарымсыз гранттар беріледі. Бағдарламаға өтініш бере алатын бір топ — жұмыссыз жастар санаты. 14 күндік онлайн оқу аяқталған соң бағдарламаға қатысушы қорытынды емтиханда сұрақтардың кемі 70%-не дұрыс жауап беріп, курсты өткенін растайтын сертификат алуы керек. Қатысушыға жыл ішінде тек екі рет оқу мүмкіндігі ұсынылады. Сертификат үш жылға жарамды. Бағдарламаға қатысу үшін Business.enbek.kz сайтына өтініш қалдыру керек. Сіз де іс бастап, бағыңызды сынап көріңіз!

Зорагүл Әбдіқадір