«Жайлы мектеп» жобасы бойынша жаңа мектеп салынады

«Жайлы мектеп»  жобасы бойынша жаңа мектеп салынады

– Алғашқы сұрақты Талдыбұлақ ауылына салынатын мектеп мәселесінен бастасақ. Алдыңғы сұқбаттарыңыз­дың бірінде жаңа мектепті салатын жер анықталып жатыр деп едіңіз. Ауыл тұрғындарымен кездесуде де өзекті мәселе ретінде көтерілді. Бұл мәселе қалай шешілетін болды?
– Иә, күн тәртібінен түспей тұрған өте өзекті мәселенің бірі осы. Округ аумағында жалпы білім беретін 4 мектеп бар. Аталған төрт мектепте 422 мұғалім білім беріп,
4 326 оқушы білім алуда. Тұрғындар санының күрт артуына байланысты жаңа мектептің салынуы өзекті мәселелер қатарында. Бар болғаны 320 орынға негізделген №34 орта мектепте биыл 1 400-ден аса оқушы үш ауысымда білім алды. Алдағы оқу жылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында үш ауысымда оқыту мәселесін жою мақсатында 2024 жылы Талдыбұлақ ауылында 600 орындық мектеп салу үшін 111 млн. теңгеге 2,7 га жер телімі сатып алынды. Ол жер ыңғайына қарай ­Талдыбұлақтың жаңа құрылысының аяғынан, Қызылқайрат ауылына жақындау маңнан анықталған. Сол жерге салынады. Мектеп құрылысын салу 2024-2025 жылдарға жоспарланып отыр. Бұл мектептің құжаттары толығымен өткізіліп, «Жайлы мектеп жобасы» негізінде тізімге кірді. Басқа дайын жер болмағандықтан мектеп салуға бөлінген дайын тұрған жерден қол үзіп қалмауымыз керек.
Бірақ оған ауыл тұрғындары қарсылық білдіріп отыр. Олардың айтуынша, жоспарланған мектеп құрылысы салынатын жер алыс. Қызыл Қайрат ауылына жақын орналасқан, сондықтан балалардың барып-келуіне қолайсыздық тудырады деп отыр. Осыған байланысты арыз-шағымдарын да аудандық әкімдікке өткізіп қойды. ­Талдыбұлақта МТФ аталып кеткен қоршалған үлкен аумақ бар. Мектеп сол жерге салынсын дейді. Бірақ бас жоспар бойынша ол жерден мектепке орын қарастырылмаған. Мектеп салу үшін сол жоспарға өзгерту жасауымыз керек. Қазір түйткілді мәселені шешу жолдары қарастырылуда. Мәселе оң шешілсе, ол жерге де жаңадан мектеп салу жолдарын қарастырамыз. Өйткені ауылдың аяғына қоныстанушылар көп болғандықтан, тұрғындар саны күрт артып, тағы бір мектепке деген қажеттілік туындап отыр.
Талбылақтағы№34 мектепке Талғар тасжолының жоғарғы бетіндегі Талдыбұлақ, Шымбұлақ, ­Алтындән ауылдарынан да оқушылар келеді. БАКАД-тың бас жағында жаңа мектеп салынса осы ауылдың балалары сонда білім алатын болады. Нәтижесінде №34 мектептегі оқушы саны да азаяды.
Ал Белбұлақ ауылындағы №10 орта мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін Алматы облысының бірыңғай мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы конкурс өткізіліп, оған тиісінше 929 млн 726 мың теңге қаржы бөлінді. Күрделі жөндеу жұмыстары жақын маңда басталатын болады.
– Белбұлақ ауылдық округіне салынатын мәдениет үйінің жайын тарқатып айтсаңыз.
– Осы уақытқа дейін Белбұлақ ауылдық округінде мәдениет үйі жоқ. Бүгінгі күні мәдениет үйінің құрылысын жүргізу мақсатында 1,1732 га жер телімі бөлініп, мемлекеттік актісі дайындалды. Қаражаттың бөлінуіне қарай құрылысы да басталатын болады. Сонымен қатар алдағы уақытта Талдыбұлақ ауылының кіреберісіндегі 1 га 17 сотық жерге мәдениет үйін және ауыл тұрғындары мен қонақтары демалатын үлкен саябақ салу да қарастырылып отыр.


– Тұрғындар демекші, ауыл тұрғындарының әлеуметтік әлеуетін жақсарту, жұмыспен қамту мақсатында атқарылып жатқан істерге турасына тоқтала кетсеңіз…
– 2023 жылдың 1 тоқсанында округ бойынша – 67 ана «Алтын алқа», 75 «Күміс алқа», 481 көпбалалы отбасы, 1709 зейнеткер, 318 мүгедек, оның ішінде 37 бала, 14 жетім бала тіркелген. Осыған орай жылдың алғашқы тоқсанында Белбұлақ ауылдық округінің 66 отбасына 15,2 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек /АӘК/ тағайындалды. Үйде оқитын 6 мүгедек балаға 165,6 мың теңге, туберкулез ауруына шалдыққан, Ауған соғысына қатысқан 16 азаматқа бір жолғы төлем ретінде 1,5 млн. теңге әлеуметтік жәрдемақы төленді. Оның сыртында жеке кәсіпкерлікті қолдау және жұмыспен қамту мақсатында бірқатар шаруа атқарылды. Мәселен, Белбұлақ ауылдық округі бойынша – 76 кәсіпорын тіркелген, оның ішінде 42 дүкен, 8 мейрамхана, 1 қонақ үй, 6 зауыт оның ішінде «Южный» /косервіленген өнімдер шығаратын зауыт/, «VALDES PREMIUM» /арақ-шарап зауыты/, «Голден Фиш» /үй жануарлар жемдерін шығаратын зауыт/, «Билдинг Строй Групп» ­­­­
/кірпіш зауыты/, «Бетон», «MediCare International» протездік-ортопедия­лық орталығы, 2 жанар жағар май бекеті, 4 дөңгелек жөндеу орталығы, 5 ЖШС оның ішінде, «Софра», «Пластком», «Декор», «Трио», ­«Пластик», 3 дәріхана, 3 көлік жуу бекеті, 5 сән салоны ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуда. Бұл үрдіс алдағы уақытта да үздіксіз жалғасын табады.
– Ал ауыл тірлігінің қайнар көзі егін және мал шаруашылығы екені белгілі. Дегенмен Белбұлақ алып мегаполис Алматыға өте жақын орналасқан ауылдық округ қой… Осыған байланысты ауыл шаруашылығына қаншалықты көңіл бөлінген?
– Қалаға жықын орналасқан округ болғанына қарамастан ауыл шарушылығына айтарлықтай көңіл бөлінеді. Өйткені нәпақасын егін салып, мал бағып тауып отырған тұрғындар жетерлік. Бүгінгі таңда округте 314 шаруа қожалықтары тіркелген. Белбұлақ ауылдық округінде тіркелген есеп бойынша ірі қара мал саны – 3100, жылқы – 1288, қой мен ешкі саны – 10590, 4800 үй құстары бар. Округтегі леуметтік-экономикалық даму бағдарламасына сәйкес 2023 жылы ауылшаруашылық алқабы 1634 гектарды құрайды. Оның – 25,9 гектары егістікке арналған жер болса, 1176,8 га шабындық-жайылым жерлер, ал бау-бақша – 347,9 га, 83,6 га көпжылдық өсімдіктер. Округке қарасты ауылдарда орналасқан ауылшаруашылық құрылымдарына сәуір айында көктемгі дала жұмыс­тарына жеңілдетілген 18 тонна (литрі 202 теңге) дизель отыны алынып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ шаруа қожалықтарға тиесілі 103 гектар жерге дәндік жүгері, 47 гектар жеміс-жидек, 15 гектар көкөніс, 20 гектар бақша, 25 гектар мал азықтық дақылдар егілген.

2023 жылдың 2-ші жартыжылдығына Белбұлақ ауылдық округі Белбұлақ ауылының 8 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуі жоспарлануда, оның ішінде Абылай хан көшесі 650 м, Біржан сал 350 м, Құрманғазы 235 м, Керей хан 781 м, Пушкина 2481 м, Рябича 1443 м, Торомонова 1000 м, Шәкәрім көшесі 530 м. Жалпы ұзындығы 7,470 м. Осы көшелердің жасалуына аудан бюджетінен 220 млн 299 мың тенге қаражат бөлініп отыр.

Белбұлақ ауылдық округінің әкімдігі

– Ауылдар үшін ауыз су мәселесі қай уақытта да өзекті мәіселелер қатарында. Бірлік пен Талдыбұлақ ауылына тартылып жатқан су құбырының жұмысы қашан аяқталады? Жұмыс сапасы қандай дегендей?…
– Белбұлақ ауылдық округінің тұрғындарын ауыз сумен «Нұра топтық су құбыры» мекемесінің Алатау филиалы қамтамасыз етуде. Округтің су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы – 34,3 шақырым. Қазіргі уақытта округ бойынша қолданыста 8 су тарату колонкасы, 4 су резер­вуар, 5 тұндырғыш бар.
«Талғар топталған су тартқышының құрылысы және қайта жаңғырту» бағдарламасы аясында «Ақ жол» ЖШС мекемесімен Белбұлақ ауылында 2018 жылдан бастап ­республикалық бюджеттен 524 млн 760 мың теңге бөлініп, жаңа су құбырларын тарту жұмыстары жүргізілді. Жұмыс барысында 51 шақырым жаңа су құбырлары тартылды. Бүгінде Белбұлақ ауылында абоненттерді жаңа су құбырларына қосу жұмыстары жүргізілуде.
Ал 2022 жылдың қазан айында Талдыбұлақ ауылында 24 шақырым, Бірлік ауылында 18 шақырым жаңа су құбырларын тарту жұмыстары басталған. Бұйыртса бұл жұмысты міндетіне алған «Мелиоратор» ЖШС мекемесі осы жылдың қазан айында қолданысқа береді. Атқарылған жұмыстың сапасын алдағы уақытта салынған құбырмен су жібергенде көретін боламыз. Бірақ жұмыс өз ретімен жүріп жатыр деуге болады.
– «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» дегендей, қазір халықты алаңдатып отырған мәселенің бірі – қаңғыбас иттер. Ертелі-кеш көшее жүру қиындап кетті. Топ-тобымен жүреді. Тіпті шешімін толық таппайтын мәселеге айналды деуге болады. Осы мақсатта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Рас, бұл өте өзекті мәселеге айналды. Қазір қоғамда көтеріліп жатқан жануарларды қорғау мәселесіне қатысты қаңғыбас иттерге да албаты тисуге болмайтын болды ғой. Қаңғыбас иттердің көбі тұрғындардың байлаусыз жіберген, ие болмаған өз иттері. Талғар бойынша ит аулайтын жалғыз бригада жұмыс істейді. Олардың айтуынша, адам өміріне қауіпті жұмыс болғандықтан жұмысшы саны жетіспейді. Биыл қабылданған жаңа заңдға байланысты иттерді атуға, дәрі арқылы улауға да рұқсат етілмейді екен. Тек қуалап жүріп тірідей ұстап, көбею мүмкіндігінен айырған соң, қайтадан әкеп тастайтын көрінеді. Алайда ол иттердің адамдарға шабуылдамайтынына, қаппайтынына кепілдік бола алмайды ғой. Дегенмен 2023 жылдың 1 тоқсанында округ бойынша «Талғар ауданы ветеринариялық станциясы» мекемесімен 80 ит ауланды. Бірақ одан олардың саны азайып жатқан жоқ. Өйткені көктемгі маусымда олардың еселеніп көбейетінін ескерсек, бұл ретте ауданға қарасты жалғыз ветстанция мекемесінің жұмысшылары барлығына үлгере бермейді. Иттердің көбейгені сонша күре жолдың бойын­да жол апатына себеп болатындары да аз емес. Сондықтан бұл қай жерде болмасын өзекті күйінде қалып отырған үлкен мәселе деуге болады.
– Халық бар жерде мәселе түрленіп, талап көбейетіні түсінікті жайт. Дегенмен ескі елді мекендермен салыстырғанда әсіресе жаңа құрылыс аумақтарының тұрғындары тарапынан түсетін әлеуметтік мәселелерге қатыс­ты шағым көп. Бәрін шешу мүмкін бе? Әркімдікі секілді әкімнің де айтары бар шығар…
– Әрине естір құлақ болса айтылмай жатқан ештеңе жоқ. Адам бар жерде әлеуметтік және тұрмыстық мәселелердің таусылмайтыны анық. Бірақ көбі жаңа құрылыс аумақтарына байланысты. Өйткені оларда бұған дейін инфрақұрылымдық жүйелер болмағандықтан, бұл – заңдылық. Бұл ескі елдімекендерде ешқандай мәселе жоқ дегенді білдірмейді. Барлық ауылдар жылдан жылға кеңейіп барады. Осыған сәйкес халық саны күрт артып, жолдың, судың, газдың мәселесі алға шықты. Барлығы жоспар бойынша іске асырылады. Бір күнде емес, біртіндеп шешілетін мәселелер бар екенін тұрғындардың көбі ескере бермейді. Халық талап-тілектері бірден орындала қалса деп ойлайды. Егер барлық шаруаның шешімі тек менің қолымда болса, ешкімді ренжітпес едім. Алайда әр істің атқарылар өз кезеңі болады. Оған уақыт пен қаражат керек дегендей…
– Округтегі қоғамдық тәртіпті сақтау шаралары туралы не айтасыз?
– Бүгінгі күні тірек пунктінің құрылысын жүргізу мақсатында Белбұлақ ауылында 0,08 га жер телімі бөлініп, тұрақты жер пайдалану құқығын беретін актісі (гос.акт) дайындалды.
Округтің тыныштығын сақтау мақсатында округте 3 полиция қыз­меткері жұмыс атқаруда. Жыл басынан бері бұрын сотталған 8 азамат құқық бұзған, 6 маскүнем, 2 нашақор азамат тіркелді. Жалпы тіркелген қылмыстың саны – 28 болса, оның 19-ы ашылып, қылмыстық іс қозғалды. Ал 37 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл да көңіл көншітерлік көрсеткіш емес. Ойланатын, ойға алатын жайттар көп. Осыған байланысты халық арасында ұрлық, тәртіпсіздік пен ұсақ құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында домофон, бейнебақылау орнату туралы насихат жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, заңды тұлғалар да өз ғимараттарына бейнебақылау орнату туралы ескертіліп, бейнебақылаулар орнатылған.
– Сұқбатыңыз үшін рақмет. Ел игілігі үшін атқарылар істер аз болмасын!

Сұқбаттасқан
Жанбота Сұлтанмұратқызы