Талғар ауданы Белбұлақ ауылдық округіне қарасты №32 мектепте аудан әкімінің ауыл тұрғындарымен кезекті кездесуі өтті. Жиын Талғар ауданының әкімі Таңат Ескелдіұлының округке қатысты атқарылған жұмыстар мен жыл бойына бөлінген бюджеті турасындағы баяндамасымен басталды. Сондай-ақ Талғар аудандық мәслихаттың төрағасы Мұхит Бейсембекұлы, Белбұлақ ауылдық округінің әкім Нұрбол Инақынұлы қатысқан бұл жиында округке қатысты қордаланған мәселелерді тілге тиек етіп, шешімін күткендер де көп болды. Тұрғындармен кездесуде көптеген күрделі мәселенің айтылатыны анық болғандықтан, қойылған сұрақтарға жауап беретін аудан әкімшілігі аппаратының бөлім басшылары да залдан табылды.
Алып шаһардың іргесінде тұрып өркениет жетістігінен қол үзіп отырған Бірлік ауылының кейбір көшесінде қарапайым электр жарығы жоқ дегенде жағамызды ұстадық. Бұл ретте мәселені көтерген Бірлік ауылының тұрғыны Талғат Игісіновтің: «Мәлкеев көшесінің тұрғынымын. Көшемізде жарық тұрмақ, электр желісін тартатын баған да жоқ. Бұл мәселемен талай табалдырықты тоздырып келеміз. Өткенде жауапты мекемеге де барып шағымымызды жеткізгенбіз. Осы жолы тағы айтып отырмын. Бұл мәселе қашан шешіледі?» – деген шағымына аудан әкімі Т. Айдарбеков: «Мен өткенде осында отырған ақсақалдарға аталған мәселе бойынша шығып, егер апатты жағдайлар орын алса біздің жауапты мекеме көмектесіп тұрады. Жарық әзірге бар. Бұл мәселе келесі жылдың наурыз айына дейін шешілетін болады. Оған дейін жоба жасалып, есебі тапсырылады. Осыдан соң аудан бюджетінің балансына кіреді. Одан кейін ғана қажетті қаражат қарастырылады. Нақты процесті күтетін болсақ, келесі күзде ғана ақша бөлінеді», – деген жауап берді. Ал осыдан соң балалар ойнайтын алаңның тапшылығын айтқан тұрғын №35 мектептің артында шағын ойын алаңын орнатуға болатын жер бар екенін де жеткізді. Округ әкімі тарапынан ол жердің заңды иесі бар-жоғы анықталып, бос болған жағдайда аталған мәселені шешу мүмкіндіктері қарастырылатыны айтылды.
Былтырғы қыстан бері ауылдың ішін айнала қазып су құбырын тартып жатқан «Мелиоратор» ЖШС-нің жұмысына да сын айтылды. Қазған жерлерін қайта қалпына келтірмей, қалай болса, солай тастап кететініне налыған жұрттың басқасын қойып, асфальтталған жолдарды да жаңбыр жауғанда лай су басатыны, артынан оның ақ шаңға айналатыны жайлы шағымына мердігер мекеменің өкілі Осман Шаханов пен әкім орынбасары Оразхан Қаспақбаев жауап беріп, кепілдік хаттары бар, барлығын қалпына келтіреді дегенді алға тартты. Бұл мәселенің Талдыбұлақ ауылына да тікелей қатысы болғандықтан, әзірге ең болмағанда орталық көшелерді ақ шаңнан арылтып беруін сұрағанымызда, мұндайда үзілді-кесілді «жоқ!» демейтін әдет бойынша «алдағы уақытта ескереміз, назарға аламыз, реттейміз» деген сынды жаттанды жауап алдық. Өз тарапымыздан аталған мәселені аяқсыз қалдырмай, алдағы уақытта да қадағалайтынымызды жеткіздік. Өйткені газеттің өткен сандарының бірінде жарияланған «Талдыбұлақ тас жолдары неге тас-талқан?» деген мақалада «Мелиоратордың» бөлім меңгерушісі Осман Шаханов пен жоба жетекшісі Дулат Сайлаубекұлының қалай қазсақ, солай жасап береміз деген уәделері тайға таңба басқандай жазылып тұр.
Жиын барысында көтерілген ең өткір де, өзекті мәселенің бірі мектеп жайы болды. Талдыбұлақ ауылына тиесілі №34 мектептің кезінде 320 балаға арналып салынғанымен, қазір 1500-ден артық баланың 3 ауысыммен білім алып жатқанын айтқан ауыл тұрғындары енді салынатын мектептің қашан салынатынын сұрап, қазіргі жоспарланып отырған жері өте қолайсыз екенін ескертті. Жоспар бойынша аталған мектеп Қызыл Қайрат ауылына жақын маңайға салынбақ көрінеді. Онымен келіспейтіндіктерін, оған үзілді-кесілді қарсы екендіктерін айтқан тұрғындар мектепті ауылдың ішіне қарай салу керек деген талап қойды. Өйткені әсіресе кіші сынып оқушыларының көп екенін ескерсек, сонау жаққа жаяу қатынап оқудың мақашаты қаншалықты екенін айтпай-ақ ұғуға болады. Осыған байланысты ауылдың белсенді азаматтары Сержан Молдабеков, Сапархан Исаев секілді азаматтар бас болып ауыл тұрғындарының өтінішін хатқа түсіріп, заңды түрде әкімшілікке тапсырмақ болып тарқасты.
Аудан әкімінің атына жазылған өтініштің жалпы мазмұны мынаған саяды: «Талдыбұлақ ауылындағы №34 мектептің аудандағы 3 ауысымда білім беретінін 6 мектептің бірі екенін білесіз. Тұрғындар мен қоныстанушылар саны да жылдан жылға артып келеді. Халық тығыз қоныстанып жатқандықтан жаңадан мектеп салу мәселесі кезек күттірмейтін маңызды мәселелер қатарына шықты. Осыған байланысты ауылымызда салынатын мектептің жаңалылығын қуана құптаймыз. Өйткені балаларымызды сапалы білім алуы бәріміз үшін маңызды деп білеміз. Алайда ол мектептің ауылдың сыртында, Қызыл Қайрат жаққа салынғанына түбегейлі қарсымыз. Себебі, қазіргі қарастырылып отырған жер телімі ауылдан тым алыс. Мектеп жасындағылардың көбі кіші сынып оқушылары екенін ескерсек, олардың ауылдың аяғына жаяу барып оқуы балаларға да, ата-аналарға да үлкен қиындық тудырары анық. Сондықтан мектеп салынуға тиесілі жерді Талдыбұлақ ауылының ішіне қарай қарастырған жөн. Оған қажетті жер телімі сатылымда да тұр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, қолыңыздағы құзіреттің арқасында жаңадан салынатын мектепке қатысты мәселені оң шешеді деп сенеміз».
Тіпті Талдыбұлақ тұрғындарының арасында МТФ аталып кеткен, қазіргі уақытта бетон қоршаумен қоршалып бос тұрған айтарлықтай үлкен аумақтың бар екенін алға тартқан белсенді азамат Сержан Молдабеков: «Бұл жерді алатын болсақ, оған мектеп қана емес, ауылға қажетті үлкен инфрақұрылымдарды да жүргізуге болады. Ол бір жағы ауылдың көркеюіне үлес қосса, екінші жағынан көптеген адамдарға жұмыс көзі де болар еді. Бұл да – назарда болатын, ескеретін жайт. Сондықтан бұл мәселеде де ауыл тұрғындары барынша қолдау көрсетуге дайынбыз», – деп атап өтті. Сондай-ақ атқарылып жатқан жұмыстардың да аз емес екеніне тоқталған ол: «Әкімдік қай уақытта да жаман. Сонау кеңес кезінен бері оны жақсы деген адам жоқ. Бірақ халық тек жамандай бермей, әкімдіктің осы күнге дейін істеп жатқан жұмыстарын да көріп, айтуы керек. Ал алда атқарылатын істерді әкім бар, ауылдың азаматтары бар өзара ақылдаса отырып атқаруды сұраймыз», – деген тоқтам айтты.
Ауыз су, жарық, жол, газ тарту, күрделі жөндеуге жабылған ауылдық амбулатория секілді кезек күттірмейтін бірқатар маңызды мәселелердің жай-жапсары айтылған бұл жиынға немересін көтеріп арнайы келген Айсұлу шағын ауданының ашулы тұрғыны Қарлығаш Нұрымғалиева: «Жылда 20-30 мыңнан ақша жинап жолды өзіміз жасап аламыз. Ал бүкіл машина сол Пушкин көшесімен жүріп, бәрін бүлдіріп кетеді. Өзге көшелерді неге әкімдік жасамайды? Әкімдік бізге неге көмектеспейді? Белбұлаққа кіретін жүк машиналарынан бастап, дүкендерге тауар таситындардың барлығы біздің көшемен жүреді. Соның салдарынан бала-шағаны мектепке таситын халық өзі жасаған көшеде өзі еркін жүре алмай келеді. Биыл сол көшені жасау үшін тағы 30 мыңнан жинап жатырмыз», – деп ашынды. «Бүгін Белбұлақ ауылдық округі бойынша көтерілетін мәселелерге дайындалып келдік. Бұл шағын аудан Тұздыбастауға қарайтын болғандықтан, мәселе алдағы күндері Тұздыбастау ауылының тұрғындарымен өтетін кезекті кездесуде назарға алынатын болады», – деген аудан әкімінің жауабына қанағаттанбаған ол барлық уақытта жиналыстарға бара алмайтынын, тіпті кейбірінің өтетінінен хабары да болмай қалатынын айтып налыды.
Кездесуде айтылған талай мәселенің түйіні дәл сол жерде тарқамаса да, ел алдына келген атқамінерлерге ашық айтылған жайттар алда оң шешімін табады деген сенімдеміз.
Жанбота Сұлтанмұратқызы