Талғар қалалық жалпы білім беретін Ыбырай Алтынсарин атындағы №49 мектепте «Самғатқан сан қыранды алтын ұям!» атты 30 жылдық мерейтойына арналған мерекелік шара өтті. Оған мектептің 1996-97 жылы бітірген алғашқы түлектерімен қатар алтын ұясымен қоштасқалы отырған 32 түлек, шәкірттер мен мұғалімдер, ардагер ұстаздар қатысты.
Мерейлі мерекемен құттықтаған мектеп директоры Алмаш Алдибекова: «90-шы жылдары Талғар қаласында тек екі қазақ мектебі (№2, №9) болған. Үшінші болып 1993 жылдың қыркүйек айында Ы. Алтынсарин көшесіндегі балабақша ғимаратында өз жұмысын бастаған білім ордасы тек қазақ тілінде білім берді. Ал 2022 жылдың қаңтар айынан бастап 30 жылдық тарихы бар мектебіміз Ыбырай Алтынсарин атындағы №49 мектеп болып аталды. Осы жылдар аралығында 718 түлекті ұясынан ұшырдық. 30 жыл ішінде 22 оқушы «Алтын белгі», 37 оқушы үздік аттестат иегері атанса, биыл бес оқушы «Алтын белгі», алты оқушы үздік аттестат иесі атанып отыр. Бұл ретте саналы шәкіттерді баптап бәйгеге қосқан ұстаздардың еңбегі ұшан-теңіз. Ұлт болашағына өлшеусіз үлес қосып, ел ертеңіне тұтқа болар азаматтарды тәрбиелеп отырған мектебіміздің алар асуы, шығар шыңы биік боларына сенемін!» – деп сенім білдірді.
Аталған оқу орнының іргетасын қалап, 1993-2008 жылдар аралығында ұжымды басқарған ардагер ұстаз, ҚР президентінің құрмет грамотасының иегері Елизавета Рахимбекова: «Бұл мектептің ашылуына ауданымыздағы көптеген ұлтжанды азаматтар атсалысты. №6 мектептен қазақша оқығысы келетін 200 оқушы, он мұғалім бөлініп шықты. Барлығы 50 парта болды. Сыры кетіп, сынып тұрған, жоқтан жоғары парталардың бар болғанына қуандық. Жоқ затты үйден тасып, мектепке тиесілі көмірді ұрламасын деп мұғалімдер күндіз сабақ берсе, түнде көмір күзеткен кезіміз болды», – деп қиын күндерді еске алып, мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан атақты түлектер туралы есте қалған қызықты оқиғаларды баяндап, шәкірттерімен мақтанатынын да жеткізді. Сондай-ақ «Адам мен адамды, халық пен халықты теңестіретін нәрсе – білім» деген аталы сөзге тоқталған ол білімді ұрпақ ел ертеңі екенін атап өтті. Үлкен өмірге енді қадам басқалы отырған түлектердің қадамына сәттілік тілеп, алдағы білім бәйгесінде оза шабуына тілектестік білдірді.
Шара барысында осы метептің атақты түлектері де төрден орын, мінберден сөз алды. 2014 жылы Алматыда өткен ересектер арасындағы жарыста Әлем чемпионы атанған Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, қазіргі кезде облыстық тренерлер басшылығында жұмыс атқаратын Жасұлан Қыдырбаев қам-қайғысыз балалық шағын еске алды.
Ал Бесағаш мәдениет үйінің директоры Айбар Серкебаев жастайынан өнерге баулыған ұстаздарының арқасында «Каспий» тобының беделді мүшесі болып, өнерде де, өмірде де жұлдызы жанып жүргенін айтып, алғысын әнмен жеткізді. Алматы облысы прокуратурасының аға прокуроры, кіші әділет кеңесшісі Сағадат Оспанов, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD докторант – Гүлназ Нәбиева, Алматы облысының 7-8 жыл қатарынан самбо күресінен аға жаттықтырушысы, 10 шақты халықаралық дәрежедегі, 50 шақты спорт шеберлерін, Азия және әлем жеңімпаздарын дайындаған, бүгінде Абай атындағы ҚазПҰУ-нің спорт және туризм бөлімінің аға жаттықтырушысы Жомарт Сағындықов, Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Сағындық Бекбосынов адамдық пен адалдықты, ұлтын сүю мен адал қызмет етуді үйреткені үшін жаны жайсаң ұстаздарына «Армандастар» әнімен алғысын білдірді. Шара соңында өмірден озған ардагер ұстаздар мен түлектердің рухына арнап құран оқылып, дұға бағышталды. Мектептің өнерлі оқушылары ән мен жырдан шашу шашып мерекенің көркін келтірді.
Зорагүл Әбдіқадір