ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің деректеріне жүгінсек, биылғы жылдың басынан бері елдің қалтасын қаққан қаржы пирамидасының белгілері бар 22 ұйым анықталып, «Киберқадағалау» жүйесінде 4 мыңға жуық сайт пен аккаунт бұғатталған. Ал ҚР ҚК-нің 217-бабында қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құрғаны үшін үш жылға дейінгі мерзімге қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген. ҚР ӘҚтК-нің 150-бабында қаржылық (инвестициялық) пирамида қызметiнің жарнамасын шығарғаны, таратқаны және орналастырғаны үшін әкімшілік жазаға тартылатыны анық айтылып, 150 АЕК-тен 600 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынатыны туралы жазылған.
ҚазАқпарат агенттігінің мәліметінше, алаяқтықтың көп бөлігі қаржы пирамидаларымен байланысты. Алматы полициясының бастығы Арыстанғани Заппаровтың айтуынша, интернеттік алаяқтық пен қаржы пирамидаларының құрбанына айналғандардың ұзын саны шамамен 4,5 мың адамға жеткен көрінеді. «Бір қаржы ұйымына қатысты қылмыстық істі тергеу аясында, бірнеше жәбірленушінің арызы негізінде тіркелген істердің көп бөлігі бір өндіріске біріктіріледі. Мысалы, Mudarabah Capital-ға қатысты қылмыстық істің – 179 эпизоды, «Оскар Медикал» бойынша 298 эпизоды біріктірілді, ал «Qi Trade» бойынша 4 мыңнан астам жәбірленуші бар. Бұл ретте интернеттегі алаяқтықтардың санын азайтуға мүмкіндік туды. Оған сұранысы жоғары танымал интернет-платформалардың өкілдерімен жұмыс кездесулері, сондай-ақ БАҚ-та және әлеуметтік желілерде интернет-алаяқтықпен күресу туралы ақпараты бар мақалалар, бейнероликтер тұрақты жариялануының арқасында қол жеткізілді», – деген ақпар айтқан А. Заппаров қазіргі уақытта «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесі арқылы заңсыз сайттарды анықтау үшін интернет кеңістігіне мониторинг жүргізу барысында елде 800-ден астам ресурс бұғатталғанын немесе олардың жұмысы шектелгенін жеткізген. Құзырлы орындардың алдын ала сақтандыру шараларының жүйелі жүргізіліп, заңды тұрғыда ескертулер жасалып отырғанына қарамастан, әлі күнге дейін маңдай терін төгіп тірлік еткісі келмейтіндер қатарының көптігін көрсетеді. Интернетті ашып қалсаң алдыңнан шығатын аз уақытта немесе күніне 200-300 мың теңге тапқың келе ме, айына миллион ақша табуды үйретемін деген секілді батпан құйрық жарнамалардан көз сүрінеді.
Қаржы пирамидаларының алаяқтық әрекеттері шектен шыққаны сонша, мәселеге ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі араласып, өткен жылғы Жолдауында құзырлы орындарға интернеттегі алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы шаралар кешенін әзірлеуді тапсырдығаны белгілі. Осыған байланысты Қазақстанда қаржы пирамидаларының қызметі заңсыз деп танылып, оларға түбегейлі тыйым салынған. Сондықтан олардың қожайындары қол қойған құжаттардың барлығының ешқандай заңды күші жоқ. Бұл ретте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі аталған бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп, азаматтарға алдын ала қанша ескертулер жасап жатса да, қулардың құрығына іліккендер қатары азаяр емес. «Заманына қарай адамы» деген қазақ тәмсілінің шындығы бүгінгі қоғам келбетін анық көрсеткендей. Алдау, арбау, арыңды, не барыңды сатсаң да ақша табу санасы әлсіз, түсінігі таяз көп адамның күнделікті тірлігіне айналғаны жасырын емес. Салдарынан сатқын мен алаяқ көбейіп, «»көп асаймын деп, б.. асап» қалғандар саны күрт артып, сан соғып сандалып жүргендер қатары молайған. Олардың бірі алаяқтардың «аспаннан шұға жауады» дегеніне алданып, соңында «ұлтарақсыз» қалып, қолындағы барынан айырылса, енді бірі – «алтын көмбенің» үстінен күрп ете түскісі келіп кредит алғандар. Мұндай адамдардың осындай осал тұсын жетік білетін су жұқпас судырлақтардың бәлен ғана теңге салып, аз уақытта түген мың, тіпті миллион теңге қаржы табуға болады деген сөзіне құдайдай сеніп, артынан «Бақсам, бақа екен» деп шарқ ұрып жатады. Бұл мәселе еліміздің қай түкпіріне барсаң да алдыңнан шағатыны ақиқат. Мәселен, елдің ішін алатайдай бүлдіріп, ел аман, жұрт тынышта мыңдаған адамды сазға отырғызып, далада қалдырған «Q-net» секілді атышулы компанияларға алданғандар аз емес. Олардың ісі талай адамның түбіне жетіп, ісі сотқа түсіп жатса да әлі күнге дейін аяғы тыйылған жоқ. Ал алданғандарын кеш ұғып, құрыдық деп жан ұшырғандардың жанайқайынан құлақ тұнады. Барын сол компанияның қазанына салып, қарыз алып қаңғып қалған талай адамды өзіміз де білеміз. Жалпы қаржы пирамидаларының қай-қайсының болса да басты тактикасы – адамдарды табысыңды тез еселеп, қаржылық тәуелділіктен құтылып, ай сайын емес, есепшотыңа апта, тіпті күн сайын күмпілдеп ақша түсіп, ай сайын бағалы әрі құнды сыйлықтар аласың, сұмдық көп қаржыға қол жеткізіп, өз офисіңді ашасың т. б. деп сендіреді. Ондайларға қиялға берілген біреулер тез байып кету үшін алданса, енді біреулер тұрмыс тауқыметінен құтылып, «бүтін нан жеу үшін» ұмтылады. Ал кімнің кім екенінде шаруасы жоқ алаяқтарға да керегі сол. Нәтижесінде естіген ертегісі ғана құлағында ғана кеш түсінетіндер кері қайтар жол таппай тығырыққа тіреліп, есі бары кеш болса да құқық қорғау орындарына жүгінсе, санаға түскен салмақ пен тұрмыс тауқыметін тартып кеткендер арасында теріс жолға түсіп, тіпті суицид жасап жатқандары туралы ашық ақпарат көздерінде де жиі айтылып жатыр. Ондай компанияның бірнешеуіне шақырды. Зерттеу мақсатында «мен лидермін» дегендердің талайымен еріп барып, небір қиялғажайып жиындарына да қатыстым. Олардың қатарында өте жақсы танитын таныстарым да болды. Мақсатым шындыққа көз жеткізіп, зерттеу еді. Көп ойланып жатпай-ақ, «Кемпір берсең қыз аласың» дегенге сене салатындардың көптігі сонша, олар жасаған манипулияның жетегінен шыға алмай, көзі байланып қалғандар көп. Ең жаманы қаржы пирамидасы немесе түрлі желілік сауда компанияларына кіргендердің арасында олардың айтқанына сенбей шығатындар жоқтың қасы болғандықтан, осыдан кейін ондай адамды бұл жерге ақша саламын, қырып ақша аламын деген ойынан айныта алмайсың. Ондай адамдарға олардың алаяқтар екенін, алдап жатқанын айтып түсіндірудің мүмкіндігі нөлге тең екеніне де көз жеткен. Ата-анасы барын сатып оқуға түсірген баласының сондай желпілдектерге еріп оқуын тастап, қырып ақша табамын деп далада қалғанын да көрдік. Жар дегенде жалғызының ақ дегені алғыс, қара дегенін қарғыс деп ұғатын ата-ананың баспанасынан айырылып, тігерге тұяқ, ішерге ас таппай, қарыз болмаған адамы қалмай, пәтер жағалап кеткенін көріп тұрып бетінен қайтпаған жетесіз баланың барлығын кеш түсініп, ісіне өкінгенде өксігін тия алмай жылағанына да куә болғанбыз.Кезінде «Ұқпасқа айтқан сөз жетім» болғанымен, ол түсінгенде оған ондай ақылдың қажеті де болмады… fingramota.kz сайты мынадай дерек келтіреді: «2023 жылғы 22 мамырда ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің (бұдан әрі – ҚМА) интернет-ресурсында қаржы пирамидалары ретінде қызметке күдікті, сондай-ақ олар бойынша сот үкімдері шығарылған ұйымдардың кеңейтілген тізбесі жарияланды. Бұдан былай өз қаражатын инвестициялағысы келетін әрбір азамат компанияның сенімділігін тек ҚНРДА-ның тізілімінде ғана емес, сондай-ақ аталған тізімде де тексере алады. Агенттіктің қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаевтың айтуынша, қаржы пирамидалары мен алаяқтыққа қарсы шараларды әзірлеу үшін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Оның құрамында Бас прокуратураның, Ұлттық банктің, Ішкі істер министрлігінің, Қаржылық мониторинг агенттігінің, сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері бар.
– Жуырда жұмыс тобы жосықсыз іс-қимыл практикасының 39 өлшемшартынан тұратын қаржы пирамидалары белгілерінің тізбесін бекітті. Бұл белгілер қандай? Бірінші белгі – нарықтық көрсеткіштерден әлдеқайда асып түсетін жо¬ғары кірістілікке уәде ету. Екінші белгі – бизнесті қатысушының кірісі жаңадан қосылған адамдардың салымы есебінен қалыптасатын желілік маркетинг қағидаттарымен ұйымдастыру. Үшінші белгі – компанияда кірістің, сондай-ақ қажетті лицензиялар мен рұқсаттардың болмауы. Төртінші белгі – жобалардың атауына белгілі жария компаниялардың, брендтердің атауына ұқсас сөз тіркестерін немесе нышандарын пайдалану, – дейді Д.Сәлімбаев. Бұрын қаржы пирамидаларына қыруар қаржы салу керек болса, қазір олар whatsaap желілеріне ауысып, 2-3 000 теңгеге көрпе-көпшік, қыз жасауына қымбат ыдыстарды тегін ал деген сынды адам нанғысыз әрекеттерге көшкен. Алаяқтықтың тағы бір жолы азаматтарға бейтаныс адамдар хабарласып, сіз ұтыс ұттыңыз, сізге сыйақы немесе сыйлық береміз деген секілді жалған желеулермен шақырады немесе сауда орындарында түрлі купондар таратып, азаматтардың телефон номерін жазып алып, артынша бәлен деген жерге түген деген саяхат жолдамасын ұттыңыз деп шақырады. Бітті. Тырнағына бір іліккен адамдарды құтқармауға тырысатын алаяқтар сендіру үшін оның жеке куәлік, банктік мәліметтерін сұрап, жалған мөр басылған құжаттар көрсетіп, қалтасын қағады. Сонымен бәлен кезде хабарласамыз деп шығарып салғандар сол беті ұшты-күйлі жоғалып, артынан барсаң ол орыннан зым-зия жоғалып, табандарын жалтыратады. Сөйтіп «Іс бітті, қу кеттінің» күйін кешкен сенгіш адамдар кімнен көрерін, не істерін білмей түрлі қиындықтарға тап болып жататыны да рас.
Бұл қылмыстардың құрбаны болудың басты себептері халықтың қаржылық сауатының аздығы мен әлеуметтік желі немесе түрлі акциялар мен купондар арқылы оңай жолмен пайда табу, арзан бағада сауда-саттық жасау секілді аңғалдықтар ғана. Салдарынан сан соғып қалып, сандалып жүргендер көбейіп, аталған бағыттағы қылмыстардың саны жылдан-жылға артып барады.
Сондықтан алаяқтықтың құрбаны болмау үшін бейтаныс адамдарға дербес деректер мен жеке басты куәландыратын құжаттар, банк карталары мен жеке есепшоттар туралы деректерді бермеу керек. Ал әлеуметтік желі арқылы қандай да бір қызмет немесе зат алғанда алдын ала ақша аударудың қажеті жоқ. Бәрін айт та бірін айт, «Сақтықта қорлық жоқ» екенін білетін әр адамның санасы сау, көзі ашық болуы керек. Қазіргі уақытта мұндай жағдайға ұрынғандар бас қосып ауық-ауық құзырлы орындарға жүгінгенімен, «айран ішкендер құтылып, шелек жалағандар ғана тұтылып» жүргені де шындық. Ендеше өз құқыңызды біліп, табан ет, маңдай термен тапқан қаражатыңыздың алаяқтардың қолында кетпеуін ойласаңыз, мұндай мәселеде сауысқаннан сақ болу керек екеніне көзіңіздің жетуіне аз кем үлес қостық деп ойлаймыз.
Жанбота Сұлтанмұратқызы