Алматыдан келе жатқанда Талғар қаласындағы Абай көшесінің оң қапталымен жоғары өрлеу жаяу жүргінші үшін тым қауіпті. Жол бойы толған ашық жатқан құбыр құдықтары мен жол жиегіне салынған жаяу жүргінші жолының астында қалған арықтың бетін жапқан темір торлар мен қақпақтары ұшты-күйлі жоқ. Барының қақпағы қақ айырылып, ортасынан опырылып жатыр. Әрине оларды әкім көтеріп әкетпегені, сындырып кетпегені де анық.
«Ұры алыстан келмейді» деген қазақы қағидаға сүйенсек, темір өткізіп тиын табатындардың көзіне түсіп, болмашы ақша үшін тонап кеткен жергілікті ұрылардың әрекеті екені бесенеден белгілі. «Құныққаннан дәніккен жаман» екенін ескерсек, бұдан басқа тағы қай көшеде қаншасының тоналғанына есеп жасау мүмкін емес те шығар… Түкке тұрмайтын тиын үшін қарапайым халықтың өміріне қауіп төндіріп жатқандарына басы ауырмайтындар тек Талғарда ғана емес, барлық ауыл-аймақта толып жатыр. Мысалы, Талдыбұлақтың «китайская трасса» аталып кеткен артқы жолының бойында бір емес бірнешеуі қатарынан ашық жатыр. Ал Бесағаштағы Хамраев көшесінің қақ ортасында автомобиь дөңгелегімен жауып қойған құбыр құдығының суретін әкіміне көрсеткенбіз. Талғардағы Абай көшесіндегі аялдамалардың бірінің қасында таяқ қадап қойған құбыр құдығы әлі ашық жатыр. Темір қабылдайтындарды тексеріп, оларға өткізген құбыр құдықтарының қақпақтарын қайта әкеліп жапқанбыз деген ауыл әкімнің сөзін де өз құлағымызбен естігенбіз. Тағы қай ауылда, қаншасының беті ашық жатқанын бір Құдай білсін…
Құбыр құдықтары мен арық беттерін дәнекерлеп тастауға болмайды, апаттық жағдай орын алса ашылмай қалады. Ашық жатса да қауіпті, біреу түсіп мерт болуы мүмкін. Ал пластикалық қақпақтар сапасыз және салмақты көтермейді. Темір қақпақтарды тұрғындар ұрлап тоқтатпайды. Қайтпек керек? Қандай бір жағдай бола қалса халық бәрібір әкімшіліктің жағасына жармасады. «Әкім қайда қарап отыр?» деп аттандайтындардың арасында сол алаяқтар мен ұрылардың өздері де жүретіні өтірік емес. Абсурд.
Айтпағымыз ол емес, жол бойын жағалай салынған бетон арықтың топырақ пен қоқысқа толып жатқаны өз алдына, беті ашық жатқан ойықтар мен құбыр құдықтарына абайсызда шалынып, не аяғыңыз ілініп кетсе майып болуыңыз бек мүмкін. Өйткені аңырайып ашық тұрған тесіктер тым үлкен. Ертелі-кеш адам аяғы арылмайтын көшеде асығыс келе жатқан бала-шаға, тіпті ересек адамның өзі абайсызда аяғын тығып, бетімен құласа оңбасы анық. Кем дегенде бас жарылып, балтыр сыздап, аяқ сынып аурухана жағалап кететінін айтып жатудың өзі артық. Сондайақ тротуардың дәл ортасында қалған құбыр құдықтарына жабылған пластикалық қақпақтардың да сиқы адам шошырлық. Ойын баласы қызық көріп секірсе ортасынан опырылып опат болады. Ары қарайғы салдары мен айтпай-ақ, өзіңіз де болжап отырған боларсыз. Ондай оқиғалар ондап саналады.
Көлікпен жүретіндер үшін көп біліне бермейтін мұндай мәселелердің жаяу жүргінші өміріне тым қауіпті екенін ескерсек, құзырлы және жауапты мекемелер мәселені назарға алып, таяу арады шешімін табады деген сенімдеміз.
Жанбота Сұлтанмұратқызы