Қазақ тілінің қадамы нық болуы керек

Қазақ тілінің қадамы нық болуы керек

Мамырдың 23-і күні жергілікті БАҚ беттерінде «2024 жылдан бастап заңдарды қазақ тілінде жазу міндетеледі» деген тақырыппен Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің мәлімдемесі жарық көрді. Онда А. Көлгінов еліміз егемендігін алғалы бері Мәжіліс депутаттары 3,5 мың заң қабылдағанын және аталған нормативтік құқықтық құжаттар мағынасының өзара сәйкестігін тексеру 2023 жылдың екінші тоқсанында басталатынын жеткізген. Прермьер министрдің орынбасары берген жауапта: «Бұл ретте «артық регламенттеуді болдырмау» мәніне ревизия жүргізу көзделмеген НҚА (жекелеген заңдар мен заңға тәуелді актілер) олардың жобалары мемлекеттік органдардың норма шығару қызметі барысында лингвистикалық сараптамаға түскен кезде қаралады. Аталған шара мемлекеттік тілдегі НҚА мәтіндері маз­мұнының сапасын арттыруға ықпал етеді», – делінген.

Рас, көптен күткен және көп айтылғанымен нәтижесіз болған бұл мәселенің де үкімет тарапынан қолға алынып, тамырына қан жүгіргені құптарлық болды деп қуанып қалдық. Себебі «бұған дейін Мәжіліс депутаттары 32 жыл ішінде елімізде 3,5 мың заң қабылданғанын айтқан. Оның барлығы орыс тілінде жазылған. (Egemen.kz)». «Өлген тірілді, өшкен жанды» деп бөркімізді аспанға атпасақ та, «ештен кеш жақсы» ғой, сеңнің сөгілгені жақсы болды деп көңілге жылу ұялай бастады. Бірақ ҚР Тіл туралы заңының 5- бабын алып тастамайынша қазақ тілінің көші түбегейлі түзеледі дегенге сену қиын. Енді ше, оған себеп те жоқ емес. Осыған дейін тек «Тілдер туралы» және «Көші-қон туралы» екі заңның ғана қазақ тілінде дайындалғанын көзқарақты мамандар мен көзі ашық, көкірегі ояу адамдардың бәрі біледі. Оның өзінде орыс тілдің ана тілімізбен тең қолданылатыны тайға таңба басқандай жазылған. Міне, бұл – қазақ тілінің дамуындағы басты кедергі болды десек артық айтқандық емес. Мемлекеттік тілі бола тұра өзге тілде заң қабылдайтын біздің елде
Қазақстан Республикасының 1997 жылы 11 шiлдеде өзгеріс енгізілген Тіл туралы N151 Заңының 4-бабында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi.
Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы.
Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға;
Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға; Қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы және дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi» деп айпарадай қылып жазады да, оның, яғни қазақ тілінің қолданылу аясын осы заңның 5-бабымен матай салған. Онда: «5-бап. Орыс тiлiн қолдану Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деп атап көрсетіледі.

Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл — заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл — қазақ тілі.

ҚР Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаев


Дәл осы жерден бастап қазақ тілінің қадамына қада қағылған деуге болады. Бұл туралы қанша айтылып, қанша мақала жарық көргенін кім білсін, бір анығы – осы уақытқа дейін заңда солай жазылған деген желеумен көрші тілдің қазақ тілінің алдынан үнемі көлденеңдей бергені. Өйт­кені «Қайда барсаң да Қорқыттың көріне» айналған осы баптың ғана қоғамдық орындарда, ресми және бейресми кездесулерде, барлық іс-қағаздар тілінде де бабы келісіп, бағы жанып келгені жасырын емес. Мемлекеттік тілді менсінбейтіндер, тіпті қазақ тілді қажет деп санамайтындардың да жаңбырдан кейінгі сакңырауқұлақтай қаптауына жол ашқан осы баптың салдарынан елдегі қазақ тілді аудиторияның құқы талай тапталғаны былай тұрсын, елге келген қазақ диаспорасының орыс тілін білмей қиналып «Мынау Қазақстан ба, қағазстан ба?» деп күйінгеніне де куә болғанбыз. Бұл туралы мақала да жазғанбыз. Халықтың барын түгендеп, жоғын жоқтаған әр қазақтың пікір білдіріп, БАҚ беттерінде үн қатқан бір тақырыбы болса онда ол – сөз жоқ, қазақ тілі екені ақиқат. Қаным, жаным, тәнім қазақ болған соң осы топтан қалмай, ана тіліме қатысты бірнеше мақаланы өзім де жаздым. Өкінішке орай қыл арқанды құрыққа түскен қазақ тілінің халін ұғар, жайын естір құлақ та жоқтың қасы болып келді. Бұл да шындық. «Үмітсіз – шайтан», ендігі үміт жаңадан сайланған депутаттар мен мәселені мінберде айтып, ендігі жерде заңның да қазақ тілінде жазылатынын жеткізген атқамінерлерде… ҚР Тіл туралы Заңы қазақ тілінің бір тынысын ашқанын да айта кету абзал. Егемендік алған алғашқы жылдары алыс ауылдардан Алматыға студент болып жаңадан келген өз қатарластарымның адасып кетсе көше сұрауға, қажет болса кездескен жаннан сағат сұрауға керек болады деп орысша тіл сындырған кездері артта қалды. Олардың қатарында өзім де бармын. Ол кез артта қалды. Тәуелсіз елде қазақ тілін тірек еткен еркін ұрпақ қалыптасты. Сәйкесінше ел іргесі бекіп, арқасы кеңіген тұстан бастап қазақ тілді аудиторияның мүмкіндігі кеңейді. Әттең, шектеулі болғаны болмаса… Бұл ретте «Ана тілі» газетінде «Мемлекеттік тіл туразы арнайы Заң керек» (20 Қыркүйек, 2018 жыл. anatili.kazgazeta.kz) деген мақала жазған Маңғыстау облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бектұр Төлеуғалиев пен Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры, филология ғылымының кандидаты Әділет Қабылов былай дейді: «Еліміз тәуелсіздік алардың қарсаңында, 1989 жылы қабылданған Тіл туралы заңда: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп тұңғыш рет атап көрсетіліп, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді. Қазақстан ­Республикасы Конституциясының 7-бабында да: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» екендігі баян етіліп, заңды түрде күшіне енді. Сөйтіп қазақ тілі дамуының жаңа кезеңі басталған болатын. Ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Сол уақыттан бері қазақ тілінің тынысы ашылып, қоғам өмірінің бірқатар салаларында қолданыс аясы кеңейе түскені рас. Ең бастысы – ана тіліміздің тағдырына алаңдайтын халқымыздың үміті оянып, тіліміздің болашағына сеніммен қарайтын болды. Ендігі жерде қазақ тілінің заңдық мәртебесін алға ұстап, мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы қызметіне қоятын талабы күшейе түсті. Мемлекеттік және өзін-өзі басқару орындарындағы тілге қатысты психологиялық ахуал күрт жақсарып кетпегенмен, аз да болса оң өзгеріс­тер болды».

Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды. Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай; ерінбей-жалықпай, бақырмай, шақырмай іс бітіретін, терісі қалың, көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын. Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді, құрғақ бектің керегі жоқ; адал күшімен өгіздей өрге сүйрейтін жұмысшы керек. Сол жұмысшы – оқығандар. Бекерге кеткен сағат, босқа өткізген минут – ұлт ісіне зор шығын. Оқығандар! Бұл уақыт жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойлаңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғамыз, олай болса, мойынымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр.

Жүсіпбек Аймауытұлы
(«Ұлтты сүю» мақаласынан.
«Абай» журналы. 2 қазан 1918 жыл.)

Ана тіліміз туралы мәселенің мін­берден түспегеніне отыз жылдан асса да, мемлекетті құраушы ұлт тілінің күні бүгінге дейін тұғырына нық қона алмауының, мәселесінің түбегейлі шешілмеуінің басты себебі жоғарыда аталған заңдағы жалғыз сөйлем екеніне көз жеткізу қиын емес. Қазақ тілдің мемлкеттік тіл екені Ата Заңда айтылғанына қарамастан, орыс тілінің құмалағын үштен қоятын топтардың қатары әлі де аз емес. Ендеше қазақ тілге қатысты ғалымдар мен қайраткерлердің, қазақ тілге қатысты көпшілік қауымның пікірін қолдай отырып, қазақ тіліне қа­­тыс­ты жаңа заң қажет деген пікірді түбегейлі қолдаймын. Қазақ тілінің аяғына тұсау, тіліне күрмеу болған бап өзгермейінше, тұғыры тіктелетініне де сену қиын…
Ұлтың ұлы мұраты тілінде және тәуелсіздіктің де тірегі – оның тіліннің үстемдігі екенін ескерсек, Тіл туралы Заңда көрсетілген «қисық» сөйлемді алып тас­тап, ҚР азаматтығы бар барлық адамға қазақ тілін білуді Конституциямен міндеттеп, іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізуге пәрмен берілсе, мемлекеттік тіл аясының тарлығына қатысты өзге мәселелер өздігінен шешілері кәдік. Шетелге шығу үшін міндетті түрде ағылшынша тіл сындыратын саяхатшылар да «орысша білсең болды, өлмейсің» деген кереғар пікірден арылып,
қа­сиет­ті қазақ даласына келу үшін ең алдымен қазақша үйренсе біз алаңдап, отыз жылдан аса орнын толтыра алмай, ырық бермей жүрген ана тілдің көші де түзелер шағына келер еді. Өкінішке қарай бұл қадамның жасалмай отырғаны тілдегі түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға мүмкіндік бермей келеді.
Жоғарыда аталған мақала авторы тіл жанашырларының мынадай да пікірін алға тартады: «Ана тілі» газетінің 2018 жылдың 15 маусымдағы санында белгілі ғалымдар, ұлт пен тіл жанашырлары Амангелді Айталы мен Әбдіжәлел Бәкірдің «Мемлекеттік тіл заңмен қорғалуы керек» атты мақаласында қазақ тілінің мәселелеріне терең талдау жасалып, өзекті мәселе ретінде мемлекеттік тілдің арнайы заңмен қорғалу қажеттігі айтылған. Себебі тіл жанашырлары «…ана тіліміз орыс тілінің шылауынан шыға алмай, екінші қатарда қалып отырғанда, енді бастауыш сыныптан бастап жаппай ағылшын тілін үйретуді міндеттеу – жығылғанның үстіне жұдырық болғалы тұр. Ал жоғары сыныптарда ғылыми пәндерді ағылшын тілінде оқыту – қазақ тілінің ғылымнан ығыстырылуына бас-тайтын жол. Мынаны түсінуіміз керек: көп тіл білу, соның ішінде әлемдік қауымдастықтағы ең ықпалды тіл – ағылшын тілін үйрену аса қажет. Оған ешкімнің де күмәні болмаса керек. Ықылас болса, қай тілді де үйренуге болады, оған қазір мүмкіндіктер жеткілікті. Себебі оларға деген қажеттілік бар. Әлі қазақ тілінде оқып-жаза білмейтін, ойын дұрыс жеткізе алмайтын балаға орыс және ағылшын тілдерін қатар үйрету – қазақтың тіліне, ұлттық мүддеге жасалған қиянат болып көрінетінін жасыра алмаймыз. Ал «үштұғырлы тіл» деген тілдік саясат онсыз да қолданыс аясы тарылып тұрған қазақ тілін енді үшінші орынға ығыстыра ма деген қауіп қоғамда сейілмей отыр».
Біз мұны жаны бар және ұлттық маңызы бар пікір деп білеміз. Осы орайда Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген аталы сөзі ойға оралады. «Ақтығында айтпағым: оқығандар өзін өзі тәрбие қылу керек. Қара халықтан жиренбей, жақын жүріп, сырласып, мұң-мұқтажымен таныс болып, өзі ұлтын сүюге, халыққа өзін сүйгізуге жиһат қылуы керек. Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды. Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай; ерінбей-жалықпай, бақырмай, шақырмай іс бітіретін, терісі қалың, көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын. Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді, құрғақ бектің керегі жоқ; адал күшімен өгіздей өрге сүйрейтін жұмысшы керек. Сол жұмысшы – оқығандар. Бекерге кеткен сағат, босқа өткізген минут – ұлт ісіне зор шығын. Оқығандар! Бұл уақыт жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойлаңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғамыз, олай болса, мойынымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр» деген Жүсіпбек Аймауытұлының («Ұлтты сүю» мақаласынан. «Абай» журналы. 2 қазан 1918 жыл.) ой салар пікірінің құндылығы артпаса азайған жоқ. Алаш ардақтыларынан асып не дейік, тек астында тағы, қолында билігі бар атқамінерлер мен қазіргі зиялы қауым мына алмағайып уақытта қазақ елінің болашағына бейжай қарамаса деген үміттің отын үрлеп келеміз. Бұл орайда ұлттық код – ана тілімізбен қатар ұлттық сал-дәстүр, балаға берілетін баба тәрбиесі өзара сабақтасып, ұрпақ арасындағы тарихи сабақтастық үзілмеуі ләзім. «Тіл – ұлттың жаны» ғана емес, мемлекетің де басты тірегі екенін біле тұра, оған атүсті қарау немесе қандайда бір сылтау айтып кежегесінен кейін тартатындардың құрбанына айналдыруына жол бермеу керек екені аз айтылған жоқ. Қазақ халқының ұлттық мүддесі мен болашақ ұрпақтың тірегі, қорғаушы күші, тіпті жарқын болашағының кілті де – Қазақ тілі екенін айтудан біз де жалықпаймыз. Қазақтың ертеңі саналар саналы ұрпақ – Сіз де қаперде ұстаңыз!

Жанбота Сұлтанмұратқызы