Осыған дейін ауылдық сайыста топ жарған «Жайдарлы JAIDARMAN» ойынының қатысушылары Бесағаш мәдениет үйінде аудан әкімінің кубогін сарапқа салды. Алматы облысы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыру бөлімінің басшысы Еламан Алғабасұлы, Еуразия технологиялық университеті студенттермен жұмыс жасау департаментінің директоры, жайдарманшы, «Қорқыт құрамасы» командасының ойыншысы Ерлан Аманкелдіұлы, Алматы облысы «JAIDARMAN» филиалының директоры Ердос Оралбеков секілді әділ қазылар алқасы топтық ойынның жеңімпаздарын анықтады.
Аудан әкімінің кубогін сарапқа салғандар арасында аттарының өзі қағытпа қалжыңмен аталатын Талғар жоғары медициналық колледжі «Антисептик» командасы, Қайнар ауылдық округінен келген №26 орта мектептің «Пазыл», №11 орта мектептің «Найзағай», №41 орта мектебінің «Қытықтама өзім күлемін» топтары, Кеңдала ауылдық округі №36 орта мектебінің «Шекер-шекер», Белбұлақ ауылдық округі №35 орта мектебінен келген «Нар тәуекел», №32 орта мектебінің «Қалай қарайсың?», Гүлдала ауылдық округінің №40 орта мектебінің «Доллар», Рысқұлов ауылы №16 орта мектебінің «Кербез қыздар», Бесағаш ауылдық округі №45 орта мектебінің «Почти қалалықтар» топтары бар.
Айтары бар астарлы әзіл мен қағытпа қалжыңға толы бұл ойында әсіресе ұстаздар қауымының әлеуметтік мәселелері көтеріліп, ащы шындықпен өрілді. Тіпті ел есінде Тука атанып кеткен «Алдараспан» әзіл-ысқақ театрының танымал кейіпкері де Бауыржан Момышұлы атындағы №35 мектеп-гиназиясы оқушыларының сомдауымен сахнаның сәнін келтіре түскендей. Отбасылық мәселелер де өткір әзілге мұрындық болып, кем-кетігі толмайтын өмірдің жетісіп жатпайтын жақтары да тілге тиек етілді. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы әлімжеттік пен бір-бірін кемсіту, жоқтан өзгеге мастану, Алматының экологиялық ахуалы секілді әлеуметтік маңызды мәселелердің ақиқатын анық көрсеткен өнерпаздар көңілді күпті еткен көп жайттарды еске түсіріп, көрерменге ой салды.
Бұл ретте Талғар аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Мөлдір Абатайқызы: «Бұл ойынға қатысып жатқан 14 пен 35 жас аралығындағы өнерпаздар Талғар ауданы әкімінің кубогін сарапқа салды. Біздің басты мақсатымыз – қазақша «JAIDARMAN» ойындарын ұйымдастыру арқылы жастар арасында құқық бұзушылық, жат мінездердің алдын алу, олардың бос уақытын тиімді өткізуді үйлестіру, ой қабілетін дамыту, өмірге деген позитивті көзқарасын дамыту. Қатысушы 10 топқа да жарыстың шарттары мен ережесі алдын ала жіберілген. Барлығы сайдың тасындай іріктелген топтар. Әр ауылдың, әр мекеменің намысын қорғап келген белсенді жастардан құралған топтардың бүгінгі дайындығы да ерекше. Сахнаға жаңадан аяқ басып жатқан оқушыларға сәттілік тілеймін. Алда жеңіске жеткен топтарды облыстық, республикалық деңгейге жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Қазылар алқасы дерліктей Алматы облысы Жастар ресурстық орталығының мамандарынан құралған. Біздің ауданнан ешқандай команда облыстық, республикалық ойындарға қатыспаған. Сондықтан менің де басты мақсатым – аудандық ойыншыларды осы деңгейге қосу. Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандарының ойыншылары секілді биіктерден көрінсе деген тілек бар. Қазіргі командалар оқушылар мен студенттерден және мұғалімдерден құралған. Барлығы 10 команда қатысып жатыр. Осыдан жеңгендері облыстық ойындарға жолдама алатын болады. Командаларға Алматы облыстық және Талғар ауданы әкімдігінің, сондай-ақ облыстық, аудандық Жастар ресурстары орталықтары қолдау көрсетіп, қаржыландыру жағынан да көмек көрсетеді», – деп алдағы жоспарымен бөлісті.
Кеш соңында Талғар аудандық Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева қатысушыларға ризашылығын білдіріп, жеңіспаздарды құттыққтап, ізгі тілегін арнады. Сонымен жүлдеден үміт етіп жаны салған командалар арасынан топ жарған «Кербез қыздар» тобы үшінші орынға қол жеткізіп 30 000 теңгенің сертификатын, «Нар тәуекел» тобы екінші орынды иеленіп 50 000 теңгенің сертификатын жеңіп алса, «Почти қалалықтар» тобы Талғар ауданы әкімінің кубогін иеленіп, 80 000 теңгенің сертификатын алып жеңіс тұғырынан көрінді. Ойынға қатысқан өзге топтар да атаусыз қалмай арайы Алғыс хаттармен марапатталды. Қазылар алқасының құрамында болған кәсіби ойыншы Ердос Оралбеков ойыншыларға сахна мәдениетін меңгеру туралы кеңестер беріп: «Сахнада алдымен киім үлгілері мен іс-қимиыл үйлесіп, ол мәдениетпен ұштасып жатуы керек. Бұл тапқырлық ойыны болғандықтан мұндайда орынсыз әзілге, айтары жоқ бос сөзге ұрынбау керек. Сахна киелі орын болғандықтан, оны құрметтей білейік!» – деп орынды ескерту айтып, ойыншыларға сәттілік тіледі.
Жайдарлы жайдарманшылардың ойынына риза болған Ерлан Амангелдіұлы ұйымдастырушыларға алғысып айтып: «Ұлағатты ұстаздар бұрын сенбілікте де, мемлекеттік шараларда да елдің алдында жүретін еді. Енді, міне, «JAIDARMAN» ойынында да жүретін болыпты. Сахнаға алғаш шығып жатқан қыздар мен жігіттер бар. Барлықтарыңызға табыс тілеймін!» – дей келе, ағалық ақылы ретінде ойыншыларға: Микрофонды дұрыс ұстау, көрерменге артқы жақмен бұрылмау деген секілді сахна мәдениетімен көп жұмыс істеу керек», – деп кеңес берді. Жастарға толағай табыс тілеген Еламан Алғабасұлы: «Керемет көңіл-күй сыйлаған ойын үшін сіздерге көп-көп рақмет. Қазір ел бойынша жастар жасы 14-35 жас аралығы болып бекітілгенін білесіздер. Сондықтан ұстаздар мен оқушылардың ой-өрісі сай келмейді, неге олар бір-бірімен жарысты деген сұрақ болмауы керек. Өйткені «JAIDARMAN» ойынына 35 жасқа дейінгі кез келген жас қатысып, өз өнерлерін көрсете алады. Ауданның, облыстың абыройын асқақтатын топтра мен ойыншылар көбейе берсін!», – деген тілек білдіріп, ойынды тамашалап, топтардың астарлы әзілдері мен мәнерлі, мағыналы ойындарына қолдау білдірген көрермендерге де алғысын жаудырды. Біз де өз тарапымыздан ауданымыздың жайдарманшыларына жеңіс тұғырынан көрініп, Талғардың абыройын әрдайым асқақтата беріңіздер деген тілек білдіреміз. Ендеше «Жайдарлы JAIDARMAN» ойындарының жеңіс ті күндерде кездескенше,
достар!
Жанбота Сұлтанмұратқызы