«Алуан-алуан жүйрік бар әліне қарай шабады» демекші, әр саланың өз жүйрігі болары анық. Шығыс медицина ғылымдарының докторы, қазақ емшілігінің белді өкілі, сынықшы, шөптанушы, психолог Нұргүл Рамазанқызы – өз саласының майталман маманы. Алдына келген науқасты тамырын тап басу арқылы диагноз қоятын ол өзі қатарлас оқығандардың бәрі тамыр арқылы адам ағзасының өзгерісін дөп басатын тамыршы бола бермейді дейді.
Бала кезінен адам емдеуге ебі бар қыз біреу жүре дәрігер болса, енді біреу дәрігер болып туады дейді. Анасының қызым дәрігер болсын деген тілегін періштелер қабыл етті деген ол өзінің өмірге келген кезінен үзік сыр шертті. Аса жеңіл салмақпен туылған сәбидің адам болып кетеріне күмәнданғандар да көп болса керек, анасы қызына сол кезде жас босанған ана мен әлсіз шақалақты өзі қарап, қатарға қосқан Нұргүл есімді дәрігердің атын беріпті. «Осы әңгімені естіп өскендіктен бе, мүмкін Алла анамның тілегін қабыл еткен шығар өзімді бала кезімнен дәрігермін деп есептейтінмін», – дейді ол. Н. Рамазанқызы кішкентай кезінен шипалы алақаны арқылы көп адамның алғысына бөленген. Қаймағы бұзылмаған қазақы ауылда өскен қыз жаз жайлауда тау сағалап, шөптің шүйгініне қарай қоныстанатын малшы ауылдың кішкентай дәрігері атанады. Көпар тартып жүріп аттан құлаған әкесінің сынған аяғын салғаннан бастап біртіндеп бастың жігін салу, тайған буындарды орнына келтіру, көз тиген, аш кірген балаларды аштау сынды емдік тәсілдерді жүргізе бастаған. Қағілез қызының қасиетін аңғарған әкесі де оның дәрігер болуын қалаған. Мұндай қасиетін Алланың сыйы деп санаған ол қарапайым адамдар көре алмайтын тылсым құбылыстарды байқай алатынын да жасырмады. «ҚазақМед клиникасының» негізін қалаған Н. Рамазанқызы қазіргі таңда Талғар ауданында қазақ емшілігі мен шығыс медицинасын ұштасыра отырып, ине салу, сылап-сипау және емдік шөптер арқылы көптеген науқастарды емдеп, алғысын алып отыр. Қытайдың Шаңхай медицина университетінде білім алған дәрігер университет қабырғасында жүріп-ақ атақты профессорлардан тәлім алған.
Қазір жеке клиникасында Қытайдан арнайы шақырған 5000 жылдық тарихы бар елдің медицина саласын жетік білетін ине салатын және массаж жасайтын профессорлар жұмыс істейді. Н. Рамазанқызы өзі ойлап тапқан 5 түрлі емдік шөптерден жасалған дәрі қауіпті ауруларды отасыз емдеуге мүмкіндік береді. Ас қорыту жолына, қуық асты безінің қабынуына, тыныс жолдарының ауруларына, ер-әйелдердің жыныстық ауруларына арналған бұл дәрілердің нәтижесін көргендер көп. Ұзақ жылдық тәжірибесі мен зерттеудің нәтижесінде жасалатын дәрілердің шикізаты әлемнің түкпір-түкпірінен келеді. Яғни Қытай, Түркия, Үндістан, Біріккен Арап Әмірліктері, Малайзия сынды елдерден құрғаған шөп, кептірілген жәндік күйінде алдырады. Ол дайындаған қуаты күшті дәрілер адам ағзасына қажетті дәрумендермен толықтырылған.
Бүгінгі таңда белсіз, бедеу адамдардың көбейіп кеткенін айтқан ол дәрі-дәрмекпен өсірілген жеміс-жидектер немесе жылдам өнім алу үшін түрлі химиялық қоспалар арқылы қысқа уақыт ішінде жеуге жарамды болған азық-түлік өнімдері адамның бойындағы гормондарды бұзатынын айтады. Әсіресе ер адамдардың тестостерон гормонына қаупі зор. Мұндай жағдайда белсіздік пен бедеулікке әкеліп соғады, тіпті ер азаматтарымыздың семіздікке шалдығуы, үнемі шаршап тұруы, ең ауыр жағдайда қатерлі ісік ауруларына душар етуі мүмкін екенін алғам тартты. «Адамның ағзасы асыл заттардан тұрады. бұлардың бірі азайса немесе таусылса, денсаулығымызда ақау байқалады. Қазіргі таңда екінің бірінде аллергия бар. Бұл ағзаға дәруменнің жетісеушілігінен болады. Осының салдарынан имунитет әлсіреп, түрлі аурулар туындайды», – деп аурулардың алдын алу керектегі жөнінде кеңес берді. Шыр еткен шикі өкпеге зәру болған адамдардың көптеп келетінін айтқан дәрігер өткен жылы алдына келген 285 адамның сәби сүйгенін мақтанышпен жеткізді. Жас қыздарымыздың әдемілік үшін денсаулығына мән бермей опық жеп жататынын, соңы отбасының бүлінуіне апарып соғатынын жасырмады. Алланың берген аманатын аяламай, өмірлік сынаққа тап болып, дауасын таба алмай сандалғандар санының жылдан жылға көбейгеніне алаңдаулы. Адам жанының қауырсындай әлсіз екенін ескерткен емші жыл сайын жасарып бара жатқан ауру түрлерінің адам шошырлық статистикаға жеткенін де атап өтті. Осы орталықтан ем алып жүрген Гүлбаршын Құджамиярова: «Осыдан үш ай бұрын жолдасымның оң қолы ауырып, біртіндеп жансызданып, қасық ұстауға да келмей қалды. Иығынан басталған аурудан саусақтары да салданып қалды. Бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Ешқандай ем қонбады. Түнімен ұйқы көрмейтін жолдасым уайымнан қант диабетіне шалдықты. Ауруды басатын дәрі салып қана ұйықтайтын. Асқына келе мүлдем сал болып қала ма деп уайымдадық. Осында келгенімізге төртінші күн болды. Қасық ұстап, өз қолымен тамақ іше бастады. Түнде тыныш ұйықтап жүр. Дәрігердің айтуынша, толықтай жазылатын мүмкіндігі бар. Нұргүлге жолықтырған Аллаға сансыз шүкір! Жолдасымның жақсы болғанын көріп көршілерім де қаралуға келді. Жанына шипа іздеген жандар білсе екен деген ниетпен барлығына айтып жүрмін. Құдай қаласа, құлантаза айығарына сенімдімін!», – деп қуанышын жасырмады. Қарапайым малды ауылда өскен қазақ қызының құдай берген таланты мен іскерлігінің арқасында осындай үлкен істі қолға алып, еліміздің медицина саласының дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқаны ауыз толтырып айтарлық ерлік десе артық болмас. Қазақ емшілігін шығыс медицинасынан жоғары санаған Нұргүл у қорғасын, сынап, алмаз сынды улы заттарды қазақ емшілігінде қолдана алатынын айтып, бүгінгі адамдар ағзасының мұндай ауыр емді көтере алмайтынын да атап өтті. Сұқбат барысында бала күнін еске алып: «Құлжа ауданына қарасты шеткері ауылда тұрдық. Онда дәрігер тапшы болды. Анам ауырып ем алып жүрген. Күнде емханаға баруға жол алыс. Бір күні ине салуды біліп алғанымды айтып, өзім-ақ салып берейін деп өтіндім. Анам маған сенді. Бұл жұмыс қолымнан келді. Осыдан бастап ауылдағы ауырған адамдарға ине салу менің мойнымда болды. Бала болсам да қолыма тиын-тебен ұстататын. Азын-аулақ еңбекақыны күтем бе? Әлде үлкендердің мақтауын естігім келе ме? Әйтеуір бұл жұмысым өзіме ұнайтын. Тіпті тағы кім ауырып, мені шақырады екен деп күтіп отыратынмын. Ал бүгінгі таңда Талғар ауданынан балалар мен ересектерге арналған оңалту орталығын ашсам деген ойым бар. Алайда жергілікті биліктен қолдау таппай отырмын. Алматы қаласы әкімдігіне де ойымды айтып көмек сұрадым. Менімен бірге жұмыс істеп жатқан мамандар өте білікті. Бұл жоспарым іске асса, жарымжан адамдардың ауруынан айығуына үлкен мүмкіндік болар еді. Мүгедек балаларын сүйреп қаншама аналар шырылдап, шипа таппай жүр!», – деп алдағы жоспарымен бөлісті.
Бүгінгі таңда республика аумағында шығыс медицинасы арқылы адам емдейтін емханалар өте көп. Алайда бәрінде білікті және мықты мамандар қызмет етпейтіні анық. Тіпті ақша үшін «артық» ем жасайтынын да естіп жүрміз. Бұл туралы кейіпкеріміз былай дейді: «Қолында дипломы бары да, жоғы да өзін дәрігер деп таныстырып, емхана ашып, ақша тауып жатыр. Олар мүлде басқа мамандық иесі болуы да мүмкін. Мұндайларды көзіммен көргенмін. Қытайда сурет салу мамандығын оқып, осында атақты дәрігерге айналып, адам емдеп жүргендерді кім тергеп-тексеріп жатыр?! «Аңқау елге арамза молда» дегендей, бір ғана дәрімен жазылатын жеңіл-желпі ауруға үйіп-төгіп дәрі беріп жататындар да жетеді. Бұл – денсаулығын, өмірін ақ халатты абзал жанға сеніп тапсырып отырған адамдарға жасалған үлкен қиянат. Ақша табу үшін адам тәнін емдемек түгілі, улап жатқандарды жауапқа тартатын қатаң заң керек. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, сондай алаяқтардың кесірінен осы саланы жете меңгерген нағыз мамандарға деген сенімге селкеу түсіп жатыр», – деген шындықты ашына айтты.
Көкейде жүрген сөп сұрақтың жауабын беріп, көптің алғысын алып, ел ықыласына бөленген Нұргүл
Рамазанқызының алдағы жоспарлары мен армандарының орындалуына тілектеспіз!
Зорагүл Әбдіқадір