Өткір де өзекті мәселеге қатысты сұрақты осылай төтесінен қоюға көзімізбен көрген жайлар себеп болды. Өйткені Талғар ауданына қарасты Кеңдала ауылдық округі Ақтас ауылының дәл қасындағы қоқыс полигонының мәселесі былтыры мінберге де жеткен. Тіпті мәселеден жанайқайға айналған қоқыс полигонына қатысты жайт сол маңдағы тұрғындарды ғана емес, облыстық, аудандық мәслихаттың депутаттарын да мезі еткен. Өкінішке қарай тараптар арасындағы дауға айналған полигон мәселесі әлі күнге дейін өз шешімін таппай келеді. Осыған байланысты аудандық мәслихаттың депутаты Ержан Игібаев, Александра Даурбаева және Алматы облыстық мәслихаттың депутаты Айдар Саматұлының бастауымен «Жан-Ару» жеке кәсіпкерлігіне тиесілі қоқыс полигонына тағы барып қайттық.
О баста 30 сотық аумаққа жоспарланған қоқыс полигонының бүгінгі аумағының ұлғайып кеткені сонша, нақты қанша жерді алып жатқанын да айту қиын. «О шеті мен бұ шетіне көз жетпейтіндей» үлкейіп кеткен. Ал оның желмен тарайтын сасық иісі өз алдына, жан-жаққа ұшып жатқан полимер, қағаз қалдықтары айналасындағы ауылдың да ығырын шығарған. Ең сорақысы сол, аталған қоқыс полигонынан таяқ тастам жерде ғана мектеп тұр. Осыған орай ауыл тұрғындарының тарапынан қойылған талаптардың да көп екеніне қарамастан, бұл мәселеде аудандық, ауылдық әкімшілік те қауқарсыздық танытып отыр. Өйткені қоқыс полигонының иесіне шара қолдануға қолдарындағы құзыреті жетпейді.
Санитарлық талаптар мүлде сақталмайтын бұл жерде осы күнге дейін тұрмыстық қоқыстарды қабылдаудан басқа ешқандай жұмыс атқарылмаған. Нәтижесінде ашық-шашық жатқан қоқыс полигонының қолқаны қапқан қолаңса иісі өз алдына, ол жерді мекен еткен қаңғыбас ит те көбейген. Сонда тұрмыстық қалдықтарды оңды-солды қабылдап, одан түскен қаражатпен қалтасын қампитқанымен, жоспарланған жұмысын аяғына жеткізбей кеткен кәсіпкердің көздегені не?
Менің құзырымда ол кәсіпкерге тікелей шара қолданатын да құзірет жоқ. Қолымыздан келетіні – тұрғындардан түскен арыз-шағымдарды құзырлы орындарға жөнелту. Қазір облыстық экология департаментіне аталған аумаққа рекультивация жасау үшін кететін шығындарды есептеп беру туралы хат жібердік. Ол шығынды шамамен өзіміз де біліп отырмыз. Ол 1,5 миллиард теңгеден төмен болмайды. Қаражат бізге бюджеттен бөлінуі керек. Бірақ бізге нақты есеп керек. Бұл мәселе сотқа да жеткен. Жабылсын деген шешім де шыққан. Бірақ сот ол шешімге аумақты қалпына келтіру, яғни рекультивация жасау туралы тармақты қоспаған. Оны бір жаққа тасу мүмкін емес. Сондықтан оны тегістеп, бетін топырақпен жабу керек. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін осындай қадамға бару жоспарымыз бар. Иесі ештеңе істемеймін деп отыр.
Алмас Нұрдәулетұлы,
Кеңдала ауылдық
округінің әкімі
Мәселенің мән-жайын айтқан депутаттар сөзіне сүйенсек, қоқысты қабылдар алдында оларды төгетін орындарға арнайы сүзгішті төсеніш төселуі керек. Бұл полигондағы тұрмыстық қалдықтардың ыдырауынан пайда болатын органикалық және химиялық сұйықтықтардың жер асты ресурстарына, оның ішінде суларға қосылуынан сақтайды. Бірақ «Жан-Ару» қоқыс полигонында мұндай төсеніш тұрмақ, айналасында арнайы қоршау да жоқ, «айрағай да тайрағай» боп жайрап жатыр. Күн ысығанда тынысты тарылтатын сасық иістен көрген қорлықтарын айтып тауыса алмай жүрген тұрғындар арасында тыныс жолы ауруларымен ауыратын үлкенді-кішілі адамдардың көбейгенін айтып қанша дабыл қақса да, мәселенің бүгін-ертең шешілер түрі көрінбейді. Есесіне «Жан-Арумен» қоңсы отырған тас-құм өндіретін мекеме онсыз да аузы-мұрнынан шығып жатқан полигонға тағы да қоқыс әкеп төкпесін деген шарасыздықпен оған кірер жолға екі жерден шлагбаум қойып, қара құлпымен құлыптап қарап отыр. Бұл ретте өзін аталған мекеме жұмысшысымын деп таныстырған Серік деген азамат былай деді: «Мұны амалсыздан құлыптап отырмыз. Қоқыс тиегеннің бәрі осында тасып жатыр. Иен жатқан соң жеке тұрғындар да тұрмыстық қалдықтарын әкеп тастайды. Қазір де осыны бекітейін деп келе жатырмын. Бұл жер шамамен 3 жылдай ғана жұмыс істеді. Мынау – содан бері жиналған қоқыс. Мына сайдың ішінде тұрған «Экосервис» мекемесінің («Жан-Ару» дәл қасында жұмыс істеп тұрған қоқыс полигоны. Редакциядан) бағасы мынадан қымбат. Қабылдау бағасы арзан болғандықтан бәрі қоқысын осында әкелді. Қазір тағы қымбаттатыпты. Сондықтан мұнда қоқысын төгетіндер көп. Біреулер сатып алыпты деп естідік. Бірақ әлі иесі едім деп ешкім келген жоқ…»
Тіпті мұнда 2022 жылдың 18-қаңтарында ғана Dalanews.kz сайтында: «Біз, Талғар ауданының күл-қоқыс тасымалдаушылары және ИП «Жан-Ару» күл-қоқыс сұрыптаушылары. Біздің жан айқайымыз бен осы жолдауымыз Сізге жетеді деп ойлаймыз. Сіздің Қазақстан халқына жасап жатқан игілікті ісіңізге көптен көп рахмет! Жұмыс берушілер бізге жалақыларын уақытылы төлейді. Жеке кәсіпкер Айжігітов Бақтығали Сақымқожұлы жетпісті алқымдаған зейнеткер. Зейнеткер жасына қарамай әлі жұмыста, сұрыптау станциясын ашып бізге жұмыс беріп отыр. Ең бастысы мектептерге арнап атаулы тұлғаларға бағдарлама жазып, балалар тәрбиесіне араласып жүрген жан. Өз қаржысына мектепке арналған кітаптар жазып, оны мектептерге тегін таратып жүр. Сұрыптау станциясын 2021 жылы 15 қаңтарда ашты. Содан бері тоқтаған емес, жалақыларымызды уақтылы аламыз. Ауданға Әбдіханов Қайдар Әлиханұлы әкім болып келгелі бізден тыныштық қашты» деп Президентке дейін дабыл қағып, үндеу жолдағандардан да ешкім қалмаған. Ал мұндай жағдайда мәселені туындатып тастап, жұмысын аяғына жеткізбей кеткен кәсіпкерді бұл жерден іздеудің өзі артық екені айтпаса да түсінікті. Есесіне «Жан-Арумен» қоңсы отырған тас-құм өндіретін мекеме полигонға тағы да қоқыс әкеп төкпесін деген шарасыздықпен кірер жолға екі жерден шлагбаум қойып, қара құлпымен құлыптап қарап отыр. Өйткені жақын маңдағы елді мекендерден келетін ассенизаторлар да тұрмыстық және дәретхананың арам суларын да осында төгіп кететін көрінеді. Ал енді одан шығатын иіс пен келетін зардаптарды біз тәптіштеп жатпай-ақ, өзіңіз де пайымдап отырған боларсыз…
Қоқыс полигоны Кеңдала ауылдық округіне қарасты Ақтас ауылының аумағында болғандықтан түсініктеме сұрап округ әкім Алмас Нұрдәулетұлына да жолықтық. Бұл мәселеде шарасыз екендіктерін алға тартқан әкім жекеменшікке тиесілі тұрмыстық қалдықтарды қабылдайтын полигонға келетін қоқыстар есебінен осы уақытқа дейін қанша пайда түсіп, қандай жұмыс атқарылып, қайда жұмсалғанын иесінен басқа ешкім білмейтінін алға тартты.
«Полигон 2020 жылы 16 желтоқсанда қоқыстарды қабылдап, сұрыптап, тиісті мекемелерге жіберу мақсатында ашылған. Иесі Бақтығали Айжігітов мұны елге пайдасы тиетін зауыт деңгейінде ашатынын айтқан. Басында шағын сұрыптау таспасын әкеп қойды. Өңделмейтін қалдықтарды өртейтін пештер мамыр айында Теміртау қаласынан келеді. Қоқысты қалдықсыз өңдейміз деп бизнес жоспарымен де таныстырған. Сол кездегі аудан әкімі марқұм Жолан Ыбырайақынұлы, сол кездегі әкім орынбасары Дәркен Нұржанұлы бар, шынымен керек дүние екен деп қуана қолдап, тіпті арнайы ашылу шарасын да өткізбек болған. Бірақ сол кездегі шаруаның қауырттығынан оған ешқайсысымыз қатыса алмадық… Өздері ашты. Жұмысын бастады. Қазір нақты есімде жоқ, 2019-20 жылдары полигонға тиесілі алғашқы 30 сотық жердің мемлекеттік актісін заңдастырып алыпты. Қазір айтушылардың сөзінше 70-80 сотыққа жетті деп жүр. Өзім арнайы өлшеп көрмедім, өйткені оны өлшейтін мүмкіндігім жоқ. Ол жерде 4-5 рет өрт те болды. Оны да әкімшілік пен төтенше жағдайлар мекемесі мамандарымен бірге жүріп өзіміз өшірдік. Енді күн ысыса оның қазіргі иісі өз алдына, ондай жағдайлар қайталануы мүмкін. Иесі сол беті жоқ. Салмақтың бәрі тағы бізге түседі…», – деген маңызды ақпармен бөлісіп: «Жасыратыны жоқ, ол кісі кәсіпкерлікті көздеді. Пайда табу мақсатында жұмыс бастады. Ақша табу дұрыс та шығар, бірақ сол табысын тауып, пайдасын көрген соң оны қалпына да келтіруі керек еді. Тіпті ең болмағанда ол жер толған соң, мынадай жағдайға жеткізбей жұмысты тоқтауы керек еді. Атқамінерлер мен өзара болған кикілжіңдерге бола халықты қиын жағдайға қалдырмауы керек еді. Ауыл мен жер біздікі болғанымен, жер кәсіпкерге аудандық қаулы арқылы берілді. Сондықтан оны енді қайтарып алу да ауданның құзырында. Лицензиясын алуды да экологиялық департамент өзі берген имиссия негізінде жүзеге асыруы қажет. Өкініштісі сол полигоннан бөлінген улы заттар топыпаққа сіңіп одан жер асты суларына қосылып жатыр. Ал ол суларды біз, ауыл тұрғындары ауыз су ретінде құбыр арқылы қолданып отырмыз… Ал енді мамырдың бірінен бастап ол жердегі арна арқылы шаруашылық суы беріледі. Оның да іші қазір қоқысқа толып жатыр…», – деп түйінді мәселенің бетін ашты.
Жоғарыда айтқандарымыз дәлелді болуы үшін мына ақпаратты да келтіре кеткенді жөн көрдік. Былтырғы жылдың маусым айының соңында «Хабар 24» арнасы таратқан ақпарға зер салсақ, онда: «Бұл жолы жеке кәсіпкер Бақтығали Айжігітовке тиесілі қоқыс полигоның төңірегінде дау шығыпты. Жергілікті экологтар мен мәслихат депутаттары «Жан-Ару» қоқыс полигонын мүлде жабу керек деп өре түрегелді. Мирас Байсейітов, Талғар аудандық экологиялық кеңестің төрағасы: «Жан-Ару» жеке кәсіпкерлігіне тиесілі қоқыс полигонында ешқандай заң талаптары сақталмаған. Бұл жерді кәсіпкер 2018-ші жылы қоқыс өңдеу зауытын саламын деп жалға алған. Бірақ содан бері әлі ешқандай зауыт та, басқасы да жоқ. Тіпті айналасы қоршалмаған. Соның нәтижесінде үйінді болып жатқан қоқыс иісінен Талғар халқы тұншығып отыр». Асылбек Қараев, «Жан-ару» фирмасының заңгері: «Бұл «Жан-Ару» кіші кәсіпкерлігінде үлкен жүк тасымалдайтын камаздардан 5 мың алған. Ал қасындағы тура осындай зауытта әр жүк мәшинесінен 8 мың алған» деген ақпарлар айтылады.
Аталған мәселенің басы-қасында жүрген Талғар аудандық мәслихат депутаты Ержан Игібаев: «Бұл заңсыз қоқыс полигонынан тек қана тұрмыстық қалдықтар емес, малдың өлекселерін көргенбіз. Асенизаторлар әкелетін арам сулар да төгілген. Енді күн ысығанда мына күлімсі иіс өткір сасық иіске айналып, ауаға таралады. Одан әртүрлі жұқпалы аурулар тарауы әбден мүмкін. Ол Талғарға ғана емес, жел соқса жанында тұрған Ақтас пен Ават ауылдарының да «бас ауруына» айналады. Бұл полигонды ашқанда барлық тұрмыстық қалдықтар сұрыпталу керек болған. Ондай ешқандай жұмыс істелген жоқ. 2020 жылы бар-жоғы 20 метр тереңдіктегі шұңқыр қазған. Содан бастап тұрақты түрде қоқыс қабылдағанымен, оларды сұрыптап, өндіріске жіберу міндеттерін атқармаған. Енді жаңбыр жауса мына қоқыстан аққан токсинді сулар жер асты сулары мен арна суына қосылады. Оларды мал және ауылшаруашылы салаларына қолданады. Сонда не болады? Одан келетін орасан зиянның өлшемі жоқ. Иесі ол жерге рекультивация жасап, сосын өңдеуге келмейтін қоқыстардың көзін жоюы керек болған. Көріп тұрғаныңыздай, ақшасын алып, қоқысты қалай болса-солай қабылдағанымен, өз міндеттерін мүлде атқармаған. Қазіргі уақытта аудандық Экологиялық кеңестің сотқа түсірген шағымының нәтижесінде «Жан-Ару» қоқыс полигонын үш айға жабу туралы шешім де шыққан», – деп ол туралы әлеуметтік желідегі жеке парақшасына арнайы жазба қалдырғанын да атап өтті. Ал Алматы облыстық мәслихат депутаты Айбар Саматұлы: «Басында 3 метрге жетер-жетпес қоқыс сұрыптайтын таспа қойған. Сонымен шаруа біткен. Ал мұнда Еңбекшіқазақ және Талғар ауданының қоқысы түгел қабылданған. Өйткені мұның бағасы мына қасында тұрған «Экосервис» қоқыс қабылдау мекемесінен екі есе арзан болған…», – десе, Талғар аудандық мәслихат депутаты Александар Даурбаева: «Қоқыс полигонын ашқанда ол жерге міндетті түрде вестилация жасалуы керек. Ол – жер мен қоқыстың арасын бөліп тұратын және одан бөлінетін улы сұйықтықтардың жерге сіңуіне жол бермейтін арнайы төсеніш. «Экосервисте» ондай бар, ал мына жерде ол жоқ. Қажетті экологиялық талаптарды ескермей, түрлі заңсыздыққа жол берген Б. Айжігітов «Жан-Арудың» жұмысын бастағаннан-ақ дұрыс жолға қоймаған. Мысалы, уақытында «Экосервис» үлкен жүк көлігімен келген қоқысты шамамен 7 000 теңгеден қабылдаса, бұл бар болғаны 4 000 теңгеден қабылдаған. Сондықтан тиімділігі үшін арзан бағасына қызыққандар барлық қоқысын осында тасыған. ПК «Марат» та айына 500-ден артық көлік толы қоқысын осында жөнелтіп отырған. Өйткені мұнда «Экосерсистен» 2 есеге жуық арзан баға. Бұл сұрақпен айналыса бастағанда-ақ мұнда тіпті Алматыдан да машина-машина қоқыс келгенін анықтадық. Полигонды жабуға байланысты сот шешімі бола тұра, оған да қарамастан қоқыс қабылдауды жалғастырған. Одан бөлек жұрт гавновоз атап кеткен ассенизаторлармен де жұмыс істеген. Олар әкелген арам сулар жерге кем дегенде 30-35 метр тереңдікте сіңеді. Салдарын айтып жатудың өзі артық…», – деп экологияға ғана емес, халықтың денсаулығы мен тірлігіне келіп жатқан зиянын да тілге тиек етті.
Сонымен сот шешімімен бар-жоғы 1532 теңге айыппұл салынып, уақытша жабық тұрған қоқыс полигонынан келетін экологиялық, экономикалық зардаптар мен апаттардың өлшеусіз екені өз алдына, «ертең бұл өртенсе күніміз не болады?» деп алаңдаған жұрттың жанайқайынан құлақ тұнады. Бұған дейін де газетімізде, жалпы бұқаралық ақпарат құралдарында қоқыс полигонының жыры қанша айтылса да, әлі күнге дейін бір шешімін таппай отыруы – алаңдарлық жайт. Полигон қасында орналасқан тас-құм зауыты ол жерді құлыптап қойып қарап отырса да амалын тауып қоқысын әкеп тастайтындар легі әлі толастамаған. Бұл мәселені шешу мақсатында егер ол жерге қоқыс төгетіндер ұсталса 100 АЕК көлемінде айыппұл салынатыны туралы да тақтайша іліпті. Бірақ жапан даладағы жалғыз тақтайша аталған мәселенің шешілуіне кепіл бола алмайтыны анық. Ал құзырлы орындардың қоқыс қожайынына не себепті құзіреті жетпей отырғаны тағы түсініксіз… Осы уақытқа дейін қыруар пайда тапқан кәсіпкердің бастаған жұмысты діттеген жеріне жеткізбеуіне не себеп екені де, қаражатының қайда кеткені де белгісіз. Ал аталған қоқыс полигонының салдарынан болатын экологиялық апат өз алдына, маңайында мекендеген халықтың денсаулығына тигізген зардабының өтеуі кімнен?… Мәселе көп, мәміле жоқ…
Жанбота Сұлтанмұратқызы