Тұрғындар көгілдір отынға қол жеткізеді

Тұрғындар көгілдір отынға қол жеткізеді

– Данияр Күнгейұлы, Нұра ауылдық округінің әкімі қызметін атқарғаныңызға қанша уақыт болды?
– Нұра ауылдық округіне 2022 жылдың 4 сәуірінде әкім болып тағайындалдым. Ауылға және округке тиесілі мәселені қай кезде де бөліп-жармай ортақ мәселе ретінде қарастырамыз. Сондықтан ретіне қарай біртіндеп шешу жолдары да қарастырылатын болады.
– Осы уақытқа дейін ауылға қатысты нақты қандай істер атқарылды? Атап өтсеңіз.
– Бұл қызметке кіріскеніме жылдан асты. Қолдан келгенше тырысып жатқан жайымыз бар. Атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, Қаратоған ауылында «Балалар алаңы» салынды және Школьная көшесіне 550 м жерге ФАП алдына 400 шаршы метрге, Туғанбай ауылындағы Тойбаев көшесінің қалтарысына 110 метр жерге асфальт төселді. Қазір Нұра ауылындағы 1,9 шақырым болатын Жамбыл көшесі асфальтталып жатыр. Алдағы жоспар бойынша Анарова көшесіне 550 м,
Ы. Молдахмет көшесіне 1,9 шақырым, Өстемір ауылындағы Комарова көшесіне 1 шақырым көлемінде асфальтты жол салынады. Сонымен қатар Өстемір ауылының Б. Майлин көшесіне – 1 750 м, К. Токаев – 900 м, Тәттімбетов – 600 м, Алексеева – 900 м, Нұра ауылына қарасты «Байдібек» ықшамауданының Андас батыр көшесіне – 1000 м, Есет батыр көшесіне – 700 м, О. Байділдаев көшесіне – 700 м, «Төле би» ықшамауданындағы Танеке көшесі – 600 м,
Алматы көшесі – 600 м, Б. Манкеев – 1,5 шақырым, «Дулат» ықшамауданындағы К. Рахметов көшесіне –1250 м жолға қиыршық тас төселеді. Ол жақ жаңадан құрылыс түсіп жатқан аумақтар болғандықтан алда атқарылатын іс әлі көп.
–«Ауылын көріп азаматын таны» деген аталы сөз бар. Ауылдың кіреберісіне қойылған шағын ғана Нұра ауылы деген көк түсті темір тақтаның тозығы жеткенін көріп жүрген боларсыз. Оны ауыстыру немесе өзге ауылдардағы секілді ауыл аты жазылған әдемі доға салу жоспарда жоқ па?
– Әрине, ауыл атауы жазылған тақтаның ескіргенін білемін. Жылда сырлағанмен күн жеп қояды да, ол қопарылып кетеді. Сондықтан Нұра ауылының кіреберісіндегі тақтайша осы жылы ауыстырылады.
– Округтің биылғы бюджетіне тоқталсаңыз. Нұра ауылдық округіне бюджеттен қанша қаражат бөлінді, қазір оның қаншасы, қай бағытта игерілді?
– 2023 жылға арналған жоспар бойын­ша барлығы 96 943 000 теңге бөлінді. Оның ішінде әкім аппаратын ұстап тұруға – 52 124 000 теңге, елді мекендерді жарықтандыруға – 25 070 000 теңге, елді мекендерді санитарлық қамтамасыз етуге – 3 045 000 теңге, елді мекендерді көгалдандыру және абаттандыруға – 5 950 000 теңге, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша жол жөндеуге – 8 154 000 теңге, автомобиль жолдарының жұмыс істеуін қамтамасыз етуге – 2 600 000 теңге қарастырылған. Қаңтар, ақпан айларында көшелерге қыс мезгілдерінде ұстап тұру жұмыс­тары кезінде 1 800 000 тенге игерілді. Мұнымен айналысатын мердігер – «Нургожаева» ЖК. Қазіргі уақытта, яғни 2023 жылдың 1-мамырына дейін жалпы бюджет ақшасының 25 811 160 теңгесі мақсатты түрде игерілді деуге болады. Ол ауылға бөлінген бюджет сомасының 26,6%-ын құрайды.
– Әкім аппаратын ұстап тұруға 52 124 000 теңге бөлінді деп қалдыңыз ғой. Ол қаражаттың ішіне қандай қызметтер кіреді?
– Жалпы округтің жылдық бюджетіне бөлінген қаражаттың 52 124 000 теңгесі әкімшілік аппаратты ұстап тұру шығындарына жұмсалады. Оның ішіне қызметкерлердің жалақысы, коммуналдық шығындар, кеңсе және шаруашылық тауарларының шығындары мен бағдарламалық қызметтер т.б кіреді.
– Ақпан айында ғана Алматы облыс­тық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айдар Бошкулов Талғар ауданына қарасты 9 ауылға газ жүргізу мақсатында жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатқанын айтты. Оның ішінде Нұра да бар. Ауылға газ қашан тартылады? Шамамен құны қанша болады?
– Иә, биыл Нұра ауылдық округі бойынша газ құбырын тарту жобасы бекітіліп, жобалық-құжаттары дайындалып жатыр. Құжат мақұлданатын болса ауылға газ құбырын тарту жұмысы алдағы уақытта жүргізіледі. Тағайын­далған мердігер компания, яғни ауылға газ құбырын тарту құқығы берілген мердігер белгілі болған соң тарифтер бекітіледі. Әзірге оның нақты қанша болатыны белгісіз.
– Егер газ құбыры толық тартылса, Нұрадан басқа, округтің тағы қай ауылдары көгілдір отынға қол жеткізе алады?
– Жоспар бойынша Нұра ауылы және осы ауылдық округке қарасты Өстемір, Туғанбай ауылдарының тұрғындары көгілдір отынмен қамтамасыз етілетін болады.
– Ауылдық округке қарасты кейбір ауылда кезек күттірмейтін электр жарығының мәселесі барын білеміз. Жаңа шағын аудандардың кейбірінде тіпті электр жарығының бағаны да жоқ дейді тұрғындар. Аталған мәселе нақты қай ауыл немесе шағын аудандарға тиесілі? Оларды шешудің тетіктері қарастырылған ба?
– Елді мекендердегі көшелерді жарықтандыру бағдарламасы бойынша бөлінген 25 070 000 теңгеден көше шамдарының үздіксіз жанып тұруына қызмет көрсету үшін (жөндеу жұмыстарына, шамдарды ауыстыру, және т.б.) 1 350 000 теңгеге мердігер «МАХ Строй сервис» ЖШС-мен келісім шарт жасалған. Тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Көше жарықтарының электр қуатының коммуналдық төлемдері үшін 8 720 000 теңгеге «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС-мен келісім шарт жасалды. Сонымен қатар 15 000 000 теңгеге Нұра ауылының Дәулетқұл, Анаров, Бейсентай көшелеріне, Өстемір ауылындағы Школьная көшесіне және Каратоған ауылындағы Школьная көшесіне жаңадан бағандар қойдырып, жарықтандыру жұмыстары жасалатын болады. Қазіргі таңда арнайы жоба жасалып, мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған.
– Жаңадан салынып жатқан ықшамаудандарды жарықтандыру мен интернет желісінің мәселесі қалай шешілмек?
– Нұра ауылындағы «Байдібек» ықшамауданы, «Төле би» және «Дулат» ықшамаудандарына жарық желісін жүргізу үшін жасалған жоба ы экспертизаға өткізілді. Экспертизадан өткеннен кейін қаржы қарастырылып, жарық желісі жүргізіледі. Қазір ауылға тұтастай Қазақтелеком қызмет көрсетеді. Мобильді интернет бар.
– Қазір барлық жерде халық санының өсуіне және кейбір мектептердің ескіруіне байланысты мектеп салу мәселесі алға шықты. Нұра ауылы мектебінің жайын өзіңіз білесіз. Жаңа мектеп салынса деген тұрғындар өтініші жуықарада орындала ма? «Жайлы мектеп» жобасына кірген ауылдар бар ма? Кеңірек тоқталып өтсеңіз…
– Әрине біздегі білім ошақтарының көбі ескіргендіктен жылда жасалатын жөндеу жұмыстарының арқасында жұмыс істеп келеді. Осыған байланысты биыл аудандық бюджеттен арнайы қаражат бөлінді. №12 мектепке толығымен капиталды жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал «Жайлы мектеп» жобасы аясында Бәйдібек ықшамауданына салынатын бір мектепке ұсыныс жасалды.
– Округке қарасты ауылдардың ауыз су мәселесі толық шешілген бе?
– Нұра ауылдық округ бойынша ауыз су мәселесі толық шешілген. Ауылдар ауыз судан тарығып отырған жоқ.
– Ауылда шабындық, жайылымдық жерлерге деген тапшылық бар. Осы мәселені қалай шешуге болады?
– Пайдалынбай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару туралы ұсыныс хат жаздық.
– Тазалық мәселесіне келейікші. Қазір көрінген жерде шашылып жатқан қоқыстан аяқты былай қойып, көз сүрінеді. Тоғай жақты тұрғындар толтырып болды деуге болады. Жаңадан құрылыс түсіп жатқан аумақтарда да қалай болса, солай шашылып жатқан қоқыс жетерлік. Осы мәселені қалай шешуге болады? Осыған байланысты тұрғындарға айтарыңыз бар шығар…
– Елді мекендердің санитариялық тазалығын қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша жергілікті қаражаттан 3 045 000 теңге бөлінген. Округке қарасты елді мекендердегі тұрмыстық күл-қоқыс­тан санитарлық тазалау және апатты күл-қоқыс үйінділерін жою жұмыстарын жасау мақсатында мердігер «BAGDAR» ЖК-мен келісім шарт жасалды. Үш ауылда қоқыс жинаумен айналысатын мердігерлер бар. Олар сенбі, жексенбі күндері тұрмыстық қоқысты жинап өтеді. Осыған қарамастан сіз айтқандай, әр жерде шашылып жатқан тұрмыстық қалдықтар баршылық. Ол барлық елді мекендердің, тіпті әлемнің басты мәселесі деуге болады. Бұл ретте ауыл тұрғындарын тазалыққа шақырып, тұрып жатқан аумақты таза ұстаса деген өтініш айтқым келеді. Өйткені бұл жерде бүгін біз отырғанмен, ертең өз ұрпағымыз тірлік етететін болады. Сондықтан тазалық мәселесін қай кезде де естен шығармаса екен деймін…
– Елді мекендерді абаттандыру мен ойын алаңдарын салу да маңызды мәселелер қатарында екені белгілі. Бұл турасындағы жоба-жоспарлармен де бөлісе кетсеңіз.
– Елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру бағдарламасы бойынша барлығы 5 950 000 теңге қаражат бөлінді. Бұл қаражатқа елді мекендерде баркауыт орнату жоспарланып отыр. Ал «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы негізінде ауылдық округке 8 154 000 теңге бөлінген. Осыған байланысты Нұра және Туғанбай ауылына балалар ойын алаңын орнату жұмыстары жоспарда бар. Жоба мердігерді анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу порталында жарияланды. Алдағы уақытта бұл мәселе де шешімін табатын болады.
– Сұқбат үшін рақмет. Істеріңіз ілгері болсын!

Сұқбаттасқан
Жанбота Сұлтанмұратқызы