Автобус тоқтамайтын аялдаманың не керегі бар?

Автобус тоқтамайтын аялдаманың не керегі бар?

Аудан әкімі Таңат Есенкелдіұлының Қарабұлақ ауылындағы тұрғындармен кездесуі Панфилов ауылдық округінің әкімі Дулат Маратұлының есеп беру баяндамасымен басталды. Осы уақытқа дейін әкімшілік тарапынан атқарылған істерді тілге тиек еткен баяндамада жылдық бюджеттің жұмсалуы мен округтегі жол, ауыз су, газ, жарық, білім беру мәселелері бойынша алда атқарылатын істердің жоспары таныстырылды. Аудан әкімшілігінің атқамінерлері қатысқан бұл жиында сала мамандары тұрғындарды толғандырған сұрақтарға да жауап берді.

Қарабұлақ ауылының тұрғыны әрі округ белсендісі Тұрсынбай Мамбетуллаев: «Қарабұлақ ауылында 300-ден астам отбасы мекендейді. Біздегі бірінші мәселе – ауыз су мәселесі. Жаңадан салынған көшелер бар. Солардың бірі – Құрманғазы көшесі. Былтырғы жылы осы көшеге бұрынғы аудан әкімі Қайдар Әлиханұлының бастауымен ені 7 м, ұзындығы 1,5 шақырым болатын сапалы тас жол төселген. Екі айдан соң жекеменшік «Бақыт Су» мекемесі жолдың шетін қазып су тартты да, жұмысын қалай болса, солай істеп, жолымыздың быт-шытын шығарды. Оның үстіне құбырларды бар болғаны 40 см тереңдікке тастап шала-пұла жаба салды. Ал қыста тұрғындар су қатып қалғандықтан қайда барарын білмей сандалып қалды. Ал жазда ол судың сапасы өте төмен. Неге олар жұмысын сапасыз атқарады? Сосын бізден басқа төрт көшенің тұрғыны көшелеріне өз қаражатымен асфальт төседі. Бірақ үкімет істеп бергендей емес сапасыз болғандықтан ол да бүлініп жатыр», – деп тіршілік нәрінен тапшылық көрген тұрғындардың базынасын жеткізді.
Осыған байланысты жауап берген аудан әкімінің орынбасары Оразхан Қаспақбаев: «Бұл мәселе бойынша тұрғындар талабын білеміз. «Бақыт Су» мекемесінің жауапсыздығынан туындаған мәселе. Олар кезінде КТК телеарнасын да шақырған. Жайлап айт­қанда, өте ұятсыз жігіттер. Алдына ауылдың бірнеше үлкен адамдарын алдына салды да, айқай-шу көтерді. Тіпті төбелесуге дейін барғанбыз. Олар өздеріне тиесілі кепіл хат, ЖКХ тарапынан ешқандай құжат т.б. жасаған жоқ. Аталған мекемеден ешкім жұмысты қабылдап алған жоқ. Өз білгендерін істеп жүр. Сондықтан бұл мәселеде ауыл тұрғындарының да кінәсі бар», – деп уақытында шешілетін мәселеге кейбір тұрғындардың өздері кедергі болатынын ашық айтты.


«Ал мектептің қасындағы қураған ағаштарды отау мәселесі де маңызды болып отыр. Соларды ретке келтіру керек. Өйткені балалар өміріне қауіп туғызуы мүмкін», – деп бірқатар маңызды мәселелерді көтерген белсенді өз бетінше зерттеу жасап, көз жеткізген олқылықтарды да атап өтті. «Жолға арнайы жолақтар жасалып, жаяу жүргіншілерге арналған жол белгілері мен аялдама жасап бергендеріңізге рақмет. Бірақ автобус тоқтамаса ол аялдаманың не керегі бар? Мен №225 автобусқа мініп Табак совхоздан отырып, ­Қарабұлақтағы үйдің қасындағы аялдамадан түсуім керек еді. Жүргізуші тоқтамаймын, кімге барсаң оған бар деп төте шықты. Мәселе бойын­ша округ әкіміне де хабарластым. Қалаға қатынап оқитын балаларымыз бар. Сондықтан осы мәселені қадағаласаңыздар…» – деген маңызды мәселені көтерген Т. Мамбетуллаевқа жол машақатын тартқан халықтың жанайқайы алдағы уақытта назарға алатынын айтқан атқамінерлердің мәселеге қатысты қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін уақыт еншісіне қалдырайық.
Бұл ретте жалпы автобус жүргізушілерінің халықпен қарым-қатынас жасаудағы мәдениетсіздігі туралы бұған дейін де газетіміздің өткен сандарында тілге тиек еткенбіз. Әрине көпке топырақ шашу ойымыз жоқ, дегенмен көп жүргізушінің қалаған жерінен тоқтап, қаламаса өтіп кететіні, жай ғана жөн сұрап, жол бағытын білгісі келетін жолаушыларға жөнді жа­уап бермей, зірк ете қалатыны өтірік емес және үйреншікті әдетке айналған. Сондықтан тұрғындар жанайқайына қосыла отырып, аудандық әкімдік тарапынан аталған мәселеге қатысты арнайы шара қабылдау керек деп есептейміз.
Сондай-ақ күн тәртібінен түспейтін жол мәселесіне қатысты баяндамада келтірілген ақпарат бойынша, «2023 жылы Панфилов ауылы Жамбыл көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 1,9 шақырым жолға қаражат қарас­тырылды. Ашық электронды конкурс нәтижесі бойынша «BCS Construction» ЖШС мердігер мекемесі анықталды.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен Қарабұлақ ауылы Школьная көшесіне орташа жөндеу жұмыстарына 148 млн. теңге қаражат қарастырылды. Ашық электронды конкурс нәтижесі бойынша­«Жетісу Жол Құрылыс» ЖШС мердігер мекемесі анықталды. Бүгінгі күні келісім шарт жасалып, жұмыстар басталады. Панфилов ауылы Жайлау (450 м), Волкова ­(700 м) Аркабай ауылы, ­­­­Л. Хамиди (580 м), Жетісу (840 м) Панфилов ауылы, ­Маметова (560 м), ­Молдагулова (440 м) Каменное Плато ауылының көшелеріне маршруттық тәсілмен ағымды жөндеу жұмыстарына жалпы ұзындығы 3,6 шақырым жолға 99,2 млн.т. бөлінді. «АБЗ Карьер» ЖШС мердігер мекемесі жұмыстарды жақын арада бастайды.
Қосымша Қызылту ауылы Қырбасов, Панфилов ауылы Сералина, Момышұлы, Сырым Датұлы, Түзусай ауылы көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге ЖСҚ (жобалық сметалық құжат) дайын. Қажет ететін қаражат 226 млн теңге Алматы облысы жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім берілді» – ақпар берген Д.Маратұлы: «Панфилов ауылының ауыз су жүйесін қайта жаңғырту және салу жұмыстарына жоба әзірленуде. Жоба құны 47 млн теңгені құрайды. Жобалаушы мекеме – «Шымкент Каспий жағалау құрылыс басқармасы» ЖШС.


Қызылту ауылының ауыз су жүйе­сін қайта жаңғырту және салу жұмыс­тарына жоба әзірленуде. Жоба құны 34,2 млн теңгені құрайды. Жобалаушы мекеме – «Redline Pro» ЖШС. 2020 жылдан бері ­Қарабұлақ ауылының су жүйесін қайта жаңғырту және салу жұмыстарына жоба әзірленуде. Жобаның құны 11,9 млн теңге. ­Жобалаушы мекеме «Водоканал­-­­консалтинг, инженеринг» ЖШС. Бүгінгі күнге ­«Алматы су» мекемесінен су жүйесіне қосылуға техникалық ерекшеліктер ала алмауына байланысты жұмыстары тоқтап тұр. 6 мәрте кері қайтарылды. «Төңкеріс ауылының сумен жабдықтау жүйесін қайта құру және салу» ЖСҚ әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жобалаушы ұйым «Гидротехник жоба» ЖШС, шарт сомасы – 21,9 млн теңге. Жер учаскесіне құжаттарды рәсімдеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта (жер учаскесіне 1,4 га. «Айршир» ЖШС тарапынан берілді) арналған құжаттар ауданның жер комиссиясының қарауында жатыр», – деген ауыл әкімінің айтуынша, ­Қарабұлақ ауылының кәріз жү­йесін салуға 52,6 млн теңге қаражат бөлінген және мемлекеттік сатып алу электрондық байқау өткізілгеннен кейін, тиісті мекеме айқындалып, осы бағыттағы жұмыстар қолға алынатын көрінеді. «Сонымен қатар ағымдағы жылда Панфилов ауылының 8-март, ­Б.­Момышұлы, Бейбітшілік, ­Құлжа, ­­­­Ғабит Мүсірепов көшелеріндегі ағаш бағандар алып, олардың орнына жалпы қуаттылығы СВ-95 болатын 82 бетон бағандар орнатылады. Биылғы жылы газ құбырын тарту жұмыстарына 207 млн теңге бөлініп, «Ремстрой» АҚ қажетті құжат дайын болысымен іске кіріспек».
Жиын барысында аудандық тұрғын үй басқармасының маманы Айбек ­Ақылбекұлына шүйліккен ауыл тұрғыны: «Жекеменшік пәтерлер кооперативінің төрайымы ­Кристина деген азаматша ауадан ақша жасап отыр. Бізге келіп аузына келгенді айтады. Айбек мырза, сіз орныңыздан тұрыңызшы. Алдыңызға қаншама рет бардым. Тіпті қаншама видео да жібердім. Бір де рет жауап берген жоқсыз. Өзіңіз осы ауылда тұрасыз. Ашық жатқан кәріз құбырлары бар. Неге жұмысқа кеткен ата-аналар балаларға алаңдап, мұнда біз балалар соған түсіп кетпесін деп қалтырап-дірілдеп отыруымыз керек? Отыз жылдан бері ашық жатыр…» – деп ашынды. Аталған мәселемен танысқанын айтқан аудан әкімі Т. Айдарбеков: «Бұл мәселе кеше ғана пайда болған жоқ. Отыз жылдан бері бар мәселені бір-екі күнде шешіп тастау мүмкін емес. Оны тексеріп, заңды шешімін шығарып, содан кейін ғана шешілетін мәселе», – деп жауап берді. Бұл ретте ауыл белсенділері тарапынан тұрғындар тарапынан әркім өз үйіне жеке құбыр құдығын қаздырып алуы керек деген ұсыныстар да айтылды.
Осыған байланысты ауыл тұрғыны Төрехан Ыстамжанұлы: «Бұл өткір мәселеге бір байдың қатысы бар. Оған төменгі топ – мына біздердің күшіміз жетпей отыр. Ешқандай құжаты жоқ. Заңсыз жасап алған. Әдейі ашық ағңызып отыр. Осыған шара қолданыңыздар. Бұл мәселенің көтерілгеніне көп болды. Ол қайдан шыққан адам? Сіз халыққа қызмет еткеніңіз үшін айлық алып отырсыз. Тыңдап, мәселені шешуіңіз керек. Істің басы-қасында жүруге тиісті мамандарыңыз дұрыс қызмет істеп жатқан жоқ. Сондықтан аудан немесе ауыл әкімі жаман, әкім жұмыс істемейді деген сөз шығады. Сол үшін сіздерден өтініп сұрайтыным жұмысқа жауапты адамдарды алып, жауапсыздарды жауапқа тартыңыздар», – деп көптің көкейінде жүрген келелі мәселе туралы шындықты ашып айтты. Жаңадан көшіп келіп тұрақтап жатқан тұрғындардың салған үйін заңсыз деп шуылдайтын жергілікті тұрғындардың орынсыз жаласына тосқауыл қойып, көшіп келушілердің басым көпшілігі жастар екенін айтқан ақсақал олардың жері мен үйін заңдастырып беру керек деген мәселені де көтеріп, сапасыз тұзды су ішіп отырған тұрғындардың мәселесін шұғыл шешу керек екенін де айрықша атап өтті.
«Бізде не арық, не бау-бақша суаратын арық суы жоқ. Бұрынғы арықтың үстіне тұшпара цехын салып алған қожайынның бізде шаруасы жоқ», – деген тұрғын Илия Ивановна ала жаздай бау-бақша өнімдерін суара алмай қиналатын халыққа арық тартып беріңіздер деген талап қойды.
Сондай-ақ Төңкеріс ауылына қатынайтын қоғамдық көілктің жоқты, ондағы тұрғындардың амалсыздан қалтасын қағып такси жалдауға мәжбүр екендігі де айтылған бұл жиында аудан авто жол басқармасының басшысы Асхат Досжанов: ­«Төңкеріс, Қарабұлақ ауылдарында автобус мәселелері бар. Қазір оны Алматы қалалық басқармаларға айтып жатырмыз. Жоба жасалып жатыр. Өтінім берілді. Олар тасымалдау сызбасын бізге жіберді. Егер оларға субсидия берілсе Төңкеріс, Еламан, ­Тереңқара, Жалғамыс бағыттары да іске қосылады», – деген уәж айтты. Сонымен қатар ауылдық округке қарасты мәдениет үйінің мәселесін төңірегіндегі артық-ауыс алыпқашпа сөзге нүкте қойылып, оның аудандық әкімдік қарамағында екенін Талғар ауданы әкімінің орынбасары ­ О. ­Қаспақбаев пен Ішкі саясат, тілдерді дамыту, мәдениет және спорт бөлімінің жетекшісі Фарида ­Мамырбекова да растады.
Көптеген түйткілді мәселелердің түйінін тарқату уақыт еншісінде дегенмен, атқамінерлердің де мәселеден дер кезінде құлағдар болып, шешу жолдарын қарастырғаны абзал. Бірақ бұл округтегі мәселелерден аудан әкімдігінің жауапты мамандары хабарсыз дегенді білдірмесе керек. Сондықтан қай уақытта болмасын мәселенің мәніне жете үңіліп, жіті тексеріп, мәсіленің ортақ мәмілемен шешілгені қай тарапқа болса да тиімді болатынын ескерген жөн.

Жанбота Сұлтанмұратқызы