Халықаралық медбикелер күнінде ауданымызға қарасты емханалардағы үздік медбикелер адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалға арашашы болғаны үшін Алғыс хаттармен марапатталды. Біз осындай мейірімді медбикелер арасынан ерекше жанды тілге тиек етпекпіз. Кейіпкеріміз – Ақтас ауылында учаскелік ауруханада фельдшер болып жұмыс істейтін Әлихан Садуев.
1996 жылы Алматы қаласында өмірге келгенімен, Талғар топыарағына аунап өскен Әлихан бала кезінен оқуда зерек, ұқыптылығымен ақылды бала атанған. Әкесінің қолғнаты бола жүріп, анасының да жәрдеміне жараған ол қайырымдылығымен де өз ортасына сыйымды. Бойындағы бар жақсы қасиетін анамнан алдым дейтін жас жігіт ақ қалатты абзал жан атануына да сол қамқоршысының себеп болғанын айтады. Өз кәсібін сүйетін Әлихан бала жасынан дәрігер болсам деп армандапты. Асыл арманынан көз жазбаған ол 2012 жылы Талғар қаласындағы Жоғары медицина колледжіне оқуға түседі. Жаны сүйген кәсібін жанын сала оқыған Әлихан колледжді үздік нәтижемен бітіреді. Қызығы мен шыжығы таусылмайтын студенттік ғұмырдың тәтті шақтарын еске алған ол: «Студенттік шақ ең тамаша кез екен. Әр саладан бас қосқан армандастар бір үйдің баласындай болдық. Адам өмірін құтқару аса жауапты жұмыс екенін жақсы білетінбіз. Анатомия сабағы бәрімізге қатты ұнайтын. Әзіл-қалжыңымыз да мамандығымыз төңірегінде болатын. Сол әдемі шақ көзді ашып-жұмғанша өте шығыпты. Бүгігі таңда бәріміз өз мамандығымыз бойынша еңбек етіп жатырмыз. Жедел жәрдем арқылы науққастарға көмекке барған кезде ауыр жағдайда жатқан науқасты көргенде әбіржіп қалатынымыз рас. Алайда ең бастысы дер кезінде керекті ем-дом жасай білу керек. Көбінде ыстығы көтеріліп жатқан балаларға жедел көмекке барамыз. Жанын қоярға жер таппаған аналары бар үмітін бізге артады. Дәл сол кезде өз мамандығымның қаншалықты жауапты әрі даңқты екенін ағарамын. Дәрігер – ажалсызға арашашы ғана, құдай емес. Кейде қайтсем құтқарып қалам деп жанталасқан жандардың өзі кінәлі болып жатады. Мұндай жағдайды көзіммен көргенмін. Алайда бар кінә дәрігердің біліксіздігінен болса, онда кешірім жоқ», – деген ол отандық медицинамыздың дамуы көңіл көншітерлік деңгейде екенін атап өтті.
Ақтас ауылындағы ауруханада іс-тәжірибеден өткен А. Садуев осында жұмысқа орналасады. Бүгінгі таңда 700-ге жуық ересек пен балаларға және жүкті әйелдерге қызмет көрсетеді. Ем іздеп келген адамдарды алғашқы тіркеуден бастап, тіркеуде тұратын науқастарға берілетін тегін дәрі-дәрмегін дайындау, келе алмайтын қарттардікін үйіне жеткізу, еңбекке жарамсыз деген парақты дайындау сынды жұмыстың барлығын бір өзі атқарады. Өз кәсібіне адал азамат жұмыс істеген сайын, білмегенімді білген сайын шабыттана түсемін дейді. Қысқа ғана уақыт ішінде кәсіби біліктілігінің артуына себепші болған аурухананың бас дәрігері Мадина Әскерқызына дән риза. Әр жолы білмегенін сабырмен үйретіп, кәсіби тәжірибесімен бөлісіп отыратын кең пейіл жанды өзіне үлгі тұтады. Өнерін ғана емес, өмірдің де шындығын үйретіп, ақыл –кеңесін аямаған жанның өз анасындай болып кеткенін жасырмады. Берекелі ұжымның да бергені мол болыпты. М. Әскерқызы Алиханның табандылығына, белсенділігіне тәнті. Бар шаруасын шын пейілімен атқаратын жас жігіттің алар асуы биік екенінне сенімді. Өз шаруасына асқан жауапкершілікпен қарайтын мұндай жастар барда еліміздің ертеңі нұрлы болары анық дейді.
Адам баласының жақсы мінез-құлық қалыптастыруы отбасынан алған тәрбиесіне байланысты екені анық. Осы орайда ел алғысына бөленіп үлгірген Алихан: «Әкем кішкентай кезімнен спортқа баулыды. Енді ойласам спортшы болсын деген сияқты. Қасынан тастамай ертіп жүріп, үй шаруасына да араластыратын. Адамды адам кеткен – еңбек дейді ғой. «Еңбектену адамды мақсатына жеткізеді», – деп отыратын. Ұл бала нағыз ер азаматқа тән мінезді болу керек екенін үйреткен де әкем. Ондағы мақсаты мені табанды, шымыр да, шыныққан қайсар азамат етіп тәрбиелеу болса керек. Жүрегінің жалғыз қуанышын сынағы көп өмірде сүрінбесін дегені шығар. Мен – отбасымның жалғыз баласымын. Сондықтан да ата-анам бар махаббат пен мейірін маған төгетін. Алайда халқымызда «Балаңды аясаң, аяма» деген нақыл бар ғой. Жалғыз балам деп асты-үстіме түсіп, еркіме жүгіре бермейтін. Жауапкершілікті, табандылықты үйретіп, тек қайсар адам ғана әрқандай қыйындықтан өзін-өзі құлағыма құйып өсірді», – деп бала кезін сағынышпен еске алды.
Біз де Алиханның алған бағытынан таймай, болашақта нағыз елін сүйген ер ретінде қарапайым ғана жұмыс орнында жүріп туған елі үшін өшпес үлес қоса беретініне сенімдіміз!
Зорагүл Әбдіқадір