Талғарлықтар Ұлы Жеңістің 78 жылдығына арналған шараны жоғары деңгейде атап өтті. Мерекелік шара қаладағы соғыс құрбандарына арналған мемориалды ескерткішке гүл шоқтарын қоюдан басталды. соғыста қаза тапқан батырлардың ұрпақтары ескерткіш басында баршамызға бейбіт күн сыйлаған қаһармандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті. «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген жалау көтерген тұрғындар батыр бабаларының ерлігін ешқашан естен шығармайтынын айтып, аңызға айналған ерлігін еске салды.
Айтулы шара орталық алаңда көңілді концертке ұласты. Жиылған жұртты мерекесімен құттықтаған аудан әкімі бейбіт өмір мен ашық аспан сыйлаған ардагерлерді жас ұрпақ ешқашан ұмытпайтынын тілге тиек етті. Сондай-ақ қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заман тілей отырып: «Сіздерді 9-мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің куәсі. Жеңіс жалауы желбіреген айтулы күн. Жер-дүниені жалмаған соғыс өртінің сөнгеніне биыл 78 жыл толып отыр. Халқымызға зор ауыртпалықтар әкелген сұм соғыстың залалы тимеген шаңырақ жоқ. Аналар жесір, балалар жетім қалып, қаншама отбасының шаңырағы шайқалды?! Боздақтарымыз толарсақтан қан кешіп, ерлікпен жан қиды. Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы – ұлы жеңістің жемісі. Бүгінгі ұрпақ аға буын-ардагерлер көрсеткен қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Осынау маңызды күн тарихымызда алтын әріппен өрнектеліп қала бермек!» – деген пікірін білдірді. Қаздай тізілген әскерилер шеруімен қатар, соғысқа аттанған Әлия мен Мәншүктің бейнесі сомдалды. Отты жылдардың әндері шырқалып, өнерпаздар ұлттық билерді билеп, мерекенің мерейін асырды. Жалғыз ұлын, жан жарын қан майданға аттандырып тұрған ананың зарын бейнелеген қойылым көпшіліктің көзіне жас ұялатты. Ауданымызда қазір Ұлы Отан соғысының бір ғана ардагері қалды. Соғыста ерлік көрсеткен батырлар саны жыл сайын азайғанымен, оларға көрсетілер құрмет артпаса, кеміген жоқ. Жыл сайын дәл осы мерекеде жас ұрпақ батырлардың ерліктерін жыр қылып, ерлігіне бас иіп, құрмет көрсетеді.
Зорагүл Әбдіқадір