Жыл сайын Түркияның Ыстамбұл қаласында өтетін «Түркі халықтарының жарық жұлдызы» атты фестиваль биыл да жалғасын тапты. Әлемнің 9 елінің таланттары бас қосатын байқауда осы жылы тек Қазақстан мен Түркияның ғана балғындары бақ сынады. Ән салу, би, музыкалық аспапта ойнау, сән көрсету, көркем сөз оқу бойынша бәсекеге түскен балалар қатарында еліміз атынан қатысқан Сұлтан Нұрболаттың бағы жанып, көктуымызды желбіретіп қайтты. Аталған бағыттар негізінде бас жүлде алған өнерпаз Сұлтан ұлттық аспапта ойнау бойынша лауреат атанып, елдің қошеметінне бөленді.
2013 жылы тамыз айында Талғар қаласында өмір есігін ашқан Сұлтан Талғатұлы болашақта актер болсам деп армандайды. Тұңғыш немересі өмірге келгенде қатты қуанған атасы досы Сұлтан Нұрдаулетовке қоңырау шалып қуанышын бөліскен. Өйткені сол досымен бір күнде туған немересіне Сұлтан деп оның есімін беріпті. «Жақсыдан шарапат» демекші, Алматы облысы маслихатының депутаты болып, халық қалаулысына айналған досының бақ-дәулеті жұғысты болсын деп ырымдаса керек.
Талғар қалалық Сәкен Сейфуллин атындағы №2 мектептің 3-ші сыныбында оқыйтын Сұлтан – сыныбының ең белсенді, өнерлі оқушыларының бірі. Алматыдағы білікті мамандар ашқан актерлік курстардан сабақ алып, талабын ұштаған ол мектептегі концерттерде өнер көрсетіп кішкентай жұлдызы атанып үлгерген. Тіпті «Өсекшілер» атты кинодағы үздік образымен көптің көңілінен шығып, нағыз өнер жолына бет түзеген. Кинодан тыс, балаларға арналған көптеген жобаларда өнер көрсетіп талай жанды таңдай қақтырған. Үйдің үлкені, ата-әжесінің тұңғыш немересі болған кішкентай жұлдызымыз отбасында ерке болғанымен мектепте, түсірілім алаңдарында нағыз ер азаматқа тән мінез-құлық танытатынын байқаған анасы оның жауапкершілікті, бауырларына қамқор болып өсіп келе жатқанына қуанады.
Бүкіл әлемде 1-ші маусым Балаларды қорғау күні ретінде аталып өтіледі Оны өткізу жөнінде шешім 1949 жылдың қараша айында Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданды. Алғашқы халықаралық балаларды қорғау күні 1950 жылы өткізілді БҰҰ аталған бастаманы дер кезінде қолдап, балалардың құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдырды. Балаларды қорғау күні олардың өмірін соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа демократиялық негізде білім мен тәрбие беру жөніндегі барша әлемдегі озық пікірлердің тоғысқан арнасы десек артық айтқандық емес. Дәл осы күні болашақта адамгершілікке, әділдікке, баянды өмірге толы қоғам құру үшін оның негізі – балаларға барлық жағдай жасау керектігі тағы да паш етіледі. БҰҰ-ның жүргізген сауалнамасына жүгінсек, бүгінгі таңда әлемде әрбір оныншы бала үлкендер тарапынан жасалатын зорлық пен зомбылыққа ұшырайды екен. Бұл — қорғансыз балалардың басына түскен үлкен ауыртпалық екендігі шындық.Жасөспірімдер арасында нашақорлар саны өсуде, олардың жартысынан астамы ішімдік ішуден де кет әрі емес. Осылайша, Балаларды қорғау күні мереке ғана емес, сонымен қатар, болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі. Адамзаттың алдында тұрған зор міндет – болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру.
Тұла бойы тұңғышының болашағынан үлкен үміт күткен анасы оны Талғар қалалық балалар музыка мектебінің домбыра сыныбына береді. Мектептегі сабағымен қатар музыка сабақтарын қатар алып жүру басында қиынға соққанымен біртіндеп таланты ашылып, талабы ұштала түскен балапан домбырасын жан серігіне айналдырыпты. Мектепшілік байқаулардан қалмай талантты балалар арасынан топ жарып жүретін өнерпаздың анасы бар баланың бойында өзіне тән ерекшелік болады дейді. Оның айтуынша, баланың табиғат сыйлаған талантын танып, дамыта білу керек. Мұндайда ата-ананың қолдауы баланың бағын ашып, тағдырына ықпал етеді. Талай жобада өнер көрсеткен жеткіншек топ ортада өзін нағыз ер азамат сынды ұстап, басқалармен қалай қарым-қатынас жасауды ерте түсінген. Сонымен қатар бала тәрбиесі жолында үнемі ізденіп, көптеген кітаптар оқып психологтардан кеңес алып жүретін жас ана: «Біз баламыз тәртіпті, айтқанды бұлжытпай орындап сөзімізді екі етпейтін болса, жақсы бала деп білеміз. Ал өз қалауынан бас тартпайтын, өзінікі дұрыс екенін дәлелдеуге тырысатын қыңыр мінезі бар баланы тілазар деп сөгеміз. Мұндай жағдайда кей ата-аналар балаларын бас салып ұрып немесе ұрсып мінезін сындыруға тырысады. Меніңше, бұл дұрыс емес. Мұндай балалардан бастаған ісін аяғына жеткізетін, тек аллдыға ұмтылатын, өз пікірі мен көз қарасы бар табысты азамат шығуы мүмкін.
Сұлтанда да сондай еркелікпен өз дегенінен қайтпайтын мінез бар. Оның бұл қасиеті өнерді меңгерудегі табандылығына сеп болды.
Баланың дамуы мен болашағына салған қаржының өтеуі зор болары анық. Қарапайым отбасымыз. Қазір жас баламен үйде отырмын. Әкесі жиһаз жасаумен айналысады. Түркияға барып келуге аз ақша кетпейтінін білесіздер. Бұл ретте шет елге барып қайтуына жақыннан жәрдемші болған туыстарыма алғысым шексіз! Нағашы атасының достары, сыныптастарымыз да қол ұшын созуының арқасында балапанымызды Анадолы еліне аттандырған болатынбыз. «Жоқ» деп отыра берсек бізді ешкім сөкпесі анық, алайда әрекетке берекет деген осы болар. Әр баланы бейіміне қарай баулып, заман талабына сай, бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеу ата-аналар алдындағы жауапты міндет. Барымыз да, нарымыз да – балалар ғой. Біз көрмеген жақсылықты солар көрсе, біз шықпаған биікке солар шықса бұдан асқан бақыт бар ма!?» – деп ағынан жарылған ананың қуанышына ортақтастық.
Осы орайда өзге елдің төрінде қазақ елі атынан өнер көрсетіп, талантымен де, тәтті қылығымен де жүректерді елжіреткен Сұлтанның өзін сөзге тарттық. Бала жүрек алғаш рет ұшаққа отырып ақша бұлттардың үстімен қалықтағанда ертегілер еліне саяхаттап бара жатқандай болғанын айтады. Аспан әлеміндегі қанатты пырақтар қасымнан шауып өтсе ғой деп те қиялдапты. Көз жеткісіз шетсіз де, шексіз кеңістікте арман қанатымен қалықтаған Сұлтан өзіне сенім артып, үкілеп аттандырған ата-анасының, ата-әжесінің өз елінің абыройын асқақтатуға серт еттім дей келе: «Мен Ыстамбұлдан көптеген дос таптым. Айш—солардың ішінде ең жақыны. Сахнаға шыққанда өзімді түрік тілінде таныстырдым. Шынымды айтсам, олардың тілі қазақ тіліне қатты ұқсайды екен. Бірнеше түрікше сөз де жаттап алдым. Болашақта түрік тілін толық меңгеретін боламын. Олар бізді бауырлас ел деп өте жылы қарсы алды. Ұлттық киімде сән көрсету кезінде көк туымыз бейнеленген кастюмім бәріне ұнады. Менімен суретке түскісі келгендер аз болмады. Сол кезде мен өз елімнің атын шығарып, абыройын асқақтатушы екенімді сезіндім. Кеудемді мақтаныш сезімі кернеп, елімнің байлық тұнған жері мен берекелі елі туралы баяндап бердім. Ол жақтағы достарым Қазақстанға келеміз деді. Мен оларға елімнің көркем табиғаты мен әсем қалаларын аралатамын деп уәде бердім. Сонымен қатар жүлдемен қайтуға тырыстым. Ыстамбұл қаласын аралап, Түріктің дәмі тіл үйіретін ұлттық тағамдарын жедік. Шынымды айтсам қайтып келгеннен соң бірнеше жасқа өсіп кеткен үлкен жігіт сияқты сезініп қалдым. Мүмкін көп дүниені көріп қайтқанымнан шығар…» – деп жымиған ол көрген-білгендерін әсерлі әңгімеледі.
«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, талапты баланың арманына қанат бітіріп, үмітін үкілеген ата-анасының еңбегіне жеміс тілейміз. Баптаған жүйріктеріңіз бәйгеден келіп, тек ата-анасының ғана емес, халықтың баласы болсын! Ал Сұлтанға өнер жолында қанатың талмай, қиындықтарға мойымай, тек биіктерден көрініп, жұлдыздай жарқырай бер дегіміз келеді!
Зорагүл Әбдіқадір