Шалқардың болашағына балта шапқан кім?

Шалқардың болашағына балта шапқан кім?

«Бүгінде жалпы білім беретін 7 014 мектептің 128-і үш ауысыммен жұмыс істейді. 31 мектеп апаттық жағдайда. 2019-2020 жылдар аралығында үш ауысымды оқытуды жойып, апаттық мектептерді алмастыру үшін республикалық бюджет есебінен 35 мектеп салынады. Тәуелсіздік жылдарында ­­ 1 198 мектеп салынған. Біз демографиялық тенденцияларды ескере отырып, мектептер салу және жаңғырту ісін әрі қарай да жалғас­тырамыз».

Ел президентінің осы сөзінен соң артынша «Жайлы мектеп жобасы» жасалып, ашық ақпарат көздерінде ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың: «Біздің басты міндетіміз – балабақшадан бастап, білім берудің барлық деңгейлерінде халықтың сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 2021-ші жылдан бері 674 балабақша ашылды. 326 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 1436 мектеп жаңғыртылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленіп жатыр. Осы жоба аясында 2025 жылға дейін жаңа құрылыс стандарттары бойынша 840 мың орын беретін мектеп салу көзделген», – пікірі жарияланған.
Осыған қарамастан Қарасай ауданының Шалқар ауылындағы мектептің сатылып кетуі «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегенге саяды. Бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларында жазба жазып, бейне түсіріліммен бөліскен Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай мәлімдеді. Қарасай ауданы әкімдігінің бұл қылығына қапалы депутат өткен аптада ғана осы өңірден келгенін тілге тиек етіп, көз жеткізген сұмдықтың бетін ашты. Мәжіліс отырысында мәлімдегеніндей, Қарасай ауданына қарасты Шалқар ауылындағы мектептің бар болғаны 15 миллион теңге сатылып, одан ары қолдан қолға өтіп кеткенін де атап өтті.
«Сіздерге бір сұмдықты айтайын. Біз қазір бар мектептің өзін сатып жатырмыз. Алматы облысы Қарасай ауданы Шалқар ауылында Ломоносов атындағы 250 балаға арналған орта мектеп болған. Соңғы жылдары толығымен капиталды ремонт жасалды. Жаңадан спорт залын салып берді. Ауыл балалары қуанып жүргенде, сол ауылдың мектебін жекенің қолына сатып жіберген. Кім сатады? Әрине, әкімдіктен басқа кім сатады? Ол біреуден алған, 15 млн теңгеге сатқан, одан тізбектеліп әрі қарай 80 млн теңгеге басқа біреуге сатқан. Бұл мәселені прокуратураға айтып, қайда қарап отырғанын сұрадым. Олар шамамыз келмейді, сот шағымымызды қабылдамайды деп отыр? – деді мәжіліс депутаты.
Қолдан қолға өтіп сатылымда жүрген бұл мектептің жайына алаңдаған халықтың қарасы көп және «сатылмаған не қалды?» деген сынды жанайқайдан құлақ тұнып, көз сүрінеді.
Алматы облысының әкіміне аталған мектепті 2 айдың ішінде мемлекетке қайтаруға уақыт берген М.Толықбай: «Ауылдағы құлайын деп тұрған үйдің өзі 17 млн теңге тұрады. Бұл сұмдық нәрсе ғой. Бір үлкен мектепті 15 млн теңгеге сатып жіберу деген. Алматы облысының әкімі бұл қай әкім тұсында, қалай сатылғанын анықтау оңай, бәрін біліп отырмыз. Тез арада қайтарыңыздар. Әйтпесе бүкіл фамилияның соңына жетем, екі ай уақыт береміз», – деп мәселені төтесінен қойды.


Осыдан соң іле-шала кейін журналист Диас Нұрақын мектептің қалай қай кезде, кімге сатылып кеткені туралы құжаттарды әлеуметтік желідегі парақшасына шығарды. Ондағы жазбада былай делінген: «Алматы облысындағы 15 миллион теңгеге сатылған мектепті кім сатқаны, кімнің сатып алғаны бәріңізге қызық шығар иә?
Онда төмендегі құжаттарға үңіліп көріңіз.
Аумағы 75 сотық, жалпы ауданы 1585 шаршы метр болатын даңғарадай ғимарат расымен небәрі 15 млн 224 мың теңгеге сатылыпты. Сатып алушының арманы жоқ шығар. Мынадай ақшаға тауыққора тұрғыза алмайсың ғой мына заманда. Аудан әкімі сатылсын деген қаулы шығарып берген екен. Білім бөлімінің басшылары комиссия құрамында болыпты.
Мақсат Толықбай көтерген мәселені тереңдеп қазсаң, талай дөкейдің арты ашылайын деп тұр. Екі айдың ішінде мектеп мемлекет меншігіне өтеді деп сенемін!»
Журналист ­­­­
Д. Нұрақын бөліскен түбіртекте сатушы мен сатып алушының есепшоттары анық көрсетіліп, олардың кім екені де анық жазылған. Аталған мектепті сатып алып, төлем жасаған адамның аты-жөні Шерхан ­Әлібекұлы деп көрсетілген. Құжаттағы төлем жасаушының ЖСН нөміріне қарағанда, азаматтың 1998 жылы туғанын көруге болады. Ал мемлекеттік нысанды сатушы ретінде Қарасай тұрғын үй құрылысы деген компания жазылған. Қарасай ауданы әкімі міндетін атқарушы Ж.Тәжиев шығарған 2018 жылғы №63 қаулыда бірнеше заң тармақт ары көрсетіліп, осыған сәйкес: «Қарасай тұрғын үй құрылысы ЖШС-ның теңгерімінде тұрған Қарасай ауданы Шалқар ауылы Абай көшесі 9 үй мекенжайында бос тұрған ғимаратты және алаңы 0,7500 га болатын жер учаскеісн сату мәселесі заңда белгіленген тәртіпке сәйкес сатылуға келісілсін», – делінген.
Қаулының жүзеге асырылуына әкімнің орынбасары Н. Сатубеков деген жауапты болған. «Банк ЦентрКредит» банкі арқылы жасалған төлем түбіртегін жасаған менеджер Ирина Анатольевна деп тұр.
Мына қызықты қараңыз, «Қабылдап алу-өткізіп беру актсінде» білім ошағының ғимаратын кәсіпкерге өткізіп беруге келіскен және қабылдаған комиссияның құрамында Қарасай ауданы білім бөлімінің басшысы Г. Т. Такимова, аудандық білім бөлімінің бас есепшісі Г. С. Шалапанова мен Қарасай тұрғын үй құрылысы ЖШС-інің директоры Б. Б. Балтабековтің аты-жөні жазылған.
Болашақтың тамырана балта шапқандардың қылығына күйінген жұрт арасында елдің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтап жүрген журналист Оңғар Қабден де бар. «Алматы облысының әкімдігі! Қарасай ауданы, Шалқар ауылында 7 мыңға жуық адам тұрады. Ауылда не балабақша жоқ, не медпункт жоқ дейді тұрғындар.
250 балаға арналған мектепті 2018 жылы 15 миллион теңгеге сатып жіберген. Ал бұл ауылда құлағалы тұрған үйдің өзінің бағасы он миллионнан жоғары! Ол мектепті неге балабақша жасамасқа? Бір бөлмесін неге медпунктке айналдырмасқа? Он бес миллион теңгеге сатып жіберіп, енді қайтадан 450 миллион теңгеге сатып алыңдар депті.
Алматы облысының әкімдігі болса Қапшағайда шар ұшырудан фестиваль өткіземіз деп, 183 миллионның басына су құйып, той тойлаудан аса алмай жүр», – деген пікір білдірген. Журналист жазбасына Диас Нұрақын: «Масқара. Менде 900 млн теңгеге жақында ғана күрделі жөндеу жасалған аурухана ғимаратын сатып жіберді деген ақпарат бар. Ол да Алматы облысында. Түбін қазып нақтылайын сосын жазамын бәрін», – дегенде жазба қалдырған. Осыған қарағанда «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, Қарасай ауданындағы қызықтың көкесі әлі алда болса керек. ­Қалдыгүл Сыдықова: «Ол ауылда оқитын бала жоқ па? Балалар қайда барып оқиды. Әкімі бір мықты туысына арқа сүйеп отыр ғой, мұндай заңсыздыққа барса. Автономиялық аудан ба,мемлекеттің заңына бағынбайтын? Әкімдерге қатысты заң қабылдау керек. Заңсыздық тар әкімдіктер тарапынан белең алып барады», деген жанайқайын жеткізген. «Жер астынан жік шықты, қос құлағы тік шықты» деген осы болар, сірә.
Айта кетейік, Қарасай ауданы білім бөлімінің мәліметінше, бүгінгі күнге де­йін аудан бойынша 51 мектеп балаларға білім береді.

Жанбота Сұлтанмұратқызы