«Жан-Ару» қоқыс полигоны тағы өртенді

«Жан-Ару»   қоқыс полигоны тағы өртенді

«Алатау жұлдызы» газетінің өткен аптадағы санында (№18 (4565) 05 мамыр 2023 ж.) «Жан-Ару» қоқыс полигонына қатысты «Қоқыс қожайынына құзырлы орындардың құзіреті жүрмей ме?» деген көлемді мақала жарық көрген.

Айтып ауыз жапқанша, аталған қоқыс полигонында тағы да өрт болып жатыр деген хабар келді. Бұған дейін де бұл жерде өрт болып, округ әкімі Алмас Нұрдәулетұлы өз күштерімен сөндіргенін айтқан. Тұрғындар тарапынан түскен шағымдар мен денсаулықтарына алаңдаған жұрттың жанайқайынан құлақ тұнады. Енді, міне, сол мәселені естір құлаққа тағы да жеткізуге мәжбүрміз. Өйткені ел аман, жұрт тынышта у жұтып отырған халықтың халі мүшкіл. Қоқыс полигоны тағы да өртке оранды. Бұл жолы ертеңіне алаңдаулы елдің шағымы мен жанайқайына кім жауап береді? Құзырлы орындардан жауап болып, шағымдары қаралуы үшін халық не істеуі керек?… Сұрақ көп, жауап жоқ. Халыққа қатысты мәселе «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалмаса екен дейміз!…
Сонымен талайдан бері мәселесі республикалық БАҚ-дарында көтеріліп, арты бітпес дауға ұласқан Талғар ауданындағы Ақтас ауылының қасындағы «Жан-Ару» қоқыс полигоны мамыр айының 5-і күні түнде тағы өртенді. Ашылған уақытынан бері осымен 6 рет өртенген заңсыз қоқыс полигонында өрт болып жатыр деген дабылды ести сала (түнгі сағат 22.40 шамасында 05.05.2023 ж.) аудандық әкімшілік өкілдерімен қатар біз де жеттік. Түнде болған төтенше жағдай кезінде 1 ғана өрт сөндіруші машина мен 3 өрт сөндіруші жұмыс істеді. Сол мезетте оқиға орнында аудандық мәслихаттың депутаттары Ержан Игібаев пен Александра Даурбаева және аудан әкімі Таңат Есенкелдіұлы мен әкім орынбасары Оразхан Қаспақбаев та болды. Мәселеге қатысты түсініктеме беруін сұрадық. Бірақ әкімдік қызметкерлері аудандық баспасөз хатшысы бар екенін айтып, бас тартты. Талғар ауданы әкімінің баспасөз қызметі берген ақпарат төмендегідей: «05.05.2023 жылы сағат 20.44 минутта «101» пультіне Талғар ауданында, Кеңдала ауылдық округіне қарасты Ақтас ауылының қасындағы «Жан-Ару» ЖК жабық қоқыс полигонының аумағында қатты тұрмыс­тық қалдықтардың өртенуі туралы хабарлама түсті. Аталған қоқыс полигонында бұрында бірнеше рет орын алған өрт салдарынан айналаға улы түтін тарап, экологияға айтарлықтай зиян келген. Осыған байланысты Кеңдала, Ақтас, Ават және Бәйтерек тұрғындарынан көптеген шағымдар түсуде.

Полигонның жалпы ауданы шамамен 2 га, қоқыс тереңдігі 30 метрге дейін. Алматы облысы сотының шешімі бойынша қоқыс полигонының қызметі тоқтатылған.
Бүгінгі таңда 05.05.2023 бастап аудан әкімі Т. Е. Айдарбеков бастаған Талғар ауданы әкімінің аппараты қоқыс полигонының аумағында өртті жою бойынша жұмыстар жүргізуде. 20 техника жұмылдырылды». Бір айта кетерлігі, әкімдік адамдары аталған қоқыс полигонының иесі Бақтығали Айжігітовті оқиға орнына шақырттық дегенмен, сол уақытта келмеді. Ертеңінде түске таман ғана төбе көрсеткен «Жан Ару» ЖК-нің қожайыны тарапынан өзінің заңсыз қызметі салдарынан келген залал мен шығынды өтеу бойынша ешқандай шаралар қабылдаған жоқ.

«06 мамыр күні Алматы облысы Талғар ауданы Кеңдала ауылдық округіне қарасты Ақтас ауылының аумағында орналасқан «Жан-Ару» тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдайтын «Жан-Ару» заңсыз қоқыс полигонында болған өрт 1500 м.кв аумақты қамтыды. «Жан-Ару» жеке кәсіпкерлігіне тиесілі қоқыс полигонының иесі – Б. С. Айжігітов. Полигонның жалпы аумағы – 2 гектар. Өрт болған аумақты топырақпен көму жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта 125 тонна топырақ төгілді. Оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаменті (2 л/с және 1 техника), МИО (2 адам және 1 техника), «BCS Constraction» компаниясы (15 жұмысшы және 4 техника) жұмыс істеді.

Талғар қаласындағы
№2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі

Ал Талғар аудандық мәслихат депутаты Ержан Игібаев: «Біз Бақтығали Айжігітовтің иелігіндегі «Жан-Ару» жеке кәсіпкерлігіне тиесілі заңсыз қоқыс полигонында өрт басталғаны туралы хабарды кешкі 20.00 шамасында әлеуметтік желі арқылы білдік. Экологиялық кеңес тарапынан бұл тақырыпты бұған дейін де талай көтергенбіз. Жергілікті құқық қорғау органдары мен кәсіпкердің өзіне және оның құқын қорғаушыларға алдын ала бірнеше рет ескерткенімізге қарамастан, аталған полигонда тағы да өрт болып тұр. Өрт сөндіру қызметкерлерінің айтуынша, қазірдің өзінде тереңдігі 30 метр, жалпы аумағы 300 м.кв-ға жуық жер жанып кеткен. Яғни бұл – өрттің өздігінен тұтану мүмкіндігі жоғары деген сөз. Мұны өшіруге судың қауқары жетпейді. 2019 жылы болған алапат өртте мамандар мұнда шамамен «HOWO» жүк көлігімен 140-тай машина топырақ төгіп, әрең өшірген. Көріп тұрғандарыңыздай оқиға орнында иесі жоқ. Оған арнайы мақсатта берілген 30 сотық жерді 1 гектардан артық заңсыз қоқыс полигонына айналдырып жіберген. Қазір мына өртті өшіруге өрт сөндірушілер де қауқарсыз. Өйткені бұл аумаққа кіру мен жақындаудың өзі қауіпті. Ол астынан жанып жатқандықтан, қай жерінен жалын лап ете қалатыны белгісіз», – деп өрттің қаншалықты қауіпті екенін ескертіп: «Мынау басы ғана, ертеңге дейін жалғасатын болса өрт аумағы ұлғаятыны анық. Егер 1 гектарға жуық аумақтағы қоқыс жанатын болса, не боларын өздеріңіз ойлап көріңіздер… Бұл жерден көтеріліп жатқан түтіннің өзі қаншалықты улы екенін айтып жату артық болар. Ават және Ақтас ауылдарының тұрғындары өте қиын жағдайға қалып отыр…» – деген ол тұрғындар денсаулығы мен қауіпсіздігіне де алаңдаулы екенін жеткізді.
Аудандық мәслихаттың депутаты Александар Даурбаева: «Бұл кісі сіздерге қысқаша түсініктеме беріп жатқан уақыттың өзінде бергі жағынан шамамен 10 метрдей жер жанып кетті», – деп өрттің қаншалықты жылдам өршіп жатқанынан хабардар етті. Маңайды алған қолқаны қапқан сасық иіс пен түтіннен қанша сақтансақ та, тұншығып, бас айналып кеткендіктен оқиға орнынан түнгі 01.30-02.00 шамасында қайтуға мәжбүр болдық. Бірақ сол кездің өзінде шамамен 1 гектардай аумаққа жайылып жатқан қоқыстың жартысынан көбі жанып, орнында бықсыған қара түтінді күлі қалды.
Мамырдың 6-сы күні жағдай тіптен қиындап, қоқыс полигонынан көтерілген қою қара түтіннің де көлемі тым ұлғайды. Таңертеңгі сағат 09.25-те оқиға орнында түсініктеме берген Кеңдала ауылдық округінің әкімі Алмас Нұрдәулетұлы жоғарыда айтылған мәліметтерді растай отырып: «2020 жылғы өрттің кезінде БАКАД 300 «Камаз» топырақ берді. 150-ін тасып осында төгіп, өртті тұншықтырып тоқтаттық. Қалғанын тасуға бізде мүмкіндік болмады. Дәл бүгін бұл жер өртенеді деп ешкім қаражат дайындап отырған жоқ қой. Сондықтан мұны өшіруге қанша шығын кететіні де әлі белгісіз. Өрт жылдағыдан 10-15 күнге ерте басталып тұр. Өрттің шығу себептері де белгісіз. Аудан әкімі мердігерлер мен демеушілерден көмек сұрап, келісім жасап жатыр. Мұндай жағдайда иесі жүгіру керек. Не істейік, қандай көмек көрсетесіздер деп. Мына жерден қаншама пайда тапты?! Көріп тұрғандарыңыздай ол ештеңе істемейді. Ал оның кесірінен жылда орын алатын өрттің салдарымен біз алысамыз…», – деп көк түтіні будақтап, қызыл жалынға оранған аумақтың мәселесі жуық арада шешіле қоймайтынын аңғартты.

Талғар қаласындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің басшысы Айдос Ахметқалиев берген ақпар мынадай: «Полигонда өрт болып жатқаны туралы хабар 20-45 шамасында түсті. 21.15-те біз осында болдық. Арнайы бульдозермен күреп, топырақпен жаппаса, мұны сумен өшіру мүмкін емес. Қазірдің өзінде шифр, кішігірім тұрмыстық баллондар секілді қалдықтар қатты қызғандықтан қысымға шыдамай атылып жатыр. Кез келген уақытта алаулаған орасан зор өртке айналуы мүмкін. Қоқыстың үстіне шығу да өте қауіпті. Өйткені әрбір 3-4 метр сайын будақтап жатқан улы түтінді көріп тұрсыздар. Аяқ астынан ойылып ішіне түсіп кетуі мүмкін. Сондықтан мүмкіндігінше алыстан тұрып су шашқаннан басқа амал болмай тұр. Иесі жауапкершілікті мойнына алып, барлық шығындарды көтеруі керек. Мұны 1-1,5 метр қалыңдықтағы топырақпен жауып қана өшіруге болады. Басқа жолы жоқ. Негізінде, мұндай қоқыс төгілген сайын үстін бір қабат топырақпен жауып отыру керек. Иесі оның бірін де істемеген. Қауіпсіздік шарасын мүлде сақтамаған. Осымен 6 рет өртеніп тұр. Қожайыны да сөз ұқпайтын адам», – деген оның айтуынша, аудан әкімі Таңат Есенклдіұлы қосымша жұмыс күші мен арнайы техникаларды жұмылдыру үшін Еңбекшіқазақ ауданының әкімімен келісім жасауға кеткен. Мәселе ортақ болғандықтан аудан басшылары мәмілеге келіп, қоқыс полигонындағы өрт өшкен соң да оның салдарына қатысты шаруаны оң шешеді деп сенеміз. Бірақ өзіне тиесілі аумақта төтенше жағдай болып жатқанда бас көтермеген қожайынның мәселеге қатысты барлық жауапкершілікті өзіне алып, табан астында шешіп тастайтынына деген үміттен гөрі, күдік басым. Өйткені былтыры Azattyq Rýhy тілшісі Әмірболат Құсайынұлының (25.04.2022, 15:16. «Ол заңсыз қоқыс қабылдап, полигон ашып алған») мақаласында «Алматы облысында зейнеткер, «Құрмет» орденінің кавалері облыс әкімдігінің жанында өзін өртейтінін хабарлады. Оның айтуынша, аудан әкімі мен прокурор азаматтық белсенділерге қысым көрсетіп отыр. Ал әкімдік өкілдері оның заңды белден басып отырғанын айтады. Әкімдік пен зейнеткер арасындағы тартыс ауданды қойып, облыстық сотқа да жеткен. Алматы облыстық соты 15 ақпанда «Жан-Ару» жеке кәсіпкерлігінің тұрмыстық қалдықтарды қабылдауды үш айға  тоқтату туралы қаулысы да шыққан. Қаулы жария етілген сәттен бастап заңды күшіне енді. Бірақ Айжігітов айналаны полигонға айналдыруын бәрібір тоқтатпаған. Талғар ауданы ақсақалдарының айтуынша, Айжігітов тарапынан жасалған мұндай әрекет қоғамды сыйламау, табиғатқа қасақана зиян келтіру болып саналады.
«Ақсақал өзін өртеп жіберетінін бүкіл елге жариялап отыр. Өзінің кінәсі бола тұра бұлай жасауы қате. Ол заңды бірнеше рет бұзған. Менің ойымша, бұл «Құрмет» ордені бар адам үшін лайықты әрекет емес. Керісінше, жас ұрпаққа үлгі болуы керек. Біз табиғатты қорғап, зиян келтірмеуіміз керек», – деді ардагерлер кеңесінің төрағасы Матан Рахымбергенұлы», – делінген. Осыған байланысты Алматы облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі мынадай мәлімдеме де жасаған: «Бұған дейін «Огонек» бау-бақша шаруашылығының төрағасы Н. К. Жарылқасын, Ақтас саяжайы тұрғындарының ұжымдық үндеуі негізінде «Жан-Ару» ЖК-нің қарым-қатынасына ҚР экологиялық заңнамасының талаптарын сақтау тұрғысынан жоспардан тыс тексеру жүргізген. Белгілі болғандай «Жан-Ару» ЖК Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 76, 90-баптарында, 350-бабының 7-тармағында және 206-бабының 2-тармағында көрсетілген заң талаптарын бұзып отыр. Аталған шаруа қожалығының басшысы – зейнеткер, «Құрмет» орденінің кавалері Айжігітов. Аудандық прокуратура анықтау барысында жер телімінде Б. С. Айжігітов пен А. Б. Айжігітов құм мен қиыршық тас қоспасын заңсыз өндіріп отырғанын да анықтаған. Заңның талабын бұзған адам өртену арқылы жазадан құтылмайды». Алайда жылдан асса да тиісті жаза қолданылмаған. Депутат Е. Игібаевтың осы жылы сәуірдің 14-і күні әлеуметтік парақшасына салған жазбасында Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық экологиялық сот шешімінде оған тек 1 532 теңге айыппұл салынғаны анық жазылған. Екі ауданның жұртын улап жатқан қоқыс полигонының зардабы мен заңсыздықтың неге түкке тұрмайтын тиынға бағаланғаны түсініксіз… Ал алда қандай шешім шығатыны да белгісіз күйде қалып отыр. Өйткені аудан әкімінің орынбасары Оразхан Қаспақбаев апат аумағындағы өртті өшіру жұмыстарының әлі де жалғасып жатқанын айтып, мәселеге қатысты нақты шешім тек екі айдан кейін ғана қабылданатынын атап өтті. Сондықтан былтыры өзін-өзі өртейтінін айтып жазадан жалтарған Б. Айжігітовтің биылғы қадамы қалай боларын уақыт еншісіне қалдырдық.
Бірақ сот шешімі бойынша өткен жылдың қарашасынан бері жабық жатыр деген аты болмаса, күні бүгінге дейін қоқыс төгіліп келген «Жан-Арудан» көрген қорлығына төзе алмаған тұрғындар қайтадан шағым айтып келіп жатыр. Ал өзіне тиесілі аумақта өрт болып жатқанын біле тұра асықпаған Бақтығали Айжігітовтің таңертеңгі сағат 11.00 шамасында ғана оқиға орында бас көрсетуі көп нәрсені аңғартқандай. «Сасқан үйрек артымен сүңгидінің» кебін киген қоқыс қожайыны кімнен көрерін білмей әркімді кінәлап, қоқыс полигоны туралы мәселені көтеріп жүргендерге «жаптым жала, жақтым күйе» дегендей жауап берді. Сонымен болған оқиғаға қатысты Б. Айжігітов не айтты? Көз тігіңіз.

«Бұл жер мынадай ауа райында өртенуге тиісті емес. Өйткені бір жеті бұрын ғана жауын жауды. Кешке таман минус температура. Кеше менің күзетшім сағат 7-лер шамасында (сағат 19.00 шамасында. редакция) бәрін қарап шыққан. Еш жерде түтін байқалмаған. Қандай өрт болса да, бірінші түтін байқалуы керек. Дұрыс па!? Ол мына жерге жақын тұрады. Үйіне барып тамақ ішіп келсе осындай жағдай болған. Бұл жерде жарық та жоқ. Шамамен 8.30 кезінде өрт басталған. Айналасы 1 жарым сағатта мынадай өрт болуы мүмкін емес қой», – деп қолымен қоқысты нұсқап тұрғанда уақыт күндізгі 11.09-ды көрсетті. Ақсақал жасындағы адамның апаттың айтып келмейтінін білмейтініне таңыр­қай қарадық. «Қазір бұл жерге анау-мынау трактор емес, арнауы трактор керек. Соны іздеп жатырмын. Одан кейін екінші мәселе бұл жерді топырақпен толтыру керек. Менің балаларым осымен айналысып жатыр, – деді. Демек бұл жерді толық өшіруге тырысасыз ғой?… деген сұрағымызға: «Толық өшіруге тырыспаймыз, оны толық өшіру керек. Бұл бірінші қарашадан бастап жабылған. Осы полигонға 30 сотық жер берілген бірінші күннен бастап мен осыған қосымша жер сұрап жүрмін. Мына тұрған қоқыс – ол 40 сотықта жатыр. Сол 40 сотықты басқа жерге көшіруге 2 жылдан бері жер сұрап жүрмін. Маған жер бермей, осындай жағдайға жеткізді. Мұны жаңа әкім Т. Айдарбековке де кіріп айтқам. Сәуірдің басында аудан әкімінің атына, аудандық прокурорға, одан соң 3-4 күннен кейін облыс прокурорларына хат жазғам. Ешқандай жауап жоқ. Өрт шілде айында болады. Ол әр полигонда болып тұрады. Осыдан бір жеті бұрын аудан әкіміне тағы кіріп шықтым. «Айналайын, мен мына жерді шығарайын, апарып көміп тастап, үстін топырақпен жауып, бірдеңе егіп тастайын дедім. Бұл жерде заңды түрде тұр. Сөзімді халыққа бұрмаламай жеткізіңдер. Менің өтінішім сол», – деді (жауап өзгеріссіз берілді. редакциядан). Шындыққа жанаспайтын айқайға толы жауап пен ресми органдар тарапынан берілген ақпарат арасында да айтарлықтай алшақтық бар екенін тәптіштеп жатудың өзі артық.
Б. Айжігітов айтқан ақпарлар анық па? Қоқыс полигонындағы өртке кім кінәлі? Бұл сұрақтардың жауабы мен өртке қатысты ақ пен қараны ажырату құзырлы орындардың міндетінде. Біздің басты мақсат – болған жайды, тұрғындар мен мамандардың жанайқайын естір құлаққа жеткізіп, қоқыс өңдейтін зауыт ашамын деп алған жерін ақылы полигонға айналдырып жіберген «Жан-Ару» ЖК тудырған мәселенің оң шешілуіне үлес қосу. Өрт салдарынан болған экологиялық, экономикалық шығындардан бұрын, әсіресе полигоннан таяқ тастам жерге орналасқан мектептің оқушылары мен оған жақын маңайды мекендеген бірнеше ауыл тұрғындарының денсаулығына алаңдаулымыз.

Жанбота Сұлтанмұратқызы