Маусым айының басында Түзусай ауылының тұрғындарымен кездескен аудан әкімі Таңат Айдарбеков ауылдың түйткілді мәселелерімен танысып, сала мамандарына тиісті тапсырмалар жүктеген. Бұл туралы аудандық баспасөз қызметінің хатшысы Қуаныш Жұманғазыұлы хабарлады. Онда Түзусай тұрғындарының бірқатар маңызды мәселелерді көтергені және тиісінше аудан әкімінің жауапты тұлғаларға шұғыл тапсырмалар бергені айтылып: «Олардың қатарында Түзусай ауылына кіре беріс жол мәселесі де бар. Жол өте тар, кеңейтіп, жаяу жүргіншілер тротуарын төсеу қажет. Жер мәселесі шешілгеннен кейін демеуші тарапынан тротуар төсеу жұмыстарын жүргізілетін болады.
С. Датұлы көшесінде орналасқан жол жиегіндегі көпірді кеңейту туралы тапсырма берілді. Себебі тұрғындардың айтуынша, көпірдің тарлығынан 1 көлік өткенде адам өте алмайды. Аталған мәселе бойынша жобалық сметалық құжаттама дайындалып, 05.04.2023 жылы бюджеттік өтінім берілді. Қаражаттың бөлінуіне қарай жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ су құбыры желісі ескірген. Жазғы уақытта су қысымы төмендеп, су құбырлары жиі жарылады. Ауыл орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Ауыз сумен қамтамасыз етумен «Алматы су» ЖШС айналысады. Су құбыры желілерінің ұзындығы 4,8 км құрайды. Бұл түйткілді мәселелер тізіміне енгізілген. ЖСҚ даярлауға қаржы сұратылған», – делінген.
Округ әкімдігі берген мәліметке жүгінсек, кездесу барысында өзін-өзі жұмыспен қамтушы Райхан Дальмаганбетов: «1. Түзусай ауылында 12 көше бар. Бірде бір көшеге асфальт төселмеген. Ең құрығанда орталық С. Датұлы көшесіне қашан асфальт төсеп бересіздер? 2. Ауылға кіре беріс жол өте тар, жаяу жүргіншілерге тротуар қашан салынады?» – деген мәселені алға тартқан. Шенеуніктер тарапынан: «Аталған көшеге асфальт төсеу үшін жобалық сметалық құжаттамасы дайын, алдағы өтетін мәслихатта қарастыратын боламыз. Тротуар салу үшін сұралып отырған жерлер – «Байсерке Агро» ЖШС-нің жерлері. Сол мекеменің өкілімен келіссөздер жүргізудеміз, егер олар сұратылып отырған жерлерден өз еркілерімен бас тартса, онда заң негізінде әкімшіліктің балансына алып, тротуар салуға қаражат сұрайтын боламыз.
Қарама-қарсы орналасқан «Эксклюзив» ЖШС-ның жері. Онда болашақта 3 қабатты үйлер салу жоспарланған. Серіктестік өкілдері өздерінің құрылысы біткеннен кейін демеуші ретінде тротуар салып береміз деген. Оларды да шақырып, жолды кеңейту үшін қоршауларын артқа тарту керектігін сөйлесеміз», – деген жауап беріліп, тұрғындардың балалар алаңы мен көше жарықтарына қатысты сұрақтарына қажетті қаражаттың сұратылып жатқанын, ал көшелерді жарықтандыру бойынша мердігер ұйымның жақын арада жұмысты бастайтынын жеткізген.
Сырым Датұлы көшесіндегі тар көпірдің мәселесін көтерген Нұрхан Алмабековке: «Осы көпір мәселесі соңғы 2-3 жыл бойы көтеріліп жүр. Былтыр бюджеттік өтінім бергенде, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінен жарамсыз деп тану туралы қорытынды алыңдар деген. Төтенше жағдайлар бөлімі келіп қарап, жағдайы жарамды деп қорытынды берді. Сол себептен бюджеттік тапсырысқа енбей қалды. Биыл жобалық сметалық құжаттама дайындалып, 05.04.2023 жылы бюджеттік өтінім берілді. Қажетті қаражат – 4 млн теңге. Ал арықтың көпірін кейтуге 1,9 млн теңге қажет . Жобалық сметасы дайын. 4 млн теңге деген ондай үлкен қаржы емес. Үнемделген қаражаттан қарастырып көреміз. Ал арықтың үстіндегі бетонын кеңейтуді С. Датұлы көшесін жасағанда атқарылатын жұмыстар қатарына кіргізетін боламыз», – деп алдағы жоспармен бөліскен аудан әкімі Т. Айдарбеков ІІ топ мүгедегі Элази Кулбалиев көтерген тозығы жеткен ауыз су құбырын ауыстыру туралы мәселесіне: «Ауыз сумен «Алматы Су» мекемесі қамтамасыз етеді. ЖСҚ дайындауға қаржы сұратқанбыз. Бұл мәселені ескеріп, тиісті мекемеге тапсырма беріледі. Алдағы уақытта ЖСҚ жасау үшін қаражаттың бөлінуіне ықпал етеміз», – деп уәде берген.
Түзусайдың түйткілі тарқамаған мәселесі бір бұл емес, жиі өшіп қалатын электр жарығының мәселесі де күн тәртібінен түспей келеді. Осыған байланысты Ақын Ордабаев сұрағына жауап мынадай: «Ағымдағы жылы 9,1 млн теңге сомасына 10кВ әуе желілері мен 0,4 кВ Қызылту-4С әуе желілерін қайта жаңарту және салу» жобасы бойынша ЖСҚ әзірленуде. «Redline Pro» ЖШС жобалау ұйымы. Жобаның мерзімі 2023 жылдың қыркүйек айы. Жоба дайын болған соң сараптамаға жіберіледі, сараптама оң қорытынды берген жағдайда бюджеттік өтінім беретін боламыз. Уақытша ТП қарастыру қажет. Қызылту ауылының ауыз су жүйесін қайта жаңғырту және салу жұмыстарына жоба әзірленуде. Жоба құны 34,2 млн теңгені құрайды. Жобалаушы мекеме – «Redline Pro» ЖШС. Жоба ағымдағы жылдың соңында аяқталады. Келесі жылы құрылыс жұмыстарына қаражат сұратылады».
Тұрғындар Камила Пазилова мен Дәулет Абсаттаров айтқан көшеге асфальт төсеу, көше басына салынған кірпіш цехын қоршау, жылдамдығы төмен интернет секілді мәселе төңірегінде жауап берген тиісді тұлғалар кірпіш шығаратын цехқа тексеру жүргізіліп, басшыларына оның айналасын қоршауға тапсырма берілгенін, Қызылту ауылына интернет желісін тарту бойынша «Меганет» интернет желісі тартылып, көшелерге бетон бағаналары орнатылғаннан кейін интернет желісінің сапасы артанын жеткізген. Ал көшеге асфальт төсеу үшін жобалық сметалық құжаттамасы дайындап, келесі жылға өтінім беріледі деп сендірді.
Жанбота Сұлтанмұратқызы